23 марта 2021 10:41

"Ұлттық киімнен жаңылдық". Қазақтар бұрын не киген?

Камила Долаева Корреспондент
© Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві

Қолөнердің басты бір саласы - киім тігу десек, қазақ халқының бұл өнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқанын көреміз. Ата-бабаларымыз негізін қалап кеткен киім үлгілері бүгінде заманауи қалыпта тігіледі, олар талай халықты әсемдігімен баурап, мойындатқаны да анық. Бүгінде қазақша киімді сахналарда, мерекелік іс-шараларда киіп жүрген қыз-жігіттер мен аға буын өкілдерінен жиі көреміз. Алайда этнограф Досымбек Қатранұлының сөзінше, бүгінгі қазақ ұлттық киімнен жаңылған. Сонда қалай? Tengrinews.kz тілшісі этнографпен тілдесіп, халқымыз мереке күндері, Наурызда не кигенін білді. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қолөнердің басты бір саласы - киім тігу десек, қазақ халқының бұл өнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқанын көреміз. Ата-бабаларымыз негізін қалап кеткен киім үлгілері бүгінде заманауи қалыпта тігіледі, олар талай халықты әсемдігімен баурап, мойындатқаны да анық. Бүгінде қазақша киімді сахналарда, мерекелік іс-шараларда киіп жүрген қыз-жігіттер мен аға буын өкілдерінен жиі көреміз. Алайда этнограф Досымбек Қатранұлының сөзінше, бүгінгі қазақ ұлттық киімнен жаңылған. Сонда қалай? Tengrinews.kz тілшісі этнографпен тілдесіп, халқымыз мереке күндері, Наурызда не кигенін білді. 

Киім арқылы адамның кім екенін білуге болған 

Тарихи-мәдени мұрамыз бен өткен ғасырлардағы салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды, халықтың жағдайын осы ұлттық киiм арқылы кеңінен зерттеуге болады. Одан бөлек киім, оның ішінде баскиім де адамның жасы, қоғамдағы орны, отбасылық жағдайы, қызметі, шығу тегі және басқаларын білдіре алады.

Реклама
Реклама

Олар адамның дене мүшелеріне сәйкес баскиім, иықтық киім, белдік киім, аяқкиім деп бөлінеді. Пайдалану, тұтыну ерекшеліктеріне байланысты күнделікті, сәндік киімдерге, жыл мезгілдеріне қатысты қыстық, маусым аралық және жаздық киімдер болып бөлінеді.

"Жас және жыныс ерекшелігіне қарай: сәби киімі (ит көйлек, сылау тақия), бала киiмi (кепеш, малақай, құлақшын, жейде, дамбал, шалбар, етік, бешпент, шапан), бозбала киiмi (тақия, етік, жейде, шалбар), бойжеткен киiмi (желбіршекті көйлек, тақия, кәзекей), қалыңдық киімі (сәукеле, желек), келiншек, бәйбiше киімі (көйлек, кимешек, жаулық, қамзол, кебiс-мәсi, көкiрекше), күйеу, жас жiгiт, ақсақал киімдері (шапан, ішік, бешпент,сырма шалбар, ақ жейде, дамбал, саптама етік, кебіс-мәсі) деп түрлерге жіктелінеді", - делінген "Қазақ халқының ұлттық киімдері" кітабында.

© syr-media.kz

Қазақ киімінің тәуірін ежелден қыз-келіншектер киген, әшекейдің де ең асылын солар таққан. Жас қыздар бүрмелі етекті көйлек, бешпент, қамзол, қынама бел киімдер, басқа үкі кепеш, аяққа мәсі, оюлы кебістер киген. Бойжеткен қыздар бастарына кәмшат бөрік, сәндеп өрнектеген ақ шыт орамал тартқан.

Кимешекке жеткенше әйел баласы бірнеше кезеңнен өтіп, әртүрлі баскиім киіп бастың өзін "бастықтыруы" кажет. Бұл туралы этнограф Ғалия Қайдауылқызының "Киелі кимешек" фотоальбомында айтылады. Сәби қыз дүниеге келгеннен бастап - сылау тақия, сырма тақия, көз моншақты тақия, балауса қыздар маңдайын кестелеген шыт байлама, бойжеткендер маржандаған кепеш, топы, үкілі тақия немесе қалыңдықтар қарқаралы бөрік, сораба және сәукеле, қасаба киген.

© Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві

"Келін болып түскенде үстіне салы (шәлі) жамылған. Бір балалы болғанша салы, байлауыш байлап жүрген. Тұңғышы ширап қатая бастағанда, абысын-ажын жиналып, ана болғанның белгісі ретінде сәукелені шешіп, сәндеп тігілген кимешек кигізген. Бұл баскиім балалы әйелге ыңғайлы да таза, жинақы болған. Талғаммен тігілген кимешек кигенде беттің алмасы ғана көрінеді. Шақырайған кимешекке үйренгенше қымсынып, үстінен желек жамылған. Енді біраз уақыт өткен соң, алдын ашу деген рәсім жасалады. Желектің алдыңғы екі ұшын артқа қайырып, белге байлайды. "Алды ашылған әйел" деген сөз осыған байланысты айтылған. Сөйтіп, бірте-бірте желегін сыпырады", - делінген кітапта.

Шапан, сәукеле, жамылғы. Ертеде қазақ қалыңдықтары қалай киінген

Екінші баласын туғаннан кейін, кимешектің үстінен шылауыш байлайды. Жас ерекшелігіне қарай шылауыштың маңдайын жіңішке, орташа, жалпақ етіп қайырады. Төбесіне төбелдірік бастырып, сырғып кетпес үшін әр жерінен асыл тастар орнатқан түйреуіштер түйрейді. Шылауыштың орнына күндік орайтын да әдебіміз бар.

© "Киелі кимешек" фотоальбомынан

Ал жігіт, бозбалалар кестелі тақия киген. Кейде ақ шытты бір шекесіне түйе алатын. Аяққа көксауырмен оймышталған, өкшесі құймаланған етік киген. Барқыттан шапан, құймаланған алтынмен аптап, күміспен күптелген белбеу буынған. Қарттар шаштарын қырып алып тастайтын болғандықтан сырмалы баран өңді кепеш үстінен пұшпақ, елтірі, түлкі тымақтар киген. Бұл туралы "Қазақ халқының ұлттық киімдері" кітабында айтылады.

Шал, қариялар шапан, ішік, бешпент, сырма шалбар, ақ жейде, дамбал киіп, аяққа саптама етік, кебіс-мәсі киген. 

"Әлеуметтiк дәрежесiне, сондай-ақ қандай кәсіби салаға қатыстылығына қарай қазақ халқы арасында бай, би, сұлтан (бас киім мұрақ), бақсы, сал-серi (жарғақ шалбар, мауыты, шәйі көйлек), малшы, аңшы (шекпен, кебенек, сырттық, күләпара), балуан, батыр (қаттама), киiмдерi деп те бөлінеді. Қазақ салтында ер жiгiт егеске түсерде, соғысқа барарда киiмдердiң ең жақсы көрнектiсiн киген.

Киім тақырыбына қалам тартқан этнограф Садық Қасиманов қазақ киiмдерiн iштiк (көйлек, желетке, қамзол, кәзекей, дамбал), сырттық (шапан, күпi, тон, шидем, аң терiсiнен iстелген iшiктер), сулық (шекпен, қаптал шекпен, кебенек, кенеп және басқалары), бiркиер киiм (той-думан мен сапарға шыққанда киетiн) деп атаған", - делінген кітапта.

© brod.kz 

"Қазiр киiп жүрген бiрқатар киiм үлгiлерi сақ дәуiрінен бастау алады"

"Қазақ халқының ұлттық киімдері" кітабында халқымыздың киiмi басқа ұлттардан өзгеше өзiндiк қасиетке толы екені жазылған. Автор мұны қазақ халқының табиғат төсiнде өсiп, еркiн ғұмыр кешуімен байланыстырады.

Қазақтың ұлттық киiмдерi негiзiнен ертедегi көшпендiлер киiмдерiн еске түсiредi. Қазiр өзiмiз күнделiктi киiп жүрген бiрқатар киiм үлгiлерi сақ дәуiрінен бастау алады. Қазақтардың киiмдi солға қаусыратыны сақ киiмдерiнде, орта ғасырларда түрiктерде кездеседi. Көшпендiлердiң киiм үлгiлерiнiң тiгiлу мен пiшiлу тәсiлiнде сабақтастық сақталған. Көшпендiлер адамзат тарихында атқа отыруға қолайлы болу үшiн ойлап тапқан кең шалбар мен екi өңiрi ашық, қаусырылатын кеуде киiмi - шапанды адамзат өркениетiне қосқан", - делінген.

ХХ ғасырдың 20-жылдары Ойыл мен Сағыз бойын мекендеген қазақтардың киім-кешегін палеоэтнологиялық деректермен салыстыра зерттеген Сергей Руденко, күпінің қазаққа, оның ата-бабасына кем дегенде бұдан екі мың жыл бұрын белгілі болған киім үлгісі екенін дәлелдеген екен. 

"Алмас қылыш" сериалынан көрініс / © turkystan.kz

Қазақ халқының ұлттық киімдері қол­өнер­дің озық үлгісі ретінде ғана емес, дала жағдайына ыңғай­ланған сан алуан әше­кей­лерімен, ою-өрнектерімен ерекшеленеді.

