Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
09 февраля 2021 18:12

"Жарым алдап алып кетті" - 16 жасында Сирияға жігітінің соңынан кеткен қазақ қызы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Иллюстрациялық фото Иллюстрациялық фото

Таяуда Сириядан бірқатар қазақстандық елге оралды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. "Жусан" операциясы бойынша Сириядағы қазақстандықтар 2019 жылдан қайтарыла бастаған. Елге оралғандардың әрқайсының өз оқиғасы бар. Tengrinews.kz тілшісі 2019 жылы алғашқылардың бірі болып елге оралған Айманмен (кейіпкердің есімі өзгертілді) сөйлесіп, Сирияға қалай кеткенін, сондағы өмірі туралы әңгімелесті.


Таяуда Сириядан бірқатар қазақстандық елге оралды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. "Жусан" операциясы бойынша Сириядағы қазақстандықтар 2019 жылдан қайтарыла бастаған. Елге оралғандардың әрқайсының өз оқиғасы бар. Tengrinews.kz тілшісі 2019 жылы алғашқылардың бірі болып елге оралған Айманмен (кейіпкердің есімі өзгертілді) сөйлесіп, Сирияға қалай кеткенін, сондағы өмірі туралы әңгімелесті.

Айманның жасы 23-те. Алматы облысында дүниеге келген. Әкесі мен ағасы намаз оқиды екен.  

"Өзім де дінге жақын болатынмын. Кейін мен де намаз оқып бастадым. 9-сыныптан кейін колледжге оқуға түсемін деп шештім. Оқуға ақша керек болған соң, Алматы қаласындағы халал кафелердің біріне жұмысқа тұрдым. Сол жақта намаз оқитын ер адаммен танысып, ол кейін үйленуге ұсыныс жасады. Ағам арқылы үш кездесу ұйымдастырып, дін бойынша некемізді қидық. Отбасы құрған соң, екеуіміз біраз уақыт Алматыда тұрдық. Жолдасым отбасын сауда жасап асырап келді. Бірақ ол ақша жетпей қалатын, болашағымызды да ойлау қажет. Сондықтан, жарым Түркияға барып жұмыс істеймін деді. Ал мен оның жұбайы болған соң, өзімен бірге баруымды талап етті", - дейді Айман.

Бұл 2014 жыл болатын. Сөйтіп, Айманның жары бірінші өзі Түркияға кетіп қалған.

"Жолдасым шешімді тез қабылдап, Түркияға билет алып қойыпты. "Бірінші өзім барамын, жұмыс шығып жатса, сені шақырамын" деді. Сөйтіп, өзі Түркияға ұшып кетті. Арада бір айға жуық уақыт өткен соң, мені Түркияға шақырды. Жастықпен сеніп, жұбайымның соңынан мен де Түркияға кеттім", - дейді ол.

Басында Айманның ата-анасы қызын Түркияға жіберуге қарсы болған. Бірақ кейін көніпті.

"Түркия танымайтын ел болған соң, өз отбасым ол жаққа қоныс аударуымды құптамады. Бірақ жолдасым өз анасын шақырып, менің ата-анамды көндіруге тырысты. Сөйтіп, олардың рұқсатын алып, Түркияға ұштым. Ол кезде мен де, жақындарымыз да ештеңе ойламадық, жарым тек Түркияға жұмысқа кетті деп ойладық", - дейді Айман.

Бірақ Айман Түркияда ұзақ уақыт болмаған. Жары Түркия шекарасы арқылы оны Сирияға алып кеткен.

"Түркияда жарым күтіп алды да, көп ұзамай, "Басқа жаққа көшеміз" деп, мені Сирияға алып кетті. Ол жаққа барған кезде өте қатты қорықтым. Бейтаныс жер, бейтаныс адамдар. Оның үстіне, әйелдерді бөлек, ер адамдарды бөлек алып кетті. Содан кейін жарымды көрмедім. 2-3 айдан кейін жолдасым қаза болғаны туралы хабар келді. Бірақ біз ешқандай соғысқа қатыспадық. Үйден шығудың өзі қиын болатын", - дейді ол.

Сирияға алданып келген Айман бірден елге оралудың жолын іздеген. Бірақ ол оңай болмай шығыпты. Сондықтан, 2014 жылы Сирияға аяғы алғаш тигеннен бастап сол жақта бес жыл өмір сүрген.

"Сириядағы өмірімді еске алғым да келмейді, есте қалғаны тек - соғыстың лебі, ұшақтардан түскен бомбалар даусы, әділетсіздік. Айта берсем көп. Ол жаққа алданып барғаныма қатты қынжыламын. Жолдасым Сирияға әкелгеннен кейін бар ойым елге қайту болды. Бірақ бес жыл бойы ешқандай мүмкіндігім болмады. Сұрастырып, кері қайту жолдарын іздедім. Бірі "Қайтатын жол жоқ, бұл соғыс жері, өте қауіпті" деді. Содан тек күтуден басқа шара болмады", - деп еске алады ол.

Айманның айтуынша, оған сол сәтте күрд халқы көмектескен екен. Елге оралғанға дейін Сириядағы бес жылда Айман екі бала дүниеге әкелген.

"Сөйтіп, қайтатын күнді күтіп жүргенімде күрдтер қайтуға көмектесеміз деп, жол ашып берді. Мен мүмкіндікті құр жібермейін деп, екі баламды алып, күрдтер қатарына келдім. Сол кездегі президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев "Жусан" бағдарламасын бастағанын, елге алып кететінін естігенде, қуанышымызда шек болмады. Бізді алып кетуге қазақтар келгенде, қазақ тілін естігенде жылап жібере жаздадым. Бұл істе бізге қолдау көрсетіп, көмектескен барша адамға өмір бойы алғыс айтып өтемін", - дейді Айман.  

Осылайша, Айман 2019 жылы 9 мамырда Қазақстанға оралған. Өз жарына алданған ол бес жылын соғыс пен бомба маңында өткізген. Қазір бостандықта, жаңа өмір бастаған.

"Жалғыз өкінішім - Сирияға баруым. Ол жаққа бармағанымда бәрі жақсы болар ма еді деп ойлаймын. Өмірім мүлде басқаша болуы мүмкін еді. Ал қазір сол бес жылды ұмытып, жаңа өмір бастауға тырысып жатырмын", - дейді ол.

Материалда иллюстрациялық фотолар қолданылды

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.77   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети