ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
24 мая 2020 | 11:20

Димаш Құдайбергеннің арманы

Рахила Тлеуова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Димаш Құдайберген Димаш Құдайберген

Біз музыкалық сыншы емес, журналиспіз. Сондықтан бүгін 26 жасқа толған Димаш Құдайбергеннің 3 жыл ішінде атқарған еңбегінің жемісін атап өткіміз келеді. Себебі, Димашта өнерпазға керек талант та, еңбек те бар. Дарын.


Иконка комментария блок соц сети

Біз музыкалық сыншы емес, журналиспіз. Сондықтан бүгін 26 жасқа толған Димаш Құдайбергеннің 3 жыл ішінде атқарған еңбегінің жемісін атап өткіміз келеді. Себебі, Димашта өнерпазға керек талант та, еңбек те бар. Дарын.

Осыдан үш жыл бұрын дүние жүзіндегі бұқаралық ақпарат құралдары Димаштың жетістігін жарыса жаза бастады. Жанкүйерлері төрткіл дүниенің әр түкпірінен түрлі видео түсіріп, қолдау көрсетті. Инстаграмдағы фоллеверлері артты. Ол ол ма, қазақ халқы күміс көмей әншісін мақтан етіп, барған жерінде "Мен Димаштың жерлесімін" деп "шалқайды".

Димаштың ән конкурстарындағы жеңісін бәрі біледі. Сондықтан Tengrinews.kz тілшісі Димаштың әнді бірнеше октавамен айтатын дауысы, музыкалық қабілеті туралы емес, басқа қыры туралы сөз қозғайды.

Кей ел әнші, биші дегенді арнайы жоба қылып шығарады, білесіз. Содан соң "жақсылап" насихаттап, әлемді бағындыруға жібереді. Мәселен, дүние жүзіндегі жасөспірімдердің жүрегін жаулап, әлемдегі ең үздік топ қатарына енген Оңтүстік Кореяның BTS тобы. Қазір осы топтың әнін түсіну үшін корей тілін үйренгісі келетіндердің қатары артқан. Артып қана қоймай, BTS-тің елін көруге баратын туристердің қарасы көбейген. Жыл сайын бұл көрсеткіш сан үстіне сан қосып келеді. Жо-жоқ, BTS-пен Димашты салыстырудан аулақпыз. Тек бұл топтың кемінде ел экономикасына қосқан үлесін айтқымыз келді. Дүние жүзіне танымал брендтермен шартқа қол қойып, әлемдегі түрлі дүкеннің сөресіндегі суреттері бар блокнот, қалам т.б. айтпағанның өзінде, топтың аты жер шарын шарлады. Яғни, бұл топ "бір оқпен екі қоян емес, бірнеше қоянды" атты. Димаштың жалғыз өзі осынша істі атқарып жүргендей.

Димаштың мақсаты - қазақ тілі арқылы қазақ елін таныту

Димаштың жөні бір бөлек, әрине. Димаш - елінің патриоты. Ол әрқашан қазақтың көркем, бай тілін көрсеткісі келетінін айтып жүреді. Кез келген сұхбатын алып қарасаңыз, "қай тілдерде ән орындайсыз" деген сұраққа не болмаса тілге қатысты басқа сұрақтарға Димаш "ең алдымен қазақ тілінде айтамын. Сол арқылы қазыналы тілімнің танылғанын қалаймын" дейді.

Бір мысал айтайық. 2018 жылы Беларусь елінің Витебск қаласында өткен "Славян базары-2018" конкурсында қонақ болған Димаш Құдайберген баспасөз орталығында берген сұхбатында:

"Ең алдымен, мен шетелдік тыңдарманның алдында қазақ тілінде ән айтамын. Ана тілімде ән айту арқылы қазақ тілінің құдіретін көрсеткім келеді", - деген болатын.

Сондай-ақ, Димаш көбіне шетелдік журналистермен сұхбатында қазақша сөйлейді. Мәселен, 70 миллион тыңдарманы бар BBC World Service радиосына қазақ тілінде сұхбат берді. Тағы Димаш концерт ұйымдастырған елдердің әуежайында оның келгені туралы хабарламаны, әдетте, қазақ тілінде жариялайды. 

Мұндай фактілер көп. Димаштың жанкүйерлері оның қазақша әндерін жатқа айтып, концерттерінде әншімен бірге шырқайды. Бұл - Димаштың халқы үшін атқаратын жұмысының бір мақсаты.

Димаш қазақи тәрбиені дәріптейді 

Иә, ол - ата-әжесін "әке-ана" деп өскен қарашаңырақтың мақтанышы. Қазақта тұңғыш немере - ата-әжесінің баласы. Баладан "кімнің баласысың" деп сұрағанда, "атамның баласымын" деп айтуы - жазылмаған заңдылық. Мұны әр қазақ біледі. Оның үстіне Димашты әжесі қырқынан шыққаннан кейін бауырына басқан.

"Ол кезде Димаштың анасы университеттің бірінші курсында оқып жүрді. Мен келініме көмектесуге бел будым. Балаға қырық күн тола салысымен оның тәрбиесін өз қолыма алдым. Бесікке жатқызып, тамақтандырып, жуындырып жүрдім", - дейді әжесі бір сұхбатында.

Димаш - кішіпейіл, ақкөңіл, сыпайы. Журналистер сұхбаттасқанда түрлі сұрақ қойып, сынап жатады. Бірақ ол байсалды мінезімен асықпай отырып, ойланып жауап береді. Адамның шынайылығын көрерменнен жасыра алмаймыз. Сондықтан әр сұхбатынан кейін пікір қалдыратын оқырмандардың жазбасы бұған дәлел.

Сұхбат видеосына қалдырған пікірлер

Иә, "нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра". Димаш талай рет сахнаның төрінде тыңдарманның құлағына қазақ күйлерінің үнін "құйды". Фоллеверлері домбырамен тартқан күйлерін сүйсініп тыңдайды әрі басқа инструменттерде қайталап ойнайды. Осылайша Димаш қазақ баласының домбыра тарта білуі керек деген дәстүрі барын паш етті. Ұлттық болмысымыздың домбырамен біте қайнасқанын көрсетті.

Қазақ туризмін жалғыз өзі "көтеруге" қауқарлы

Димаштың концерттеріне дүниенің түкпірінен оның әнін тыңдап, өнеріне сүйсінетіндер емделіп жатқан ауруханасынан қашып, жылдап ақша жинап, алдын ала дайындықпен келеді. 2017 жылы Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) өткен алғашқы жеке концертіне 64 елден қонақ келді. 30 мыңға арналған "Астана Арена" стадионында "ине шаншар жер қалмады". Әншінің әкесі Қанат Айтбаев залдағы тыңдарманның 30 пайызы (9 мың адам) шет мемлекеттен келді деген еді. Міне, бір концерт - 9 мың турист. Бұл туристер тек елорданы аралап қоймады. Фанклубтары жиналып, Бурабайды, Алматыны көрді. Енді олар 3 жылдан бері қанша адамға концерт туралы айтқанын, желіге фото-видео жүктегенін есепке алсақ, Қазақстан туризмі үшін - "тегін жарнама"

Тағы Нью Йорктегі Тайм Сквердегі лэд экранда Димаштың суреті шықты. Бірнеше миллион адам көрді. Бұл экранға шығу үшін жанкүйерлердің даусы керек. Көпшіліктің көңілін аулаған әнші әлемнің үздік экранынан бір-ақ көрінді. Бұл да - Қазақстан туризмі үшін "тегін жарнама".


Димаштың Тайм Сквердегі суреті

Әншінің Бруклиндегі (АҚШ) Barclays Center стадионында өткен концертіне 54 елден және АҚШ-тың 41 штатынан жанкүйерлер жиналды. Осы стадионда ән шырқаған Madonna, Rihanna, Ariana Grande, Jay-Z, Elton John және т.б. танымал өнерпаздардың фотосы қойылған галлереясына Димаш Құдайбергеннің фотосы қосылды. Мұндай Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған. Бұл да - Қазақстан туризмі үшін "тегін жарнама".

Бәрін қойып, 1,4 миллиард халқы бар Қытай Халық Республикасының азаматтары Димаштың Отанын көруге жыл сайын келсе де, сыртқы туризм үшін I am a Singer жобасы арқылы танылған әншінің "тегін жарнамасы" деуге болады. Мұндай да мысал жетерлік. 

2780 ағаш - экологияға пайда

Димаштың туған күніне Dimash Official FC (DOFC) жанкүйерлер клубы шөлге 2 780 түп көшет отырғызды. Олар көшеттерден Димаш деген жазу жазған. Осылайша, қоршаған ортаны жақсарту, құрғақшылықты жеңу үшін де Димаштың әсер еткеніне куә болдық.

Анасы мен баласы - Димаштың жанкүйерлері көшет отырғызып жатыр

Димаштың ел игілігі үшін жасаған еңбегін әрі қарай айтуға болады. Қалғанын оқырман өзі қосар деп шештік. Біз әзірше осымен доғарайық.

Димаштың туған күн кешінде кездескенше

Осынша даңқы бар Димаштың арманы жоқ шығар дейтін боларсыз, жоқ, оның біз білетін арманы - Бибігүл Төлегеновамен ән айту. Былтыр Бибігүл Ахметқызы 90 жасқа толғанда Димаш "қазақ өнерінің анасын" Instagram желісінде құттықтады. Ал, біз Димаштың туған күнінде осы арманының (Бибігүл Төлегеновамен ән айту - авт.) орындалуын тілейміз.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Аса құрметті Төлегенова Бибігүл Ахметқызы! Сізді осынау 90 жылдық мерей тойыңызбен құттықтаймын! Әлі есімде 2015 жылы "Славян базарына" барғалы жатқанда аналық ақ батаңызды беріп тілеуімді тіледіңіз. Қытай елінде де жарыста жүрген кезімде жолдаған батаңыз әлі есімде. Қазақ ән өнерінің - анасы екеніңіз сөзсіз. Бибігүл апа, сізге, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, 100 жылдығыңызды дүркіретіп атап өтейік! Сіздің күш жігеріңіз, еңбек еткен жолдарыңыз барлығы бізге болашаққа апарар үлкен белес! #бибігүлтөлегенова #90жас

Публикация от Dimash Kudaibergen (@kudaibergenov.dimash)

Айтпақшы, әнші бүгін түн жарымда сағат тілі 24 мамырға басқан кезде дүниеге әкелген әке-шешесін құттықтады. Жанкүйерлері оған ізгі тілектерін "жаудырды".

Қазір COVID-19 пандемиясына байланысты карантин болмаса, Димаш тағы бір елде Dears-терімен ән айтып, сахнаға көрік беріп тұратын еді. Дегенмен ол туған күнінде жанкүйерлерімен бірге болу үшін Instagram- парақшасында тікелей эфирде Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де ән шырқайды. Әнші биылғы туған күнін осылай атап өтпек. Әзірше бізге белгілісі осы. Ендеше кешке Димаштың туған күн кешінде кездескенше!

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 498.59   521.12   4.87 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети