Ботай Байзақов - соғыс және еңбек ардагері. 1922 жылы дүниеге келген, жастайынан еңбекке араласқан. 1937 жылы еңбек жолын Шет ауданы Нұраталды совхозында байланыс бөлімінің басшысы болып бастаған. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. 1942 жылы 20 маусымда ант қабылдап, Ақмолада жасақталып жатқан қазақстандық дивизия құрамына енді. Бастапқыда 9-гвардиялық дивизияда барлаушы болған. 283 атқыштар дивизиясының құрамындағы 860 атқыштар полкінде пулеметші, танкі атқыш және атқыштар бөлімшесінің командирі болған. Ботай атамыз Беларусь жерін фашистерден қорғаған кезде бір шайқаста немістердің 2 танкісіне граната лақтырып, дәл тигізіп, ерлік көрсеткені үшін III дәрежелі "Даңқ" орденін алыпты. Бұдан кейін 283-дивизия Шығыс Пруссияны, Польшаны фашист басқыншылығынан азат ету үшін аянбай соғысқан. Ботай Байзақов кезекті бір барлауға барып, неміс офицерін ұстап алған екен. Ол офицерді тірідей жалғыз өзі штаб бөліміне алып келіпті. Сөйтсе, Ботай атамыздың тапаншасының оғы таусылып қалыпты, бірақ ол кісі жауға сырын білдірмей, оны қорқытып алып келген. 1944 жылғы наурызда Ботай Байзақов III дәрежелі "Даңқ" орденімен екінші рет наградталды. Бірақ осы орденнің статусына сәйкес келмейтінін сұрапыл соғыс кезінде ескерген жан болмаған. 1944 жылы маусымда Беларусь майданында 1 танкіні жойып "Ерлігі үшін" медалін, сол жылдың шілдесінде 2 дзотты жойғаны үшін "Қызыл жұлдыз" орденін алғанда да Ботай атамыз "Тәйірі ордені үшін соғысыппын ба, тезірек жеңіс күніне жетсек екен", - деп тілеген екен. 1945 жылы Беларусь жерінде 220 метр биікте 2 танкіні жойғаны үшін II дәрежелі "Даңқ" ордені тапсырылды. Ботай атамыздың ауылдастары соғысқа қатысқанын білсе де, 1983 жылға дейін ол кісіде "Даңқ" орденінің үшеуі бар екенін ешкім білмеген екен. 1983 жылдан кейін Нұраталды кеңшарының басшылары Ботай Байзақовтың үш "Даңқ" ордені бар екенін және бұл ордендер дұрыс тәртіппен берілмегенін тиісті орындарға хабарлап, 1984 жылы 16 наурызда Ботай Байзақовқа I дәрежелі "Даңқ" ордені тапсырылыпты.