1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

Белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбек ауыр дертке шалдықты деген хабар тарап жатыр

Бейсен Құранбек Бейсен Құранбек

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белгілі тележүргізуші, қазірде "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек ауыр дертке шалдықты деген хабар тарап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Құрметті жамағат, мына Бейсен бауырымыздың жағдайы қиындап қалды, қатты ауырып жатыр. Жаман ауру. Соған жақсылап дұға тілеп қояйық, көптің тілеуі қабыл болып, жазылып кетсе жақсы болар еді", - дейді мессенджерде тарап жүрген аудиода. 


Мессенджерде тарап жүрген сурет 

Тілшімізге берген сұхбатында Qazaqstan арнасындағы "Қарекет" бағдарламасында бірге жұмыс істеген әріптесі, продюсер Әлия Құдайбергенова тележүргізушінің жүйке жүйесіне салмақ түскенін айтты. 

"Жүйке жүйесіне салмақ түскен, шаршаған, қанша жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істегендіктен. Соны қалыпқа келтіріп, жүйелі түрде ем алып жатыр", - дейді әріптесі.

Оның айтуынша, тележүргізуші үйінде үш айдан бері емделіп жатыр. Ал емі аяқталған соң жұмысқа шығады. 

Ал "Жетісу" телеарнасының директоры орынбасары Серік Әбікенұлы ақпаратты дұрыс тарату керегін айтты. 

"Қадірлі ағайын, әлжеліде, уатсапта Beysen Kuranbek бауырымыз туралы хабар жүр. Оны көріп қаншаңыз бізге хабарластыңыздар?! Бейсекеңнің аздап сырқаттанып қалғаны рас, сол үшін де жабыла тілеуін тілеген баршаңызға көп рақмет. Елі сүйген, елін сүйген ұл ғой. Бірақ, тілеуін тілегенде де сөзге абай болайықшы, бір аудиожазбада "азамат еді" деп өткен шақпен айтылыпты, құдай сақтасын, жігіттер, Алла дем берсе Бейсекең әлі-ақ құр аттай болып шыға келеді. Сол үшін дәрігерге қаралып, диагнозын анықтау үшін шетелге де барып тексерліп жүр. Жатып қалып жамбасы тесілген түгі жоқ, өз аяғымен барып-келіп жүр! "Әлдеқандай ауыр кесел болса Еуропаға емдетейік?" деп облыс әкімі Амандық Баталов та шешім күтіп отыр. Диагнозы толық нақтыланбаған, күдік көкейін мүжіген адамға "анау екен, мынау екен" деген қауесеттің қатты әсер ететінін ескерсеңіздер. Сөзде - қаңқу, дертте -шаншу жаман. Белден шаншу қадалған азаматты қаңқумен одан ары жүдетпейік. Бауырымыздың амандығына дұға еткен қалың қазаққа рақмет, баршамыз аман болайық. Бейсекеңнің сырқатын жеңіл, шипасын жедел етсін Алла!", - деп жазды Әбікенұлы Facebook желісінде.

Айта кетейік, биыл ақпан айында тележүргізуші асқазан жарасы шығып, дәрігерлердің оны екінші рет аман алып қалғанын Instagram желісінде жазған еді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Дәрігерлерден айналдым! Соңғы бір жарым жылда екінші рет аман алып қалды. Бұл жолы асқазан жарасы ашылып, гемоглобин 61-ге түсіп кетіпті (бәрін жүрекке жақын қабылдаудың нәтижесі...). Жан сақтау бөліміндегі жанталастан аман шықтық, бастысы. Енді палатада "постельный режимде" рақаттанып жатқан жай бар????. Сәл демалып, ем алып шығайын, сосын, қарбалас тірлікке қайта кірісем. Тек енді денсаулықты шындап қолға алу керек. Әйтпесе, ақ xалатты абзал жандардан әбден ұят болды☺️ #Аллажар #дәрігерлержасасын #алаңдамаңыздар #бәріжақсыболады #немесеөтежақсыболады

Публикация от Бейсен ҚҰРАНБЕК (@beisenkuranbek)

Бейсен Құранбек - 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. Ұлттық арнадағы "Айтуға оңай", "Қарекет" бағдарламаларының жүргізушісі болған. "Айтуға оңай" бағдарламасы 2017 жылы, ал  "Қарекет" бағдарламасы биыл маусымда аяқталған еді. Қазіргі уақытта Бейсен Құранбек "Жетісу" телеарнасының директоры қызметінде.