Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
03 декабря 2019 15:18

Есеп - 5:6. Роналду мен Мессидің текетіресі қалай басталды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Кеше түнде "Барселона" мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси карьерасында алтыншы рет "Алтын доп" жүлдесін иеленді. Бұл көрсеткіш бойынша ол басты бәсекелесі Криштиану Роналдудан озып тұр. Есеп - 6:5. Қазіргі футболдың қос жұлдызы соңғы он жылдықты өзара бәсекемен өткізген. Tengrinews.kz тілшісі XXI ғасырдың футболдағы басты текетіресіне шолу жасайды.


Кеше түнде "Барселона" мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси карьерасында алтыншы рет "Алтын доп" жүлдесін иеленді. Бұл көрсеткіш бойынша ол басты бәсекелесі Криштиану Роналдудан озып тұр. Есеп - 6:5. Қазіргі футболдың қос жұлдызы соңғы он жылдықты өзара бәсекемен өткізген. Tengrinews.kz тілшісі XXI ғасырдың футболдағы басты текетіресіне шолу жасайды.

Футболда жыл сайын ойыншылардың қайсысы үздік болғанын "Алтын доп" шешіп жүр. Бұл жүлдені France Football журналы береді. Жылдың үздік футболшысын анықтау үшін әлемдегі барлық елдің беделді спорт журналистері дауыс береді. Ең көп дауыс жинаған футболшы "Алтын доп" иеленеді.

Бәсекелестіктің басы

Роналду мен Мессидің нағыз текетіресі 2008 жылы басталған. Сол жылдың қорытындысы бойынша Криштиану Роналду өз карьерасында алғаш рет "Алтын допты" иеленген. Сол кезде англиялық "Манчестер Юнайтедте" ойнап жүрген ол 2007/2008 жылғы маусымда ағылшын Премьер-лигасы мен Чемпиондар лигасында топ жарған. Сондай-ақ, чемпионатта 31 гол соққан ол "Алтын бутса" жүлдесін алды. Одан бөлек Чемпиондар лигасында жеті гол соғып, турнирдің үздік сұрмергені атанған.


Роналду "МЮ" сапында. © Twitter 

Ал Месси үшін сол маусым сәтті бола қойған жоқ. "Барселона" Ла Лигада үшінші орын алса, Чемпиондар лигасы мен Испания кубогында жартылай финалдан кері қайтты. Мессидің өзі 40 матчта 16 гол ғана соққан. Сондықтан, 2008 жылы Роналдудың үздік атануы ешкімге жаңалық болмады.

Мессидің үстемдігі

Роналдуға жол бергеннен кейін Мессиге атақты отандасы Диего Марадона "Сенің екінші болуыңа соңғы рет көз жұма қараймын" деген. Содан кейін Месси қатарынан төрт маусым бойы "Алтын допты" ешкімге бермеді.

2008/2009 жылы Месси бастаған "Барселона" Ла Лигада, Чемпиондар лигасы мен Испания кубогында жеңіске жеткен. Аргентиналық жұлдыз сол маусымда барлық турнирде 38 гол соғып, командасын алға сүйреген. 9 голмен Чемпиондар лигасының үздік сұрмергені атанған. Ал Роналду жеңістерінің ішінде беделді турнирлерден АПЛ ғана болды. "Алтын доп" - Мессиде. Лео бұл жүлдені еншілеген алғашқы аргентиналық атанды.

Келесі маусымды Роналду жаңа клубта бастады. Португалиялық футболшы испаниялық "Реал Мадридтің" жейдесін киді. Енді Роналду мен Месси бір чемпионатта бәсекелесетін болды. Тартыс сол кезде қыза түсті.


Роналду "Реал Мадрид" таныстырылымында. ©twitter.com/sportsru

"Барселона" 2009/2010 жылғы маусымды Испания Суперкубогы мен УЕФА Суперкубогындағы жеңіспен бастады. Кейін Мессидің командасы Ла Лиганы да жеңіп алды. Лионель барлық турнирдегі 53 матчта 47 гол соғып, 11 нәтижелі пас берген. Сол маусымда 35 матч өткізген Роналду 33 гол соққан, бірақ "Реал" барлық турнирде жеңілді. Нәтижесінде Месси екінші "Алтын доппен" өзара бәсекеде алға шықты.

Келесі маусымда да Месси өзінің үздік екенін дәлелдеді. Оның көмегімен "Барселона" Ла Лига мен Чемпиондар лигасында топ жарды. Мессидің өзі 55 матчта қарсылас қақпасына 53 гол тоғытып тастаған. Роналду да сол маусымда 53 гол (54 матчта) соққан. Бірақ оның "Реалы" тек Испания кубогындағы жеңіске қанағат қылды. Сондықтан нәтижелі ойыны титулдар алып келгесін "Алтын допты" Мессидің алатыны күмәнсіз болды. Лионель дауыс беруде Роналдудан екі есе көп жинаған. "Алтын доп" бойынша есеп - 3:1, Месси алда.


Лионель Месси. © REUTERS

2011/2012 жылғы маусымда Роналду "Реалға" ауысқалы алғаш рет Ла Лигада топ жарды.  Ал Мессидің "Барселонасы" Испания кубогы мен Суперкубогы, УЕФА Суперкубогы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Ла Лигада Месси 50 голмен үздік сұрмерген болса, Роналду одан төрт допқа қалып қойды. Нәтижесінде Месси қатарынан төртінші рет "Алтын доп" иегері атанды.

Роналдудың жауабы

Артынша Роналду "Алтын доп" бойынша есеп айырмасын қысқарта алды.

2012/2013 жылғы маусымда Роналдудың да, Мессидің де командалық жетістіктері айтарлықтай болмады. Криштиану Испания Суперкубогын иеленсе, Лионель Ла Лигада "алтын" алды. Португалиялық футболшы сол маусымда Чемпиондар лигасында 12 гол соғып, үздік сұрмерген атанған. Ал күнтізбелік бір жылда 64 гол соққан ол өзінің жеке рекордын жаңартты. Осылайша, Мессидің төрт жылдық үстемдігі үзіліп, Роналду екінші рет "Алтын допты" иеленді.

Келесі маусымда Роналду Чемпиондар лигасында топ жарып, турнирде 17 гол соққан алғашқы футболшы атанды. Ал мойнына Испания Суперкубогының медалін ғана таққан Месси бұл жолы да "Алтын допқа" таласта Роналдудан жеңілді. Сол маусымда Роналду 51, Месси 41 гол соққан.

Бәсекелестіктің қызған шағы

2014/2015 жылғы маусым Месси үшін сәтті өтті. "Барселона" мүмкін болған турнирдің бәрінде жеңіске жетсе, аргентиналықтың өзі 58 гол соққан. Бұл көрсеткіш бойынша Роналдудан үш голға ғана қалып тұрды. Бірақ турнирдегі жеңістерінің арқасында Месси "Алтын допты" бесінші рет алды.

Бірақ келесі екі маусымда Роналдудың айы оңынан туды. Сол екі маусым ішінде Роналду бір рет Ла Лиганы, екі рет Чемпиондар лигасын жеңіп алған. Оған УЕФА Суперкубогы мен клубтар арасындағы әлем чемпионатын қосыңыз. Аз десеңіз, сол аралықта Роналду Португалия құрамасымен Еуропа чемпионатында топ жарды. Сондықтан, бұл екі маусымның үздігі атағын толығымен Роналдуға беруге болатын. "Алтын доп" бойынша есеп теңесті - 5:5.


Роналду "Алтын доптарымен". © instagram.com/cristiano

Лионель өз сұхбаттарының бірінде Роналдумен қарым-қатынасы жайлы айтқан.

"Қазір футболда "Алтын допқа" лайық тамаша ойыншылар көп. Иә, соңғы уақытта Криштиану екеуміз бұл жүлдене өзара бөлісіп жүрміз. Роналдумен дос болу ма? Меніңше, достық тұрақты сөйлесу арқылы пайда болады, Роналдумен бізде ондай жоқ. Біз қандай да бір марапаттау рәсімдерінде, салтанатты шараларда кездесеміз. Сол жақта жақсы сөйлесеміз. Бірақ басқа уақытта ондай жоқ", - деген болатын Месси.

Модрич тоқтатты

Былтыр "Алтын допқа" үш футболшы таласқан - "Реалдың" екінші ойыншысы Роналду мен хорват Лука Модрич және "Атлетикода" ойнайтын француз Антуан Гризманн. "Реал" былтырғы маусымда қатарынан үшінші Чемпиондар лигасын жеңіп алған. Роналду барлық турнирде 44 гол тоғытып тастады. Сондықтан Ресейдегі әлем чемпионаты басталмас бұрын португалиялық футболшы басты фаворит саналған. Бірақ әлемдік додада Хорватия құрамасы сапында жасындай жарқылдаған Модрич "Алтын допты" иеленді де, Роналду екінші орын алды. Ал Месси былтыр үздік ойыншылар тізімінде бесінші болған. Осылайша, Месси мен Роналдудың он жылға созылған текетіресіне Модрич нүкте қойды.

Биыл Роналду Мессимен бәсекелестігі жайлы пікірін айтып, футболдағы әріптесін кешкі асқа шақырған.

"Футбол тарихында біз сияқты екі жігіт жыл сайын бірге біздің орнымызда болмаған шығар. Түсінгендеріңіздей, бұл оңай емес. Әрине, біздің қарым-қатынасымыз жақсы. Біз бірге кешкі ас ішпедік, бірақ болашақта солай болады деп үміттенемін", - деген еді Роналду.


Лионель Месси "Алтын доптарымен". © REUTERS

Кеше түнде аргентиналық жұлдыз алтыншы "Алтын добын" еншілеп, Роналдуды бәсекелестікке қайта шақырды. Бүгінде италиялық "Ювентусте" ойнап жүрген португалиялық жұлдыз бұған жауап беру үшін барын салатыны анық. Сондықтан заманның ұлы екі футболшысы бәсекелестігін тоқтатты деуге келмес. Биыл "Алтын допқа" үміткер болған Вирджил Ван Дейктің пікіріне бәрі қосылатын шығар: "Болашақта бұл жүлдені жеңе аламын деп үміттенемін. Бірақ Месси мен Роналду сияқты футболшылар барда оны жеңіп алу өте қиын".

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети