ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
18 июля 2018 | 13:43

Көне қаланың өткені мен бүгіні. Түркістан тарихындағы тағдыршешті кезеңдер

ПОДЕЛИТЬСЯ

2018 жылы 19 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" заңына қол қойды. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіріліп, Оңтүстік Қазақстан облысы "Түркістан облысы" деп аталған еді. Осыған орай Tengrinews.kz Түркістан қаласының тарихы жайлы мәлімет ұсынады.


Иконка комментария блок соц сети

2018 жылы 19 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" заңына қол қойды. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіріліп, Оңтүстік Қазақстан облысы "Түркістан облысы" деп аталған еді. Осыған орай Tengrinews.kz Түркістан қаласының тарихы жайлы мәлімет ұсынады.

Түркістан - Қазақ хандығының астанасы болған тарихи, мәдени қала. Тарихқа көз тастасақ, мұнда сан мәрте ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған. Ал қалада қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген.


© e-history

Тарихи деректер бойынша, Түркістан атауы "түркілер елі, мекені" деген мағынаны білдіреді. Қаланың іргетасы V-VІ ғасырларда қаланып, атауы бірнеше рет ауысқан. Негізінен алғашқы атауы - Шавғар саналады. Шавғарды "Шауғар" деп те атайды. Ол сақ тілінде "Қаратау" деген мағынаны біл­діреді. Қаланың атауы араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Арабтардың тарихшы-географы әл-Истахри ибн Кордаубех ат-Танрази өз жазбаларында Шавғар жайлы айтқан. "Көне Шавғар ХІ ғасырға дейін өмір сүріп, ХІ ғасырдан бастап қала орталығы Ясыға көшті", - деген ол.

Түркістан - Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. Отырықшы мәдениет өркендеген кезде Қазақстанның әр жерінде қалалар саны арта бастады. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан өзінің тарихи орындарымен белгілі. Шавғар қаласы пайда болғаннан кейін оның аймағында Қарнақ, Шағылжан, Қарашық, Шур (Сури) қалалары бой көтерген. Тарихи деректерге сүйенсек, Шавғар қаласы арқылы Ұлы Жібек Жолының бір тармағы өткен. Керуен Сырдария бойын қуалай жүріп, ірі қалалар Отырар-Фараб пен Шавғар арқылы өтеді. Ал Шавғардан ары Янгикентке жол тартып, Қарақұм арқылы Хорезмге барады. Янгикент оғыз тайпасының астанасы болған.


Ұлы Жібек жолы және Қазақстанның ежелгі қалалары


Ұлы Жібек жолындағы сауда керуені © ikaz.info 

ІХ-Х ғасырларда ірі қалалар қатарына қосылған Шавғар "Яссы" болып өзгертіледі. Яссы - Ұлы Жібек Жолының сауда орталығы және округі болған. Ал ХІІ ғасырдың І ширегінде қидандар шабуылынан Шауғар құлағаннан кейін, Ясы өлкенің орталығына айналды. Араб тіліндегі еңбектерде бұл қасиетті қалада исламның рухани мұ­расын байытқан атақты адамдардың дүниеге келгені жазылған. Солардың бірі - ғұлама, ғалым, сoпылық филoсoфияның Орта Азия­да нeгiзiн салған, "Диуани Хикмeт" (Даналық кiтабы) көнe түркi тiлiндeгi дiни өлeңдeр тoптамасын жазған Қожа Ахмет Яссауи. Ол Ясыға келгеннен кейін атақ-даңқы шыға бастаған. Ал, қайтыс болғаннан кейін қабіріне шағын кесене салынған. Сөйтіп, Ясы қаласы ХІV ғасырда түркі тілдес халықтардың діни орталығына айналды. Тіпті оны "Хазреті Түркістан" немесе "Кіші Мекке" деп атаған.

Айта кетейік, Ясы жерін қазақстандық археологтар да зерттеген. Олар Ясының орны қазіргі Күлтөбеге сәйкес келетінін дәлелдеп отыр. Өңір Түрік қағанатына қараған, ІХ ғасырда қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. Бұл өңірге 809-819 жылдар аралығында Хорасан билеушісі әл-Мамун, Х ғасырдың соңында саманилік билеуші Наср жаулаушылық жорық жасаған.


© massaget.kz


"Яссы-Күлтөбе" қалашығы, ашық аспан астындағы музей


Күлтөбе қалашығы. Қалашық Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде орналасқан, сопақша келген, биіктігі - 9 метр, аумағы 150х120 метрді алып жатқан ауқымды төбешік. © azretsultan.kz

XV ғасырдан бастап Ясы қаласы Түркістан деп аталды. Қазақтың атақты ханы Есімнің тұсында Түркістан Қазақ хандығының астанасы болған. Есім хан ойрат қалмақтарымен күресте ерлік пен батылдықтың өнегесін көрсетіп, "Еңсегей бойлы ер Есім" атанған. Шығай ханның баласы. Туған ағасы Тәуекел ханнан кейін ел билігін қолға алған. Есім хан Қазақ Ордасын 1598-1628 жылдары басқарды. Түркістан қаласында тұрып, билік жүргізді. Сұлтан кезінде ағасы Тәуекел ханмен Түркістаннан Самарқанға дейінгі жерді Қазақ хандығы құрамына қосқан. Түркістан Есім хан билегеннен бастап XІV-ХVIIІ ғасыр аралығында хан ордасы қызметін атқарған. Қазақ хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Күлтөбенің басына жиналып, кеңес құрғаны белгілі. "Күлтөбенің басында күнде жиын" деген сөз бекер емес. Қазақстандық археологтар Түркістан орны көне Күлтөбе жерімен сәйкес десе, онда қаланың Қазақ хандығы тарихында ерекше орын алатыны сөзсіз.


Есім хан. © alashainasy.kz


Есім хан кесенесі - Түркістан қаласында 17 ғасырдан сақталған архитектуралық ескерткіш. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің батыс мұнарасынан оңтүстікке қарай 12 метр жерде орналасқан. Кесене Қазақ хандығының ханы Есім ханның қабірінің басына тұрғызылған.

Ортағасырда Түркістан Қазақстан жеріндегі ірі білім орталығы болған. Мұнда жазылған туындылардың авторлары көпке мәлім. Олар - Ахмет Яссауиден бастап, шәкірті Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Иүгнеки, Жүсіп Баласағұн. Сонымен қатар, Түркістан білім ғана емес Сырдария өңірінің саяси және экономикалық орталығына да айналған. 1598 жылы ол біржолата қазақ хандығының орталығы болды. Бұған дәлел - Ахмет Яссауи кесенесі төңірегіне қазақ хандары, батырлары мен билерінің жерленуі. Олар Шығай, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай хандар мен Қазыбек, Әйтеке билер, Қанжығалы Бөгенбай, Тобықты, Мамай, Қоңырат Сырғақ, Нияз, Дулат сияқты батырлардың да құлпытасы бар.

Орта ғасырдағы Сыр бойындағы Сығанақ, Сунақ, Сауран сияқты ірі шаһарлардан біздің ғасырға жеткені Түркістан. Ол моңғол-татар, жоңғар шапқыншылығын, қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда сол кезде өмір сүрген мемлекеттер мен хандықтардың жаугершілігін көрген. Соған қарамастан қала іргесі құламай, бүгінде Түркістан облысының орталығы болып отыр. Сол себепті Түркістанды "ержүрек, батыр қала" дейді.

 
Түркістандағы Яссауи кесенесі, 1871-1872 жылдар.© kazgazeta.kz


Этюд суретші Верещагин Василий Васильевичтің Түркістанға барған екінші сапарында салынған, 1869-1870 жылдар. Картина Мәскеудегі орыс бейнелеу өнерінің аса ірі музейі Третьяков галереясында орналасқан. 


© turkystan.kz

Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаев та Түркістанға арнап өлең жазған:

"Түркістан - екі дүние есігі ғой,
Түркістан - ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой".

Тарихи деректерге сүйенсек, патшалық Ресей Түркістан аймағын басып алу мақсатында түрлі саясат жүргізген. Ал Түркістан халқы оған қарсылық көрсетуімен болған. Ақын Мағжан туған жылдары Түркістан аймағы түгелімен патшалық Ресейдің езгісінде еді. Мағжан Ресейдің Түркістан аймағында отаршылдық саясатын күшейту мен славян тектес көшпенділерді жаппай Түркістан территориясына қоныстандыруына қарсы шыққан халықтың 1916 жылғы көтерілісіне де куә болыпты. Мағжан Жұмабаев - ұзаққа созылған бодандық кезеңінде келімсек отаршылдардың халық жадынан өшіруге тырысқан рухани байлығын сақтап қалуға бүкіл ғұмыры мен әдеби күш-жігерін арнаған ұлы тұлғалардың бірі. Ол жанын құрбан еткен қасиетті күрес тек оның өлімінен кейін жеңіс тапты. Ал ол армандаған бақытты күндерде қазіргі ұрпақ өмір сүруде.

Бүгінде Түркістан Қазақстанның тарихы мен мәдениеті бай, адамдардың рухани күш жинауға келетін орны. Ол жаңадан Түркістан облысының әкімшілік орталығына айналды. Қаланың шығысы тарихи Отырармен, солтүстігі Кентау қаласы және Созақ ауданымен, батысы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданымен шектеседі. Әкімшілік аумағы 7,4 мың шаршы шақырымға жетеді. Кезінде білім орталығы болған қалада қазір 1992 жылы құрылған Халықаралық Қазақ-Түрік университеті бар. Онда 14,2 мыңнан аса студент білім алады. Университетте  26 елден 500-ден аса студент оқиды. Түркия, Кипр, Қырғызстан, Түркіменстан, Башқұртстан, Дағыстан, Саха Республикасы, Монғолия, Қытай және басқа елдердің жастары білім алып жатыр. Сонымен қатар, 3 мемлекеттік, 7 мемлекеттік емес колледж жұмыс істейді.  


Түркістан қаласындағы "Тарлан" спорт кешені.© turakimat.gov.kz

Қазір Түркістан қаласы тұрғындарының саны 250 мыңнан асып отыр. Тұрғындардың 60 пайыздан астамы -қазақтар, 35 пайызға жуығы - өзбектер. Қала аумағына 12 ауылдық округтегі 40 ауыл кіреді. Түркістан қаласы - Қазақстанның тарихи туризмінің таптырмас ордасы. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Қала халықаралық көлік магистралінің желісінде орналасқан. Түркістан-Сібір магистралі өтетін қалада 60 шақырым шойын жол торабы, 1583,6 шақырым автокөлік жолы бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласын Шымкент-Самара автомагистралі кесіп өтеді.

 
"Ұлттық домбыра" күніне орай Яссауи кесенесінің алдында мың домбырашы Құрманғазының "Сарыарқа", "Балбырауын", Түркештің "Көңілашар" күйлерін орындады. © Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістанның Қазақстан үшін маңызы зор. 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде атап өтілді. Ол тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды. Ал 2002 жылы онда Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы өтті.

Камила Долаева

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 498.68   522.66   4.79 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети