17 марта 2020 | 14:23

"Әзіл айтып, жырқылдап ән салатын уақыт емес"

Отандық танымал тұлғалар коронавирусқа байланысты әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы қазақстандықтарға қолдау білдірді. Кейбірі елдегі төтенше жағдайға байланысты ән кештерін кейінге қалдырып жатыр. Қазақстандық әншілер коронавирусқа байланысты не деді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Отандық танымал тұлғалар коронавирусқа байланысты әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы қазақстандықтарға қолдау білдірді. Кейбірі елдегі төтенше жағдайға байланысты ән кештерін кейінге қалдырып жатыр. Қазақстандық әншілер коронавирусқа байланысты не деді? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 

Мақпал Жүнісова қазақстандықтарды коронавирусты таратпау мақсатында қабылданып жатқан барлық шараға жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Реклама
Реклама

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз үндеуінде айтқандай, бүгінгі жағдай - уақытша дүрбелең. Бұл қиындықты бәріміз бірігіп, ауызбіршілік танытып, еңсеріп шығамыз. Осы сынақтан абыроймен өтейік", - деді әнші жазбасында.

Танымал әнші Димаш Құдайберген Arnau Tоur әлемдік туры аясындағы ән кештері кейінге қалғанын мәлімдеді.

"Коронавирустық инфекцияның алдын алуға байланысты Прага, Гамбург, Дюссельдорф, Штутгарт және Минск қалаларындағы концерттерім тоқтатылып, басқа уақытқа жоспарланып жатыр. Бірақ дәл қазіргідей қиын кезеңде біз ең алдымен денсаулығымызды қадағалап, барлық қажетті қауіпсіздік шараларын сақтауымыз керек", - деп хабарлады әнші.

Белгілі тележүргізуші, журналист Ләйлә Сұлтанқызы соңғы жаңалықтарға байланысты әлеуметтік желіге кіруге де қорқыныш пайда болғанын айтады.

"Тәжі бар вирус болсын, тәжі жоқ вирус болсын бәрі уақытша, күтініп жүрейік, үйді таза ұстайық, балаларға жиі сабынмен қол жуу керек екенін үйретейік. Бастысы иммунитет мықты болсын! Алла амандық берсе, бұл күндерді де ұмытармыз. Негатив жаңалықтарды да оқи бермеңіздер. WhatsApp-чаттарда қыдырып жүрген, үрей туғызатын ақпарат пен видеолардың да шынайылығына көз жеткізіңіз", - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.

Әнші Сәкен Майғазиев Қазақстандағы коронавирус ізім-ғайым ізін жоғалтсын деген тілегін жеткізген.

"Қырық жыл қырғында да ажалда өледі" дегенді де, "Сақтықта қорлық жоқ" дегенді де қазақ әлдеқашан айтқан. Қазақтың "Бисмиллаhи! Аллаhу Акбары!" айтылып, адал сойылған малы мен құнарлы тамағын жеп, құрт-майымыз бен қою-күрең шәйін ішіп, тахаратымызды алып, қолымызды жиі жуып, сақтанып жүрейік. "Әлемде аштық қашан болады?" деген сұраққа: "Екі таяқшамен тамақ жейтін қытай халқы қазақтар сияқты қамырды қолмен жегенде" деген екен біреу. Құрт, ірімшік, құйрық май, биенің саумалы, түйенің шұбатты, ешкінің сүті, қойдың сорпасы туралы миллиардтар естіп қоймасын", - дейді әнші.

Әнші Қарақат Әбілдина үрейлене бермей, демалыс күндерін дұрыс пайдалануға шақырды.

"Осы демалыс күндерді дұрыс пайдаланып, балаларымызға көңіл бөлейік, бірге кітап оқып, сыр ақтарып, әңгімелесейік. Әр істің бір қайыры бар деген, бұйырса бұл сынақтан да аман шығамыз. Сақтықта қорлық жоқ, айтылған ақыл-кеңеске құлақ асып, сабыр сақтайық", - деді әнші жазбасында.

Мейрамбек Бесбаев үкіметтің барлық іс-шараны тоқтатқаны дұрыс екенін, жекелеген отбасылық тойларды кейінге қалдырған дұрыс екенін айтты.

"Қуанышымызды бөлісеміз деп жүріп, қайғыға ұрынып қалмайықшы. Осы сынақтан аман-есен өтіп алудың амал-шартын қарастырғанымыз жөн. Ағайын-туғанның амандығын ойлайық. Дәл қазір коронавирусты күлкіге айналдырып, әзіл айтатын, жырқылдап ән салатын уақыт емес. Айтылып дәне жазылып жатқан кеңестерге құлақ түрейік. Мен үшін қазағымның амандығы бәрінен жоғары. Әлемнің алпауыт елдерін жайлап келе жатқан індет шыңдап кіріссе бізді де аямайды. Құдай бізге қуат беріп, жақсы күнде жолығуды жазсын!", - деді әнші Instagram желісіндегі жазбасында.

Жазира Байырбекова күнделікті тірлігін істеп жүрген адам үшін қабылданған шаралар оңай соқпайтынын жеткізді.

"Кинотеатрларды жапқаны үшін, той жасауға тыйым салғаны үшін, ойын-сауықтарды тоқтатқаны үшін билікке өкпелеу орынсыз деп санаймын. Бәріміз тәртіпке бағынып, осы індетті жоюға ат салысайық. Әрине, күнделікті тамағын тауып жүрген жандарға бұл оқиға оңай соқпайтыны рас. Бірақ, мұның бәрі халықтың амандығы үшін жасалып жатқанын түсінейік", - дейді әнші.

Мөлдір Әуелбекова қазақстандықтарды сақтық шараларын сақтап, шыдам танытуға шақырды.

"Қауіптенген қатер, өкінішке қарай, елімізге келді. Әуелгісі әр отандасымыз мойнында үлкен жауапкершілік барын сезінсе болғаны. Сақтанудың сан-түрлі жолдарымен ақпарат таралып жатыр. Ендігі кезекте қажет сақтық шараларын қолдан келгенше жасап, сынаққа төтеп беріп, кішкене шыдасақ", - дейді Мөлдір Әуелбекова.

Әнші Маржан Арапбаева да оқырмандарына қолдау білдірді. 

"Қаңтарда үшінші дүниежүзілік соғыс болу қаупі бар еді (АҚШ, Иран), ақпанда - коронавирус, наурызда - доллар. Сәуір болмай, тәуір болматын сияқты. Еліміз түрлі пәледен сақ болсыншы. Бұл күндер де артта қаларына сенемін!", - деп қолдау білдірді әнші Маржан Арапбаева.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 27-ге жетті.

"Форсаж", "Кек алушылар" актерлері. Коронавирус жұқтырған әлем жұлдыздары кім?


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная