ПОДЕЛИТЬСЯ
09 апреля 2020 | 12:13
"Қатты қорықтым" - коронавирус жұқтырған қазақстандықтардың оқиғасы
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың бірінші дерегі 13 наурызда тіркелді. Ол бірден екі қазақстандықтан анықталған, олар Германиядан келген. Бүгінде Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны - 759, ал 54 адам індеттен жазылып шығып, 7 адам қайтыс болды. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар ауру туралы ашық айтып берді. Арасында COVID-19-дан емделіп шыққандар да бар. Tengrinews.kz тілшісі ауру белгілері, қалай емделгені туралы айтып берген қазақстандықтардың үндеуіне шолу жасады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың бірінші дерегі 13 наурызда тіркелді. Ол бірден екі қазақстандықтан анықталған, олар Германиядан келген. Бүгінде Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны - 759, ал 54 адам індеттен жазылып шығып, 7 адам қайтыс болды. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар ауру туралы ашық айтып берді. Арасында COVID-19-дан емделіп шыққандар да бар. Tengrinews.kz тілшісі ауру белгілері, қалай емделгені туралы айтып берген қазақстандықтардың үндеуіне шолу жасады.
Алина Жанзақова - Алматыда коронавирус жұқтырған науқастардың бірі. Ол коронавирус жұқтырғаны туралы сұхбатты КТК телеарнасына берген. Оның айтуынша, ол вирусты Грузиядан Беларусь арқылы ұшуға мәжбүр болғанда ұшақта жұқтырып алған болуы мүмкін.
"Біз ұшақта жөтеліп, ауырып отырған әйелді көрдік. Бірақ ол әйелде диагноз расталды ма, жоқ па білмеймін. Біз ұшып келген Минск-Алматы рейсінде екі науқас болды. Құрбымыз екеуіміз ұшып келдік, сосын бір таксиге отырдық. Вирус жұқтырған болсақ, өзгелерге жұқтырмайық деп бірге келдік. Үйден шықпай отырдым", - деді Алина.
Ол бастапқыда дәрігерлер хабарласады деп ойлаған. Алайда дәрігерлер хабарласқанша қызда вирустың алғашқы белгілері пайда бола бастаған екен.
"Бастапқыда тамағым жыбырлады, құрғақ жөтел болды, ішімде, өкпемде бірдеңе күйіп жатқандай болды. Дене қызуым көтерілген жоқ, қазір де дене қызуым қалыпты - 35,8. Еш өзгермейді. Содан түнгі екіде маған коронавирус анықталғанын хабарлады", - деді Алина.
Екі күннен соң жөтел мен тамақтың ауырғаны қойды дейді ол. Алинаның айтуынша, қазір денсаулығы дұрысталған. Вирусқа қарсы дәрілер қабылдап жатыр. Енді Алина басқа біреулерді де жұқтырдым ба деп қауіптеніп отыр екен.
"Палатада екі адаммен жаттым. Олар да вирус жұқтырды, себебі біз бес күн бір палатада жаттық. Ол қыздар ауруханада шығарылды, бірақ оларды қайта жатқызатын шығар. Кейін мені басқа бір палатаға ауыстырды. Ол жақта 3-4 адам жатты", - дейді Алина.
Тоғжан Айтпай 1995 жылы туған, ол Алматы облысы, Қарасай ауданының тұрғыны. Коронавирус жұқтырғаны туралы ақпарат 28 наурызда пайда болды. Тоғжан сұхбатты КТК телеарнасына берген.
Болашақ ананың құрсағында төрт айлық сәбиі бар. Ол өзінің коронавирус жұқтырғаны туралы шамамен 27 наурызда білген. Бастапқыда тек құрғақ жөтел мен тамағы ауырыңқыраған.
"Тамағым ісіп, құрғақ жөтек пайда болды. Болды. Дене қызуым ары кетсе 36,6 градус болды. Бастапқыда қатты қорықтым. Бірақ өзім үшін емес, құрсағымдағы сәбиім үшін қорықтым. Бала толығымен қалыптасты деген. Сондықтан маған беріп жатқан дәрі балаға әсер етпейді деп айтты", - деді Тоғжан.
Қазір, оның айтуынша, жағдайы жақсы. Болашақ ана дәрі-дәрмектерден тек вирусқа қарсы таблеткаларды ішіп жатыр екен.
"Мен бізге дәрігерлер беретін дәрілер туралы сұрадым. Олар құрсақтағы сәбиге зиян емес екенін айтты. Көбіне вирусқа қарсы дәрілер. Күніне екі рет - таңертең және кешке", - деді болашақ ана.
Алматылық Владимир Мурзин да коронавирус жұқтырғандардың бірі. Ол Алматы телеарнасына өз оқиғасын айтып берген.
Владимир Мурзин 15 наурызда Ыстамбулдан Алматыға ұшып келген. 29 жастағы жігіт бұған дейін мүлде ауруханаға жатпағанын айтады. Бүгін ем қабылдап жатқан 12-күні.
Владимир бөлме күніне 3 мәрте тазаланатынын, тоңазытқыш, теледидар бәрі бар екен. Ауруханада науқастар үшін барлық жағдай жасалған. Алматылық тұрғын тест-сынамасын үшінші рет тапсырған кезде ғана қауіпті індет анықталыпты.
"Ыстамбулдан келгенде бірден анализ тапсырдық. Нәтижесінде коронавирус белгілері болмады. Араға 8 күн салып тағы да қан тапсырдық. Дәрігерлердің айтуынша, екінші анализдің қорытындысы бойынша күдік белгілері байқалған", - дейді алматылық жігіт.
Владимирдің сөзінше бастапқыда ол да абыржып, қорқып кеткен.
"Уайымдап кеттім. Содан соң жұқпалы аурулар ауруханасына апарды. Ол жерде үшінші анализді өткіздік. Нәтижесі расталды. Біз үшін дәрігерлер күні-түні аянбай қызмет етіп жүр. Оларға алғысымды білдіргім келеді. Өз денсаулығыңызды сақтаңыздар!", - деді қала тұрғыны Владимир Мурзин.
"Коронавирусты жеңіп шықтым"
Ал бұл коронавирусты жеңіп шыққан оралдық Әлия деген қыздың әңгімесі. Ол - Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған науқастардың бірі. Аурудың алғашқы белгілері, емделу шарасы туралы Әлия "Мой Город" ақпараттық порталына айтып берген.
Әлияның коронавирус жұқтырғаны 29 наурызда анықталған. Оған дейін оралдық қыз Атырауға барып қайтқан.
"24 наурызда жұмыстармен Атырауға барып келдім, үш күн сол жерде болдым. Атырауда коронавирус анықталғаны туралы 27 наурызда белгілі болды. Бұл туралы білген соң жұмыстарымды қалдырып, бірден көлігіме отырып, Оралға қайтып кеттім. Ол кезде менде ешқандай белгі болмады, өзімді жақсы сезінгенмін", - дейді Әлия.
Әлияның айтуынша, ол санитарлық бекетте де тексерістен өткен, алайда ауру белгілері анықталмаған.
"Бірақ 28 наурыз кешке дене қызуым көтеріліп, бұлшық еттерім ауырсына бастады. Санама бірден "барып тексерілу керек" деген ой түсті. Дегенмен Атыраудан келдім ғой. Алдын ала сезген де шығармын", - дейді оралдық.
Әлия бірден call-орталыққа хабарласқан.
"1406 call-орталығының операторы маған 103-ке хабарласуымды сұрады. Хабарласқан соң ондағылар менің мекенжайымды сұрап, бригида жіберетіндерін айтты. Бірақ мен өзім бара алатынымды айттым. Мен келіп, ауру белгілерін айта бастадым. Дәрігерлер бірден қан сараптамасын алды", - дейді Әлия.
Сараптама нәтижесі әлі дайын болмаса да Әлия өзін ауруханаға жатқызуды сұраған. Оралдық қыздың айтуынша, ол соңына дейін теріс нәтиже шығады деп сенген екен.
"Бәрінен бұрын жан-жағымдағы адамдарға зияным тие ме деп қорықтым, сондықтан мені ауруханаға жатқызуларын сұрадым. Іштей менен коронавирус анықталмайтынына сенімді болдым. Бірақ мен қателесіппін - 29 наурыз күндіз тест нәтижесі оң болып шықты. Мен қатты таңғалып, көзім қарауытып кетті. Маған не айтып, мен не дегенімді білмедім. Сол сәтте бұған дейін кіммен байланыста болғанымды есіме түсіре бастадым". – дейді оралдық келіншек.
Әлияны бірден облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөліміне жатқызған.
"Менің түсінгенімше қызметкерлерді шұғыл түрде шақырды. Дәрігерлер мен медбикелер өте мейірімді болды. Мені екі дәрігер емдеді. Ал медбикелер екі сағат сайын ауысып отырды, палатаға арнайы киіммен келді. Бірақ олардың тарапынан ешқандай шағым естімедім, бір де бір дөрекі сөз естімедім. Аурухана қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Олардың айтуынша, мен дер кезінде келгендіктен коронавирусты жеңіл өткізгенмін. Дәрігерлер үнемі қолдау білдіріп, сабырға шақырып, арасында әзіл-қалжыңдарын айтып отырды Оларға алғысым шексіз", - дейді Әлия.
Коронавирустан айығып шыққан оралдық келіншектің айтуынша, бастапқыда әлеуметтік желіде "Оралға коронавирус алып келді" деген секілді ауыр сөздер жазылған. Алайда Әлиямен байланыста болған адамдардан вирус анықталмаған, ал өзі дер кезінде әрекет еткен. Науқастың соңғы сараптамасының нәтижесі теріс нәтиже көрсетіп, ол COVID-19-дан толық жазылып шықты. Бірақ Әлия әлі 14 күн дәрігерлердің бақылауында болуы керек екен.
"Өкпем "сынық әйнекке" айналғандай" - коронавирус жұқтырған науқастардың үндеуі
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также