ПОДЕЛИТЬСЯ
12 марта 2021 | 16:18
"Бомба астында қалып, жалғыз мен тірі қалдым" - Сириядан оралған қазақ әйелі
"Жусан" бағдарламасы бойынша елімізге Сирияға кеткендерді қайтару операциясы жалғасып жатыр. Операция басталғалы 600-ден аса адам Сириядан елге оралған. Солардың бірі - Айгүл (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілді). Ол Сирияда үш жыл уақытын өткізген. Айгүл Tengrinews.kz тілшісіне Сирияға қалай кеткенін, сондағы өмірі туралы айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
"Жусан" бағдарламасы бойынша елімізге Сирияға кеткендерді қайтару операциясы жалғасып жатыр. Операция басталғалы 600-ден аса адам Сириядан елге оралған. Солардың бірі - Айгүл (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілді). Ол Сирияда үш жыл уақытын өткізген. Айгүл Tengrinews.kz тілшісіне Сирияға қалай кеткенін, сондағы өмірі туралы айтып берді.
Айгүл тағдыр тауқыметімен төрт баламен жалғыз қалған. 32 жасында намаз оқып бастапты. Жалғызбасты ана болған соң, көп жұмыс істеп, намаз бірде оқылып, бірде оқылмай қалғанын айтады.
Сол кездері ол бір ер адаммен танысып, бас қосқан. Бірақ кейін ер адам басқа ағымда жүргенін біліпті.
"Ол намазың дұрыс емес деп мені басқа жолға салғысы келді. Бұл ағымның ережесі бойынша, тума-туысың бұл жолмен жүрмесе, олармен араласуға тыйым салынады. Олармен араласуды харам дейді. Анаңыз да сіз секілді намаз оқымаса, ол да харам. Оларға адам өлтіру, ұрып кету, тонау түкке тұрмайды. Өйткені олар мұны халал деп ойлайды. Өз ағымына кірмейтін барша адамды харам жолмен жүр деп есептейді. Олардың адамды сендіретін амалдары бар. Соған сеніп жастар кетіп қалады. Көнбеген жағдайда қорқыта бастайды", - дейді ол.
Айгүлдің басынан да осындай жағдай өткен. Бірде оның жары ұсталып, сол күні босап шыққан. Сосын Айгүлді елден кету керек деп асықтыра бастаған.
"Сол кезде мені қорқыту басталды. "Сирияға менімен бірге кетпесең, бала-шағаңды өлтіреміз. Қазақстанда адамдарымыз көп, қай жерде екеніңді тауып аламыз. Бала-шағаңды бауыздап кетеміз, бізге ол түк те тұрмайды" деп қорқытты. Басқа амалым болмай, соңынан ілесіп жүре бердім. Олар ұсталып қалмауы үшін жолды ауыстырып отырады. Қырғызстан, Ресей, Грузия арқылы Ыстамбұлға апарады, сол жақта өз адамдары паспорт дайындап қояды да, Сирияға кіргізіп жібереді", - дейді Айгүл.
Ол Сирияға жеткен кезде жары жоғалып кетіп, ол шетелдік бейтаныс әйелдер арасында қалып қойған.
"Сирияда олар жолды жаттап алмауың үшін түнделетіп, айдаламен әр жаққа апарып тастайды. Мені Майдин деген жерге алып барды. Сирияға барған бойда бұл мұнай, ақша үшін соғыс екенін бірден түсіндім. Сондағы көп әйел бұл "бизнес-соғыс" деп айтатын. Әйелдер арасында француздар, немістер бар, дүние жүзінің барлық түпкірінен келген. Мен сол әйелдермен бірге тұрдым. Бәрі келгеніне өкініп, күнде жылайтын. Кейбірі елден аяқ-қолсыз кетті", - деп еске алады ол.
Айгүл Сирияға 2016 жылы маусымда аттанып, сонда үш жыл өмір сүрген. Ол бізге сондағы өмірін сипаттап берді. Жегендері шөп болған, оның өзін жегізбей, аңдып отыратын снайперлер болыпты.
"Сирияның қай жеріне жіберсе де, лас бөлме береді. Өзім сол лас бөлмені мүмкіндінше тазалап, содан шықпай отырамын. Ер адамдар күндіз жан-жаққа кетіп қалады - тамақ іздейді, соғыс дегендей. Ішетін тамақ жоқ. Басында көбіне күріш жейтін едік, бірақ ол да таусылды. Далаға шығуға тыйым салынған. Шықсақ, снайперлер атып тастайды. Шөп жеп күн көрдік. Бала-шағасымен тұратын әйелдер болды. Балалар жылап, қарны ашқанын айтып жатады. Күнде бір сағат снайперлер демалады, сол кезде мен ақырындап, алаңға шығып, басы домалақ шөптер іздеймін. Соларды қапшыққа тез салып, алып келемін. Сол шөппен қарын тойдырамыз. Талай әйелді алаңнан шөп жұлып жатқан кезінде снайперлер атып тастаған", - дейді Айгүл.
Сирияда көрмеген қорлығымыз жоқ, дейді ол. Бірде бомба астында да қалып қойыпты.
"Ол жақта күнде соғыс, автомат даусы. Майдинде жүргенімізде бірде бомба астында қалып қойдық. Қасымдағы адамның бәрі өліп, жалғыз мен тірі қалдым. Содан бірнеше апта бойы өзіме келе алмай жүрдім", - дейді Айгүл.
Оның сөзінше, Сирияда әйелдер бірдей киініп жүруге міндетті. Көшеге шыққанда қара түсті киім кимесе, бірден атып тастайды, не түрмеге қамап, зорлайды екен.
"Ол жақта бәрі бақылауда болады. Бірақ әйелдер бір-біріне жәрдемдеседі. Бірде қырғыз қызы қатты көмектесті. Ол мені Сирияда интернеті бар жерге алып барды. Сол жақта компьютері бар шешен әйелі желіден қыздарымды тауып берді. Қыздарым Сирияға кеткенімді білмейтін. Соларға хабарласып, аман-сау екенімді айттым", - дейді ол.
2019 жылы Айгүлге күрд әскері көмектесіп, оны өз жағына алып кеткен. Сол жылы мамырда "Жусан" операциясы бойынша елге оралыпты.
"Сирияға барғанда ешкім бастан сипамайды. Соғысқа жібереді, болмаса өздері өлтіреді. Ол жақтағы өмірімді тезірек ұмытқым келеді", - деп қорытындылады Айгүл.
"Жарым алдап алып кетті" - 16 жасында Сирияға жігітінің соңынан кеткен қазақ қызы
Показать комментарии
Читайте также