11 декабря 2018 | 11:55

Адамзаттың мәдени мұралары тізіміне енген қазақстандық 10 жәдігер

Tengrinews.kz коллажы

Таяуда ғана "Қорқыт Ата" түркі эпосы UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгені хабарланған болатын. Бұл шешімнің Материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі үкіметаралық комитетінің Маврикий республикасындағы Порт-Луи қаласында сәрсенбіде өткізген отырысында қабылданғаны белгілі болған.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Таяуда ғана "Қорқыт Ата" түркі эпосы UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгені хабарланған болатын. Бұл шешімнің Материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі үкіметаралық комитетінің Маврикий республикасындағы Порт-Луи қаласында сәрсенбіде өткізген отырысында қабылданғаны белгілі болған.

Ал тізімге енген бұдан басқа қазақстандық жәдігерлер жайлы не білеміз? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі анықтады. 

Реклама
Реклама

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Бұл кесене - UNESCO-ның бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енген Қазақстандағы тұңғыш нысан. Кесене Париж қаласында 2003 жылы 23 маусымда өткен UNESCO-ның 27-сессиясында дүние жүзіндегі "Мәдени мұра" тізіміне енген. 


© Уикипедия

Кесене - Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Яссауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды, Қазір бұл жәдігер орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Ол XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, сопылықты уағыздаушы Ахмет Яссауидің бейітінің басына орнатылған.

Сарыарқа - Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері

Сарыарқа - Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері - Қазақстандағы және Орта Азиядағы Әлемдік мұра тізіміне бірінші болып енген табиғи нысан. Бұл шешім 2008 жылдың 7 шілдесінде Квебекте (Канада) өткен Әлемдік Мұра Комитетінің 32-сессиясында қабылданған болатын.

Нысан Қазақстанның далалық аймағында орналасқан жалпы ауданы 450 344 га. болатын екі қорық. Олар: Қорғалжын және Наурызым қорықтары. Нысан тұщы және ащы сулы екі өзендер тобын қамтып, солтүстіктегі Арктикаға және оңтүстіктегі Арал-Ертіс бассейніне құятын өзендердің суайырығы. Сонымен қатар, жыл сайын Африка, Үндістан және Оңтүстік Еуропадан Батыс және Шығыс Сібірде орналасқан ұя салу орындарына миграциялайтын миллиондаған жыл құстары үшін маңызды аялдау жері.

Бұл сулы-батпақты алқаптар жаһандық қауіп төнген кәдімгі қоқиқаз, бұйра бірқазан, ақ тырна, тарғақ, аққұйрықты субүркіт, ақбас үйрек сияқты құстардың популяциясын демеп тұруға үлесін тигізіп келеді және бұдан басқа нысанға енген 200 мың га. орта азиялық жазықтық далалық аймақ флорасы жартысынан көбісінің, сонымен қатар ақбөкеннің мекен ету аймағы.

Қазақша күрес 

2016 жылдың 2 желтоқсанында қазақтың ұлттық күресі UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Бұл шешімді Эфиопияда Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитет қабылдаған.

Қазақ күресінің дамуы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі басқосулар мен жиын-тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандар халықтың құрмет тұтар адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді.


© ummet.kz

"Қазақша күрес" бойынша бірінші ірі турнир 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп келеді. Ірі Халықаралық турнирлер 1952 және 1975 жылдары Азия аймағы спортшыларының қатысуымен өткізілді. Ұлттық күрестің дамуы Қазақстан егемендік алғаннан кейін жаңа серпін алды. 1991 жылдан бастап республикалық чемпионаттар мен біріншіліктер жыл сайын өткізілетін болды.

Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады. Мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады.

Күй

2014 жылдың 27 қарашасында UNESCO-ның ресми сайты Адамзаттың материалдық емес мұрасының репрезентативтік тізіміне қазақтың дәстүрлі домбырамен орындалатын күйлерін орындау өнері енді.

"Домбырамен орындалатын күйлерін орындау өнері қазақ халқының ынтымақтастық жолында маңызды рөлін атқарып, халықтағы өзіндік ерекшелік және бірлік сезімдерін қалыптастырады", - делінген Комитет отырысында.

Күй - музыкалық жанр, қазақ халқының аспаптық пьесасы. Домбыра, қобыз, сыбызғыда шығарылып, тартылып келген. Музыка өнерінің дамуына байланысты, күйлер халық аспаптары оркестрлерінің репертуарларында көп орындалады. Күй - қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының аспаптық музыкасына тән атау. Махмұт Қашқариға сілтеме жасай отырып, күй сөзінің төркіні "көк" деген түркі сөзінен шығуы мүмкін деген болжамдар бар.

Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары

Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитет аталған қазақстандық ұсыныстарды өзінің 2018 жылғы 26 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луи қаласында өткен 13-сессиясы аясында мақұлдап, қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізілді.

"Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары" халқымыздың "қымызмұрындық", "бие байлау" және "айғыр қосу" деген жоралғыларын қамтиды.


© tarsu.kz

Қымызмұрындық - бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Құлын байлап, бие сауылып оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-көлемдер "қымызмұрындыққа" шақырылған. Яғни алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, "көпке бұйырсын" деген тілекпен беріледі. Ақсақалдар үй иесіне алғыс айтып, батасын береді. Халықтың бұл дәстүрі де қонақжайлықты, жомарттық пен мәрттікті, бірлікті меңзейді.

Бие байлау - бие сауып, қымыз ашыту. Дәстүрлі ортаның бие байлап, қымыз сауу маусымында атқарылар еңбекке қатысты дәстүрінің ішіндегі салтанатты салтының осы бірі - бие байлау. Ел жайлауға шыққан кезде сауылатын биелерді бөле бастайды. Алдымен желі тарту үшін қазықтар қағылады, бірінші қазықты жылда арнайы қазық қағып жүрген тоқпақтың сабына ақ мата байлап, үлкен ақсақалдардың бірі қағу ишарасын жасайды. Желі тартқанда әрбір бес құлынның ортасына бір қазық қағылады. Желі маңы биебау деп аталады.

Әйелдер сабалар мен көнектерді әбден жуып, желінің басына кептіреді. Малым құт әкелсін деген ниетпен биебаудың үш қазығының, желі арқанның басына, айғырдың жалына, биенің сауырына сары май жағады.

Одан кейін шу асау құлындарды шалма, құрықтың көмегімен ноқталап желіге байлайды. Алғаш байланған құлындардың мойны созылып қалмас үшін үйренгенше үнемі бақылауда ұстайды. Құлындарды желіге байлаған соң, биебаудың шайын дайындайды. Желінің басына шай жасалып, жиналған жұрт құрт, ірімшік, тоқаш. тамағымен келеді. Мұны "шашу шай" дейді. Желі басында жайылған дастарқанға үлкен-кіші, бала-шағалардың барлығы келеді. "Байлар көбейсін" деген игі ниетпен бата- тілектер айтылады.

Айғыр қосу - жылқының құтпанын аталық ретінде тандауға байланысты жасалатын рәсім. "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" атты энциклопедиясындағы мәлімет бойынша, айғыр қосуға тандалған құлынды жас кезінен таңдап, оның жалы, шоқтығы, құйрығына қол тигізбейді, яғни оны күзеп, кеспейді. Қол тигізсе киесі басылады, жал құйрығын күзеп тастаса сұсы қайтады-мыс.

Саятшылық (құс салу)

2016 жылдың желтоқсанында UNESCO-ның адамзаттың мәдени материалдық емес құндылықтардың көрнекілік тізіміне жаңа элемент енді, ол - Қазақстанға тән саятшылық. 


© Ернар Алмабек

Бұл - жыртқыш құстарды аңға салу, қазақ халқындағы өте ерте замандардан келе жатқан спорттық өнер. Археологиялық қазба жұмыстары Ежелгі Тұранды мекендеген тайпалар құс салуды тіпті қола дәуірі кезінде-ақ меңгергендігін көрсетеді. Тарих пен мәдениет тұрғысынан қарағанда саятшылықтың дамуы өте қызғылықты. Қазақ саятшылары бүркіт, бидайық, сұңқар, қаршыға, бөктергі, ителгі, лашын тағы с.с. көптеген алушы құстарды баптап өздері алатын құстарға түсуді үйреткен. Мұндай өнер қырғыз, араб ішінара түркімендердің арасында да дамыған. өнер. Крестшілер жорығынан кейін араб мәдениетімен танысқан еуропалықтар сұңқар салуды үйренген.

Саятшылықтың бұл түрі әсіресе XII-XIII ғасырда Еуропа елдерінде кең тараған. Қазақ халқы саятшылықты тұрмыстық пайдасы бар өнер ретінде де, көңіл көтеретін табиғатпен етене араласатын спорт ретінде де қараған.

Айтыс

2015 жылдың желтоқсанында UNESCO айтысты адамзаттың мәдени мұрасы қатарына қосты. Мұндай шешім Материалдық емес мәдени мұраны сақтау комитетінің Намибияда өткен оныншы сессиясында қабылданды.

Айтыс ерекше суырып-салма өнері ретінде Қазақстан мен Қырғызстан атынан тізімге енгізілді. Бұл суырып-салма ақындық өнері бар екі адамның арасында болатын жарыс, өлең оқылады немесе қазақтың домбырасы сынды ұлттық музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен шырқалады. Тақырыпты тыңдармандар таңдайды, ал музыкалық өнерін, ырғақты сезінуін, ерекшелігі мен ұшқыр ойын жеткізе білген қатысушы жеңіске жетеді.


© flickr.com

"Айтыс - жалпы мәдениеттің құрамдасы және Қазақстан мен Қырғызстанның көпұлтты қоғамының теңдігінің белгісі. Жарыс жергілікті немесе жалпы ұлттық мереке кездерінде ұйымдастырылады, тақырыптарында көбінесе әлеуметтік маңызды мәселелер қозғалады. Алдыңғы буын бұл дәстүрді жастарға қалдырады", - делінген UNESCO ақпаратында.

Киіз үй

2014 жылдың қарашасында UNESCO қазақтың күйі мен киіз үйін адамзаттың мәдени мұрасы қатарына қосты.

"Материалдық емес мәдени мұраны сақтау комитеті адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының қайта таныстыру тізіміне жаңа он элемент енгізді, олардың қатарында "Вырумаа үйезіндегі дәстүрлі монша (Эстония)", "Қазақтың домбырамен дәстүрлі күй орындау өнері (Қазақстан), "Қырғыз бен қазақтың киіз үй тігу тәсілдері (көшпелі түркі халқы)" (Қазақстан, Қырғызстан) бар", - делінген UNESCO хабарламасында. 

"Қазақтың күйі қос ішекті дәстүрлі, алмұрт іспеттес, ұзын мойыны бар аспап - домбырамен орындалатын жеке аспапты қойылым дегенді білдіреді. Күйдің маңызы тарихи түп тамыр мен салт дәстүрді байланыстырып классикалық және суырып салма орындау арқылы халықпен байланысуында жатыр. Күй отбасылық немесе көпшілік жиындарда орындалады және әдетте аңыз, әңгімелер қоса айтылады. Домбырамен күй орындаудың қазақ халқының әлеуметтік бірлігі мен өзіндік ерекшелігін, ауызбіршілігін сақтаудағы атқаратын маңызы зор", - делінген UNESCO сайтында.

Наурыз

2009 жылдың 30 қыркүйегінде UNESCO Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді.


© QazaqGeography

Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында тойланады. Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні атап өтіледі.

Ал 2016 жылдың 1 желтоқсанында қатырма нан әзірлеу дәстүрі UNESCO-ның бейматериалдық мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді. Қатырма нан әзірлеу мәдениеті - Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияда кең таралған салт-дәстүр. Әдет-ғұрып бойынша нанды пісіруге бір отбасының мүшелері қатысады, алайда ауылдық жерлерде дайындауға көршілері де атсалысуы мүмкін. Металл пластинаға немесе қазанға салып пешке пісірлген нан мерекелік отырыстарда, туған күндерде, үйлену тойларында, сондай-ақ жерлеу рәсімдерінде дастарханға қойылады. 

Таңбалы тас

Таңбалы археологиялық петроглифтері UNESCO Әлемдік мұралар тізіміне 2004 жылы енген. Бұл кешен Жетісудың ең көне ескерткіштерінің бірі. 

Таңбалы шатқалы Алматы қаласынан солтүстік-батысына қарай 170 шақырымда, Алматы облысының Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Петроглифтер мерзімі біздің заманымызға дейінгі ХIY ғасыр, біздің заманымыздағы YI -YIII ғасырлар аралығы, яғни қола дәуірден түркі халықтарының Ұлы даланы жаулап алғанға дейінгі уақытты қамтиды. Петроглифтер кең аймақта жайғасып, өлшемі 3 пен 10 шақырым аумақты алып жатыр. Олардың ең маңызды бөлігі 250 м х 500 м, онда 2 000 петроглиф бар, жалпы Таңбалыда 5 000 суреттей бар.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная