1. Главная
  2. Посмотри

"Қашып үлгеруге 2 минут уақыт болған". Шарын шатқалындағы апат

Алматыдан 190 шақырым жердегі Шарын шатқалына кейінгі жылдары келушілер саны көбейді. 2013 жылы 1300 турист қана келсе, биыл бұл көрсеткіш 40
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

Фото: Әлихан Сариев Фото: Әлихан Сариев

Алматыдан 190 шақырым жердегі Шарын шатқалына кейінгі жылдары келушілер саны көбейді. 2013 жылы 1300 турист қана келсе, биыл бұл көрсеткіш 40 мыңға жетеді деп болжанып отыр. 29 мамырда шатқалда ешкім күтпеген табиғи апат болды: сел жүріп, салдарынан бірнеше адам зардап шегіп, екі адам қаза тапты.

Шарын шатқалындағы туристік бағыт - 3 шақырым. Келгендер өзенге дейін қалауы бойынша не жаяу жүреді, не сонда жүрген арнайы көлікті жалдайды. Жалпы келген адамдарға да осы бағытпен төмен түсіп, осы бағытпен қайту ұсынылады. Қайғылы оқиға сол туристік бағытта болған. 

Туристік бағыт. Жоғарыдан көрініс

12 жылдан бері шатқалда қызмет етіп келе жатқан "экологиялық ағарту және туризм" бөлімінің басшысы Құтлықжан Юнусовтың айтуынша, 29 мамырда жаңбыр аяқ астынан басталып кеткен. Ол күні аспан ашық, күн ыстық болып тұрған. Бұған дейін мұндай табиғи апат Шарын шатқалында болған емес.

Инспектор Құтлықжан Юнусов

"Бұл аймақта жаңбыр аз жауады. Өзіне тән микроклиматы бар. Негізі жоғары жақтан жауынның қатты жауғаны байқалмады. Су жоғары жақтан жиналып, төмен қарай түсе бастаған", - дейді инспектор.

Қазір сел жүрген орындар құрғап кеткен. Бірақ жаңбыр суының жоғарыдан төмен қарай аққандағы жолды көруге болады. 

Жаңбыр суы да жоғарыдан төмен қарай жылғамен, сосын біртіндеп ағып келе жатқан. Бір кезде адамдар жүретін жол тарылып, жиналып келе жатқан су көтеріле бастаған. Инспектор қайғылы жағдай болған күні келген туристер қалай құтқарылғанын әңгімелеп берді. Бастапқыда төменде жүрген инспекторлардан жаңбыр жауып, сел басталғаны туралы хабар түскен. 

"Көлігімнің авариялық шамын жағып, тез арада төмен түстім. Адамдар жаяу жоғары шығып келе жатты. Төменде екі тастың ортасына келген кезде адамдарға көмектесіп, шығарып жатыр екен. Көліктен түсіп, бірден адамдарға көмектесе бастадым. Қаза тапқан мұғалімді көрдім. Ол кісіге алғашқы медициналық көмек көрсете бастадық. Туристердің арасында жасы үлкен кісі болды. Ол алғашқы көмек көрсетуді біледі екен. Жасанды тыныс алуды да жасады. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Көлігімді жақынырақ алып келіп, аман қалған адамдарды құтқаруды ойладым. Көлігімдегі отыруға арналған орындарды жатқызып, туристерді отырғызып, жоғары қарай таси бастадым", - дейді Құтлықжан Юнусов. 

Сел жүрген аймақ. Жер құрғап кеткен

Инспектор адамдармен жоғары шығып бара жатқан кезде жедел жәрдем қызметімен байланысқа шықпақ болған. Алайда оларға хабарласудың өзі бір машақат болып кеткен.

"2-3 минут дегенде сөйлесіп, ауданға "Қазір төтенше жағдай қызметкерлеріне хабарласуға мүмкіндік болмай тұр. Өтініш, тезірек төтенше жағдайлар қызметіне хабарласыңыздар және бізге 2-3 жедел жәрдем көлігі мен санитарлық тікұшағы керек" дедім. Себебі адамдардың жағдайы өте ауыр болды. Оларды тезірек құтқару керегін айттым", - дейді Құтлықжан Юнусов. 

Жол тарылып, су көтеріле бастаған аймақ 

Жан-жақтан су жиналып, әр сайдан су қосылып, деңгейі көтеріліп, өзенге барып қосылған. Соның әсерінен сел пайда болған. Арықтың қасында тұрған адамдар сел болатынын білмеген. Себебі олар жай ғана сел жауынның суы секілді өтіп кетеді деп тұра берген. Инспектор "жарты метр әрірек тұрғанда адамдар аман қалар еді" дейді. 

Жиналған судың биіктігі бір метрдей болған. Көлемінен бөлек, ағыс жылдамдығы төмен түскен сайын артқан. Ол күні мектеп оқушыларынан бөлек, басқа да туристер болған. Жалпы 29 мамырда Шарынға 390 адам келген. Оның ішінде, бір автобус оқушы келген. Олар дін аман. Себебі олар жауын басталғанға дейін үстіне шығып үлгерген. Ал қайғылы оқиғаға тап болған оқушылар сәл кешігіп келген. Сәйкесінше төмен түсіп, қайтуы да ұзағырақ болған екен.

Инспектордың айтуынша, адамдардың қашып үлгеруіне екі минуттай уақыты болған. 

Сел жүрген аймақ

Бүгінде алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу үшін "География және су қауіпсіздігі институты" АҚ, Су ресурстары зертханасының мамандары кәсіби құрылғы мен жабдықтар арқылы судың ағысын, көлеміне байланысты зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Соның қорытындысына сәйкес, селден қорғау мекемесі, төтенше жағдай департаменттерімен бірлесіп, Шарын шатқалы селге қауіпті аймақ ретінде қарастырылуы мүмкін.

Зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан "География және су қауіпсіздігі институты" АҚ басқарма төрағасы, ҰҒА академигі Медеу А.Р. және институт мамандары

"Солай деп танылған жағдайда министрлікке ауа райы өзгерген кезде төменде жүрген адамдардың бәрін үстіне шығарып тастауға дереу әрекет ету туралы ұсыныс жасайын деп жатырмыз. Себебі ол жағдайдың алдын алу болып есептеледі. Бұрын жаңбыр жауып, ауа райы бұзыла бастаған жағдайда адамдарға "жоғарыға көтеріліңіздер" деп айтатын құзыретіміз болмады. Ол адамдардың жеке бас құқығын шектеу болып саналатын. Содан кейін әр жерге апат жағдайында қандай шара қолдану керегін көрсететін нұсқаулық бекітеміз. Әр жерге ескерту тақтайшаларын ілуді қарастырамыз", - дейді инспектор. 

Бұған дейін ондай жағдай жасалмаған. Себебі Шарын - ерекше қорғалған табиғи аймақ. Екіншіден, Шарын табиғи нысан болғандықтан, оның табиғи күйін өзгертуге рұқсат етілмейді. 

Зере қайдан табылды?

Қызметкерлер барлық туристі алып шыққаннан кейін бір мұғалім тізім бойынша бір оқушы - Зере жоғын айтты. Зерені сол күні кешке дейін іздеді. Мамандар оқушы қыз лай балшықтың астында қалды деп болжаған. Осылайша бәрін қаза бастаған. Еріктілер мен қыздың туыстары оны түні бойы іздеді. Келесі күні таңғы 05.00-ден бастап іздестіру жұмыстары жалғасқан. Алайда жерден қазып іздегеннен ешқандай нәтиже болмаған. 

Өзеннің бойында қазылған жерлер 

29 мамырда іздеу жұмыстары кезінде туристердің бірі инспекторға видео жіберген. Видеода бір қыз суға ағып бара жатқаны көрсетілген. Оны төтенше жағдай қызметкерлеріне көрсеткенде, Зере балшыққа батпағанын, ол сумен ағып кеткенін түсінген. Іздеу жұмысын бастайын деп жатқанда оқушы қыз табылғаны туралы хабар түседі. Ол судың арғы бетінде отырған. Құтлықжан Юнусов қыздың ата-анасын, төтенше жағдай қызметкерлерін алып, Зеренің шамамен отырған жеріне апарған.

Мектеп оқушысы Шарындағы селден қалай аман қалғанын айтты

Селдің салдары

"Барсақ Зере судың арғы бетінде, тастың үстінде отыр екен. Зерені бір Алланың өзі қорғап қалған. Себебі ол шатқалдан аққан күйі өзенге қосылып кеткен. Өзенде ол тастан ұстап қалып, судың бойына шыға алған. Шамамен 1,3 шақырым ағып жүрген", - дейді инспектор.  

Зеренің ағып өткен жолы

Зере ағып өткен өзен

Табиғи апат кезінде адамдар қалай әрекет етуі керек?

"Апат айтып келмейді". Әсіресе Шарын шатқалында кейбір тастар да қазір-ақ құлап түсетіндей тұр. Бірақ оның қашан, қай жылы, қай уақытта құлайтынын ешкім айта алмайды.

Мұның алдын алу үшін келген адамдарға тастың жанында тұрмауға, оған шықпауға нұсқау беріледі.

"Жел болған жағдайда, жауын шашын кезінде шатқалдан шығып кету керек, құлау қаупі жоғары тастың жанына бармау керек. Себебі көп адам тастардың үстіне шығып, суретке түскенді ұнатады. Негізі туристік бағытпен барып, сол жолмен қайту керек", - дейді инспектор.     

Пандемияға дейін қазақстандықтар көп келмейтін, келетіндердің 60 пайызы шетелдік болған. Қазір шетелдіктер аз, ал өз азаматтарымыз шетелге көп шыға алмайды. Шатқалға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Мысалы пандемияға дейін 2019 жылы бір жылда 20 641 келсе, вирус анықталған жылы карантинге жабылып, турист саны аз болып қалды - 16 105 адам. Ал биыл 3 маусымдағы жағдай бойынша, 12 540 адам келді.

Инспектор аймақтағы тағы бір мәселе барын айтты: штатта адам жетіспейді. 

"Көлік жүргізуші, қоқыс тазалаушы мен дәретхана тазалығына жауап беретін адамдардың бәрін штаттан тыс алғанбыз. Бір күнде 300-400 турист келсе, оларға қарап жүретін қызметкерлер аз. Жақында болған төтенше жағдайда да туристер өзі әрекет етті. Олар көметеспегенде біз ештеңе істей алмайтын едік. Сол кезде кемінде 5-6 инспектор жүргенде қаза тапқан адамдарды да аман алып қалар ма едік? Біздің аумақ - 127 мың гектар. Сол аумаққа 46 штаттық қызметкер бөлінген. Оның 20-сы ғана қорғау, қауіпсіздікке бөлінген адам. Қалғаны басшылық, есепші, жалпы кеңсе қызметкері", - дейді Құтлықжан Юнусов. 

Инспектордың сөзінше, мамандар жалақы аз болғандықтан да келгісі келмейді.

"Жағдай жасалмағандықтан да олардан бірнәрсе талап ету қиын. Одан бөлек, жедел жәрдем қызметкері - медбикелер керек. Тек төтенше жағдайда емес, қарапайым туристер де аяғын сындырып, жарақаттанып не жылан шағып алуы мүмкін. Табиғат қой. Кез келген жағдай болып қалады", - деді маман. 

Қайткенде де, әркімнің өзі шындығы бар. Бүгінде Шарындағы болған апатқа байланысты екі қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бәрі де қозғалған екі қылмыстық іс соңына жеткенде аяқталады. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!





В единстве - сила

Firebase Cloud Messaging