Әнші Айгүл Иманбаева Instagram желісіндегі парақшасында бүгін Алматы маңында құлаған ұшақтың ішінде өнер адамдары да болғанын айтты. Сондай-ақ әнші осы ұшаққа билет алғысы келгенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айгүл Иманбаеваның айтуынша, ол астанаға бүгін таңертең концертке ұшып барған.
"Таңертең алты жарымда Scat-та, ал жетіде Bek Air-де билет тұрды. Түстен кейінгі рейстерге отырсам, концертке кешігетін болғандықтан таңертеңге алуым керек болды. Директорым "билетті сағат жетілерге алайық, кішкене болсын ұйықтап алыңыз" деді. Бір қарасақ Bek Air-ге билет қалмапты.
Сөйтіп, билетті Scat-тан алып, ұшып кеттім. Әуежайда өзімнің әріптестерімді көрдім. Бірі балет тобының көркемдік жетекшісі Еркін деген жігіт еді. Ол Bek Air-мен ұшып, кешке концертте кездесу керек болғанбыз. Сонымен қатар, белгілі әнші Ернар Айдардың директоры да Bek Air-мен ұшып бара жатқан. Бір сөзбен айтқанда - Құдай қақты", - дейді әнші.
Айгүл Иманбаева Instagram желісіндегі парақшасында бүгін апатқа ұшыраған ұшаққа билет алмай, "Дәм-тұзым таусылмаған екен" дейді.
Еске салайық, бүгін таңда Алматыдан елордаға ұшып шыққан Bek Air ұшағы биіктік жоғалтып, әуежайдан ұшып шыққан бетте құлаған. Бортта 95 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. Кейін желіде құлаған ұшақтың суреттері тарала бастады. Артынша Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті ұшағы құлағаннан кейін шұғыл желі ашылғанын хабарлаған. Тоқаев әуе апатынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтқан болатын.
Ұшақ апатынан зардап шеккендердің тізімі жарияланған. Кейін әлеуметтік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев әуе апаты салдарынан 15 адамның қаза болғанын айтқан.