Әйелдер арасындағы футболдан Қазақстан құрамасының капитаны әрі еліміздегі "БИІК-Казығұрт", "СШВСМ-Қайрат" және Алма-КТЖ футбол клубтарында ойнаған Бегайым Қырғызбаева Tengrinews.kz тілшісіне әйелдер мейрамы қарсаңында сұхбат берді.
Әйелдер арасындағы футболдан Қазақстан құрамасының капитаны әрі еліміздегі "БИІК-Казығұрт", "СШВСМ-Қайрат" және Алма-КТЖ футбол клубтарында ойнаған Бегайым Қырғызбаева Tengrinews.kz тілшісіне әйелдер мейрамы қарсаңында сұхбат берді.
Бегайым 31-де. Футболшы Жамбыл облысы Қордай ауданында дүниеге келген. 10 жасында Алматыға қоныс аударған. Ол - жартылай қорғаушы. Футболға ат басын тіреуіне себеп болған ағасы екен. Футболмен айналысуды жас кезінен бастаған қыз 15 жасында құрама команданың сапына кірген.
Бегайымның айтуынша, қазіргі кезде дәл осындай жаста құраманың сапында ойын көрсету мүмкін емес екенін айтты. Бірде ағасы футбол ойнап жүрген әйелдер командасын көріп, ол жайлы Бегайымға айтқан көрінеді. Содан кейін ол футбол секциясына жазылған. Оған дейін көптеген жас бала секілді, ол да бастапқыда көшеде доп тепкен балалардың арасына қосылып футбол ойнаған.
фото: kff.kz
"Менің осылай кәсіпқой футболшы болуымның себебі бала кезімнен көшеде доп қуып, баскетбол, волейбол ойнағаннан деп ойлаймын. Мысалы қазіргі балалар секілді бізде интернет болған жоқ. Меніңше бала кезімнен доп теуіп өскендіктен, құрама сапына 15 жасымда қосылдым. Негізі футбол әйел адам үшін қиын спорт түрі деп айта алмаймын. Егер де қыз баланың бапкері өз ісінің шебері болса, онда қыздарға шебер футболшы болу әбден мүмкін. Тек біздің елімізде футбол жеткілікті дәрежеде дамымаған, сондықтан осы жағынан қиындық бар", - дейді ол.
Бастапқыда Бегайымның ата-анасы оның футбол ойнауына қарсылық білдірген екен.
"Мен мектепте сабақты жақсы оқығанмын. Бірақ жаттығуларға уақыт көп бөле бастағаннан кейін, мектептегі үлгерімімді көрген анам футболшы болуыма қарсылығын білдірді. Бірақ ата-анаммен алғашқы бапкерім Борис Емелин сөйлесіп, оларды менің футбол ойнауыма қарсы болмауға көндірді. Мен сол кезде бапкерімнен оларды қалай көндіргенін сұрайтынмын. Себебі мені бір ай бойы оларға футболды ұнататынымды айтып жүрген едім, бірақ анам "бармайсың" дейтін. Әйтсе де қазір олар қарсы емес. Оған қоса туған жеріме барған кезде таныс адамдар көре сала командамен түскен суретке қолыңды қойып бер деп сұрайды, жергілікті тұрғындар танып құрмет көрсетеді", - дейді Бегайым.
фото: kff.kz
Бегайымның алғашқы бапкері одан жақсы футболшы шығатынын айтып, үнемі қанат б. Ол спортшының болашағы зор екенін мәлімдеген. Бапкердің мәлімдемесі Бегайымға жақсы әсер еткен. 18 жасында вице-капитан болған ол 21 жасынан бастап қазіргі күнге дейін осы атақты арқалап келе жатыр. Осы уақытқа дейін құраманың бапкері алты рет ауысса да, ол әлі де құраманың капитаны. Жартылай қорғаушының айтуынша, қазіргі уақытта футболшылар дайындыққа аптасына 6 күн 1,5 сағаттан жұмсайды. Ал жарыстардың алдында тіпті күніне екі реттен жаттығады екен.
"Менің айтарым, Қазақстанда әйелдер арасында футбол клубтары өте аз. "БИІК-Казығұрт", Алма-КТЖ, көкшетаулық "Оқжетпес" клубы және шағын футбол клубтар бар. Бірақ оған қарамастан, бізді қолдайтын көптеген жанкүйер еліміздің әр өңірінде бар" - дейді футболшы.
фото: kff.kz
Бегайымның айтуынша, клубтардың аз болғанына қарамастан, олардың сапында шебер ойыншылар көп. Тіпті, ол бір футболшыны бөліп-жармай, командылық спорт түрі болғандықтан барлығы да жақсы ойыншы дейді. Ал олардың айлық табыстары, футболшы қыздың айтуынша, еліміздегі орташа айлықпен тең.
Бегайым басқа мемлекеттердің футбол клубтарында ойнау туралы ұсыныс түскенін де айтты.
"Маған Венгрияның футбол клубы ұсыныс жасаған еді. Шынында, менің ұсынысты қабылдамаған себебім, ол жердегі әйелдер арасындағы футболдың деңгейі төмен. Сондықтан да мен ол клубқа ауысқаным жоқ. Негізі, біздің ойыншыларға ұсыныстар түсіп тұрады. Мәселен, Ресей, Түркияның клубтарында өнер көрсетіп жүрген футболшы қыздарымыз бар", - дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі кезде футболдан Қазақстан құрама капитаны 2020-2021 жылдары маусымында болатын Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарына дайындық жасап жүр. Бегайымның айтуынша, олардың тобында Франция, Македония, Сербия, Австрия сынды командалар бар. Ендігі кезекте құрама алдында аталған қарсыластарды жеңіп, ұпай санын көбейту мақсаты тұр.
Бегайым осы уақытқа дейін қанша рет алаңға шықтың деген сұраққа былай жауап берді:
"Мен алаңға қанша рет шыққанымды нақты жауап бере алмаймын, бірақ 2004 жылдан бері қызыл алғаным үшін екі ойынды ғана өткіздім. Команданың қалған кездесулерінде осы уақытқа дейін үзбей өнер көрсетіп келемін", -дейді спортшы.
Еліміздің футболдан әйелдер құрама ойыншысы еліміздегі және шет елдегі әйелдер арасындағы футболының айырмашылықтарын айтып өтті.
"Менің ойымша, Еуропа елдеріндегі әйелдер клубтарына біздің премьер-лигада өнер көрсетіп жүрген ер футболшылардың өзі қызығады деп ойламын. Олардың командалары шебер ойын көрсетеді. Бізге қарсы ойнауға келген кезде ойыншылар мен бірге 34 делегат ұшып келген. Айта кетсем қатарында психолог, бапкерлер және олардың көмекшілері бар. Еуропада ер және әйелдер футболы деп екіге бөлмейді. Біз Франция, Англия сынды мықты командалармен кездескенде олардың стадионында адамдар лық толы отырады. Керек десеңіз, біз бір-бірімізді ойын кезінде әрең естиміз", - дейді футболшы.
Бегайым Қырғызбаева әр матчтан алатын әсері мол екенін айтты. Ол осындай кездесулердің арқасында Париж, Англия, Дубай сынды әлемнің әр шетінде орналасқан қалаларды аралаған. Бегайым кәсіпқой футболшы болса да ойынымен қызықтыратын әлемге танымал доп шеберлерінің өнеріне сүйсінетінін айтты.
"Мен әрбір футболшы ретінде пір тұтатын және ойындарына еліктейтін бірнеше футболшы бар. Олардың ішінде әлемге әйгілі Криштиану Роналду және Месси", - дейді ол.
Бегайым өзінің футбол карьерасын жалғастыру жайлы ойын білдірді. Оның сөзінше, командада 38 жасқа дейін ойнайтындар бар. Сондықтан ол қазіргі уақытта футболдан алыстамаған.
Футболшы қыз осыған дейін халықаралық әйелдер күнінде алған сыйлықтары жайлы айтып берді.
"Мен әртүрлі сыйлық алғанмын. Сырға, сақина, гүл, шоколад. Меніңше ең маңызды сыйлық емес, ең маңыздысы ол ер адамдардың бізге деген назары", - дейді Бегайым.
Сөзін аяқтай келе ең үздік футболшы 8 наурыз мейрамында барлық әйел қауымына бақыт, сәттілік, өмірдегі бар жақсылық пен оларды жақсы көретін адамдардың көп болуын тіледі.