"Киiмдердiң етек-жеңiне рәмiздiк ұғымды тұспалдайтын ою-өрнек элементтерiн салу, үкi тағу, жын-перiлерден, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды, магиялық күш әсер етедi деген сенімнен туған. Кейiннен үкiнi тақия, сәукеленiң төбелерiне, домбыраға, бесiкке қадаған. Үкiнiң қара қасқасын ерлер, балақ жүнiнiң ұлпасын әйелдер қолданған. Үкi құсын қазақ қасиеттi деп бiлген. Ежелгi бақсылар, батырлар, сал-серiлер де үкi тағып жүрген. Көшпелiлер бұлардан басқа да зергерлiк бұйымдар, қорғаушы қызметiн атқаратын құстар мен жануарлардың дене мүшелерiн әшекей ретiнде таққан. Осындай сақтар дәуiрiнен қалған киiмдер қазiр стилизацияланған түрiнде бүгiнгi күнге дейiн қолданылып жүр", - дейді "Қазақ халқының ұлттық киімдері" кітабының авторлары.

Осы тұста айта кеткен жөн, Қытайда туып-өскен лингвист, тарихшы ғалым Нығмет Мыңжанның деректерінде: "Біздің жыл санауымызға дейінгі үйсін молаларынан шыққан ою-сызу өрнектері ХІХ ғасырдағы қазақтың ою-өрнектеріне ұқсас. Демек бұл қазақтың ою өрнек өнерінің ежелгі үйсін мәдениетінің жалғасы және дамыған түрі екендігін дәлелдейді" делінген. Бұған өнертанушы Виктор Чепелевтің "Қазақтар тек ою-өрнек әлемінде өмір сүретін сияқты" деп жазғаны дәлел болады. 

© brod.kz

"Ұлттық киім - бүгінгі театрдың киімі емес"

Десе де этнограф Досымбек Қатранұлының сөзінше, біз қазір ұлттық киім дегенде жаңылысып қалғанбыз. Себебі бұрынғы киімдерде қазіргідей көп ою жоқ болған, оған қоса қызылды-жасыл киімдерді кейбір адамдар ғана киген. Айтуынша, қазақтар мереке-мейрамдарға барын киген, таққан, кемер белдігі болса буынған.    

"Қазақ ұғымында күнделікті киетін және біркиер киім бар. Біркиер дегеніміз - сәнді, жақсы киім, оны анда-санда той-томалаққа шығарып киеді. Алдымен үлкен үйге кіріп амандасып-жүздеседі, одан кейін басқа үйге кіреді. Бірақ бұл бүгінгі театрдың киімі емес

Біз қазір ұлттық киім дегенде жаңылысып кеттік. Қазір ұлттық киім десек - театрдың киімі көз алдымызға елестейді. Театрдың киімі ол - әдемі-әдемі оюы көп болады емес пе. Ал қазақта ою жоқтың қасы. Сәнді киімнің өзінде ою көп болмайды, жаға, жеңінде, етегінде болмаса", - дейді ол. 

© Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві

Досымбек Қатранұлы қазақтың нағыз киімін XX ғасырдың 20-50-жылдары түсірілген фильмдерінен көруге болатынын айтты. 

"Қазіргі киміміз дұрыс емес. Мекемтас Мырзахметұлы айтпақшы, біз орыстанған халықпыз. 20-30 жылдары түсірілген фильмдерді көріңіздерші. Әсіресе 40-50 жылдары түсірілген кино. Сол жердегі киімдер ұлттық киім ғой. Соғыстан кейін-ақ құрыдық ...", - дейді этнограф.

Айтуынша, ол кезде қып-қызыл ала көйлек киетін жағдай жоқ, мүмкін емес. Сәнді киінгеннің өзінде ондай жоқ.

"Қызыл-жасылды кім киеді? Қызыл жасылды сал сері, бел кезіп жүретін, сәуегей айтып жүретін адамдар киеді. Хандардың киімінің өзінде әкетіп бара жатқан әшекей-ою жоқ", - деді ол.  

© "Киелі кимешек" фотоальбомынан

Этнограф қай кезде ұлттық киімнен жаңылғанымызды айтты. 

"Соғыстан кейінгі жылдары ұлттық киімнен жаңылыстық. 1945-1946-дан кейін, 50-інші жылдардың басында ұлттық мәдениетке назар аударамыз деген желеумен театрларда көп киім тіккен. Сол кездегі театрдың киімін біздің халық "киім осы екен" деп мойынсынып кеткен ғой, бұл соғыстан кейінгі ауыр кез. 1946 жылдан бастап осы күнге дейін ұлттық киімде бір жаңылысумен келеміз", - деп қорытындылады Досымбек Қатранұлы.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram