ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
10 января 2019 | 17:08

"Шаңырағына құт қонған құсбегі". Massaget.kz деректі фильмдер түсіруді бастады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Massaget.kz танымдық жастар порталы деректі фильмдер топтамасының бірінші шығарылымын жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Иконка комментария блок соц сети

Massaget.kz танымдық жастар порталы деректі фильмдер топтамасының бірінші шығарылымын жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Түсірілім тобының айтуынша, жоба аясындағы деректі фильмдер ай сайын шығып отырады. "Әке жолы" деп аталатын бірінші шығарылымы Алматы облысы, Нұра ауылында тұратын құсбегі Бауыржан Сейітжанұлы жайлы болды. Туынды қазақ тілінде, бірақ орыс тілді көрермен үшін субтитрі бар. Алдағы уақытта ағылшын тілінде де субтитр жасау жоспарланып отыр екен.

Басылымның бас редакторы Ербол Молдажан жобаның қалай басталғанын айтып берді.

"Massaget 2014 жылдан бастап, видеоконтентке көп көңіл бөліп келеді.
Редакция алдында жаңа жылда видеоконтентті одан әрі дамытамыз деген мақсат тұрды. Түрлі видеожобаларды ойластыра бастадық. Әріптесім Ернар Алмабектің деректі фильмге назары ауып жүргенін білетінмін. Ақылдаса келе осы істі бастауға бел будық. Сөйтіп, бірінші шығарылым атадан жалғасып келе жатқан бекзат өнер - құсбегілік жайлы болсын деген тоқтамға келдік. Сөйттік те, құсбегілер шоғырланған Нұра ауылына бүркітші Бауыржан Сейітжанұлын іздеп тартып кеттік. Бауыржан ағаның құс баптаудағы өзіндік құпия әдіс-тәсілі ауылға аңыз боп таралған. Оның үстіне өзі көп ешкімге сұхбат бермейтін томаға тұйық адам. Жұмбақ жанның құпиясын ашқымыз келді. Әрі қазір Қазнеттегі жұлдыздардың "ішіп-жегенінен" де жалыға бастаған оқырманды қарапайым отбасының өмірін қызықтыратыны жасырын емес. Түсірілім барысында, кейіпкердің қоспасыз, шынайы бейнесі, адамгершілік құндылықтары таңғалдырды. Сондықтан, киелі өнер иесінің ішкі ой-тебіреністері мен жан дүниесіне тереңірек үңілуге тырыстық", - дейді ол.

Фильмнің продюсері алғашқы шығарылымның неге "Әке жолы" деп аталғанын түсіндірді. 

"Неге жоба атауын "Әке жолы" деп қойдық? Кейіпкер бұл өнерді әкесінен үйреніп, оның "Балам, құсты салмасаң салма, бірақ саңғыртып қой" деген аманатына қиянат жасамаған жан. Бауыржан ағадан үйренген төрт ұлы да "жеті атамыздан жалғасқан саятшылықтың үзіліп қалуына жол бермейміз" дейді. Әке жолының Ата жолына апарары анық. Бүгінде әке жолына түсіп, ата кәсіпті меңгерудің құны артты. Себебі, "әкесінің ақ таяғын ұстап қалды" деген сөз келмеске кетіп барады. Әке мен баланың айтатын ортақ әңгімелері болмай, бір-бірімен сөйлесе алмайтын халге жеттік. Әкенің балаға берері, үйретері болса… Оны ары қарай алып кетер ұрпақ болса… Екі буынды байланыстыратын көпір осы деп білемін. Біз бірінші кезекте осыған назар аудардық. Деректі фильмді тамашалағандар танымдық мағлұмат алып, өзіне жаңалық ашады деп үміттенеміз", - дейді Ербол Молдажан.

Деректі фильмнің режиссері Ернар Алмабектің айтуынша, фильмнің түсірілім жұмыстары үш күнге жалғасқан.

"Бірақ үш күн дегенімен, оны монтаждау сияқты да маңызды жұмыстары бар. Соларды қоса алсақ, 10 шақты күн ішінде туған дүние. Түсірілімге дейінгі дайындық жұмыстары тағы бар. Алғашқы туындым болғандықтан, бұл бағытта шетелдік және отандық фильмдерді көріп, солардан қажетті детальдарды, монтаждау мен түсіру стилін зерттедім. Фильм шынайы шығуы үшін кейіпкер камераны көрмей, бар екенін сезінбей жүруі керек, мен үшін қиын тұсы осы болды. Түсірілімнің бір күнінде құсбегілерге ілесіп, аңға шықтық. Қырдың үсті бет қаратпайтын жел, ат үстінде түсірілім жасаудан бұрын, жай тұрудың өзі қиын. Әдеттегі "стоп, мотор!" ұғымы бұл жерде жоқ. Кейіпкерлер аң-құсты көрсе, сенің сценариіңе қарамайды да, сондықтан олардың жазылмаған сцанариіне бағынып, сәтті кадр аулауға тырысасың", - дейді режиссер.

Оның сөзінше, келесі шығарылым ақын жайлы болмақ.

"Операторлық жұмысқа, монтажға қатысты осы салада жүрген мамандардан аз-маз сын естіп те үлгердім. Мұның барлығы келесі шығарылымдарда ескеріледі. Ендігі кезекте ақынның ой-толғанысы, ішкі жан-дүниесін, тұрмысы мен тұлғалық болмысын ашуға талпынған шығарылымды ұсынбақпыз. Жалпы кейіпкер қызықтырмаса, ішіңде алай-дүлей сезімдер тумаса, ол жайлы жақсы фильм шығаруың екіталай. Ал сол кейіпкердің бүкпесіз әңгімесін естіп, одан мотивация алсаң, өзің де содан шабыттанып, асқан қызығушылықпен жұмыс істейсің. Келесі кейіпкердің өмірі бізге өте қызық болып отыр. Оның өлеңдерін оқып, шығармашылығынан алған әсерден қазірдің өзінде кадрлар көз алдымда жүр", - дейді Ернар Алмабек.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 498.59   521.12   4.87 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети