ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
30 мая 2019 | 17:15

"Өлтіргім келмейді". Головкин әр жекпе-жегінің қарсаңында қандай мәлімдеме жасаған

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин бүгін Fight Hub TV-ге берген сұхбатында қарсыласы канадалық Стив Роллсты нокаутқа түсіруге тырысатынын мәлімдеді. "Әрине, мен оны нокаутқа түсіруге тырысамын. Соңғы үш-төрт апта бойы жаттықтым, сондықтан, әрине, оны нокаутқа түсіруге ұмтыламын. Егер қолдан келмесе - қорқынышты ештеңе бола қоймас", - деген еді Головкин. Tengrinews.kz тілшісі Головкиннің бұрынғы жекпе-жектері қарсаңында қарсыластар жайлы қандай мәлімдемелер жасағанын еске түсірді.


Иконка комментария блок соц сети

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин бүгін Fight Hub TV-ге берген сұхбатында қарсыласы канадалық Стив Роллсты нокаутқа түсіруге тырысатынын мәлімдеді. "Әрине, мен оны нокаутқа түсіруге тырысамын. Соңғы үш-төрт апта бойы жаттықтым, сондықтан, әрине, оны нокаутқа түсіруге ұмтыламын. Егер қолдан келмесе - қорқынышты ештеңе бола қоймас", - деген еді Головкин. Tengrinews.kz тілшісі Головкиннің бұрынғы жекпе-жектері қарсаңында қарсыластар жайлы қандай мәлімдемелер жасағанын еске түсірді.

"Нокаут міндетті түрде болады"

2015 жылдың 17 қазаны Геннадий үшін маңызды күн. Себебі бұл күні ол алғаш рет ақылы трансляция жүйесінде жұдырықтасқан еді. Қарсыласы - канадалық Давид Лемье. Бұл жекпе-жек алдында Головкин кездесудің нокаутпен аяқталатынына сенімді болды.

"17 қазанда керемет шоу болады деп уәде беремін. Кештің басты жекпе-жегінде ғана емес, андеркарттағы кездесулерде де солай болады.

Дэвид - мықты панчер, сондықтан бізді қызық кездесу күтіп тұр.  Ол ғана емес, мен де бұрын ондай панчермен кездеспедім деп ойлаймын. Екеуімізде де орта салмақ боксшыларына жарамды жойқын соққылар бар. Екеуіміз үшін де кездесу үлкен сынақ болады. Жекпе-жек 12 раундқа созылмайды деп ойлаймын - нокаут міндетті түрде болады", - деді Головкин.

Кездесу, расында да мерзімінен бұрын аяқталды. Головкин Лемьені 8-раундта нокаутқа түсірді.

"Мен құдай емеспін"

2016 жылы 23 сәуірде Головкин америкалық Доминик Уэйдпен жұдырықтасты. Бұл жекпе-жек алдында Геннадийдің жасы жайында, оның қартайғаны туралы әңгіме көп болған. GGG-дің өзі бұл соңғы жекпе-жегім болуы мүмкін деп жанкүйерлерін қорқытып қойған еді.


© boxingscene.com

"Уэйд - әлі жеңілмеген өте "аш" әрі тәжірибелі боксшы. Бұл мен үшін кезекті үлкен сынақ болады. Жасым - 34-те. Өзімді жақсы сезінемін. 25 жастағы жігіттей сезінемін өзімді. Кәрімін деп санамаймын. Мұның бәрі генетиканың, ата-анамның арқасы. 40 жасымда да осылай боламын ба? Мен құдай емеспін. Бәлкім, Уэйдке қарсы жекпе-жектен кейін карьерамды аяқтайтын шығармын. Бұл бокс. Ал қазір өзімді тамаша сезінемін", - деген еді ол.

Головкин өзін 25 жастағыдай сезінетінін сол жекпе-жекте дәлелдей алды. Он шақты күн бұрын ғана 25 жасқа толған Уэйдті ол екінші раундта нокаутпен жеңді.

"Төрешілер шешім қабылдайтын жағдайға жеткізбеймін"

Сол жылы 10 қыркүйекте Головкин Ұлыбританияда жергілікті боксшы Келл Брукпен кездесті. Алдыңғы жекпе-жектеріне қарағанда, Головкин бұл жолы қарсыласын нокаутпен ұтатынын анық айтты.


© skysports.com

"Төрешілер ме? Мен төрешілер шешім қабылдайтын жағдайға жеткізбеймін. Оны соққының астына аламын. Иә, жекпе-жек оның жерінде өтеді, бұл үлкен арена, фанаттары көп болады. Оны қашан нокаутқа түсіремін? 6 раундта ма? Егер маған қарсы тұратын болса, шаруасы бітті деген сөз. Соққының астында қалады. Егер көп қозғалса, жекпе-жек ұзаққа созылады, 8-10 раундқа шығар. Мүмкін одан да ұзақ болар, мен өзі стратегиямды түсінемін", - деген еді.

Бұл кездесу де нокаутпен аяқталды. Қазақстандық боксшы 5-ші раундта қарсыласына жойқын соққылар жасаған. Бруктің командасы рингте ақ орамал тастап, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Кездесуден соң Келл Брукке ота жасалған.

"Джейкобсты өлтіргім келмейді"

Бруктен кейін Головкинді азулы қарсылас күтіп тұрды. 2017 жылы 18 мамырда GGG америкалық Дэниэл Джекобспен күш сынасты. Бұған дейін қарсыластарын нокаутпен ұтып келе жатқан Головкин журналистердің сауалына "Джейкобсты өлтіргім келмейді" деп жауап берген.

"Джейкобс - жақсы боксшы. Мұны түсінемін. Мен үшін өте маңызды жекпе-жек болмақ. Бұл бокс, ойын емес, жекпе-жек. Қарсыласымды сыйлаймын. Джейкобсты өлтіргім не жоқ қылғым келмейді. Бұл жәй ғана бокс. Мен үшін де, ол үшін де үлкен жекпе-жек.


© REUTERS

Ғажайып шоуға дейін бірнеше күн қалды. 18 наурызда біз көше төбелесін емес, нағыз бокс көреміз деп ойлаймын. Дэниэл - ақылды жігіт. Оған құрметпен қараймын. Мүмкін болған қарсыластарымнан ішінен ең үздігі сол деп санаймын", - деді ол.

Кездесу барысында Головкин америкалық боксшыны бір рет нокдаунға түсіргенімен, Джейкобс қазақстандыққа қарсы 12 раунд бойы шыдаған алғашқы боксшы атанды. Жекпе-жек төрешілер шешімімен Головкиннің пайдасына аяқталды.

"Канело" мені жеңсе, оған қолдау көрсетемін"

2017 жылы Головкин үшін тағы бір маңызды жекпе-жек өтті. Бірнеше жыл бойы келіссөз жүргізіп, бір-бірін алма кезек жекпе-жекке шақырып жүрген Головкин мен Сауль Альварес 16 қыркүйекте қолғап түйістірді. Жекпе-жек алдында боксшылар бір-бірін құрметтейтіндерін баса айтқан еді.

"Бұл менің ең ұлы жекпе-жегім. Канелоның менің шабуылдарымды тоқтата алатын күшті соққысы бар. Ол кез келгенін қирата алады. Иә, күші бар, мықты көрінеді.


© Тұрар Қазанғапов

Менің бұрынғы қарсыластарыма ұқсамайды. Бұрынғы қарсыластарымды соққылардың астына алатынмын, ал "Канелоға" ондай жойқын соққы тигізе алмайтынымды білемін. Ол мүмкіндік бермейді. Оны ұру қиынырақ. Егер "Канело" мені ұта алатын болса, ол ұзақ уақыт бойы чемпион болады. Егер мені жеңсе, оған қолдау көрсетемін. Бұл жекпе-жекте нокаут болу мүмкіндігі көп", - деді Головкин.

Бірақ Геннадий қанша тырысқанымен кездесуді нокаутпен аяқтай алмады. Нәтижесінде боксшылар төрешілер шешімімен тең түсті.

"Нокаутпен жеңіске жеткім келеді"

Головкиннің келесі қарсыласы америкалық Ванес Мартиросян болды. Кездесу 2018 жылдың 5 мамырында өтті. Головкиннің бұл таңдауына көп сыни көзбен қарағанымен, GGG қарсыласының мықты боксшы екенін алға тартты. Сәті келсе, нокаутқа түсіретінін де айтты.

"Мартиросянды бұрыннан - 2004 жылғы Олимпиададан бері танимын: ол өте мықты әрі тәжірибелі боксшы. Мен оны құрметтеймін. Ол артқа шегінбейді.


© BoxingScene.com

Нокаут па? Бұл аса маңызды емес. Әрине, нокаутпен жеңіске жеткім келеді, бірақ жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталмауы да мүмкін - оны ешкім білмейді. Егер нокаутпен жеңіске жетсем, келесі жекпе-жектерімде мықты қарсыласпен шығу оңайырақ болады", - деді ол.

Жекпе-жек ұзаққы созылмады. Головкин Мартиросянды екінші раундта нокаутқа түсірді.

"Ең пасық қарсыласым"

Боксшылардың алғашқы жекпе-жектегі тең есеппен келіскен жоқ. Басында болған құрметтеу туралы әңгіме де айтылмады. GGG "Канелоны" ең қауіпті емес, ең пасық қарсыласым деп атады.

"Бірінші жекпе-жекте "Канело" мені күш-қуатымен таңғалдыра алмады. Жекпе-жек бойы менен қашып жүрді. "Канело" - менің ең пасық, лас қарсыласым.
Екінші кездесуде тең есеп тіркелмейді деп үміттенемін. Біреуіміз жеңуіміз қажет. Маған оның стилі нағыз боксқа ұқсамады. Олар да менің жұдырықтасу стилімді солай айтады. Біздің стильдеріміз әртүрлі. Бұл жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталады деп үміттенемін", - деді Головкин.

Бірақ 2018 жылы 15 қыркүйекте өткен рематчта нокаут тіркелген жоқ, боксшылар тағы да 12 раунд бойы жұдырықтасты. Бұл жолы төрешілер жеңісті Сауль Альвареске берді.

Енді биыл Головкин мен Альварес үшінші рет жұдырықтасуы ықтимал. Ал оған дейін Головкин канадалық Стив Роллспен күш сынасады. Кездесу 8 маусымда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 496.01   523.53   4.96 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети