Абдраманов Асан

  • Фото ветерана: Абдраманов Асан
    Абдраманов Асан
  • Фото ветерана: Абдраманов Асан
  • Фото ветерана: Абдраманов Асан
  • Фото ветерана: Абдраманов Асан
    Фото ветерана: Абдраманов АсанФото ветерана: Абдраманов АсанФото ветерана: Абдраманов АсанФото ветерана: Абдраманов Асан

МЕНІҢ АТАМ

Менің атам Асан Абдраманов 1913 жылы 1 мамырда Жаркент уезі Ақтоғай болысында (қазіргі Алматы облысы Райымбек ауданы Жылысай ауылы) дүниеге келген.

1930 жылы Жаркенттегі мұғалімдер даярлайтын курсты тәмамдап, ұстаздық жолын бастады. Ұстаздық етіп жүріп, Жаркенттегі мұғалімдер даярлайтын курста және Түргендегі педагогикалық училищеде білімін жетілдірген.

Атам 1942 жылдың қарашасында майданға аттанып, 1945 жылдың желтоқсанында елге оралды.

Отанын қорғауға аттанған ұстаз атам ІІ Украина майданына түседі. Польшаның Любельнь, Демблин қалаларын азат етуге қатысқан, Варшава майданында болған, Германияның Люксембург қаласын фашистерден тазартуға қатысқан.

Майдан даласында екі рет ауыр жарақат алып емделген соң, госпитальдан қайта ұрысқа аттанды. Ұлы Отан соғысында қажырлы қимылы мен Отанына шексіз берілгені үшін 1943 жылы Орловск облысының Орел қаласында коммунистік партия қатарына кірді.

Бірнеше жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындаған менің атам "Қызыл Жұлдыз" орденімен және "За Победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945 г.г.", "За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945 г.г.", тағы басқа бірқатар медальдармен марапатталды.

Атам соғыстан кейін де ұстаздық қызметін жалғастырып, өмірін жас ұрпаққа білім беруге арнады. 1946 жылдан бастап 1973 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Алматы облысының Түзген, Шырғанақ, Тасбұлақ, Қарасаз, Талды, Жаманбұлақ және Жылысай ауылындағы мектептерде ұстаздық етті. Ұзақ жылдар еткен ұстаздық мінсіз қызметі үшін "Құрмет белгісі" ордені, "Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері" белгісі, "Еңбектегі үздік шыққаны үшін" медалімен наградталды.

1977 жылы атам соғыста алған жарақаттарының асқынуы себебінен 63 жасында өмірден озды. Ол кезде менің әкем 9 жаста ғана екен.

Иә, мен атамды көрген жоқпын. Бірақ көзкөргендер мен атамның алдынан сауат ашып, білім алған бірнеше буын үлкендердің атам жайлы ыстық ықыласы мен әдемі естеліктері менің қиялымдағы атамның бейнесін асқақтата береді.

Асан атам мен оның өмірлік жары Сағат әжем екеуінің шаңырағында он үш бала дүниеге келді. Бүгінде ұл-қыздары, немере, шөбере, шөпшектері Ата абыройын биік ұстап келеді. 

Айбар Асан
Алматы Жолаушылар көлігі және
технологиялар колледжінің 3-курс студенті

Мақалаға Асан атаның фотосы және соғыстан ауылға жазған өлеңі беріліп отыр.

Нравится