Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
27 января 2020 13:16

"Оскар" иегері, хип-хоп әншісі, рекордшы. Қаза болған Коби Брайант қандай адам еді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

26 қаңтарда америкалық баскетболшы Коби Брайант пен оның қызы Калифорния штатында тікұшақ апатынан қаза тапқан еді. Әлемге әйгілі спортшы 41 жасында дүниеден озды. Tengrinews.kz тілшісі Коби Брайанттың өмірі мен карьерасы туралы деректерге шолу жасады.


26 қаңтарда америкалық баскетболшы Коби Брайант пен оның қызы Калифорния штатында тікұшақ апатынан қаза тапқан еді. Әлемге әйгілі спортшы 41 жасында дүниеден озды. Tengrinews.kz тілшісі Коби Брайанттың өмірі мен карьерасы туралы деректерге шолу жасады.

NBA-да ойнаған ең жас баскетболшы 

Коби Брайант 1978 жылы 23 тамызда АҚШ-тың Филадельфия қаласында дүниеге келген. Коби отбасында алғашқы баскетболшы емес. Әкесі Джа Брайант та кезінде NBA-да ойнаған. Сондықтан Брайанттар отбасы кіші ұлының болашақта кім болатынын ойлап, аса бас қатыра қоймаған екен. Бала Коби үш жасында-ақ баскетбол ойнай бастаған. Сол жаста "Лейкерстің" жанкүйері болған, болашақта сол клубтың аңызына айналамын деп ойлай қоймаған шығар.

Кобидің таланты жасөспірім кезінде байқалған. 1996 жылы мектепте оқып жатқан Коби Брайант драфт арқылы "Лос-Анджелес Лейкерс" сапына қосылған. Алғашқы маусымында-ақ баскетболшы үздіктер қатарына кіреді. Брайант - NBA тарихында алаңға шыққан ең жас ойыншы. Ол дебютін өткізген кезде жасы 18-де (18 жыл, 158 күн) болған.


Фото 24smi.orgсайтынан

Нәтижесінде 2000-2002 жылдар арасында Брайант тағы бір жұлдыз Шакил О’Нилмен бірге "Лейкерсті" қатарынан үш маусым чемпион қылды. Кейін 2009 және 2010 жылы да қорғаушы "Лейкерспен" бірге NBA жеңімпазы атанды.

АҚШ құрамасында да Брайант үздік болды. Ол 2008 жылғы Бейжің және 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының алтын медалін мойнына тақты.

Коби Брайант карьерасын 2016 жылы аяқтаған. Ол "Лос-Анджелес Лейкерс" командасында 20 маусым бойында ойнап, бес рет чемпион атанды, 18 рет Жұлдыздар матчына қатысқан. Бір рет тұрақты чемпионаттың ең құнды ойыншысы әрі екі рет плей-офф финал кезеңінің құнды ойыншысы атанған.


© Eurosport

NBA тарихындағы ең нәтижелі ойыншылар тізімінде Брайант 33 643 ұпаймен үшінші орында болған, өткен сенбіде ғана оның нәтижесін Леброн Джеймс басып озған еді. 2006 жылы Коби бір матчта 81 ұпай жинаған, бұл көрсеткіш бойынша ол NBA тарихында екінші орында тұр.

Кобидің баскетболдан кетуін жанкүйерлер ауыр қабылдады. Тіпті, ол карьерасын аяқтаған кезде интернет-дүкенде пакет сатыла бастады. Онда "Коби Брайанттың соңғы матчындағы ауа" деп жазылған. Жанкүйерлер баскетболшының соңғы матчындағы ауаны да сатқан екен.

Төрт қыздың әкесі 

Коби Брайант жеке өмірін құпия ұстамайды. 2001 жылы 18 сәуірде мексикалық 19 жастағы биші Ванесса Лэйнмен отау құрған. Кобидің ата-анасы, әпкелері бұл тойға қарсы болған. Сондықтан салтанатты шараға ата-анасы, әпкелері қатыспаған.

Коби мен Ванесса төрт қыз тәрбиелеп отырған еді: 17 жастағы Наталия, 13 жастағы Джианна, 3 жастағы Бьянка мен жеті айлық Капри.


Фото: instagram.com/kobebryant

Баскетболшы 13 жасына дейін Италияда тұрған. Сондықтан итальян тілін жетік меңгерген. Сондай-ақ Коби футболға да қызығады. Өзінің айтуынша, ол баскетболшы бола алмаса, футболшы болар еді. Италиялық "Милан" футбол клубының жанкүйері болатын.

"Оскар" жүлдесінің иегері

Коби жеті қырлы, бір сырлы жігіт екенін іспен дәлелдеген. Баскетболдан бөлек, бірнеше істі қолға алған болатын. Мысалы, спорттағы карьерасының басында хип-хопқа қызығып, "Сегіздік" лақап атымен рэп-баттлдарға қатысқан. Шығармашылығын баскетболмен қатар ала жүріп, CHEIZAW тобының мүшесі атанды. Бірақ "Қара Мамбаның" жанкүйерлері оның музыкалық шеберлігін төмен бағалады, сондықтан Коби хип-хопты тастап, тек баскетболға көңіл бөлді. K.O.B.E деген атаумен сингл шығарған, бірақ ол да ешкімге ұнай қоймады.

"Қара Мамба" деп танылған баскетболшы карьерасын аяқтаған соң бизнеске назар аударған. K.O.B.E деп аталатын киім брендін шығарды. Бұл атау өзімінің есімін ғана білдірмейді, сәтсіз болған хип-хоп карьерасына да арналған. Киімдегі ашық кітап, карта белгісі, алқагүл элементтері баскетбол әлемінде танымал бола бастады.

Баскетболшының кино әлеміндегі жетістігін де көбі біле бермейді. Карьерасын аяқтаған соң, Коби 2017 жылы Dear Basketball қысқаметражды мульфильмінің сценарий авторы мен продюсері болған. 5 минуттық фильмде Коби Брайанттың баскетболға деген махаббаты баяндалады. Осы фильм үшін 2008 жылы ол "Оскар", "Энни" және "Эмми" жүлдесін иеленген.


Коби Брайанттың "Оскар" жүлдесін алған сәті

"Ғаламның аңызы болатын"

Коби Брайанттың қазасы тек баскетбол әлемі үшін қайғылы оқиға емес. Басқа да спорттың жұлдыздары қайғырып көңіл айтып жатыр.

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Instagram желісіндегі парақшасында "Жатқан жерің жайлы болсын, спорт иконасы. Брайанттың отбасымен біргемін" деп жазды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

RIP to a sports icon. Keeping the Bryant family in my thoughts and prayers.

Публикация от Gennadiy Golovkin | GGG (@gggboxing)

"Вашингтон" хоккейшісі Александр Овечкин Брайантты ғаламшар деңгейіндегі адам деп санайтынын  айтады.

"Біз көріскен сайын ол маған жылы қабақ танытатын. Баскетболдың ғана емес, ғаламның аңызы болатын. Әлі сене алмай тұрмын. Барлық спортшы үздік болуды қалайды, ал ол үздік болған еді", - деді Овечкин.

"Формула-1" алты дүркін чемпионы Льюис Хэмилтон Брайанттан шабыт алатынын мәлемдеді.

"Ұлылардың бірі арамыздан кетті. Брайант үздік атлеттердің бірі болатын, көбіне, оның ішіне маған да шабыт беретін", - дейді Хэмилтон.

"Ювентус" футболшысы Криштиану Роналду Кобидің отбасына көңіл айтқан.

"Коби мен оның қызы Джианнаның қаза тапқаны жүректі ауыртты. Коби нағыз аңыз және шабыт беретін адам еді. Оның отбасы мен достары да көңіл айтамын. Жатқан жерің жайлы болсын, аңыз", - деп жазды Роналду Twitter парақшасында.

Баскетболшы Леброн Джеймс Кобидің қаза тапқанын әуежайда естіген. Джеймс әріптесінің қазасынан кейін көз жасын тыя алмаған. Оның әуежайда жылап тұрған сәті Желіде таралып жатыр.

Енді NBA-ның жексенбідегі матчтары бір минуттық үзілістен басталады. Ал "Лейкерс" Брайант ойнаған 24-нөмірді қолданыстан алып тастады. 

Кобидің 17 жастағы өзіне жазған хаты 

Massaget.kz порталы аңыз Кобидің 17 жастағы жасөспірім Кобиге жазған хатын тәржімалаған.

"Мансабың мен атағыңды пайдаланып жанашырларыңның өмірде қалаған арманына жетуіне көмектес. Жұмыс істеуді үйрет, олар тәуелсіз өмірінің басшысына айналуы үшін қолыңнан келгеніңінің бәрін жаса. Өзің жұмыс істегендей оларды да солай көп еңбектенуге шабыттандыр. Бұрын қайда болғаныңа, бүгін қай жерде екеніңе олардың көзі жетсін.

Алғашқы келісім-шартқа қол қоймас бұрын, оның қай бөлігі ата-анаңның әдемі өміріне, қай бөлігі бизнесті дамытып, кірісті көбейте алатындығын ойлан. Тек, осы жолмен ғана сенің немерелерің мен шөберелерің - жалпы әулетіңнің болашағы үшін инвистиция салуды жалғастыра аласың", - деп кеңес берген екен Коби 17 жастағы өзіне.

Коби Брайант осы айтқан кеңестерінің бәрін өмірінде орындап үлгерді деуге әбден негіз бар.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети