1. Главная
  2. Посмотри

"Қайда тұрасыңдар өзі?" Алматыдағы атауы ерекше көшелердің тыныс-тіршілігі

Еліміздің оңтүстік астанасы Алматы қаласында 2,2 мыңнан аса көше бар. Көше атаулары көбіне тарихта есімі қалған жандарға берілсе, оның ішінде
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

Еліміздің оңтүстік астанасы Алматы қаласында 2,2 мыңнан аса көше бар. Көше атаулары көбіне тарихта есімі қалған жандарға берілсе, оның ішінде бізге белгісіз қызық атаулар да бар. Tengrinews.kz тілшілері қаладағы ерекше көшелерді аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы - бұл қаламыздағы атауы ең ұзақ көшелердің бірі, "Думан" ықшамауданында орналасқан.

Күн ыстық, содан болар, көшеде адам жоқтың қасы. Бір кезде көшеге қоқыс тастауға шыққан апайды сөзге тарттық. Жергілікті тұрғынның айтуынша, көшенің мұндай атауының кесірінен қиындықтар да кездесіп жатады. 

"Елдер "Қандай көшеде тұрасыңдар өзі?" деп кейде мазақтайды да. Бірақ көшеміз тыныш, көршілеріміз де, Аллаға шүкір, жақсы. Жалпы тыныш аудан", - дейді жергілікті тұрғын.  

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы көшесі

Клубная көшесіне неліктен нақты бұл атау берілгені белгісіз. Алайда жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрындары бұл көшеде үлкен клуб болған. 

Клубная көшесі

"Көше кешке қарай қыза түседі. Себебі аулада балалар көп", - дейді жергілікті тұрғын. 

Ал күндіз аптап болғандықтан тым-тырыс. 

Клубная көшесі

"Бұл көшеде орыстар көп тұрады", - дейді жергілікті тұрғын Осоавиахима көшесі жайлы. Қазақстаннан бөлек, Осоавиахима көшесі Ресей мен Украинаның бірнеше қаласында бар. 

Осоавиахима көшесі

Көше қорғаныс, авиация және химиялық құрылысқа жәрдемдесу қоғамының құрметіне берілген.

Осоавиахима көшесі

Төрт жылдан бері сонда тұратын тұрғын көшеге "біртүрлі" ат берілгенін айтады. 

"Неге қалып кеткенін білмеймін. Біртүрлі, өте нашар ат қой, айтуға да қиын. "Особый химиялы жер" сияқты", - дейді тұрғын. 

Ал Түрксіб ауданында орналасқан, жасыл желекке боялған Суонио көшесі Қазақстаннан шыққан алғашқы ұшқыштардың бірі Теодор Суонионың құрметіне берілгенін бірі білсе, бірі біле бермес. 


Суонио көшесі

Көшенің ұзындығы - 760 метр, бұрынғы атауы Турухан көшесі. Теодор Суонионың өзі 1896 жылы Выборг маңайында туған. 1917 жылы Азаматтық әуе шайқасына қатысып, кейіннен Қазақстанда жұмыс істеп, көптеген әуе жолын бірінші ашушы болған. 

Суонио көшесі

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, 1905 жылдың 9 қаңтары - қанды жексенбі деп аталады. Оған себеп - Санкт-Петербург бейбіт шаруа қозғалысының қысқы сарайға өтіп, патшаға петиция тапсыру кезінде патшалық Ресей үкіметінің шаруаларды көптеп қырып жою күні болған. Бұл Алматыдағы көшелердің біріне 9 января (9 қаңтар) деген атау берілуінің бір себебі болуы мүмкін екен. 

9 января көшесі

Биянху ұзын көшелердің бірі - шамамен 2,5 мың метр. Көшеге Қытайда Циньск династиясына қарсы халық көтеріліс ұйымдастырушы, осы көтерілістен кейін дұнғандармен бірге Ресейге және Орта Азияға қоныс аударған дұнған батыры Биянхудың (Бценху) есімі берілген. Бүгінде көшеде сауда қызу жүріп жатыр. 


Биянху көшесі

Көше Жетісу және Медеу аудандарын қиып өтеді. Гвардейский көшесінен басталып, Рысқұлов даңғылына дейін созылып жатыр. Көбіне дүнген халқы тұрады. Бұрынғы атауы - Ленин көшесі. 


Биянху көшесі

Наурызбай ауданындағы Афцинао көшесі картада "С" әріпі тәрізді жатыр. КСРО кезінде бұл көшеде АфЦИНАО яғни ЦИНАО-ның Алматыдағы бөлімшесі орналасқан. ЦИНАО - Мәскеу Ауыл шаруашылығына агрохимиялық қызмет көрсету Орталық ғылыми-зерттеу институты, атауы орыс тілінен қысқартылған. Бүгінде ол Д.Н.Прянишников атындағы Бүкілресейлік агрохимия ғылыми-зерттеу институты.

Көшенің өзі тыныш, адамдар көп шыға бермейді. Тек балабақшада улап-шулаған балалардың даусы естіледі.  

24 июня - қаладағы ең қысқа көшенің бірі. Ұзындығы небәрі - 200 метр, Бостандық ауданында орналасқан. 1945 жылы 24 маусымда Мәскеудің Қызыл алаңында Ұлы Отан соғысындағы жеңіске орай шеру өткен болатын. Көшеге сол күннің құрметіне 24 июня атауы берілген екен. 

Айта кетейік, қалада бұдан да бөлек көше атаулары бар. Мысалы 40 лет победы, Ньютон, Балбырауын, Лазо, Ақбозат, Домбыра, Алғыс, Құрмет, Апорт, Цулукидзе, Аңырақай және Ұлпан көшелері де бар. 

Мәтін: Сымбат Сатыбалдина

Суреттер: Әлихан Сариев

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!