ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
27 ноября 2019 | 17:55

Брюс Лидің өлімі неге әлі күнге жұмбақ?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© zen.yandex.ru © zen.yandex.ru

Бүгін шығыс жекпе-жегінің шебері, АҚШ және Гонконг кино актері, кинорежиссер және продюсер Брюс Лидің туған күні. Ресми мәлімет бойынша, актер миына қан құйылып көз жұмған. Бірақ Лидің нақты неден қайтыс болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Спорт және актерлік мансабы, отбасы және актердің көз жұмуының себебі жайлы Tengrinews.kz тілшісі баяндайды. 


Бүгін шығыс жекпе-жегінің шебері, АҚШ және Гонконг кино актері, кинорежиссер және продюсер Брюс Лидің туған күні. Ресми мәлімет бойынша, актер миына қан құйылып көз жұмған. Бірақ Лидің нақты неден қайтыс болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Спорт және актерлік мансабы, отбасы және актердің көз жұмуының себебі жайлы Tengrinews.kz тілшісі баяндайды. 

Брюс Ли 1940 жылы 27 қарашада Сан-Францискода дүниеге келген. Оның әкесі - қытайлық опера актері. Қытай күнтізбесіне сәйкес Ли айдаһар жылы, айдаһар сағатында дүниеге келген. Сол себепті оны Ли Сяолун, яғни, айдаһар деген атқа ие болған. Қытайлықтар наным-сенім бойынша бәле-жаладан аулақ болуы мақсатында балаларға екі ат берген. Сол себепті актердің анасы оған екінші ат ретінде "кері қайт" мағынасын білдіретін Ли Чжэньфань есімін берген. 

Гонконгта тұрып жатқан актердің ата-анасы АҚШ-қа театр гастрольмен барады. Сол сәтте аяғы ауыр Грэйске тікұшақпен әрлі-берлі жүруге тыйым салынған. Сол себепті Лидің анасы Сан-Францискода қалады. 


Фильм кадры

Грэйс Ли босанғаннан кейін аурухана медбикесі баласына Брюс есімін қоюды ұсынады. Алайда Брюс Лидің балалық шағы Гонконгта өткен. Бір қызығы, жекпе-жек шебері бала кезінде өте әлсіз болған екен. 

19 жасында Брюс Ли Америкаға жол тартады. Сиэтл қаласына келген актер мейрамханалардың біріне даяшы болып орналасады. 

Спортқа қалай келді?

Күндердің күнінде Ли кунг-фуды меңгермек болады. Оның ата-анасы шешімін қолдап, оны вин-чунь техникасын үйрету үшін Ип Ман атты шеберге жібереді. Ептілігінің арқасында Брюс Ли аз уақыттың ішінде Тайцзисюань техникасын жетік меңгеріп шығады. 

Артынша Ли спорттың дзюдо, джиу-джитсу және бокс түрлерімен айналысқан. Сонымен қатар, ол кунг-фуда джиткундо атты жаңа стиль ойлап табады. Ол бұл стилін 1961 жылы ашқан жеке мектебінде үйрете бастаған. Шебердің бұл мектебі арзан болмаған: сағатына 275 доллар. 


Фильм кадры

Актерлік мансабы 

Қызықты дерек: Брюс Ли үш айлық сәби кезінен бастап киноға түскен. Дебюті - "Девушка Золотых ворот" атты фильм. Әкесі кино саласында жиі төбе көрсетіп жүргендіктен Ли де фильмге көп түскен. Актер 15 жасына дейін ондаған фильмге түсіп үлгерген. 

АҚШ-қа көшкен Брюс Ли америкалық фильмдерге де түсе бастаған. Ол 1966-1967 жылдары "Зеленый шершень" телесериалына, бір жылдан кейін "Марлоу" фильмінде эпизодта ойнаған. Жекпе-жек шеберіне басты рөлдер бұйырмағандықтан актер Гонконгқа көшіп кетеді. Елге оралғаннан кейін Golden Harvest киностудиясы ашылып жатқан кезең болған. 


"Кулак ярости" фильмінің кадры

Актер киностудия директорымен келісіп, басты рөлдердің біріне бекітіліп, ұрыс көріністерінің бәріне өзі қатысқан. Сөйтіп, 1971 жылы үлкен экранға кинематография әлемінде жекпе-жек туралы үлкен өзгеріс әкелген "Большой босс" фильмі шығады. Табысы еселеніп тұрған актер дәл осы кезеңде "Кулак ярости" және "Возвращение дракона" атты фильм түсіреді. 

1972 жылы актер "Выход дракона" фильмін түсірді. Бұл фильмнің премьерасы актер көз жұмардан алты күн бұрын болған. Бұл актердің соңғы фильмі еді. 

Жеке өмірі

1964 жылы Брюс Ли кунг-фу үйірмесіне келіп жүрген 17 жастағы Линда Эмериге үйленеді. 1964 жылы Брендон есімді ұлы, ал төрт жылдан кейін Шэннон атты қызы дүниеге келеді.

Алайда әкесінің жолын қуған Брендон 1993 жылы "Ворон" фильмінің түсірілімі кезінде көз жұмады. Түсірілім алаңында кадрда актерге оқ ату керек болған тапанша атыс патронымен оқталған болып шығады. 


© brucelee.com

Актер Майкл Масси Брендонның іші тұсына атады. Нәтижесінде тапаншадан атылған оқ актердің ішін тесіп өтіп, омыртқасында тұрып қалады. Оқыс оқиғадан кейін қан суша ағылып, Брендон 12 сағаттан кейін ауруханада көз жұмады. 

Брендон үйлену тойы болардан 17 күн бұрын көз жұмған. Брендон мен оның болашақ жары Элиза Хаттон некелерін қиып қойған. Ал үйлену тойын актердің түсірілімінен кейін болады деп жоспарлап қойған. 

1993 жылы 3 сәуірде жабық жерлеу рәсімі өтті. Брендон Лиді әкесі Брюс Лидің жанына жерлеген. 

© ru.wikipedia.org

Брюс Лидің өлімі әлі күнге дейін жұмбақ күйде

Актер 33 жасында аяқ астынан көз жұмған. Брюс Лидің жанкүйерлері үшін бұл жаңалық төбеден жай түскендей болған. Ресми мәлімет бойынша, Ли миына қан құйылып қайтыс болған. Алайда актердің неден қайтыс болғаны жайлы түрлі нұсқа бар. Бірі кунг-фумен шамадан тыс айналысқандықтан десе, ендігі бірі актер терлеу бездерін алдырып тастағандықтан көз жұмды деген деректер келтіреді. 

Брюс Ли туралы жаңа биографиялық кітаптың авторы, америкалық Мэтью Поллидің айтуынша, актер әдемі кадрлар үшін терлеу бездерін алып тастаған. Автор бұған дәлел ретінде видео кадрларда актердің мүлде терлемейтінін келтірген. 


© wikiway.com

Операция арқылы өзін-өзі құрбан еткен актер нәтижесінде жылу соққысынан көз жұмған деген нұсқа бар. Алайда бұл - дәлелденбеген ондаған нұсқаның бірі ғана. 

Қытай жекпе-жек өнерінің шебері Ван Ги Вонгтың айтуынша, кунг-фумен шамадан тыс айналысу денсаулыққа зиян. Шебердің сөзінше, Брюс Ли кунг-фумен сағат сайын айналысқан. Яғни тағы бір нұсқа бойынша Лидің өлімінің басты себептерінің бірі - спорт болуы мүмкін екен. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 489.01   531.78   4.99 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети