Түнде елордалық "Астана" футболшылары ағылшын грандына айналған "Манчестер Юнайтедті" жеңген. Шетелдік басылымдар бұл матчтың нәтижесін нағыз сенсацияға балап жатыр. Қазақстан футболының тарихында еуропалық топ-лигалардың клубтарын састырған сәттер бұған дейін де болған. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық футбол клубтарының еурододалардағы сенсацияларына шолу жасайды.
Түнде елордалық "Астана" футболшылары ағылшын грандына айналған "Манчестер Юнайтедті" жеңген. Шетелдік басылымдар бұл матчтың нәтижесін нағыз сенсацияға балап жатыр. Қазақстан футболының тарихында еуропалық топ-лигалардың клубтарын састырған сәттер бұған дейін де болған. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық футбол клубтарының еурододалардағы сенсацияларына шолу жасайды.
"Манчестер Юнайтед" елордада тізе бүкті
© Тұрар Қазанғапов
Биылғы Еуропа лигасы топтық кезеңінің жеребесі тартылғаннан кейін қазақстандық жанкүйерлер "Манчестер Юнайтедтің" елордаға келуін тағатсыздана күткен. Бірақ манчестерлік гранд "Астанамен" матч алдында топтық кезеңнен шығып қойып, Нұр-Сұлтанға резервтегі жас футболшыларын алып келген. Бірақ қай құраммен келсе де, "МЮ-дің" статусы түскен жоқ.
Матчтың 10-минутында Джесси Лингард алыстан дәл соққы жасап, қонақтарды алға шығарған. Ал екінші таймды "Астана" қос голмен бастады. 55-минутта Роман Мұртазаевтың пасынан кейін Дмитрий Шомко таразы басын теңестірген. Араға бірнеше минут салып, алаң иелері алға шықты - Ди'Шон Бернард допты өз қақпасына тоғытты. 2:1 - "Астана" сенсация жасады.
Ұлыбританиялық таблоид ойынды "бұл - футболдағы катастрофа" деп бағаласа, ресейлік БАҚ "Қазақстанда шок" деп жазған.
Бұл қазақстандық футболдағы ең жарқын жеңістердің бірі болды. Бірақ бұл жеңіс "Астанаға" турнирлік тұрғыда пайда әкелмейді, команда плэй-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылған.
Торрес пен Гризманн жеңіссіз қайтты
© Тұрар Қазанғапов
"Астананың" тарихында сенсацияға татымды матчтар аз емес. 2015/16 жылғы маусымда елордалықтар Еуропаның тағы бір грандынан ұпай тартып алған еді. Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің төртінші турында Нұр-Сұлтанға екі маусым бұрын турнирдің финалында ойнаған испаниялық "Атлетико Мадрид" келген.
"МЮ-ден" басты айырмашылығы мадридтік команда Қазақстанға негізгі құрамын әкелген. "Астана Арена" стадионында Диего Годин, Сауль Ньигес, Антуан Гризманн және Фернандо Торрес сынды әлем жұлдыздары ойнады.
Бірақ Қазақстан чемпионы қарсыластың жұлдыз ойыншыларынан қаймыққан жоқ. Өткір шабуылдап, "Атлетикоға" азуын батыруға тырысты. Бірақ екі команда да бір-бірінің қақпасына гол соға алмай, матч 0:0 есебімен аяқталды.
Сол маусымда елордада "Астанаға" азуын батыра алмаған "Атлетико" Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен еді. Ал елордалық клуб топты кезеңді төртінші орында аяқтаса да, өз алаңындағы матчтарда жеңілмеген.
"Кеншілердің" ерлігі
© SNS Group
2013 жылға дейін қазақстандық клубтардың ешқайсысы еурокубоктардың топтық кезеңінде ойнап көрмеген. Сол жылы қарағандылық "Шахтер" еуросапарын сәтті өткізіп, тарихта атын қалдырған еді.
"Кеншілер "2013/14 жылғы Чемпиондар лигасы іріктеуінің плэй-офф кезеңіне дейін жеткен - кем дегенде Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама қалтада. Жеребе шотландиялық "Селтикті" "Шахтерге" қарсылас қылды. Ол кезде шотландиялық клуб сапында "Манчестер Ситиден" келген Йоргос Самарас, бүгінде "Алтын допқа" басты үміткерлердің бірі Вирджил Ван Дейк сынды футболшылар ойнаған.
Сондықтан көбі "Шахтердің" "Селтикті" өз алаңында да жеңе алатынына сенбеген. Бірақ "кеншілер" сарапшылар мен жанкүйерлердің қателескенін дәлелдеді.
Матчтың 12-минутында Андрей Финонченко алаң иелерін алға шығарған. Екінші таймда Сергей Хижниченко дәлдік танытты. Ал "Селтик" футболшылары бағыттаған соққыларды қақпашы Александ Мокин кері қайтарып отырды. Осылайша, "Шахтер" 2:0 есебімен жеңіп, сенсация жасаған.
Өкінішке қарай, қарымта матчта шотландиялықтар 3:0 есебімен жеңіп, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткен. Ал "кеншілер" қазақстандық клубтардың ішінде тұңғыш болып Еуропа лигасының негізгі турнирінде өнер көрсетті.
"Бордоға" бораған шабуылдар
© "Қайрат" ФК
Соңғы жылдары еурокубоктарда жолы болмай жүрген алматылық "Қайраттың" да мақтанарлық жеңістері болған.
2015/16 жылғы Еуропа лигасының төртінші іріктеу кезеңінде алматылық ұжым франциялық "Бордомен" кездескен. Ол кезде француз командасының құрамы "Қайраттан" алты есе қымбат болған еді. Бордода өткен алғашқы матчта француздар 1:0 есебімен жеңген. Қарымта ойында алматылықтардың жеңіске жететініне сенгендер аз болды.
Бірақ ойынның 44-секундында "Қайрат" алға шықты. "Бордо" қорғаушысы Седрик Ямбере допты өз қақпасына соғып алған. 66-минутта Исламбек Қуат "Қайраттың" екінші голын соққан, бұл есеп алматылықтарды топтық кезеңге өткізіп тұрған еді.
Бірақ он минуттан соң француздар есеп айырмасын қысқарта алды. Қалған уақытта алматылықтар шабуылды қардай боратса да, үшінші голын соға алмады.
Осылайша, матч 2:1 есебімен аяқталып, "Бордо" топтық кезеңге өтті. Бірақ ешкім "Қайратты" жазғырған жоқ. Алматылық команда өзінен бірнеше есе қымбат азулы клубпен тең деңгейде күресіп, өз алаңында жанкүйерлеріне жеңіс сыйлай алды.
АЗ-ды жеңуге тәжірибе аз болды
Осыдан он шақты жыл бұрын қазақстандық футболдың флагманы "Ақтөбе" болатын. Ол кезде топ-лигалардың клубтары елімізге жиі келе бермейтін. 2010-2011 жылғы Еуропа лигасының плэй-офф кезеңінде "ақ-қызылдар" голландиялық "АЗ Алкмар" клубымен кездескен. Бұл клуб бір жыл бұрын Голландия чемпионы атанған азулы команда еді.
Өкінішке қарай, "Ақтөбенің" негізгі құрамындағы бес ойыншы түрлі себеппен алғашқы матчқа қатыса алмай, Голландияда "АЗ Алкмар" 2:0 есебімен жеңген. "Ақтөбе" топтық кезеңге өтпесе де, қарымта матчта жеңуінің өзін көбі жетістікке балады.
Ақтөбедегі матчтың 10-минутында Понтус Вернблом қонақтарды алға шығарған. Үзілістен кейін "Ақтөбе" қос доп соғып, жанкүйерлерін жеңіспен қуантты. Мұрат Тілешев дубль авторы атанып, "ақ-қызылдар" жеңіске жетті. "Ақтөбе" азулы голландиялықтарды жеңіп, турнирмен қоштасқан. Бұл қазақстандық футбол тарихында алғашқы еуросенсациялардың бірі болып қалады.