ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
19 августа 2021 | 15:11

"Керек емеспін". Бекзатты чемпион еткен бапкер қазір қайда жүр?

Алихан Сариев
Алихан Сариев Фотокорреспондент
viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
Бекзат Саттарханов бапкері Тұрсынғали Еділовпен. © Бапкердің жеке архивінен Бекзат Саттарханов бапкері Тұрсынғали Еділовпен. © Бапкердің жеке архивінен

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Бокстан Қазақстан құрамасы тарихындағы ең үздік бапкер саналатын Тұрсынғали Еділовті қазір көбі тани қоймас. Ол құраманы баптаған кезде 2000 жылы боксшыларымыз Сидней Олимпиадасынан екі алтын, екі күміс медаль жеңіп алған. Ал қазір "ешкімге керек болмай қалдым" дейді ол. 

Тұрсынғали Еділовтің Алматыдағы кішкентай көшелердің бірінде шағын залы бар. Бүгінде балаларды жаттықтырып жүр. Бапкермен кездесіп, әңгімеге тарттық. Бізді күтіп алған бойда Еділов әңгімесін Токио Олимпиадасынан бастады. Нәтижеге көңілі толмапты. Сөзінен құрамадағы жағдайға іші ашитындай көрінді. 

"Осы Олимпиада нәтижесі қатты ойландырады. Ешқашан болмаған нәтиже. Бокс - бізде нөмірі бірінші спорт. Осы спортта әлем үздіктерінің біріміз. Қайда сол? Сараптап, нақты кім жауапты екенін анықтауымыз керек. Ішім күйеді, құрамаға жаным ашиды.

Әрине, бұған бас бапкер жауап береді. Бірақ соны ғана кінәлаймыз ба? Кезіндегі Олимпиада чемпиондары қазір Спорт комитетінде, федерацияларда жүр. Олар жауапты емес пе? Дайындыққа қанша қажарат бөлінді, солар қайда? Шыны керек, көбі көлеңкесінен қорқады. Жалпы, жүйе дұрыс емес", - деп ашынды бапкер. 

Сөзін тыңдап, ақырындап залға кірдік. 

Әңгімені өзіне бұрып, боксқа қалай келгенін сұрадық. Тұрсынғали Еділов Алматы облысындағы Тасқарасу аулында туған. 7-сыныпта бокс үйірмесіне барып бастапты.

"Бір жас бапкер ауылға келіп, үйірме ашты. Ол кезде спорт зал жоқ, жазда далада, қыста парталарды ысырып қойып, сыныпта жаттығатын едік. Облыстық жарыстарда көзге түсіп жүрдім", - дейді ол. 

Кейін мектеп бітірген соң, аты дүркіреп тұрған "Динамода" жаттыққан. Алғашқы жарысы - Алтай өңірлері ашық чемпионатында алтын медаль алған. 1984 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарды.  


Алтай өңірлері ашық чемпионатында жеңген сәті

"Ауылда жүргенде КСРО спорт шебері белгісін тағу арманым болды. Соған қол жеткіздім" деген ол кейін бапкерлік карьерасын бастаған. 

Осы тұста Сиднейдегі естеліктерін сұрадық. Сол кезде боксты тастап кеткен Ермахан Ибраимовті қалай рингке қайта әкелгенін айтып берді. 

"1989-1990 жылдары Ермахан Ибраимовтің аты дүркіреп тұрды. КСРО чемпионаттарында жеңіп жүрді. Бірақ 1993 жылы Ермаханмен кездесіп қалдым. Ол бір-екі жылдан бері боксты тастап кетіпті. "Аға, жағдай болмай жүр. Проблемалар көбейіп кетті. Жұмыс жоқ, бапкерлерге керек болмай қалдым" деді. "Қайдағы проблема? "Динамоға" кел" дедім. Келді. Сол кезде бапкерлердің бірі "О, Олимпиада жүлдегері келді" деп еді. Содан Ермаханның жағдайын жасап, құраманың бас бапкеріне алып бардым. Ермаханға мүмкіндік беруін сұрадым.

1995 жылы, қателеспесем, Ермахан құрамаға алынып, өте абыройлы саналатын Орта Азия ойынында өзбек боксшысынан жеңіліп қалды. Сөйтіп, оны құрамада ешкім көргісі келмеді. Мен бүкіл ақшамды жинап, бапкерлерді көмекке шақырып, Ермаханды, Марат Мәзімбаевты, тағы бірнеше боксшыны Италиядағы жарысқа алып бардым. Ермахан төрт қарсыласының бәрін жеңді. Кейін лицензиялық Азия чемпионатына барып, бәрін жеңіп қайтты. Сөйтіп, 1996 жылы Атланта Олимпиадасында қола медаль алды. Ермаханның бағын кім ашты дегенде бәрі "Тұрсынғали Еділов" дейтін", - деп еске алды ол.  

Бекзат Саттарханов туралы да естелігі көп. Құрамаға қалай алғанын, бойынан қандай қасиет көргенін әңгімеледі. 

"1998 жылғы Қазақстан чемпионатының жартылай финалында менің жеке шәкіртім Марат Мәзімбаев 18 жастағы Бекзат Саттархановты жеңді. Бірақ Бекзаттың болашағы бар екенін бірден байқадым. Ойланып жұдырықтасады. Олимпиадада Бекзат қарсыласының бәрін жастықпен, жылдамдықпен жеңді. Тәуекелге барды, қарсыластың алдын орап, тактикасын өзгертіп отырды", - дейді ол. 

Осылайша, Еділов баптаған Қазақстан құрамасы Сидней Олимпиадасында екі алтын және екі күміс медаль иеленген. 

"Жүлде ала алмаған боксшыларым үшін де мақтана аламын. Көздерінде от болды. Кейін елге оралған кезде сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдық. "Сенен үш "алтын" күтіп едім" деп күлімдегені есімде", - дейді Еділов.

Ол Сидней Олимпиадасынан кейін Ермаханның жеке бапкері ретінде 100 мың доллар алған. Құраманың бас бапкері ретінде сыйақы, пәтер қарастырылмаған екен.

2002 жылы Тұрсынғали Еділов құрамадан кетті. 

"Ешкімге керек болмадым. Анда-мында жаттықтырып жүрдім. Өзім де есік аралап, ұмтылған жоқпын. Көңілім қалды. Кейбірі Олимпиада чемпионы болып алып, әркімнің сөзін сөйлеп, жүйеге кіріп алғысы келеді. Маған оның керегі жоқ", - дейді бапкер. 

Қазір Тұрсынғали Еділов Алматыда тұрады, федерациялармен байланысы жоқ. Үйінен ашқан шағын залы бар. 

"Арманым өз залымды ашу еді. 2015 жылы қиналсам да, әлі қарыз болып жүрсем де, үйімнің астынан зал салып алдым. Қазір залға кірмесем, балаларды көрмесем ауырып қаламын", - деп күледі ол. 

Кезінде ұлттық құрамадағы ең абыройлы болған бапкер қазір үйінде балаларды жаттықтырып жүр. 

"Жеке зал болған соң, ақылы. Бірақ бекітіп қойған сомам жоқ. Біреу 5, біреу 10 мың теңге береді. Бұл жақта кімнің жағдайы бар дейсің? Бәрі пәтер жалдап тұрады. Ақшаны бір ай берсе, бір ай бермейді. Оған қарамаймын. Су, газ бен жарыққа ай сайын 100 мың теңгеден аса төлеймін. Соны төлеп тастасам болды. Әйтпесе, өзім қатты пайда көріп жатқан жоқпын", - дейді Еділов. 

Бір бұрышта Сиднейде топ жарған боксшылардың суреті ілініп тұр. Еділовтің мақтанышы. 

Ал бұл жәй ғана тұлып емес. Тарихи тұлып. Кезінде дәл осы тұлыппен Бекзат Саттарханов жаттыққан. 

Бүгінде бұл тұлыппен жас боксшылар жаттығып жүр. 

"Кім біледі, тағы бір Бекзатты жаттықтырып жатқан шығармын", - дейді Еділов. 

Күнде кешкісін бүкіл залдың еденін бапкердің өзі жуып шығады екен. "Кімге жалынып жүремін?" - дейді ол. 

Қоштасар тұста тағы да қазақ боксы, федерация туралы сөйлестік. Желіде "Ұлттық құрамаға Тұрсынғали Еділовті қайтару керек" деген түрлі пікірді жеткіздік. 

"Мен кімге керекпін? Жағдай жасалмаса да, 2000 жылы екі "алтын", екі "күміс" алдық. Ал бүгінгілер соны қайталай алмай жүр. Сидней нәтижесімен салыстырудан әбден шаршадық", - деп күрсінді бапкер.

Бір өкініші бар сияқты. Алғыс айтып, есікке қарай беттедік. Ал бапкер болашақ Бекзатты дайындауға кетті. 

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 523.72  course down  543.16  course up  5.1  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer