ПОДЕЛИТЬСЯ
05 июля 2019 | 20:00
"Түнгі көбелектермен" күрес, аурухана мен полицияға тапсырма - Сағынтаевтың бір аптасы қалай өтті
Осыдан тура бір апта бұрын, 28 маусымда Алматы қаласының жаңа әкімі болып Бақытжан Сағынтаев тағайындалған. Жаңа әкім алғашқы аптада бірқатар тапсырма беріп үлгерді. Тengrinews.kz тілшісі Бақытжан Сағынтаевтың Алматы әкімі ретіндегі бір аптасын қорытындылайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Осыдан тура бір апта бұрын, 28 маусымда Алматы қаласының жаңа әкімі болып Бақытжан Сағынтаев тағайындалған. Жаңа әкім алғашқы аптада бірқатар тапсырма беріп үлгерді. Тengrinews.kz тілшісі Бақытжан Сағынтаевтың Алматы әкімі ретіндегі бір аптасын қорытындылайды.
Қалалықтармен тығыз қарым-қатынас
Жаңа басшы бірінші кезекте алматылықтарға үндеу жасаған еді.
"Менің басты мақсатым - Алматыны әр тұрғын берекелі өмір сүретін қауіпсіз, қолайлы, заманға сай мегаполиске айналдыру. Қаланың проблемалары мен даму стратегияларын сіздермен ашық талқылағым келеді", - деген ол қалалықтармен тығыз қарым-қатынаста болу үшін әлеуметтік желілерде ресми парақшасын ашты.
Посмотреть эту публикацию в InstagramҚұрметті алматылықтар! Сіздермен тікелей байланыс орнату үшін Instagram желісіне тіркелдім. Ақылдаса отырып ,бірге жұмыс істейік!
Публикация от Бакытжан Сагинтаев (@sagyntaiev.b) 1 Июл 2019 в 12:50 PDT
Әкімнің алғашқы жұмыс күніндегі апат
Қала әкімінің алғашқы жұмыс күнінде Алматыда жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылған. Жол-көлік оқиғасы Саин көшесі мен Райымбек даңғылының жолайрығында болған. Апат салдарынан бір адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген еді.
Сағынтаев өзінің қала тұрғындарымен жақын екенін алғашқы күні-ақ көрсете алды. Ол осы апаттан соң, оның себебін анықтауды тапсырды.
"Алматы ішкі істер департаментіне Райымбек даңғылы мен Саин көшесінің қиылысындағы жол-көлік оқиғасының себебін анықтауды тапсырдым. Жақын арада қаладағы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қарауды жоспарлап отырмын", - деп жазды жаңа әкім Twitter желісіндегі парақшасында.
"Түнгі көбелектермен" күрес
1 шілдеде қала әкімі мегаполистің төменгі бөлігін қарап жүргенде тұрғындардың бірі Сейфуллин даңғылындағы жезөкшелердің үстінен шағымданған.
"Тапсырма берілді. Алматы полиция департаменті басшысының орынбасарына тез арада тазартуды бастауға тапсырма бердім. Олар күреспей жатыр деген сөз. Демек, өздері қорғап-қолдап жүр. Полиция департменті басшысының орынбасары - осы. Бүгін ол тазалауды бастауы керек. Егер бүгін, ертең, арғыкүні осылай жалғаса берсе - маған жазыңыздар. Мен барлық жерде тіркелгенмін. Маған жазыңыздар, кейін онымен бәрін шешеміз", - деген еді Сағынтаев.
Шаһар әкімінің жұмысты осыдан бастауын қазақстандықтар әртүрлі қабылдады. Бірі осы идеясын қолдаса, бәзбіреулер әкімді одан да үлкен проблемалармен күресуге шақырды.
Бақытжан Сағынтаевтың ескертуінен кейін қалалық полицейлер жұмысын үдетті. Бір күннің ішінде құқыққорғаушылар 130 адамды ұстаған. Оның 53-і - жезөкшелер. Сонымен қатар, оларға жалға үй беретіндер мен притонға айналған қонақүйлер, оларды тасымалдаған көлік жүргізушілері анықталды.
Айтпақшы, қаланы аралау кезінде бір тұрғынның Сағынтаев келіп қалғанда сасып қалып, үйіне кіргізбеген сәті Желіде кең таралды. Әкімнің "Кіруімізге бола ма? Әкімдіктенбіз" деген сөзіне үй қожайыны "Ой, менде... Өтінемін... Ұяламын" деп жауап берген.
Қала аудандарын газға көшіру
Қаладағы үкіметтік емес ұйымдармен кездесу барысында Сағынтаев экология мен ауа сапасы туралы сөз қозғады. Ол қаланы көгалдандыру үшін сол ұйымдарды қолдау көрсетуге шақырды.
Кездесуден кейін әкім Жылу электр орталығын дамыту бойынша тапсырма берген.
"ЖЭО-2 жұмысына қатысты газға көшіру, жаңа фильтрлер қою және басқа да көп пікір айтылып жатыр. Күрделі мәселе. Жете зерттеп, пысықтау қажет. Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына осы іске қатысты сараптама жүргізіп, ЖЭО-2 дамыту бойынша ұсыныс беруді тапсырдым", - деп жазды өзінің Instagam желісіндегі парақшасында.
Сонымен қатар, ол қаланың жекелеген мөлтек аудандарын газбен қамту мәселесін де көтерді.
"Шұғыла" мөлтек ауданында газбен қамту өзекті мәселе. 1 тамызға дейін газ келеді. Ол менің ерекше бақылауымда", - деп жазды әкім Twitter желісіндегі парақшасында.
Сондай-ақ әкім Таусамалы, Ақжар, Құрамыс мөлтек аудандарына су жеткізу жұмысы жиілейтінін айтты. Қала тұрғындары Сағынтаевпен кездесуде ауыз су, абаттандыру, инфрақұрылым және электрмен қамту мәселелерін көтерген. Әкім арнайы жоспар құрылатынын айтты.
Алматы ауруханаларындағы проблемалар
Алматы әкімі № 5 қалалық клиникалық ауруханада медицина өкілдерімен кездескен. Мұнда ол қаладағы ауруханалардың проблемаларын сөз етті. Ол қала тұрғындарынан алғашқы медициналық-санитарлық және жедел жәрдем, стационар жұмыстарына, медициналық қызметкерлердің дөрекілігі мен дәрілердің қолжетімсіздігіне шағым жасалғанын айтты.
"Әлеуметтік денсаулық басқармасына екі апта ішінде проблемаларды шешуге арналған кешенді жоспар дайындауды тапсырамын. Барлық аспект есептелуі тиіс", - деді Сағынтаев.
© almaty.gov.kz
Сонымен қатар, әкім айдың соңына дейін медициналық құрылғыларды нәтижелі пайдалану және бағалау бойынша аудит өткізуді тапсырды.
Полиция қызметі қалай бағаланады?
Қала әкімі полиция қызметкерлерінің де жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Сондықтан ол қаладағы қылмыстармен күресті күшейту керек екенін айтты.
"Ұрлық, алаяқтық, тонау және есірткі өткізу қылмыстарымен күресті күшейту керек. Мұнда патруль полициясының жұмысын қайта қарап, бейнебақылау желісін кеңейту керек. Полиция департаментіне учаскелік пункттерде ревизия өткізіп, жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырдым", - деді әкім қалалық полиция департментімен жиналыста.
Сағынтаев полиция жұмысы осы өлшемдер бойынша бағаланатынын мәлімдеді. Ол полицияның басты жұмысы қала тұрғындарының сенімін арттыру екенін баса айтты.
Автожол желісін кеңейту
Қаланың жаңа басшысы көлік инфрақұрылымына да көңіл бөлетінін көрсетті. Ол Жетісу ауданын аралаған кезде Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайрығының құрылысын тексерген.
"Жолдың тығыздығы - алматылықтар үшін өткір мәселе. Жол желісін кеңейту және көлік өткізу қабілетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізу қажет", - деді әкім Facebook парақшасында.
© Facebook / Бақытжан Сағынтаев
Сондай-ақ ол Жетісу ауданы тұрғындарының өтініші бойынша Мұхтар Тажибаевқа аумақты абаттандыру мәселесін шешуді, балалар алаңдарын салу мен скверлерді бөлуді тапсырғанын айтты.
Алаяқтықпен күрес
Бұған дейін Айнабұлақ-2 ауданындағы №85 және №85 "А" үйлерінің тұрғындары өз пәтерлерінен айырылып, далада қалуы мүмкін екенін айтқан еді. Бар мәселе - тұрғын үйді салушылар мен "Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны" ЖШС арасындағы құқықтық дау.
Осыған байланысты осы үйлердің тұрғындары қала әкімінен көмек сұраған болатын. Сағынтаев та көп күттірмеді.
"Айнабұлақ-2 ауданындағы №85 және 85А үйінің тұрғындары менен көмек сұрады. Шешім бар. Міндеттерін адал атқарған құрылыс салушы мен тұрғындарға ешбір артық сұрақ болмайды. Жермен құйтырқы әрекетке барған алаяқтарды заң бойынша жауапқа тартамыз. Қалалық КҚК-на тапсырма бердім", - деп жазды әкім Twitter парақшасында.
"Қызметті тапсырдым" - "Қызметті қабылдадым"
Бүгін бұрынғы қала басшысы Бауыржан Байбек пен Алматының жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаев Twitter желісінде "сөйлесті".
Алматының бұрынғы және қазіргі әкімдері әлеуметтік желіге сай әзілдесті.
Байбек алдымен Twitter парақшасында Сағынтаевты белгілеп "Қызметті тапсырдым" деп жазса, қаланың қазіргі әкімі бір минут өткенде "Қызметті қабылдадым" деп жауап қатты.
Апта соңында Сағынтаев тағы бір жауапты қызметке тағайындалғаны хабарланды.
Таяуда ғана оңтүстік астананың әкімі болып тағайындалған Бақытжан Сағынтаев Nur Otan партиясының Алматы қалалық партия филиалының төрағасы болып сайланды.
Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также