Қазақстандық танымал әнші Ерке Есмаханның әкесі Әбдіраш Нұрмаханұлы Есмахан қайтыс болды. Өнер иелері көңіл айтып, желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кей дереккөздің хабарына қарағанда, Әбдіраш Есмахан екіжақты пневмониядан қайтыс болған.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-жыршы Айгүл Елшібаева Әбдіраш Есмаханның желіде тарихи жазбалар қалдырғанын атап өтті.
"Өмір жақсы адамдардың шарапатымен мәнді. Жаны жайсаң, ақ тілегімен батасын беріп жүретін, шежіре әңгімелердің шебері - Әбдіраш ағамыз бақилық болыпты. Бауыржан, Ерке әкелеріңіздің арты қайырлы болсын. Мақпал апамен Әбдіраш ағамызға алтын тойында дидарласып едік. Дидар ғайып деген осы ғой. Фейсбуктан Әбдіраш ағамыз Алты Әлімнің, Төртқарадан шыққан бахадүрлердің әңгімесін, тарихи шындықтарды, пайғамбардың мұғжизаларын жариялаушы еді", - деп жазды Айгүл Елшібаева.
Режиссер Гүлнұр Мамасарипова әншіге демеу болып, Ерке Есмаханның әкесімен түскен фотосын жүктеді.
"Еркетай, асқар тауың Әкетайыңның алды жарық болсын жаным. Алла сендерге сабыр берсін. Әбдіраш атамыз ұл-қыз өсіріп, немере көріп, шөберелерінің қолынан май жеген бақытты жан болды, мәңгілік мекені жұмақтан бұйырсын. Сен сырт көзге тым нәзік көрінгеніңмен ділің мықты қызсың ғой жаным, мықты бол. Суық хабар жеткелі аласұрып шырылдаған жүрегіңнен айналдым, қайғыңа ортақпыз, бәріміз. Мақпал апамызға Құдай қуат берсін! Атамыздың көзін көріп, батасын алып едік. Иманды болсын", - деп жазды Мамасарипова.
Әбдіраш Есмахан Facebook желісінде өзінің жазбаларымен бөлісіп отырған. Олардың арасында тарих толғамдары мен ру-шежірелік және әзілі аралас жазбалар да бар.
Ерке Есмаханның өзі әкесі мен анасының ұлағатты өмірін үлгі етіп, желіге фото-видео жүктеп, бөлісіп отыратын.
Еске салайық, қазір Ақтөбе облысында пневмония диагнозы қойылған науқастар көбейген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманованың мәліметінше, маусым айының басынан бері 700-ден астам адам пневмония жұқтырған.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!