Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
24 ноября 2020 17:48

Бұл Ай ма, әлде Марс па? Жапондар Маңғыстау өлкесіне неге қызығады?

ПОДЕЛИТЬСЯ


Соңғы кездері Маңғыстау табиғаты қазақстандықтардың назарына жиі түсіп жүр. Желіде Бозжыра шатқалының тамсандырар керемет суреттері мен видеолары тарай бастады. Кейін бұл аймақта өте сирек кездесетін алдыңғы Азия алабарысы фотоқақпанға түсіп қалды. Аумағына бес мемлекет: Ливан, Бельгия, Дания, Нидерланд және Швейцария сыйып кететін табиғаты әсем жер несімен құнды? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 

"Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы" АҚ Маңғыстау облысының көрікті жерлерін таныстыру мақсатында ақпараттық тур ұйымдастырды. Компанияның маркетинг, коммуникация және цифрландыру департаментінің директоры Талғат Аманбаев ақпараттық тур бұл мекеннің туристік даму жағынан шамасын көрсету үшін ұйымдастырылғанын айтады. 

"Қазіргі инфрақұрылымды көрсету, туристерге қызық деген табиғи жерлерді таныстыру. Оған блогерлер, видеоблогерлер, дрон операторлары мен республикалық БАҚ-ты бұл мекенге баға беріп, шынайы пікірін білдірсе деп шақырдық. Биыл Маңғыстау облысына деген қызығушылық, әсіресе қазақстандықтардың арасында жоғары болды", - дейді Талғат Аманбаев.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысы бірнеше жылдан бері өзі дамып келе жатыр. Оған бірнеше себеп бар:

"Біріншіден, ол әрине Каспий теңізі. Екіншіден, өңірде халықаралық әуежай бар. Жол салынып жатыр, шетелдік туристер оны бағалайды. Сонымен қатар, бұл өңірде жаңадан қонақүйлер салынып жатыр", - дейді Талғат Аманбаев.       

Бұл жергілікті туристік компанияның жолнұсқаушысы Людмила Павловна. Ол ақпараттық турдың қатысушыларын жергілікті мекенмен таныстырып, аңыз-әңгімелерді бөлісті. Оның айтуынша, көбіне Маңғыстаудың табиғатына Жапония және Италиядан келетін туристер қызығушылық білдіреді.  


Людмила Павловна

Біздің ең алғашқы нүктеміз - Қаракие ойпаты. Әйгілі зерттеуші Василий Федорович Қаракие ойпаты шөлдің миниатюралық түрлері жиналған кішкентай планетаға теңестірген екен. 

"Тақырды көру үшін Өзбекстанға барудың қажеті жоқ, сораны көру үшін Түрікменстанға барудың қажеті жоқ, гоби шөлін көру үшін Африкаға барудың қажеті жоқ. Маңғышлақтағы Қаракие ойпатына келсеңіз сіз шөлдің барлық түрін бір жерден тамашалай аласыз", - деген екен зерттеуші. 

Қаракие ойпаты тереңдігі жағынан Иордания мен Израиль шекарасындағы Өлі теңіз ойпаты, Қытайдағы Тұрфан ойпаты, Африкадағы Афар ойпаты, Мысырдағы Катар ойпатынан кейінгі бесінші орында. Сондай-ақ қазақстандық ойпатты Ай және Марс ландшафтымен жиі салыстырады екен. 

Қаракие ойпатынын шығып Шопан атаның жерасты мешітіне жол тарттық. 

Өкінішке қарай, мешіттің ішін түсіруге рұқсат берілмеді. Пандемияға байланысты жерасты мешітіне көп адамның кіруіне болмайды. Зиярат етуге уақытша тыйым салынғандықтан, шырақшы келген қонақтарға уағыз айтып, дұға оқыды. Мешітте Шопан атаның өзі, әйелі, қызы және жақындары жерленген.  

Осы орайда жолнұсқаушымыз Шопан атаға қатысты аңызды айта кетті. 

Бірде Шопан ата бақташы болып байдың қол астында жұмыс істейді. Сөйтіп бай Шопан атаға "Бір жылдан кейін қанша ақ бас қой шықса, соның барлығын саған беріп, ақыңды төлеймін" деген екен. Келісілген уақыттан кейін Шопан атаның қолынан мыңдаған ақ бас қой шығады. Бұған таңданған бай "Малымның барлығын беріп қоямын ба" деп келісімді тағы бір жылға созады. Бірақ енді талап бойынша қара бас қойлардың саны бойынша есептеседі. Бір жылдан кейін де мыңдаған қара бас қой шығады. Сөйтіп Шопан атаның бекер адам емес екенін түсінген бай оған қызын берген. Осылайша Шопан ата қойдың пірі атанған екен. 

Шопан атаның жерасты мешітінен шығып, Маңғыстау табиғатының бір керемет нүктесі - Қызылкүпке бет алдық. 

Қызылкүп - қызыл қатпарлы су шайып кеткен бор қабаттары. Халық арасында бұл тауды "тирамису" тортына теңестіреді. 

Әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі болады. Жергілікті халық арасында Маңғыстау облысының "меккесі" Бозжыра деген түсінік қалыптасқан. Мамандар шатқалды зерттеумен өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап айналыса бастаған. 

Алтайдан келген ежелгі тайпалар бұл мекенді аса ұнатпаған. Олар бұл жер қаңырап қалған, жасыл табиғаты жоқ құрғақ мекен деп ойлаған. Алайда төмендегі суреттегі екі жартасты олар Алтайда көп кездесетін қасқырдың тістеріне теңестірген. 

Жолнұсқаушымыз Людмила Петровнаның сөзінше, жапониялықтар мен италиялықтар көбіне жабайы туризмге қатты қызығатын көрінеді. Олар тіпті асфальт жоқ жолмен апаруды сұрайды екен. 

"Жапониялықтар өздерінің бетон джунглиінен шаршаған. Олар жерді суретке түсіргенді жақсы көреді. Италиялықтар да бұл жерлерді көргенде таңданыстарын жасыра алмайды", - дейді Людмила Петровна. 

Келесі күні Көгез этноауылын аралап, Айрақты тауларына қарай бет алдық. 

Айрақты тауларына үстінен қарағанда бір шеті айға, бір шеті аттың тағасына ұқсайды екен. Сондай-ақ бұл мекенді Шаманай - Сарайлар аңғары деп те атайды. Расында да қиялға беріліп, Айрақтыдағы тауларға қарап тұрсаңыз, ханның сарайы елестейтіндей. 

Людмила Петровна бұл аймақтарға көбіне көктемнің соңы, жаз мезгілінде келген дұрыс екенін айтады. Себебі сол кездері "Қызыл кітапқа" енгізілген согдиан қызғалдағы жайқалып, аңғарда тасбақалар өте көп жүреді екен. 

Жолай Шерқала тауын көріп, соған қатысты қызық оқиғаны естідік. Шерқала Қаратаудың орталық және батыс жоталарының ортасында орналасқан тау түзілісі. Әйгілі жібек жолының қызып жатқан кезінде талайларға көлеңке, пана болған деседі.

Ежелгі заманда бұл жерді өте көп тайпа мекен еткен. Жергілікті тайпалар шеттен келген тайпалармен соғысқан. Сөйтіп жергілікті тайпа Шерқаланың ішіне тығылып қалған. Таудың ішінде түнел мен үңгірлер көп болған. Жау келгенде бүтін бір ауыл таудың ішіне бірнеше ай бойы тығылып қалады. Жау "Не тамақ жоқ, не су жоқ жерде қалайша ұзақ уақыт бойы өмір сүруге болады?" деп таңғалады. 

Биіктігі 195 метр таудың төбесінен су ағып, ішінде құдық бар болып шыққан. Бірақ бірде ауылдың ішінен бір сатқын шығып, жауға таудың ішінде құдық барын айтып берген. Сөйтіп қарсыластар тауды қазып, ауыл сусыз қалған. Бірақ ауыл тұрғындары жерасты жолдары арқылы қашып құтылып, ауыл жігіттері жаумен соңғы демі қалғанша соғысқан. 

Шерқала

Людмила Петровнаның сөзінше, Маңғыстауда жерасты жолдары өте көп. Тіпті елді мекендегі жерасты мешіттері бір-бірімен байланысты болуы мүмкін. Жерасты жолдары арқылы тек адам емес, сондай-ақ түйелер де еркін өте алатын көрінеді. 

Келесі нүкте - жұмбаққа толы Торыш алқабы. Бұл дөңгелек формадағы тастардың қайдан пайда болғаны туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен жұмбақ тастардың пайда болуы туралы бірнеше нұсқа бар. Олардың ғылыми атауы - конкрециялар. Бұл тастардың ішінде химиялық кестедегі барлық элемент болуы мүмкін. Зерттеушілердің сөзінше, бұл тастардың жатқанына бірнеше миллиондаған жыл болған. 

Торыш алқабы

Жергілікті бақташылар бұл тастар аспаннан түсті дейді. Торыштағы бұл жұмбақ тастарға да қатысты аңыз әңгіме бар: Бірде жергілікті тұрғындар келімсектермен соғысқан. Уақыт өте тұрғындардың саны азая бастаған кезде, олар қолын көкке көтеріп, құдайдан көмек сұрайды. Тәңір оларды естіп, сиқырлы таяғымен бір сермеген кезде келімсектерді тасқа айналдырып жіберген деседі

Бір қызығы бұл мекенде тек дөңгелек тастарды емес, сондай-ақ әртүрлі формадағы тастарды кездестіруге болады. Мына тасты жергілікті тұрғындар саңырауқұлаққа теңейді.

 Бұл - раушан тас деседі. 

Ал мына тас жақын арады құлап түсуі мүмкін. 

Ғалымдар Торыш тастары мың жылда 0,03 миллиметрге өсетінін айтады. 

Біз барған соңғы нүкте - науқас, ересек адамдардың, баласы жоқ әйелдердің қамқоршысы Шақпақ ата мешіті. Жалпы Маңғыстау облысында 20-дан аса жерасты мешіті табылған. Алайда, жергілікті археологтардың сөзінше, жерасты мешіттерінің саны одан да көп болуы мүмкін. 

Бір өкініштісі, жерасты мешітінің жанындағы ежелгі бейіттерге белгісіз біреулер аты-жөнін де жазып кеткен. 

Соңғы нүкте - Түлкісай аялдамасы. 

Мәтін: Сымбат Сатыбалдина
Суреттер: Өмірбек Сансызбай

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети