"Көміп тастаймын". Қуат "Найман" Хамитовтің қызу талқыланған мәлімдемелері

18 Қараша, 17:50
12
"Көміп тастаймын". Қуат "Найман" Хамитовтің қызу талқыланған мәлімдемелері - © instagram.com/kuat__khamitov
© instagram.com/kuat__khamitov

Таяуда қазақстандық файтер Қуат "Найман" Хамитов келесі жекпе-жегі жайлы ресми хабарлаған. 13 желтоқсанда Сочиде "Найман" жеңіл салмақта GFC чемпионы титулы үшін Нурилло Алиевпен кездеседі. Қазақстандық ММА-дің басты шоуменіне айналған Хамитов ел аузына түрлі мәлімдемелері арқылы түсіп жүр. Ол спорттағы мәселелермен қатар, әлеуметтік проблемаларды да қозғап жүреді. Тengrinews.kz тілшісі "Найманның" ең қызу талқыланған мәлімдемелерін жинады.

"Qazsport пен басқа телеарналардың не керегі бар?!"

Былтыр тамызда Индонезияда жазғы Азия ойындары өткен. Бірақ көрермендер спорт сайыстарын отандық телеарналардан тамашалай алмады. Бұл "Найманның" шамына тиген секілді.

"Қазір Индонезияда Азия ойындары өтіп жатыр, бірақ біз дұрыстап қарап, өз спортшыларымызға қолдау көрсете алмаймыз! Спортшыларымыз ел намысын қорғау үшін жанын беріп жатыр, ал еліміз оны тікелей эфирде көрсетуге де қауқарсыз! Бізге Qazsport пен басқа телеарналардың не керегі бар?! Әлемдік деңгейдегі осындай турнирлерді көрсете алмаса! Оның орнына 45 жылғы футболды көрсету керек, оны жан баласы қарамайды!", - деген еді Қуат.

Сол жазбасында спортшы Өзбекстаннан үлгі алуға кеңес берген. Ол балаларды спортқа тарту үшін мұндай сайыстарды тікелей эфирде көрсету керегін айтты.

"Қазақстанда футболға тыйым салу керек!"

2017 жылы қазақстандық футбол Хамитовтің сынына ұшыраған. Чемпиондар лигасында "Астана" шотландиялық "Селтиктен" 0:5 есебімен жеңілген еді.

"Қазақстанда футболға тыйым салу керек деп қашан да айтамын! Бұған кетіп жатқан қаражатты палуандарға, боксшыларға, файтерлерге беріңіздер, олардың жүрегінде ар-намыс пен мақтаныш бар! Олар елі үшін өз қаражатына қан төгіп жүр, туды көтереді; ақымақтарға ұқсап 90 минут жүгіріп, миллиондаған ақша алмайды! Бұл қаражатқа ауылдарда базалар салса, ол жақтан нағыз чемпиондар шығар еді! Ал бұлар америкалық футбол сияқты өз елінде ойнап жүре берсін. (...) Қазақтар соғысқан, доптың артынан қумаған! Ашығып өліп жатқан Африканың өзі біздің футболшыларымыздың жасап жатқанынан да жақсы өнер көрсетеді! Спортшы тоқ болса, өмірі жайлы болса, одан нәтиже шықпайды! Чемпион болу үшін кедей сияқты өмір сүріп, жетістікке ерік-жігерің көп болуы тиіс! Сол кезде ғана нәтиже шығады!", - деп жазған еді Хамитов.

"Генаға бокстан кету қажет"

2017 жылы Хамитов қазақстандық боксшы Геннадий Головкинді де сынап тастаған. Сол жылы наурызда GGG Нью-Йоркте Madison Square Garden аренасында өткен жекпе-жекте америкалық Дэниэл Джейкобсты ұпай санымен тізе бүктірген болатын.

Головкиннің рингте көрсеткен жекпе-жегі сол кезде Қуатқа ұнай қоймаған.

"Жеңіс құтты болсын! Бірақ раундтар бойынша 5-7 есебімен Джэйкобс басымдық танытты. Бір нокдаун бар. Бұл ең жоқ дегенде тең есеп еді! Міне, Головкин - Уорд жекпе-жегін көре алмайтынымыздың себебі осы. Генаға бокстан кету қажет! Жасы келді", - деген еді Хамитов Instagram желісіндегі парақшасында.

Кейін Қуат бұл сөзін "Жерлесімнің жеңілгенін көргім келмейді, сондықтан карьерасын аяқтауға кеңес бердім" деп түсіндірген болатын.

Әблязовқа үндеу

"Найман" Instagram-парақшасында спортқа ғана емес, қоғамдағы мәселелерге де түрлі пікір білдіріп отырады. Мысалы, былтыр ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (Қазақстанда тыйым салынған) қоғамдық ұйымының басшысы, қашқын банкир Мұхтар Әблязовқа үндеу жариялаған еді.

"Мүмкін Еуропада отырып алып, халықты өшіктіргенің жетер енді. Сен анда, ал халық мұнда. Шығып жатқандар да, ұсталып жатқандар да, отбасын асырау үшін жалақы алып отырған, сол - қарапайым халық. Егер сен сондай ақылды болсаң, тығылма... расымен қиналып жүргендердің жанында бол...", - деп жазды спортшы.

"Қарапайым, сенгіш халықты мал сияқты пайдаланудың қажеті жоқ!", - делінген спортшының үндеуінде.

"Төреғалидікі дұрыс емес"

Төреғали Төрәлі де "Найманның" сынынан айналып кете алмады. 2017 жылдың аяғында шоу-бизнес жұлдызы Павлодардағы концерті кезінде сахнада әдепсіз қылық көрсетіп, қариямен жанжалдасқан болатын.

"Сен әншісің бе, спортшысың ба - маңызды емес, қарапайым халыққа тік мінезіңді көрсетпеуің керек. Қазақтар үлкенді де, кішіні де, әйелдерді де құрметтейді. Төреғалидікі бұл жерде дұрыс емес. Әрине, ол жақта не болғанын өз көзіммен көрген жоқпын,бірақ өзіңнен үлкен адамға солай ұрысуға болмайды. Бұл адамдар - біздің әкелеріміз, аналарымыз, болашағымыз. Біз, қазақтар, азбыз, бір-бірімізге дауыс көтергеніміз үшін ұялуымыз керек", - деген еді ол.

Сондай-ақ, ол өз қандастарына қол көтере алмайтынын айтты.

"Егер шетелде болсам, мәселені білектің күшімен шешуге болатын еді. Бірақ Қазақстанда өз қазағыма күш көрсете алмаймын", - деген Хамитов Hit TV арнасына берген сұхбатында.  

"Біреу тіркеу мәселесімен келсе, оны сол жерде көміп тастаймын"

2017 жылдың басында Қуат Хамитов тағы бір атышулы мәлімдеме жасаған. Ол кезде билік уақытша тіркеу бойынша жаңа ережелер қабылдаған болатын. Спортшы Қазақстан тұрғындарының өз елінде жүріп-тұруына неліктен ақы төлеу керектігін түсінбейтінін жеткізген.

"Біздің елде шешілмеген мәселелерді тізбектей берсем менің, тіпті достарымның саусағы жетпейді. Ауылдар құрып барады, барлық жерде жұмыссыздық, жұмыс орындары қысқарып жатыр. Азық-түлік, коммуналды қызмет, бәрінің бағысы шарықтап барады! Байғұс зейнеткер тізгінде отырып, камераға түсіп қалып, айыппұл төлесе, бір ай аш отыруы керек. Алматыдан 100 шақырым асса болғаны, басқа өмір басталады, жолдар 45 жылдан бері жөндеу көрмеген. Жастар ішкіш болып барады, адам өлтіру мен тонау көбейді. Барлығы аштан өлмес үшін қалаға барады! Енді ол адамдар өз елінде бір жерге барғаны үшін ақша төлеуі керек пе???

Ант етемін, маған біреу тіркеу мәселесімен келсе, оны сол жерде көміп тастаймын! Қазақстан мұнай, газ, алтын, күміс, уран, қол, алюми́ний, көмір және тағы сол сияқтылардан әлемде бестікке кіреді. Халық онсыз да оларды көріп отырған жоқ! Енді осыдан кейін халықты АЕК-теріңмен тонамақсыңдар ма??? "Алға Қазақстан" деп айғайлай берген патриот емес, өз халқының мұңын түсіне білген адам. Елімізде қиындықтар жетіп артылады, ал олар болса АЕК заңын ойлап тауыпты", - деп жазыпты спортшы Instagram желісіндегі парақшасында.

Получить короткую ссылку

Автор :

  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (12)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц