Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
02 мая 2019 13:51

Баланың қай спорт түріне икемі барын анықтаймыз - Ата-ана не білуі тиіс

ПОДЕЛИТЬСЯ

© pixabay.com © pixabay.com

Халықаралық ареналарда еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген кей спортшымызды қазір мүлде басқа спорт түрінен көруіміз мүмкін еді. Тек түрлі себептерге байланысты олар өздері айналысып жүрген спорт үйірмесін тастап, басқасына ауысқан. Бұл мәселе әсіресе баласын қай спорт түріне беруді ойлап жүрген ата-анаға өзекті. 


Халықаралық ареналарда еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген кей спортшымызды қазір мүлде басқа спорт түрінен көруіміз мүмкін еді. Тек түрлі себептерге байланысты олар өздері айналысып жүрген спорт үйірмесін тастап, басқасына ауысқан. Бұл мәселе әсіресе баласын қай спорт түріне беруді ойлап жүрген ата-анаға өзекті. 

Осыған орай Тengrinews.kz тілшісі спорт маманы мен психологтан пікір алып, спорт түрін ауыстырған қазақстандық спортшыларға шолу жасады. 

Бауыржан Исламхан - таэквондошы болар ма еді


Фото: ҚФФ ресми сайтынан

"Қайрат" футбол клубының капитаны Бауыржан Исламхан бүгінде танымал таэквондошы болуы мүмкін еді. Себебі бала кезінен спортқа құмар болған оның назары басында осы шығыс жекпе-жегіне түскен. Бірақ жаттығудағы жекпе-жек кезінде Бауыржан аяғын сындырып алған, сөйтіп оның таэквондошы карьерасы ерте аяқталған. Исламханның айтуынша, кейін ол футболмен қалай айналысып кеткенін өзі де түсінбей қалған.  

Галина Вишневская - футболшы болар ма еді


Фото: sportbox.ru сайтынан

Қазақстандық биатлонның бүгіні мен болашағы саналатын Галина Вишневская қазір футболдан ұлттық құрамада ойнап жүруі ықтимал еді. Себебі Галина 14 жасына дейін футболмен айналысқан. Болашақ биатлоншы голкипер позициясында ойнап, бір турнирде үздік қақпашы деген жүлде де еншілеген. Бірақ кейін құрбысы оны биатлон үйірмесіне баруға көндірген. Вишневская бүгін де хоббиін сұраса, футбол ойнау деп жауап береді.

Жанат Жақиянов - палуан болар ма еді


Жақинов пен оның бапкері Рикки Хаттон © twitter.com

Жақияновтың боксқа келуіне отбасының көшіп кетуі себеп болған. Жанат ауылда күреспен айналыса бастаған. Кейін отбасы қалаға көшіп кеткен. Соның салдарынан күрес үйірмесі үйінен алыс болған соң, Жанат ол жаққа бірнеше рет барып, кейін тастап кеткен. Осылайша, ол 11-сыныпта достарымен бірге бокс үйірмесіне жазылған.

Елдос Сметов - боксшы болар ма еді


Фото: olympic.kz

Елдос дзюдоға келмес бұрын, жекпе-жек спорт түрлерінің бірқатарына қатысып үлгерген. Ол спорт үйірмесіне өзінен төрт жас үлкен ағасы Жандоспен бірге келген. Басында бокс, кикбоксинг, еркін күрес пен самбомен айналысқан. Бірақ түрлі себептер, оның ішінде әдемі ақ кимоно бала Елдостың нақты шешім қабылдауына түрткі болған. Бірнеше спортта күшін байқап көрген ол дзюдоға тоқталып, жетінші сыныпта Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернатына түскен.

Денис Тен - теннисші болар ма еді


Фото: olympic.kz

Былтыр автоұрылардың қолынан қаза тапқан Денис Тен бала кезінде бірден бірнеше спортпен айналысып шыққан. Теннис, акробатика, жүзу үйірмелеріне қатысқан. Карате мен тхэквондода да күшін сынап көріпті. Денис коньки тебумен денсаулығына байланысты айналыса бастаған. Кейін бұл хоббиі жанына жақын болып, барлық спорт түрлері, әнші (ән мектебінде бес жыл тәлім алған) мен биші мамандықтарының орнына мәнерлеп сырғанауды таңдаған. 

Бала үшін ата-анасының таңдау жасағаны жөн бе?

Біз тоқталған көп спортшының бала кезінде үйірме ауыстыруына түрлі себеп болған. Мысалы, кей спортшылардың ауылдарында басқа спорт үйірмелері болмай, таңдау жасай алмаған. Ал кейбірі бала кезінде ата-анасының шешімімен бір спорт үйірмесіне барып, кейін ер жеткен соң оны тастап кеткен немесе басқа спортқа ауысқан. 

Психолог Анаргүл Маулиқызының айтуынша, ата-анаға баланың таңдауына мән берген абзал.

"6 жастан бастап баланың қызығушылығы айқындалады, бұл жаста ұнататын үйірмесін таңдауға қабілетті болады. Егер ата-ана сол жастан бастап баланың қызығушылығымен санасатын болса, ол зор жетістікке жетеді. Қандай да бір спорт үйірмесіне ата-анасының ықпалымен қатысу баланың дамуына кері әсерін келтіруі мүмкін. Яғни, бала өзі ұнатпаған, ата-анасы мәжбүрлеген үйірмеге қатысқан жағдайда онда агрессив немесе, керісінше, жасқаншақтық сияқты мінез қалыптасуы ықтимал", - деді Анаргүл Маулиқызы.

Психолог баланың таңдауына қарсы болмай, керісінше, қолдау көрсету қажет екенін айтты.

"Ол бала болса да, әр адамда таңдау құқығы сақталғаны маңызды. Баланың бойында қандай да бір қабілет болса, ол сол арқылы өмірде топ жарып шыға алады. Әр ата-ана өз мүддесіне емес, баланың мүддесіне аса назар аударса, одан өз саласының үздігі шығады", - деп кеңес берді маман.

"Баланың икемін байқаған абзал"

Елімізге танымал спорт журналисі Ермұхамед Мәулен психологтың пікірімен келіседі.

"Көп ата-ана баласын спортқа беру кезінде қателесіп жатады. Сол қателіктің неге алып келетінін естіп жүрміз. Мысалы, Николай Пенгрин деген футзалшы бар. Басында ол футболмен айналысқан, бұл спортта аса танымал болмады. Кейін өзіне ұнайтын футзалға ауысып, жақсы-ақ ойнап кетті. Одан бөлек, 17 жасына дейін каратэмен айналысып, волейболға ауысып кеткен жігіттерді танимын. Бұл - баласын өздеріне дұрыс деп білген спортқа түсірген ата-аналардың қатесі. Баланың икемін байқап, қандай спорт түрін жақсы көретінін біліп алған дұрыс", - деп ой топшылады ол. 

Мәуленнің айтуынша, елімізде балалардың өзіне ұнайтын спорт түрін таңдауына ата-анасы ғана емес, инфрақұрылым да кедергі болады. Ол Қазақстанда кез келген спортқа қатысуға мүмкіндік берілмейтінін айты. Себебі көптеген спорт үйірмелері инфрақұрылымдық жағынан ақсап тұр. 

"Мысалы, Таразда туып-өскен мен секілді адамға хоккеймен айналысу мүмкін емес. Біз жақта қысқы спортпен ешкім айналыспайды да. Менің бойым ұзын, сондықтан менен хорват Иво Карлович секілді керемет теннисші шығар ма еді? Ол да жоқ. Хоккей айдынын немесе теннис кордтарын көптеп салып, орталық ашса, бізден неге хоккейші не теннисші шықпасын", - дейді Мәулен.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.77   490.7   4.81 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети