Біздің анамыз Оспанова Күләйхан 15 каңтар 1928 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Көмірші ауылында дуниеге келген. Ол отбасында үйдің кішісі, өзінен үлкен бір әпкесі, бір інісі болған. Шешесі Қазине ауқатты кісіге күйеуге шыққанымен, кейінірек балаларымен жеке қалған деседі. Қазине апамыздың Ахметуәли Жылгелдиев атты жалғыз ұлын майданға 1941-1942 жылдары шақыртып алып кетеді. Сол кеткеннен еш хабар болмаған, оның қай жерде болғанын, не тірі, не өлі екенін апасы да, шешесі де білмей кетті.
Анамыздың көзі тірі кезінде сол Ахметуәли бауырын көп есіне алушы еді. Анамыз Күләйханға 13-14 жас шамасында-ақ, шебер шешесі тігіншілікті үйретеді, себебі олар үйде отырып солдаттарға қолғап, аяқтарына жылы шұлғау және жылы тон, ішіктер тігіп жөнелтіп отырған. Нан пісіру, бидай қуыру жұмыстары күн сайын таңнан түннің ортасына дейін созылады екен. Кейде тіпті айдың жарығымен істеген кездері де болған. 1941-1945 жылдары алғашында Көмірші, кейін Сүмбе ауылдарында еңбек еткен. Сонымен бірге ол 11 баланы дүниеге әкелген батыр ана. Казірде анамыздың өмірден өтіп кеткеніне 17 жыл болыпты, көзі тірісінде көптеген құрмет ордендер, медальдармен марапатталған еді. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесінде, анамыздың Жеңіске қосқан үлесін мақтан етіп айтқымыз келеді. Батыр Күләйхан анамыздың бейнесін ұрпақтары еш уақытта ұмытпайды.
Балаларынан