Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
28 апреля 2021 09:19

"Бұл ешқашан бітпейді!". "Алтын Орда" маңындағы кептеліс жырына 4 жыл

Алихан Сариев Фотокорреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Әлихан Сариев Фото: Әлихан Сариев


Осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2017 жылы басталған "Алтын Орда" базары маңындағы жол құрылысы 2019 жылы аяқталып, тапсырылуы керек болған. Бірақ бірқатар себепке байланысты құрылыс жұмыстары бірде тоқтап, әлі күнге дейін жүріп жатыр. Салдарынан базар маңында тұратын және ауыл-аймақтан қалаға қатынап жұмыс істейтін тұрғындар жол кептелісі зардабын шегіп жатыр. Олар таңертең қаладағы жұмысына үлгеріп баруы үшін сағаттап кептелісте тұруға мәжбүр. Tengrinews.kz тілшісі жол кептелісі қызып тұрған аймақтан фоторепортаж дайындады. 

Алматыға кіреберіс жердегі жол кептелісі шамамен таңғы сағат 07.00-де "Асыл Арман" ықшамауданы жақтан басталады.

Таңғы жағдай. Фото: Яндекс

Таңертеңнен бастап бұл аймақта уақыт тоқтап қалғандай: көлік бар - қозғалыс жоқ. 

Біраз уақыттан кейін көлік саны да артып, кептеліс қайдан басталғанына көз жетпей кетті. Көлік жүргізушілерінің бірінің айтуынша, кептеліс бір кезде Райымбек ауылынан басталған. 

Бірінші қатардағы көліктер басқа қатардағы көліктерге қарағанда өте баяу қозғалып жатыр. Ал бірінші жолға шыға алмаған жолаушылар автобусы екінші және үшінші қатарда келе жатыр. Жұмысқа асыққан жолаушылар автобусқа көліктердің арасымен өтіп мінуге мәжбүр.

Одан бөлек, Алматы-Қаскелең арасында қатынайтын "маршруткалар" кей жолаушыларды екінші қатардан күтіп алады. 

Бірінші қатарда келе жатқан көліктердің баяу жүруіне такси ұстап тұрған тұрғындарды алып кетпек болған көліктер де себеп болып жатты. 

Автобустың ұзақ қозғалмай тұрғанынан шаршаған тұрғындар жаяу кетіп жатты. 

Кептеліс кезінде тасжолдағы көліктер баяу жүргендіктен жолда қайыр сұрайтындардың да қарасы көбейді. Бірі оларға бар тиын-тебенін беріп әлек болса, ал кептелістен жүйкесі тозған жүргізушілер оларға мән берген де жоқ. 

"Бұл кептеліс ешқашан бітпейді ғой!", - деп қынжылды автобус күтіп тұрған тұрғындардың бірі. 

"Жұмысым 8.30-да басталады. Таңғы жетіден бастап көшеде тұрамын. Қазір досымды күтіп тұрмын. Бірақ мына кептелістен өтудің өзіне бір сағат кететін сияқты. Жұмысқа қалай үлгеремін? Білмеймін", - дейді жергілікті тұрғын. 

Ал кептелісте бірнеше сағат тұрып шаршаған жүргізушілер тасжолға жақын маңмен жүріп жол қысқартпақ болып, бұрқыраған шаңмен ілесе кетті. 

"Мен негізі бұл жақта тұрмаймын. Бірақ кеше кептеліс бұдан да қатты болды деп естідім. Бұл жерден Саяхатқа бару үшін 1,5 сағаттай кетеді. Менің өзім мына кептелістен өту үшін 1 сағат 10 минуттай тұрдым", - дейді жүргізушілердің бірі. 

Бір уақытта сиренасын қосып, жедел жәрдем көлігі келді. Жүргізушілер жедел жәрдем көлігіне жол бермек болғанның өзінде, көліктің көптігінен артық қозғалу мүмкін болмады. 

Бірақ дегенмен көлік жүргізушілері жол ашып, жедел жәрдем көлігін өткізіп жіберді. 

Сағат 8:17 шамасында жол құрылысы жүріп жатқан аймақ кептелістен босап, көліктер еркін қозғала бастады. Бірақ әлі де кептеліс басыла қоймады. 

Жол демекші, құрылыс жүріп жатқан аймақта қаңғыбас иттерден басқа ешкім байқалмады. Не жұмысшылардың да, не қызметкерлердің де қарасы көрінбеді. 

"Алтын Ордадағы" жолайрық салыну барысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да сынына ұшыраған болатын. Тоқаев бұл проблеманы 17 наурызда Алматыны одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңесте көтерген. 

Ал былтыр 10 желтоқсанда "ҚазАвтоЖол" мамандары жол құрылысына байланысты жобаның толық аяқталуы 2021 жылға жоспарланып отырғанын хабарлады. 

Былтырғы қазанда тілшіміз жолайрықты салып жатқан бас инженермен видеосұхбат жариялаған болатын.  

Мәтін: Сымбат Сатыбалдина

Фото: Әлихан Сариев

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.2   490.7   4.82 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети