Москва түбінде, Сталинград маңында және солтүстік Кавказда гитлершілдерге өлтіре соққы берген біздің совет әскерлері жеңілмес күшке айналды. Сөйте тұрса да материалдық және моральдық жағынан зор шығынға ұшыраған фашистер Орел-Курск майданында қарымта қайтарғысы келіп, оған жанталаса дайындалды. Гитлер әрі жедел, әрі жойқын соққы ұйымдастырып, Курск-Белгород-Орел маңындағы совет әскерлерін қыспаққа алып, жойып жіберуді жоспарлағаны мәлім.
Көп кешікпей Орел-Курск бағытындағы әйгілі шабуыл басталып кетті. Бірақ немістер ұзаққа төтеп бере алмады. Өздері әбден титықтап, ойсыраған жеңіліске ұшырады. Немістердің барлық шабуылына мықтап тойтарыс берілді. Осы бір екі аралықта, Орел-Курск-Белгород шеңберіндегі және Косертная станциясының түбіндегі шабуылдарға қатысқан совет әскерлерінің біраз бөлімшесі Лоев ауданының тұсындағы қалың қарағайлы орманға келіп орналасқанына бір ай шамасы болды. Уақытша жатқан мекен-жайымыз Днепрдің сол жағасында. Осы шепте соншама көп уақыт аялдап жатқанымызға өзіміз де таңбыз. Солдаттардың арасындағы "ұзынқұлаққа" қарағанда жау өзеннің барлық өткелін, көпірін бүлдіріпті. Тіпті бұрқанған Днепрдің қайрақ тастарына дейін атқылаған көрінеді. Сөйтіп жау судың ар жақ бойына мықтап бекініп алғанға ұқсайды.
Ұзыннан-ұзақ кісі бойы траншеялар, сыңсыған оттар мен блиндаждар. Блиндаждардың әрқайсы толған қару-жарақ. Зеңбірек пен пулеметтерге арналған ұзақ уақыт бекініс орындарының қабырғасындағы тесіктерден оқ қарша борайды. Айнала тарс-гүрс. Құлаққа жүрек дегбірін қашырған жағымсыз дыбыстар шығады. Біздің алға қойған негізгі мақсатымыз - өзеннің оң жағына өтіп, қарсы оқ атушылардың алдын-ала ойластырған жоспарын іске асырмау. Бұл әрбір солдатқа аян нәрсе, әрі ең құрметті борыш. Алайда қыркүйектің 15-інде осы орманға келген едік. Әлі жайбарақат жатырмыз. Солдаттарға жайлы жатын орын жасалған. Әзірге жан тыныш, тамақ тоқ. Әр он күн сайын моншаға түсіп, кино көріп тұрамыз. Әрине, мұндай "рахат тыныштықтың" уақытша ғана екені бәрімізге белгілі.
1943 жыл, 13 қазан. Күздің қалжыратар ұзақ түні. Түн ортасы ауа туған ай бұлтсыз мөлдір күмбезді аялап, қалқи жүзіп барады. Күндегі әдетінше немістер өзеннің бетін ай сәулесінен жүз есе жарық қып, деміл-деміл ракеталарын атып, аспанды жаңғырықтырып, аракідік пулеметтерден оқ боратып қояды. Әдеттегіге қарағанда немістердің қимылы бүгін жиі болғандай. Қараңғылықты осқылаған жарқ-жұрқ көбейіп кетті. Пулеметтің атылуы екі жақтан да бірдей. Мұндай қимылдар, әдетте барлаушылардың жаумен кездесіп қалған сәттерінде болатын. Неге екені белгісіз, осындай оқиға әртүрлі ойға шомдырып, түнгі тыныштықта мүлгіген табиғатқа үңілген мен сияқты солдат ұйқысын да бұзып, көздің шырымын алдыртар емес.
Дүлей толқынды қарт Днепрді картадан көруші едім. Енді, міне, сол алып өзеннің бойындамын мен. Сол өзеннен небәрі бір шақырымнан аспайтын қашықтықта орман ішіндегі жер үйде жатырмын. Бұл үйде алты адамбыз. Бәріміз де 120 миллиметрлік миномет батареясының құрамының жауынгерлеріміз. Атап айтқанда, атылатын оқты бағдарлайтын екі корректировщик, үш радист-телефонист және командиріміз бар. Мамандық жағынан құрамымыз әртүрлі болғанымен, татулығымыз темірден берік. Бәріміз біріміз үшін қан төгіп, жартыны бөліп жейтін бір ниеттегі адамдармыз. Взвод командирі аға сержант Гриша Камельев. Ол Отан алдындағы борышын өтеуге 1939 жылы алынып, оны бітіріп, енді туған ауылына қайтамын деп жүргенде соғыс басталып кетіп, армияда қалып қойған.
Гриша батыр тұлғалы жігіт. Жалпақ жауырынды, екі иығы қақпақтай, алға қарай еңкіштеу, қабағы түксиген, қалың ерінді - нағыз ер кескінді. Бірақ сонысына қарай өте ақкөңіл, кішіпейіл, жайдарлы мінезді жан. Туған жері - Хабаровск өлкесі.
Аға радистіміз Владимир Шустов та 1939 жылдан армия қатарындағы жауынгер. Ол Чита облысынан еді. Өте тамаша, дархан көңілді аңқылдақ жан. Өлең айтуды сүйетін жігіт. Батареядағы әншіміз де, көңілімізді көтеретін де осы жас солдат. Радист-телефонистер Геннадий Малышев пен Федор Спридановтар. Екеуі де 1924 жылы туған. Армияға 1942 жылы алынған. Свердлов облысынікі. Екі барлаушының бірі - Иван Комаров. Ол Смоленскінікі. Екінші барлаушы мен. Алматылық қазақпын. Бүгінгі тыныштық құшағындағы түн берекесін кетіріп аспанды жаңғырықтырып жиі-жиі атылған ракетаның әртүрлі түстеріне қарап, алдағы болатын істерге өзімізше болжау жасап, біраз әңгіме-дүкен құрып, таң алдына дейін ұйықтамай жатқандар осы біздер. Жатқан жеріміз батареядан бес жүз метрдей мөлшерінде өзенге жақын.
Оқшауырақ орналасқан батарея командирі, аға лейтенант Бурлак пен біздің және 928-ші атқыштар дивизиясы байланыс батальонының командирі, капитан Меньшиков тұрған жер үйшікпен екі аралықта телефон хабары орнатылған. Әрбір сағат сайын болып жатқан өзгерістер мен оқиғалар туралы хабарласып тұрамыз. Сонымен бірге Жоғары Бас Қолбасшының ставкасы тарапынан болған бұйрықтарды дереу жер-жерге жеткізіп таратамыз. Түнгі ұйқының шырқы көп бұзылды. Неге екені белгісіз, әлденені сезгендей жүректер де жиі дүрсілдейді. Әйтеуір маза кетті. Көңіл құлази береді. Арлы-берлі дөңбекшіп, кірпік қақпай жатқанымызда көк жиектен құланиектеніп таң білінді. Сағат бестің шамасы.
- Алло, Корчун! Алло, Корчун! Алло, Корчун!
- Мен Орел, мен Орел, мен Орел!, - деді телефонда отырған Володя.
Ол:
- Мен Корчун, Корчун тыңдап отыр, - деп дереу жауап қатты.
Сол кезде "Ертең, 14 қазан күні сағат он бірде дивизияға барлық командирлердің келуі міндетті. Совет Одағының Батыры, полковник Зайнуллин". Осындай телеграмма берілді. Полковник Зайнуллин аға лейтенант кезінде фин соғысқа қатысып, батыр атағын алған. Ұзын бойлы, ширатылған мұрты кері қайырылған көрікті адам. Ұлты татар. Шілдеден бастап біздің 128-ші дивизияда командир. Орелдің түбінде Костерная станциясындағы жау шебін бірінші бұзып, батыл шабуылға шыққан осы кісінің дивизиясы болатын. Дивизия жауынгерлері немістердің қиян-кескі шабуылына тойтарыс беріп, жаудың 60 дивизиясына, 4 мың самолетіне және әр шаршы километрге қарсы қойылған танкісіне қарсы күреске шығып, тамыздың бесінде Орелді босатуға белсене қатысқандардың бірі.
Сол күні москвалықтардың тарихта тұңғыш рет ондаған зеңбіректен берілген жеңіс салютінің куәсі болғаны бізге мәлім-тұғын. Сондықтан да солдаттар арасында Зайнулиннің, генерал-майор К. К. Рокоссовскийдің соғыс кезінде шабуыл жасаудың техникасын жақсы білетіндігі, сүйікті және таңдаулы командирлер ретінде көп әңгімеленетін-ді. Беларус майданы құрамалырындағы жоғарғы топтағы командирлер арасында Зайнулиннің шоқтығы асып тұратыны шындық. Оның шебер ұйымдастырушы, өз ісін жетік білетіні, жұмысқа қабілетті екендігі әрдайым-ақ аңғарылатын.
1943 жыл, 14 қазан. Рациямен алынған хабар батальон командирі, аға лейтенант Бурлаққа жеткізілді. Бұл тегін шақырту емес. Соны ойлап, ұйқы шырқы әбден бұзылды. Бірақ ертең, не арғы күні әйтеуір көп кідірмей Днепр өзенінен өтетін шағымыздың жақын қалғандығы белгілі болды. Бұл кезде гитлер басқыншылары Орел-Курск-Белгород шеңберіне жетіп, онан әрі жарты адым да ілгерілей алмай жатқан болатын. Олардың алғашқы топшылауларынша Орелден Тулаға, онан Москваға лап беріп, Еуропалық бөлікте үстем құрмақ ниетте еді. Жоспары іске аспады. Қайта бір айдың ішінде Орел-Курск-Белгород қорғанысында немістер майдан даласында 120 мың солдатының өлігін тастап, сансыз көп соғыс техникасынан айрылды. Өздерінің берекесі қашты.
Бүгінгі Зайулиннің офицерлерді жинап алуы тектен-тек емес. Бұл сияқты болжау біздің взводта ғана айтылмады, батареяның барлық солдаттарының жобалауы осыған сайды.
- Шынында, - деді бірінші наводчик Федор Агапов, - осыдан үш күн бұрын 8, 12, 64 армияларының құрама барлаушыларын жорық үстінде көргеніміз бар...
Әйтеуір батарея командирлерін өте асыға күтумен болдық. Кешкі сағат бесте олар да келді. Батарея старшинасы Матвеев:
- Батарея, сапқа тұр!, - деген команда түнгі ауаны жаңғыртты. Жапа-тармағай жүгірісіп келіп, жалма-жан сап түзеп тұра қалдық. Барлық командирді ертіп келген лейтенант Бурлак алға шықты да:
- Құрметті, менің қырандарым! Біз осында ұзақ дем алдық, - деді байсалдылықпен жиналғандарды көз астымен шолып өтіп. - Бүгін қимылдайтын күн туды. Жоғары Бас Қолбасшының бұйрығында біздің бірінші Беларус майданының шебі тым шегіңкі екені ескертілді. Ал екінші Украина майданының жауынгерлері әлдеқашан бүкіл Дон бойынан жауды қуып, Харьковты азат етті. Олар енді Киевті босатуға жақын. Оң жақ көршілеріміз Смоленскідегі фашистерді талқандап, Могилевке жақындады. Ал біз болсақ әлі Днепрдің суын да іше алмай, орманды паналап, жер үйде тығылып жатырмыз.
Лейтенант Бурлак бұдан кейін не істеу керегімізді, Днепрден қалай өтуіміздің жолдарын түсіндірді. Оны жиналғандар қыбыр етпей тұрып тыңдады.
Гитлер өзінің кейінгі бұйрығында Днепрдің оң жағын шығыстың ұлы қорғаныс дуалына айналдыру керек деп ең соңғы резервтерін жұмылдырғанын жақсы білеміз. Олар екі миллион солдат әзірлеп, қалай да Днепрді тырнағынан жібермеуге жанталасуда. Біздің мақсатымыз - жаудың діттегеніне жеткізбей, ойын талақ ету. Ұлы Россия топырағын енді қайтып баспастай ғып зәре-құтын кетіру. Алдымыздағы қарт Днепр суына бұдан бұрын тонаушылардың талайын тұншықтырғанбыз.
Енді біздің батарея 64-ші армияның ауыр зеңбіректерімен бірге 16 қазан күні күндізгі сағат екі мен бестің арасында өзеннің арғы жағына өтетін болып белгіленді. Көпірлер, жолдар тұтастай бөлінген. Солдаттар және соғыс техникасы өткізуге бар мүмкіншілік пайдаланылмақшы. Тізбектелген бөрене, бөшке, қайық және резинадан жасалған көпірлер арқылы өткізбекшіміз. Қаныпезер жау өзеннен өтер кезде тыныштықты алып, қолайлы кезеңді пайдалануы да ықтимал. Бізге бар керегі сол, қауіпті қатерді көп уайым етпей, тез әрі шұғыл ептілік жасап, арғы қабатқа өтіп шығуымыз керек. Өзеннің біз өтеді деп белгіленген жерінің енділігі бір километрге жуық.
Қазанның он алтысы күні ертеңгі сағат 10-ға дейін Советтің сұңқар ұшқыштары жаудың алдыңғы шебін 10-12 километрге дейін талқандамақшы. Осы кезде барлық жаяу армия өзеннің арғы жағына өтіп шығып, артиллериямен бастырмалатқан көмек көрсету көзделінген. Осылайша, артиллерия қауырт қимыл жасап, жау шебінің бекінісін ойрандауға кіріспекші. Алғы жоспар осындай. Аға лейтенант Бурлак сөзінің қорытындысында:
- Қымбатты қырандар! Ертеңнен бастап құралдарыңды, киімдеріңді дұрыстап реттеп, аттанысқа дайын тұрыңдар!, - деп бұйрық берумен бітірді.
1943 жыл, 16 қазан. Сағат таңғы алты. Аспан ашық. Аздап шық түскен. Күн жайма шуақ, жып-жылы. Тіптен осы мөлдір әлемді көріп, күздің тұнық ауасымен тыныстап, соғыс болғанын ұмытқандайсың. Бірақ осы ұзыннан-ұзақ қазылған окоп, қару-жарақ сыбдыры басқаға көңіл бөлуге мұрша бермейді. "Тұрыңдар! Дайындалыңдар!" деген хабарды жеткізгенде дәл төбемізден өзіміздің ауыр бомбашы самолеттердің отыз екісі ұшып өтті. Олар шүйіліп жау бекінісін гүрсілдете бастады. Будақтаған тотық түсті, күрең-қышқыл қою түтін көкке атылуда. Дүние бей-жәй. Тыныштығынан айырылған дала топырағы аспанға шарпып, өңір тәні жараланып, шұқанаққа айналып жатыр. Топтасып ұшқан самолеттер толастамады. Бірінен соң бірі зу-зу өтеді.
- Отан үшін! Партия үшін!, - деп уралаған жойқын атой үні екпіндей түсті. О, табиғат, қарт Днепр, айдыныңды төсеніш ет! Жер-ана, құшағыңды аш, перзенттеріңді бауырыңа бас, оқтан соқта. Жауға табалатып, таптатпаймыз алтын арайлы сахараңды. Бәріміздің көкейіміздегі ой, ақ тілеу, адал ниет осы ғана.
... Біз өзен бойына жақындағанда телеграф-телефон бағаналарын қадап жүрген байланыс адамдары көрінді. Өзеннен өте алмаған техникаларды ағаштардың, бұталардың тасаларына қойып, шөппен бүркеп тастапты. Жау білгенін істеп жатыр. Барлық қаруын іске қосқан. Оқ оңымыздан да, солымыздан да жаңбырша жауады. Зеңбіректен, минометтен, пулеметтен бораған қорғасын төңіректі сыңсытып жіберді.
Талай-талай тамаша достар мен қимас құрдастар көз алдында мерт болып, оққа ұшып жатқанда қабырғаң қайысып, көз жасыңды сыққаннан басқаға мұршаң жоқ. Лаж не, бәріне де көнеді екенсің. Астан-кестеңі шығып жатқан орман ішін паналай отырып, өзен жағасына жеттік. Міне, мен барлаушы Каменьев екеуміз арналы асау толқынды өзен Днепрдің жағасында тұрмыз. Біз өзеннің арғы жағына басқалардан бұрынырақ өтіп, дұшпандардың оқ ату пунктін анықтап, олардың қорғаныс шебінің қаншалықты мықты екенін, қай тұсынан шабуыл жасаған қолайлы, соны анықтауымыз керек. Бұл айтуға оңай болғанымен орындалуы ептілікті, қырағылықты қажет ететін тапсырма.
Каменьев екеуміз өзара пікірлестікте өзеннің арғы бетіне плащ палатканың ішіне шөп толтырып салы жасап өтуге келістік. Өзен ағысы тым қатты. Бір сағаттан астам уақыт су бетінде қалқыдық. Өзіміз де қалжырап, қолымыздың қары талды. Әрең дегенде жиекке жетіп, кішкене жан шақырдық. Құрғаққа шыққан соң белгіленген тапсырмаларды орындауға кірістік. Өзеннің шығаберіс қабағынан жау траншеялары басталады екен. Біз окоптың ішіне түсіп, төңіректі торуылдадық. Немістер бекініс жасаған бекеттерді картаға түсіріп, оған шабуыл жасауға ыңғайлы тұстарын белгілеп, екеуара күбірлесіп отырғанымызда, шамасы таяқ тастам жер болса керек, біреудің тықыры естілді. Біз елеңдесіп қалдық. Тықыр шыққан жаққа сығалай қарадық. Қолында төмен қаратып ұстаған пистолеті бар бір неміс офицері сол қолын бүйіріне таянып, шығыс жаққа меңіреу адамша көз тігіп тұр. Каменьев батылдық жасап, қаннен қаперсіз бейқам тұрған неміс офицеріне қарай мысықша атылды.
Қарулығына шапшаңдығы сай келген Каменьев салған бетте неміс офицерінің пистолет ұстаған қолының білегінен шап беріп, басынан төмен тұқыртты. Мен де автоматымды кезеп, тұра ұмтылдым. Жекпе-жекке төтеп бере алмаған неміс офицері пистолетті жерге тастай салды. Мен жүгіріп барып, пистолетті көтеріп алдым. Екеулеп жүріп офицерді жер жастандырдық. Екеуміз де алқынып қалдық. Ентіге дем алған Каменьев:
- Коля, (Олар мені Нілдібай деп атауды қиынсынып, Коля дейтін) сапарымыз сәтті болар. Алғашқы кездескен жауызды жер жастандырдық қой. Мұнымыз абырой болды. Ендігі сапарымызды да осылайша атқарсақ... - деді күлімсірей отырып.
Біз одан әрі өзімізге берілген тапсырманы орындауға кірістік. Қолымызда картамыз бар. Батарея орналасатын ыңғайлы орынды белгілеп, оған қалай келу керектігін анықтауымыз керек. Аса көп ұзағанымыз жоқ. Өзен жиегінен сәл ғана алыстау, ағашы сиректеу сай бар екен. Сол жерді қоныс етуді ыңғайлы көрдік. Батарея да көп кешікпеді. Түс қайта өзеннен аман-есен өтіп шықты.
Қонысқа орналасқан соң минометтерді, зеңбіректерді ату тәртібіне келтірдік. Батарея шаруашылықтарын, машиналарды, оқ дәрі салынған жәшіктерді және басқа жауынгерлік саймандарды көзден қалтарыс жерге орналастырып, бұтамен, шөппен жауып тастадық. Өзіміз тасалайтын окоп қазып үлгергенше ымырт жабылып, кеш қараңғылығы орнады.
Батарея командирі Бурлак бізден бес сағат бұрын аға радист Шустовты ертіп өзеннен өтіп кеткен-ді. Оның себебі: олар өзеннен өткен соң қай полктің әскерлеріне көмектесу керектігін алдын ала анықтау. Көмек қажетсінетін полктың командирімен бірге бақылау пунктін іздеп, орын дайындаған соң батареямен байланыс жасамақшы. Сонан кейін кімнің не істеу керек екендігін айтады. Батарея сол сәтті күтіп жүр.
Сағат кешкі он бір шамасы. Батарея командирінен ешбір дерек жоқ. Ал біздің батареяны іздеген не дивизия, не полк болмады. Өйткені батарея дивизиямен де, полкпен де байланыса алмады. Енді не істеу керек? Бұл мәселені батарея командирінің орынбасары, бірінші взводтың командирі, аға лейтенант Грецук шешеді. Түнгі сағат он екі шамасында ол аға лейтенант Каменьевты және мені өзінің жер үйіне шақырып алды да:
- Жігіттер, - деді ол, - батарея командирі әлі жоқ. Біз ешбір хабарсыз жатырмыз. Днепрден өтіп шыққанымызға алты сағат болды. Командирдің жау оғына ұшып, не жараланып жатпасына кім кепіл? Іздеуіміз керек оларды.
Аға лейтенант осыны айтты да үнсіз отырды. Біз де тым-тырыспыз. Бірақ көңіліміз мазасыз. Барлауға кімді жібереді. Көбірек ойландыратыны сол. Күн болса бұлыңғыр-тұғын. Жаңбыр сіркіреп жауып тұрған. Өзен жақ қалың тұман. Барлауға шығу кімге болса да қиын-ақ. Бұйрық берілсе қиын екен деп қынжылғалы тұрған ешкім жоқ. Кез келгеніміз шұғыл тапсырманы орындауға әзірміз. Менің қасымдағы барлаушы Каменьев те тайсалмайтын жігіт. Оның өткір көзінен әсте кейістік кейіп сезілмейтін. Көрген-білгенін есте сақтағыштығына, әскери тәжірибесінің молдығына, қиын сәттерде тапқыр әдіс-айланы тез ойлай қоятындығына, кереметтей қарулылығына сай келетін қырағылығына талай сүйсінгенбіз. Суға да жүзгіш. Қимылы да жіті. Мен осы Каменьевпен бірге талай рет барлауда болып, тапсырманы ойдағыдай орындағанымыз бар. Соны еске алды ма, аға лейтенант Грецук біраз ойланып отырды да, қайтадан сөз бастады:
- Бүгінгі барлау өте жауапты, - деді ол. - Тәжірибелі адам керек. Меніңше Құтпанбетов пен Каменьевты іздеу барлауға аттандырған дұрыс.
Бұл ұсынысты отырғандар түгелдей мақұлдады. Содан кейін аға лейтенант Грецук маған қарап тұрып:
- Коля, бұл сапардың өте жауапты екенін ұмытпағын. Жау жар астында. Ал түн болса мейірімсіз қараңғылықта. Сен мына картадағы көрсетілген жармен жүр. Бұдан аяғыңды сәл ғана бұрыс бассаң, жау қолына түсесің. Компасқа, картаға қарап жан-жағыңды өте жіті, сергектікпен бағдарлап жүретін бол, - деді де, картаны жайып, жүретін маршрут бағытымды көрсете бастады. - Міне, барлық нүкте. Біздің батарея тұрған жер мынау. Осы жерден басталған өзен мына қойнауды оралып отырып, біздің тұсымызға келеді. Егер тура жүрсең, бұл екі аралық бір шақырым жер. Ал мына қойнауды айналсақ, онда 7-8 шақырымға бұрыстығы бар. Қойнау жаудан да, олардың көмген минасынан да тазартылған. Өйткені біздің алғы шеп осы арадан өтті. Сол үшін де қойнауды оралып өтуді қиынсынбай, мына біздің қарсы алдымызға иінге, елу жетінші нүкте тұрған жерге бар. О нүкте биік төмпешік. Осында қандай да болса команда пункті болуы ықтимал. Егер команда пунктін тапсаң ондағыларға міндетті түрде жолық. Жөн сұрап ал. Мүмкін 64-ші әскер құрамының жауынгерлері кездессе, олар өзің іздеп бара жатқан батарея командирін білуі мүмкін. Соны жақсылап сұрап білгейсің, - деді де, қолымнан алып, қатты қысты.
Айқара құшақтаса қауышып, қоштастық.
- Коля, сапарың сәтті, оңды, жеңіл болсын, - деді Грецук соңымнан дауыстап, қолын бұлғап. Оның қолындағы фонары маған көпке дейін көрініп тұрды. Осы бір кішкене от сәулесі жауынгерлік шынайы достықтың белгісі тәрізденіп, маған жол нұсқаған маяк сияқты көз алдымда елестеп, алға қарай нық басуға жетелей берді. Каменьев екеуміз жолға шықтық. Иығымызда автомат, қолымызда компас. Арқамыздағы қапшықта батарея командирі мен радиске деп алған тамағымыз бар.
Түн. Төңіректі қою қараңғылық тұмшалаған. Аспан қабағы түнеріп тұр. Бір сағат шамасында қарасұр бұлт аспан күмбезін түгелдей қымтап алды. Көп кешікпей тамшылар да тырс-тырс етіп себелей бастады. Каменьев алақанын тамшыға тосып, көкке аузын ашты.
- Бұл нұр ғой. Бала кезімде жаңбырдың астында серуендеуді қатты ұнатушы едім, - деді ол рахаттана "а-ха-ха-қылап".
- Жалғыз ба, әлде?... - деймін мен сыр тартып.
- Оның несін сұрайсың?
- Былай, жақын тұтқаның бар ма дегенім ғой.
- Қарап жүрген жоқ едік...
- Хат жазып тұратындары бар ма?
- Оның бәрін несін сұрай бересің. Жастықты еске көбірек түсірмей-ақ қояйықшы.
Армандар көп-ақ еді... Каменьевтің дауысы дірілдеңкіреп шықты... Балалық шағы, ауылдағы қызық өмір еске түсіп, сағыныштан сарғайып жүрген көңілі босап, егіліп кетсе керек, ауыр күрсініп алды да ілгері озыңқырай адымдады. Тұспалдап жүріп келеміз. Аяқ жол көрінбейді. Мұндай қою қараңғылықта талай барлау жасағанбыз. Әйтеуір сақтық керек. Сондықтан да тышқан аңдыған мысықша аяғымызды еппен басамыз. Қызыл-жасыл от шашқан ракеталар мақпалдай аспан көгін тілгілеп, беталысымыздағы орман ішін, өзен аңғарын жалт етіп көрсетіп барып сөнеді.
Аракідік ауыр минометтер ысылдап келіп, төңіректі күңірендірді. Ысылдап, күрсінте келіп гүрс жарылады. Бәйтеректерді қиратып, жер көбесін сөгіп, топырақты есіп, қопарып тастап жатыр. Табан асты дірілдеп, төңкеріліп не ауытқып түсердей сезінеді. Оқ құрсауында қорланған Днепр даласы жаралы алыптай теңселеді. Айнала азан-қазан, құлаққа ыңқылдаған, күрсінген үн келеді.
- Ойпырмай, тастай қараңғы түнде қапыда қалып жүрмесек жарады-ау, - деймін серігіме қауіптенген ойымды сездіріп.
- Коля, - дейді ол артына бұрылып, - соғыс қара күштің шайқасы емес. Айла мен әдіс керек, қырағылық қажет. Екеуміз барлаушы болғалы осыны аңғардық емес пе.
- Дұрыс айтасың, туысқан.
Серігім үндемейді. Жайлап басып келеді. Фонариктің жылтыраған жарығымен аяқ жолымызды жіті қараймыз. Әрбір сарғайған шөп, қарайған топырақты көргенде, жанымыз иегіміздің ұшына келіп, төбе шашымыз тік тұрады. Мина көмілген жердің шөбі сарғайып, топырағы жаңғырығып жатады. Содан қауіптенеміз. Біраз жүрген соң қырағылыққа көзіміз үйренді. Өзіміз де батылдандық. Емін-еркін талай жерді араладық. Бірақ ешбір адамға жолыға алмадық. Дамылсыз жүріп отырып 57 төмпешікке де таяуладық.
Сол кезде алдымыздан "стой" деген дауыс саңқ ете қалды. Сіресіп тұра қалдық.
- Кімсіңдер, парольдеріңді айт? - деді дауыстап.
Алдымыздағы адам тұлғасы анық көрінді. Екі-үш адымдай жерде бізге қарай автоматын кезеп тұр. Біз бір дауыстан:
- Өзіміз, пароліміз - "Самовар", - деп едік, сонда да автоматын кезеп:
- Қайда барасыңдар, кімді іздеп жүрсіңдер?, - деді. Сілейген қалпында тұр.
- Біз 28-ші батареяданбыз, комбаттың команда пунктін іздеп келеміз, - дедік қосарлана тіл қатып.
- Бұл - 57-ші полктің штабы. Мұнда команда пункті жоқ, - деп автоматчик артына қарады.
- Штаб командиріне жолығуға рұқсат етіңіз, тығыз шаруамыз бар.
- Ендеше кішкене кідіре тұрыңдар, - деді де блиндажға кіріп кетті. Көп кешікпеді, бізді шақырды. Блиндажға кірдік. Амбразураның алдында бір майор отыр, одан төменіректе екі лейтенант дізе бүккен. Басқа ешкім жоқ. Ортасында шырақ шам болар-болмас жанып тұр.
- Қайдан келесіңдер?, - деді майор.
