ПОДЕЛИТЬСЯ
18 мая 2020 | 09:41
Танымал тележүргізуші Бейсен Құранбек қайтыс болды
Танымал тележүргізуші, қазірде "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек қайтыс болды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Қарекет" бағдарламасының редакторы Ақжелең Рахатдинқызы растады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Танымал тележүргізуші, қазірде "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек қайтыс болды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Қарекет" бағдарламасының редакторы Ақжелең Рахатдинқызы растады.
"Ағамыздың дүниеден өткенін өзіміз жаңа таңертең естідік. Ол қатерлі ісікпен ауырған еді, бір жылдан аса емделді", - дейді Ақжелең Рахатдинқызы.
Тележүргізуші сырқаттанып жүргенін Instagram-парақшасындағы соңғы жазбасында мәлімдеген еді.
"Халқымыздың "басты байлық - денсаулық" деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым", - деп жазған еді Бейсен Құранбек.
Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел тележүргізушінің қайтыс болуына байланысты комиссия құрылғанын мәлімдеді.
"Белгілі журналист Бейсен Абайұлы Құранбектің қайтыс болуына орай, Амандық Баталовтың тапсырмасымен облыстық комиссия құрылды. Ағамызды соңғы сапарға шығарып салу облыстық деңгейде өтеді", - деді ол.
Еске салайық, былтыр желтоқсанның аяғында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Бейсен Құранбек ауыр дертке шалдықты деген хабар тараған еді.
Ал былтыр ақпанда тележүргізуші асқазан жарасы шығып, дәрігерлердің оны екінші рет аман алып қалғанын Instagram желісінде жазған болатын.
Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы еліміздегі бірқатар республикалық телеарнада қызмет атқарған.
2013-2017 жылдары Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы көпшілікке танымал "Айтуға оңай" әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан Ұлттық арнадағы "Қарекет" бағдарламасының тізгінін ұстаған еді. 2014 жылдан бастап Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры қызметін атқарып келді.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также