Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі қоғамды дүр сілкіндірді. Бишімбаев мұндай жазаны күтті ме? Жазасын өтеп шыққаннан кейін Бишімбаев өзгеруі мүмкін бе? Отбасында зорлық-зомбылық көрсететін шенеуніктер көп пе?
Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі қоғамды дүр сілкіндірді. Бишімбаев мұндай жазаны күтті ме? Жазасын өтеп шыққаннан кейін Бишімбаев өзгеруі мүмкін бе? Отбасында зорлық-зомбылық көрсететін шенеуніктер көп пе?
Massaget.kz тілшісі осы сауалдарға жауап іздеу үшін танымал отбасылық психолог Ержан Мырзабаевпен сұхбаттасты.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
"Заңнан, Бишімбаевтың жағдайынан қорқып, өзін тәртіпке келтіретіндер болуы мүмкін"
- Бишімбаев ісі қоғам санасына қалай әсер етті?
- Бишімбаевтың ісі қоғамға жағымды әсер берді деп ойлаймын. Әрине, барлығын тікелей эфирде көру, зорлық-зомбылықтың детальдарын есту қоғамға белгілі бір дәрежеде ауыртпалық тигізді. Дегенмен де нәтижесіне қарайтын болсақ, қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы белгілі бір түсінік пайда болды. Отбасылық зорлық-зомбылықтың түбі осы екенін, бір-бірін ұнатып, қатты сүйген, отбасы болған жұптардың арасында осындай нәрсе болуы мүмкін екенін, мұндай нәрсе әркімнің басына келуі мүмкін екенін, агрессормен дер кезінде күресу, агрессорды дер кезінде тоқтату, жәбірленушімен жұмыс істеудің маңызын көрсетті. Бишімбаевтың 24 жылға сотталғаны тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қоғамның нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Дер кезінде шара қолданбаса, аяғы осындай болуы мүмкін. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына да, агрессорға да байланысты. Ұрып-соғып отырып өлтіріп қоюы мүмкін. Сол үшін жұптар қандай да бір мәселе туындаған кезде агрессиямен емес, отбасылық психологтың көмегіне жүгініп, белгілі бір курстардан өтіп, проблемаларын мәдени түрде шешу керек екенін үйренеді.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
- Отбасында екінші жартысына зорлық-зомбылық көрсетіп жүргендер Бишімбаев ісінен сабақ алуы мүмкін бе? Өздерінің әрекеті қате екенін түсіне ме?
- Қате екенін түсінуі шамалы. Бірақ сондай әрекетке барудан қорқуы мүмкін. Көбіне агрессор, абьюзер адамдар - түбінде өзіне сенімсіз адамдар. Сондай парадокс бар. Өзіне сенімсіз, қорқақ адамдар басқаларды, қарамағындағы адамдарды күшпен, қорқытумен басқаруға тырысады. Өзіне сенімді адамдар әңгімелесу арқылы шешеді. Сондықтан олардың іштей өзгеруі біраз уақыт алады. Дегенмен заңнан қорқып, Бишімбаевтың жағдайынан қорқып, өздерін тәртіпке келтіреді деп ойлаймын.
- Отбасын құрмай тұрып жүгінетін жастар көп пе?
- Соңғы статистикаларға қарайтын болсақ, жастар үйленуге қатты асықпайды. Жыл сайын үйлену жасы кешігіп бара жатыр. Бұрын 23-25 жас болса, қазір 28-30 жасқа дейін барып қалды. Жастар эмоцияға, сезімге беріліп, үйлене салайын деп емес, жүріп, күтіп, іздеп, қарап, таңдап, оқып, жағдайын қалпына келтіріп алып, кейін барып үйленіп жатыр. Өткен жолы бір жұп келді. Мәселелері - осы. Біраз жылдан бері достасып жүр. Енді үйленуге шешім қабылдай алмай жатыр, шешім қабылдай алмауының себебі сол - жігіттің бойындағы агрессия. Қыз ашық түрде "бұл кісіні жақсы көремін, біраз уақыттан бері араласып жүрміз, үйленуді ұсынып отыр, бірақ мен оған сенімді емеспін, кейде ашуланған кезде өзін ұстай алмай қалады, жағымсыз сөздер айтады. Ұрады-соғады деген мәселе жоқ. Бірақ агрессияның осындай микробелгілері ертең макроагрессияға ұласып кетпей ме, содан қорқамын" деді. Мұндай нәрсеге дер кезінде назар аударғандары дұрыс болғанын айттым. Осыған байланысты агрессияға ұшыратып жатқан адамның өзі психологпен жұмыс істеп, емделуі керек екенін түсіндірдім. Басында "қызымның кесірінен, айтқанымды істемеген кезде, ашуландырған кезде, жынданған кезде өз-өзімді ұстай алмай қаламын" деді. Бұл жерде жауапкершілікті басқаға арту болып тұр. Мәселе сізге біреу триггер болу емес, мәселе - триггер болған кезде өзін ұстай алу. Триггер болмай, өз-өзімен ашулана беретін болса, ауытқу болады. Триггер болған кезде адамдар екіге бөлінеді. Біреу өзін ұстай алады, біреу триггерге реакция көрсетеді, агрессия білдіреді. Бұл бағытта жастар саналы түрде әрекет етіп жатқаны қуантады.
depositphotos.com
"Бишімбаев мұндай үкімді күтті, өйткені бір сәтте сот оның бақылауынан шығып кетті"
- Сот отырыстары ұзақ уақытқа созылды, бүкіл халық тікелей эфирден көрді. Ал Бишімбаевтың өзі мұндай үкімді күтті деп ойлайсыз ба?
- Менің ойымша, Бишімбаев мұндай үкімді күтті. Өйткені бүкіл қоғам өмір бақи сотталсын деді. Өмір бақи сотталудың қасында 24 жыл - "уф" деп құтылатын жаза. Мамандардың айтуынша, осы бағыттағы қылмыстық істер бойынша 24 жыл - өте үлкен мерзім. Бишімбаевтың сотында шешуші сәт ұялы телефонын ашып бергенінде болды. Оған дейін Бишімбаев анда-санда күліп тұратын, өзін еркін ұстайтын, керемет күйеу, әйелін әдепсіз, психологиялық тұрғыда тұрақсыз адам ретінде көрсетіп отыруға тырысты. Бұл құрбан болған адамның артынан жала жапқанмен бірдей. Бірақ кейін мас болғанының нәтижесінде ме, ұялы телефонында не бар екенін ұмытып қалды ма, телефонын ашып беріп, Салтанат қаншалық қорлық көріп жатқаны белгілі болғаннан кейін сот Бишімбаевтың бақылауынан шығып кетті. Кейін бүкіл соттың бағыты 180 градусқа өзгеріп кетті. Ұялы телефондағы видеолар, дауыстар шыққаннан кейін ол соттың соңы осындай болатынын түсінді.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
"Психопаттық қасиеттер бар"
- Бишімбаев қандай типтегі адам? Оның іс-әрекетіне, мінез құлқына қандай баға беруге болады?
- Бұл бағыттағы адамдар - жауапкершілік алмайтын, барлық нәрсеге басқаларды кінәлайтын типтегі адамдар. Бұған дейін сыбайлас жемқорлықпен ұсталды, бірақ оның да жауапкершілігін түгел орындап шыққан жоқ. Ата-анасының жағдайын ескеретін болсақ, мүмкін мектеп жасынан бастап істеген нәрселеріне жауап бермеу, ата-анасы тарапынан ақтап алу, кешіре салу әрекеттері болған. Екіншіден, жәбірленушіге қорлық көрсетіп, ұрып-соғу психопаттық қасиеттерді белгілейді. Психопаттық қасиеттер - адамға зорлық-зомбылық көрсетуден ләззат алу. Ұрысып, қырылысатын, итеріп жіберетін, соғып жіберетін, сол сәтте бітті дейтін жұптар бар. Бірақ ұзақ мерзімді қорлау, ұру, соғу, айыптау, кінәлау, сөзбен қорлау әрекеттері психопаттық көріністі көрсетіп жатыр деп айта аламын.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
"Кек сақтап қалуы мүмкін": Бишімбаев түрмеден шыққан соң өзгере ме?
- Бишімбаев жазасын өтеп шыққаннан кейін өзгеруі мүмкін бе? Психолог ретінде қандай пікір білдіре аласыз?
- Психологиялық тұрғыда болашақты болжай алмаймыз. Біз қолымызда бар болған дәлелдерге қарап баға береміз. Жалпы адам өзгеруі мүмкін, кез келген адам өзгеруі мүмкін. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ өзгеру үшін түрмеде құр отырмай, өзімен жұмыс істеуі керек. Сот үкіміне аппелляциялық шағым беруге 15 күн уақыт бар ғой, сот үкімі күшіне енгеннен кейін ештеңе өзгермейтін болса, Бишімбаевтың бірінші реакциясы ашу-ыза болады. "Ақыры мені соттады, неге мені соттады?" деген қабылдай алмау, жындану болады. Депрессияға түсуі мүмкін. Мүмкін апатия пайда болады. Ол өкінуге ешқандай қатысы жоқ. Әбден қабылдап, сіңіріп, "осындай қылмысты жасадым, мені осылай жазалады, бұл жаза әділ болды" деу - өзгерудің бірінші қадамы, яғни жазаның әділ болғанын мойындау. Сенің біреудің өмірін алдың, сенің 24-ақ жыл өміріңді алып жатыр. Бір адамның 60, 70, 80 жылдық бақытты өмірі мен 24 жылды салыстыратын болсақ, дым емес. Жазаның әділ болғанын мойындаса, өзгеріске бір қадам жасауы мүмкін. Ал ашуланып, жынданып, "неге бұлай болды, әділетсіз болды" десе, әлі қылмыстың ауыртпалығын түсінбей жатыр. Қылмыстың ауыртпалығын түсінбеу, жазаның әділ болғанын қабылдамау - іштегі зорлықшы, психопат Бишімбаевтың бар екенінің белгісі.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.