- 28-ші батареяның оқ ату нүктесінен келеміз. Кеше күндізгі сағат екіде батарея командирі осы жақтағы бақылау пунктін іздеп кетіп еді, содан түнгі сағат 12-ге дейін келмеді. Соны іздеп шығып едік, - дедім мен.
Майор маған тесіле қарап:
- Әй, сен осы менің жерлесімнен саумысың, көрген адамыма ұқсайсың, - деді.
Мен де оны тани кеттім. Ол - бұрынғысы Семей қалалық комсомол комитетінің хатшысы Чернов. Оны мен бірінші рет 18 шілдеде Костерная станциясының түбінде, ертеңгі шабуылға шығамыз деген күні, осы 57-ші поклтың автоматшылары ротасындағы жерлестерім Рыспаев пен Бұланбаевтарға амандасуға барғанымда кездесіп, танысқанбыз. Бәріміз ұзақ әңгімелесіп, Қазақстанды аралап келгендей, шер-құмардан шыққанымыз бар-тұғын. Міне, тағдыр айдап екінші рет кездесіп тұрмыз.
- Иә, - деді Чернов басын изеп біраз отырып, - 18 шілдеден бері талай кезеңнен, талай белден өттік. Өлім отына да түстік. Жарайды, оны қойшы, өзің қалай, аман-сау жүрсің бе? Алматыдан хат алдың ба? Алматының апорты пісіп, езіліп тұр-ау, шіркін. Қайран Алматым, сүйікті Ертіс пен Семейім.
Ол ауыр күрсінді де маған қарады.
- 12 қазанда хат алдым.
Көңілім бір түрлі болып қалды. Ойыма ел-жұрт оралды. Отбасымның, ағайын-туыстарымның хаты үлкен сағынышқа, шексіз мейірімге толы. "Жеңіспен орал, көруге асығамыз, аңсап жүрміз". Осы мәндес жазылған сағыныш сәлемдері еріксіз толқытып жібереді, жүрегіңді шымырлатады. Дәл қазір де осы күйге түстім. Дауысым дірілдеп шықты. Сосын қысқа ғана:
- Ел аман, халдері жақсы. Жалғыз ғана тілектері бар. Ол соғыстың тез бітуі, - деп ойымды тезінен тұжырымдадым. Көңілімнің босап кеткенін аңғарды ма, Чернов бетіме бір қарап алды да:
- Дұрыс қой ол, халықтың, отбасының одан басқа не тілегі бар дейсің, - деді ол сәл күрсініп.
- Мен де 8 қазан күні хат алдым. Ел-жұрт түгел аман-есен, Галочкамның үш жасқа толған күні түскен суретін жіберіпті.
Майор қалтасынан қызының суретін алып, маған ұсынды. Көзі қап-қара, дөңгелек беттеу, шашы көзіне түсіңкіреген сәбидің суретін көргенімде көзімнен жастың қалай шыққанын білмей де қалыппын.
- Оу, неге жылайсың? Әй, осы педагогтардың балажан келетіні-ай, жүйкелері жұқарып, осалданған ба, қалай өздерінің. Менің Валям да көңілшек, - деп майор өзінің әйелін есіне түсірді.
Черновтың өзі де, әйелі де Семейдің педагогикалық институтын бітірген. Бірақ Чернов мұғалім болып істеген, бітірісімен комсомол жұмысына ауысқан көрінеді. Ал әйелі мұғалім. Мен де ұстазбын деп екеуіміз алғашқы кездесуде - 18 шілдеде танысқанда сұрасып-біліскенбіз.
- Жарайды, жерлесім. Қазір уақыттың тар кезі. Қайта сен бақытты жан екенсің. Жаздағы өзің келіп амандасқан қазақтар бірінші күнгі шабуылда-ақ оққа ұшты. Ал сен екеуміз әлі тірі жүрміз. Бұл үлкен бақыт. Ал сендер біраз отыра тұрыңдар. Бурлак біздің солдаттармен бірге. Кеше кешкілікте сағат 7-дегі шабуылдан кейін алдыңғы шепке өтіп шықты. Біз отырған осы төмпешіктен жүз қадам ойға түскен соң екі жарым шақырымдай жазық жатыр. Сол жазықтан өзен терістікке қарай бұрылады. Осы жазықтан өту үшін кескілескен ұрыс болды. Полктың жарты әскері қалтарыссыз алаңның арғы қабағына ілініп, жау траншеясының тең жарымын басып алды. Қазір сол траншеяға батальонның командалық пункті орналасқан. Олармен қатынас орнады. Таң ата біздің жақ шабуылға шықпақ. Сенің комбатың да сол батальон командирімен бірге. Ал сендер біраз кідіріңдер, жер жүзі ашылсын. Онсыз жаңағы жазықтан өту қиын. Екі жағынан бірдей пулемет пен миномет тынбай ұрып тұр. Арғы бетке шығу үшін бұл жазықтан еңбектеп, не жылдам жүгіріп өту керек. Олай болмаса оққа ұшырауларың мүмкін, - деді.
Шынында да, ызыңдаған жаудың минометтері тынбай атылып тұр. Біз жүремізден отырып, қабырғаға сүйендік. Есесі кетіп жүрген ұйқы бірден бұрады. Бойымыз жылыған соң жүзіміз балбырап, жиі-жиі есіней бастадық. Бара-бара ұйқы жеңіп, қалғып кеттім. Аз да болса көз шырымын алғаныма бойым сергіп қалыпты. Бірақ денем құрыстанып, ауыр тартып тұр. Арлы-берлі жаттығулар жасап, қан тараттық та далаға шықтық. Жер жүзі ашылып, төңірек айқын көріне бастапты. Түнгі тыныштық кенет шошып аянғандай еліре қалған. Фашист бекінісінен атылған зеңбірек оқтарының ысылы естіледі.
- Ал біз жүреміз, хош болыңдар, жолдас майор, - дедім мен.
Майор Чернов орнынан тұрып:
- Қош, сау бол, жерлес бауырым, - деп қолын ұсынды. Ол менің қолымды салалы саусақтарымен қысып тұрып:
- Сақ болғай, жау оғы жын, ол сені аямайды, қорғасында мейірім жоқ. Сапарың оң болсын! - деді.
Жүз метр жер жүріп, жазыққа шықтық та, еңбектеп ілгері жылжыдық. Өлген адам соншалықты көп екен. Бірін басып, бірін аттап, аман-есен траншеяға іліктік. Траншеяның іші де толы өлік. Өліктердің ара-арасымен жүз метрдей жер жүрген соң өзіміздің адамдарға кездестік. Олардан 57 полктың командалық пункті қайда деп едік, әлі ілгеріде деп жауап берді. Тағы да жүз метрдей жер жүріп, бір дотқа кірсек, командалық пункт екен. Мен кірісімен Шустов бұрын көріп:
- Ой, Коля, қайдан жүрсің?, - деп құшақ жайып, бас салды. Бурлак та орнынан ұшып тұрып қатты құшақтап, бетімнен сүйді. Қуанғаным соншалық, өзімнің не болғанымды білмей егіліп жылап жібердім. Бурлактың өзі де көзіне жас алды. Қасындағы командирлер:
- Ей, жолдастар, бірің Алматыдан, бірің Киевтен келген қонақтар емессіңдер. Жау жақын, тынышталыңдар, - деді. Сол-ақ екен тымтырыс отыра қалдық.
- Қалай, амансыңдар ма? Батарея толық өтіп шықты ма? Сапқа қойдыңдар ма? Грецук бар ма?, - деп түгел сұрап жатыр.
Мен қапшығымдағы пісірілген ет, колбаса, сыр, тағы басқа тамақтарды алып ортаға қойдым. Құтымдағы спиртті шығарғанымда Бурлактың қасында отырған командирлердің бірі - майор Казаков:
- Е-е, жаңа жылап едіңдер, енді күлетін болдыңдар, - деп құтыны алып, аузынан жұтып жіберіп: - Е-е-ей, спирт қой мынауың, - деп қасындағы капитанға ұсынды.
Ол құтыны алып отырғандарға спиртті су қоспай аздай құйып үлестірді. Бәрі тамақтанды. Көңілдері көтеріліп қалды. Сөйткенше жер жүзі толық ашылып, күн шашырай шыға бастады. Сол кезде Бурлак:
- Ал, Коля, отырма, тездетіп батареяға жет, хабарды айт. Аман болсам, мен де сағат бір шамасында барып қалармын. Сақ бол, байқап өт, - деп құшақтап сүйді де, арқамнан қақты. Сөйтті де:
- Біздің батареядағы шынайы патриоттың бірі осы жігіт. Есімі Нілдібай, біз Коля дейміз, - деп мені таныстырып, командирлерге қарады. Олар да қолдарын ұсынып, хош айтысты. Біз доттан шығып, еңбектеп жүріп кеттік. Бекініс шебі. Бірақ соған жетудің өзі бір мұң. Еңсеңді көтеріп жүре алмайсың. Жан-жақта снаряд дегенің гүрс-гүрс жарылып үрейді алады. Зеңбірек оқтары төбемізден зу-зу етеді.
Каменьев еңбектей жөнелді. Бөгелмеген бетінде бекініс шебіндегі траншеяға барып құлап, маңдайының терін сүртіп, темекісін тұтатты. Құштарлана сорады. Жан жағымыз қан сасиды. Траншея іші толы өлік. Байқап қарасақ, өліктердің деншілігі немістер екен. Өліктерді аттап өтіп, қорғаныс орнының ішімен еңкейіп жүріп келеміз.
Атыс әлі бастала қойған жоқ. Ілезде-ақ траншеядан өтіп, жазыққа жақындадық. Сол кезде дәл төбемізден бір мина асыңқырап барып жарылды. Әдетте немістер минометтен оқ боратарда бірінші снарядты ескерту үшін атады да, артынан жарты минут өткен соң оншақты рет бастырмалата жөнелтеді. Жауыздың мұндай әдісіне талай уақыттан-ақ үйреншіктіміз. Сол үшін Иванға:
- Траншеяда отыра тұралық. Немістер атысын тоқтатсын, - дедім. Ол менің алдымда екі-үш адымдай жерде еңкейіп тұр еді, бір мезетте алға қарай тұра кеп жөнелгені. Айқайлауға болмайды, жалғыз жіберу қауіпті. Содан соң "тәуекел" деп мен де соңынан ілесіп, жорғалай жөнелдім. Бар пәрменіммен жүгіріп келемін. Жазық даланың ортасына келе бергенімізде төбемізден быжылдаған мина төніп келіп қалды.
- Жат! - деп айқай салдым.
Адам баласының ең қадірлі жері басы ғой, екі қолыммен бүркеп, бір шұңқырға тұмсығымды тыға құладым. Быжылдаған мина дақ төбемізден зулап өтті. Миымды аузыма түсіре жаздады. Екі-үш адымдай алдыма кеп түсті. Барлық өмір елес боп көз алдымнан өтіп жатыр. "Өлген жерім осы-ақ шығар, ең болмаса елге де хат жаза алмай кеттім-ау" деп жатырмын ішімнен. Алды-артымнан төрт-бес снаряд жарылды. Тіпті тақау. Біреуі екі-үш адымдай-ақ жер. Байқаймын аман сияқтымын. Еш жерім ауырған жоқ. Есім де дұрыс. Орнымнан ұшып тұрдым да Каменьевке:
- Тірімісің? Ілгері ұмтыл, - деп дауыстадым да, бар пәрменіммен кең жазық шетіндегі траншеяға қарай тұра жүгірдім. Жиегіне жетіп жығылдым. Каменьев те келіп құлаған екен. Біраз жатып, ентігімізді бастық. Үсті-басымызды қағынып, аяқ-қолымызды, денемізді қарап жатырмыз. Бір жақсысы еш жерімізден қан ақпайды. Жараланбағанымызға көзіміз жетті.
"Қырық жыл қырғын болса да, ажалда өледі" - қандай тамаша мәтел. Үстіміздегі шинельден, аяғымыздағы бәтенкеден, бұтымыздағы шалбардан сау тамтық жоқ десе де болады. Оқ жырым-жырым етіп, әр жерін шұрық тескен. Бірақ денемізге оқ дарымаған. Менің сол аяғымдағы бәтеңкемнің табанын қақыратып кетіпті, тобығым ауырып тұр. Сірә, оқ тобығымды қаға тиіп, бәтеңкемнің табанының бір жағын қақыратып жібергенге ұқсайды. Үстімізді қағынып, көзі-басымызды сүртіп сәл дамылдағанымыз сол еді, арт жағымыздан:
- "Пантера" мен "тигр" қаптап келе жатыр, - деген айқай шықты.
Қарасақ, жиырма шақты жасыл шинельді адам жазықтан танктермен қатарласа бізге қарай жүгіріп басып келе жатыр екен.
- Дайындалыңдар! Неміс танктері қаптап келеді, - деген дауыс тағы шықты. Біз ор жиегінен сығалай қарадық. Бурлактар жатқан траншеяның алдыңғы жағындағы орманнан дөңкие жорғалаған ірі-ірі танктер ауыр қозғалып, ажал оғын құсып келе жатыр. Бізде үрей қалмады. Түсіміз сұрланып, қыпылықтап тұрмыз. Демімізді іштен аламыз. Танктен атылған оқ бағытындағы бұталарды отап, жайпай түседі. Танктер де жақындады. Байқасақ немістердің аты шулы "Пантерасы" мен "Тигрі". Қырық бесінші не жетпіс бесінші миллиметрлік пушкалар не бүйірінен, не маңдайынан тесуі қиын. Тек табанынан дәлдеп атса ғана табаны жұлынып, жылжи алмай қалатынын үйреткен-ді. Оның ыңғайы келмесе башнясынан экипаждарын дәлдеп ату керек. Басқа істейтін амал жоқ.
Бұл жойқын траншеяның үстінен өтіп, жатқан адамдарды таптап өлтіре береді. Ондай айуандықты Курскінің түбінде талай істеген. Жүрегімізде шайлыққан-тұғын. Жанымыз иек ұшында. Бурлактар жатқан бағытқа жылжып барады. "Мыналарды қапылыста жаншып өлтіретін болды-ау", - деп шыж көбелек боп тықыршып, жанарымызға жас үйіріп тұрмыз. Біз жақтан әлі оқ атылған жоқ. Біраз адам біз бой тасалап тұрған траншеяға келіп тығылды. Жасыл шинельділер тым таянып қалды. Сол кезде арт жағымыздан:
- Дайындалыңдар! Абыржымаңдар! Рұқсатсыз атпаңдар!, - деген дауыс естілді. Қарасақ Чернов бастаған қорғаныс отрядының адамдары екен. Жүз қаралы бар. Автомат ұңғылары танкті нысанаға алып, үнсіз ғана бұйрықты тосуда. Неміс танкісі екі жүз метр шамасындай қалған мезетте:
- Атыңдар, - деген бұйрық берілді.
Сол-ақ екен, біз жақтан да оқ бұршақша жауа бастады. Зеңбіректер де "тізгінін" қоя берді. Танктің дәл түбінен гранаттың жарылғаны сол еді, жандырғыш құмыра да барып топ етті. Салдыр-гүлдір тоқтай қалды. Кенет танк үстін жалын жапты. Танк қаз табанынан шойырылып, жылжи алмай қалшылдап тұрды да қалды. Шойын сауыт біртіндеп бықсып, лапылдап жана бастады. Осы кезде біздің сол жағымыздағы қалың ағаш ішінен мықтылығы мен жүрдектігі жөнінен бүкіл соғыста даңқы шыққан отыз төртінші совет танкісінің он екісі қарсы шабуылға шықты.
Оны көргенде траншеяда жатқандардың төбесі көкке жеткендей қуанды. Бәрі орындарынан "уралай" түрегеліп, алға ұмтылды. Бұл кезде немістің екінші танкісі жүз елу метр шамасындай келіп қалған еді. Қырық бесінші миллиметрлі пушка шақылдап оқ жаудырды. Тегеурінді күшке төтеп бере алмасын білген танк кері бұрылып, орманға қарай қаша жөнелді. Үшінші танк шыр айналып орнында тұрып қалды. Сірә, табанын снаряд жұлып әкеткенге ұқсайды. Жасыл шинельді неміс әскерлері шынжыр табаны үзілген, қараған, өртенген танктерін тастай салып, орманға қарай бас сауғалап, тым-тырақай зытып бара жатты.
- Отан үшін! Партия үшін! Алға! "Уралаған" дауыс даланы жаңғыртып жіберді. Жауынгерлер автомат құндағын өздеріне қарай қыса түсіп, оқ нөсерін төгіп жүгіріп келеді. Атыс даласындағы өліктер ығы-жығы. Қисайған, майысқан иесіз қалған пулемет пен автомат та қисапсыз көп. Алды-артына қарамай, зытып бара жатқан дұшпандардың зәре-құтын алған "Т-34" танктері майдан алаңының төріне шығып, шабуыл көлемін кеңітіп, ілгері жылжи берді. Миномет снарядтары жау шебіне жетіп жарыла бастады. Қасымдағы барлаушы Каменьев дұшпандардың тым-тырақай қашқанына қарап тұрып:
- Коля, байқайсың ба, снарядтар жарылысы он жетінші жылғы Қазандағы "Аврораның" атылғанындай естіледі. Айбынды үн. Немістердің де дегбірін алған сол дүрсіл. Қайран қуаттылық-ай!, - деп совет жауынгерлерінің ерлік ісіне сүйсініп, күлімсіреп тұрды.
Осы сәтте менің көз алдыма броневиктің үстінде сөйлеп тұрған В. И. Ленин бейнесі елестеді. Ол совет жауынгерлеріне "Алға!" деп қолын сілтеп, бағыт беріп тұрғандай көрінді.