Тағдырдың тартқан сыйы мен тарттырған азабын қатар көрген, көре тұра күреске түскен, шындалған, шыныққан тұлғалар өмірі қашанда өнеге. Сондай жандардың бірі – Шоқанов Шәрәпиден Шоқанұлы. Ол 1920 жылы Көкшетау облысы, Айыртау ауданының Қоскөл ауылында дүниеге келген. 1932 жылы Ораз руының 20-30 шақты отбасысы Түменге (ішке) көшіп барады. Онда бір жыл қыстағаннан кейін, 1933 жылы күзде Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданына көшіп келеді. Сонда «Булаев», «Возвышен», «Қарағанды» совхоздарындары ағайындары жұмыс істепті. 1936 жылы күзде Мұстафадан тараған Смағүл балалары Қоскөлге көшіп келіпті. Шоқан, Әділхан (Әбділман) атамыз отбасымен «Қарағанды» совхозында калыпты. Шоқан, Шәрәпиден атамыз теміржолда қызмет етіп, «Түрксибті» Ақкөлге дейін тартқанша жұмыс істепті. II Дүниежүзілік соғыста ел басына күн тұғанда қолына қару алып, халқының болашағы үшін жаумен жан аямай шайқасқан жауынгер 9- бөлімнің экспедициялық жол полкында сержант, бөлім командирі болған. Омбыда теміржолшы техникумын бітірген, көп жылдар станцияның бастығы болып істеген, мұнай базасының меңгерушісі болған Шәрәпиден ата «Құрметті теміржолшы» атағына ие болыпты. «Сталинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Праганы, Варшаваны азат еткені үшін» медальдармен, бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін» мерейтойлық медальмен марапатталған.