Демесінұлы Дүйсен

  • Фото ветерана: Демесінұлы Дүйсен
    Демесінұлы Дүйсен
  • Фото ветерана: Демесінұлы Дүйсен
  • Фото ветерана: Демесінұлы Дүйсен
  • Фото ветерана: Демесінұлы Дүйсен
  • Фото ветерана: Демесінұлы Дүйсен
  • Фото ветерана: Демесінұлы Дүйсен
  • Фото ветерана: Демесінұлы Дүйсен
  • Фото ветерана: Демесінұлы Дүйсен
  • Фото ветерана: Демесінұлы Дүйсен
    Фото ветерана: Демесінұлы ДүйсенФото ветерана: Демесінұлы ДүйсенФото ветерана: Демесінұлы ДүйсенФото ветерана: Демесінұлы ДүйсенФото ветерана: Демесінұлы ДүйсенФото ветерана: Демесінұлы ДүйсенФото ветерана: Демесінұлы ДүйсенФото ветерана: Демесінұлы ДүйсенФото ветерана: Демесінұлы Дүйсен

Әкеміз Дүйсен Демесінұлы 1920 жылы, Алатаудың шығыс сілемдерінің бірі Ұзынқара (Кетпентау) тауының етегінде, қазіргі Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шошанай ауылында дүниеге келген екен. Балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген он төрт жасар балғын бала қабырғасы қатпағанына қарамастан, колхоздастыру кезіндегі шаруаларға етене араласады. Әкесі Демесін мен анасы Нұрбаланың тәрбиесін алып, жеті жылдық мектепті тамамдаған ол өзінен жеті жас кіші інісі Қожаны ерте жүріп, еңбек етеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылы майданға аттанған әкеміз Дүйсен Демесінұлы 1942 жылдың тамызына дейін 3-ші атты әскер полкінде минометші болған. Кішірек кезімізде өзінің қан майданда көргендерінен әңгіме тарқататын әкем, күші басым жауға қарсы әрбір шабуыл басталар алдында, алғы шепте тұратын минометшілер жаудың шебін атқылап, олардың берекесін кетіретінін, тек содан кейін ғана жаяу әскер мен танк шабуылдары басталатынын айтып отыратын. Кейіннен әкем 1946 жылдың жазына дейін 1-ші гвардиялық зеңбірек-артиллериялық бригадасында бөлімше командирі болып қызмет атқарады. Ал соғысты гвардия сержанты шеніндегі радиотелеграфшы болып аяқтайды. Әрине, соғыстан аман-есен келгеніне ел-жұрт, туған-туыс — бәрі де Аллаға шүкіршілік еткенімен, аттай алты жыл етігімен су кеше жүріп, күн-түн демей соғысқан майдангердің ерлігін елі де, Отаны да көзі тірісінде мақтан тұтты. Жылда Жеңіс күні қарсаңында түрлі наградалар мен сыйлықтар алып, құрмет пен қошеметке бөленіп жататын. Солардың біразына тоқталып өтсем, артық болмас деп ойлаймын. Өйткені ол кісінің кейінгі ұрпағы аталарының атақ-даңқы мен ерлік жолдары жайлы нақтырақ біліп өссе деген тілегім бар.

1942 жылдың 22 қарашасында КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының арнайы Жарлығымен "Сталинградты қорғағаны үшін" медалімен; 1944 жылы 17 шілдеде 1-ші Украина майданында көрсеткен ерлігі үшін "Қызыл жұлдыз" орденімен (№926417) марапатталған; Жоғарғы бас қолбасшы, маршал Сталиннің 18.07.1944 жылы бұйрығымен Львов қаласын, 28 шілдедегі бұйрықпен Сан өзені арқылы қару-жарақ өткізіп, Ярославль мен Перемышль қалаларын, Висла өзені арқылы қару-жарақ өткізіп, Сандомир қаласын азат ету операциясына қатысқаны үшін Алғыс хат жарияланады. Бұдан бөлек, бас қолбасшының 1945 жылдың 13 қаңтарындағы №219 бұйрығымен Сандра ауданын, 15 қаңтардағы №220 бұйрығымен Кельце қаласын, 11 ақпандағы №273 бұйрығымен Одер өзені аймағын неміс басқыншыларынан азат етуге қатысқаны үшін Алғыс хат алады.

1945 жылы 14 ақпандағы №278 бұйрығымен Германияның Шпроттау, Нейштедтель, 15 ақпандағы №281 бұйрығымен Грюнберг (неміс Силезиясы), Зорау, Зоммерфельд (Бранденбург провинциясы) қалаларын, 23 сәуірдегі №340 бұйрығымен Нейсе өзені бойындағы қоршауды бұзып өткені және Берлин қаласының оңтүстік жағын басып алу кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін мақтау қағаздармен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 9 мамырдағы Жарлығымен "За победу над Германией", 9 маусымда "Праганы азат еткені үшін" және "Берлинді алғаны үшін", сондай-ақ "Ерен еңбегі үшін" медальдарымен марапатталған.

Иә, соғыстың соңғы соқпағын Германияның Дрезден қаласын қалпына келтіруге қатысып барып, аяқтаған әкем 1946 жылы елге оралған екен. Бірақ оның Отан қорғауға бірге аттанған кіші әкесі Тоқабаев Әміре Құлбарақұлы (1908 ж.т.) 1943 жылы Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапса, немере бауыры Бақтыбай Мұраділдаев соғыстан оралмаған еді. Осылайша, ауылдағы ағайынмен аман-есен қауышқан майдангер азамат, 1947 жылы Рысхан анамызбен отау құрып, бейбіт өмірдің еңбек қазанын қайнатуға білек сыбана кіріседі. Күн-түн демей, колхоздағы түрлі жұмыстарға белсене араласқан майдангердің ерлік істері ескеріліп, 1965 жылы Ұлы Жеңістің 20 жылдық, 1975 жылы 30 жылдық,1985 жылы 40 жылдық мерейтойлық медальдарын алған. Бұлардан бөлек, 1978 жылы "КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл", 1988 жылы "КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл", ал 1980 жылы "Еңбек ардагері" медальдарымен марапатталады.

Осы наградалардың арасында, 1985 жылы берілген ІІ дәрежелі "Отан соғысы" орденінің орны бөлек, әрине. Әсіресе, әкеміз Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерейтойын асыға күткен еді. Амал не?! Айтулы күнге тура алты ай қалғанда, 1994 жылдың 8 қарашасы күні дүниеден озды. Артында қалған бес ұл, бес қыздан ұрпақтары өрбіп, жиырмадан аса немере, жиырма шақты шөбере сүйген "Батыр ана" Рысхан анамыз да 2011 жылы 82 жасында бақиға аттанды. Бүгінде соғыс ардагерлерінің саны сиреп бара жатқаны рас, ал біздің ауылда тіпті қалмады деуге де болады. Сондықтан олардың ерліктерін дәріптеп отыру - парызымыз. Жарқын болашағымыздың жолында кешегі өткен аталарымыздың ерлік істері мен ерен еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес.

Сайлаугүл Демесінова.

Нравится