ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
17 сентября 2020 | 13:24

"Уламаңдар деп ұрысады". Дезинфекторлар не шашып жүр?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Tengrinews.kz/Әлихан Сариев © Tengrinews.kz/Әлихан Сариев


Иконка комментария блок соц сети

Халық арасында дезинфекторға деген көзқарас екіге бөлінген. Бірі олардың жұмысын пайдалы санаса, тағы бірі олар у шашып жатыр деп сенеді. Спортшы Қуат Найманның дезинфекторлар туралы айтқан видеосы әлі қызу талқыланып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі алматылық дезинфекторлармен кездесіп, жұмыс барысымен танысты.

Алматы қаласы аудандарының 80 пайызын "Алматы жарығы" компаниясының қызметкерлері дезинфекциялайды. Бұл жұмысмен айналысатын бірнеше бригада бар, әрқайсы 55-70 адамнан құралған.

Жетісу және Медеу ауданындағы дезинфекция бойынша менеджер Бабек Жумакаевтің айтуынша, дезинфектор болу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ.

"Дезинфекторларды жұмысқа қабылдар алдында, тренингтен өткіземіз. Әр дезинфектордың сертификаты бар. Бәрі де міндетті түрде қауіпсіздік техникасын білуі қажет. Содан кейін ғана жұмысқа аламыз", - дейді ол.

Осылайша, сертификат алған дезинфекторлар топ-топқа бөлініп, күн сайын қаланы дезинфекциялаумен айналысады. Бір адам орташа есеппен күніне 10-12 үйді дезинфекциялап шығады.

Жұмыс уақыты таңғы 8-де басталады. Бәрі жиналып, өз аппараттарын бөліп алады. Кейін оларға көзілдірік пен қолғаптар беріледі.

Сосын әр бригада өз ауданына барады. 10-15 адамға бөлініп, үйлерді дезинфекциялауға көшеді. Жұмыс уақыты 16:30-17:00 шамасында аяқталады. Осылай, аптасына алты күн жұмыс істейді.

Біз Уәлиханов, 68 мекенжайындағы дезинфекциялау жұмысына бардық. Дезинфекция алдында тұрғындарға міндетті түрде ескерту жасалады.

"Дезинфекция жұмысы жүріп жатыр. Алдағы екі сағатта үйден шықпауларыңызды сұраймыз" деген хабарлама айтылды.  

Бабек Жумакаевтің айтуынша, негізінде тұрғындар 20-30 минут үйден шықпауы керек. Бірақ қауіпсіздік шарасы ретінде екі сағат шықпауды ұсынады екен.

Сөйтіп, әр дезинфектор бір-бір подъезді алып, жұмысына кіріседі.

Тамерлан Бейсембаевтың дезинфектор болып жұмыс істеп жүргеніне 1,5 ай болған. Ол жұмыстың кей ауыртпалығы барын айтты.

"Подъезд алдына келіп, пәтерлердің домофонына хабарласамыз. Кейде ешкім есікті ашпай қояды. Сол кезде сол подъезді белгілеп, келесі үйге көше береміз. Жұмысқа кедергі келтіретін адамдар бар. "Шашпаңдар, уламаңдар, жұмысты қашан тоқтатасыңдар?" деп ұрысады кейбірі", - дейді Тамерлан.

Дезинфекция жасап болған соң, әр дезинфектор пәтерлердің есігін қағып, ескертеді. Кейін ауланы дезинфекциялауға көшеді.

Балалардың ойын алаңы, орындықтың бәрі дезинфекциядан өтеді. Кейін келесі үйге ауысады.

Дезинфекция сапасын бригадирлер мен менеджер бақылап отырады.

Дезинфекторлардың артындағы арнайы құрылғыларды көрген боларсыздар. Бұл дезинфекциялық құрылғы "моторлы біріккіш аппарат" деп аталады. Ішінде дезинфекцияға арналған сұйықтық бар. Құрамы - спирт пен аммоний, бірінші деңгейлі этанол.

Дезинфекторлардың айтуынша, оның аллергиялық реакциясы болмайды, адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз.

Біз жұмыс барысын бақылаған кезімізде тұрғындар арасынан дезинфекторларға қарсы болған ешкімді байқамадық. Көбі есікті өздері ашып береді.

Бірақ, Бабек Жумакаевтің сөзінше, әр 100 адамның бір-екеуі дезинфекторларға жағымсыз көзбен қарайды екен.

"Бірақ бүгінге дейін тек кей адамның ұрысқаны болмаса, ешкім физикалық тұрғыда күш көрсетпейді. Егер біреу жұмысқа кедергі келтірсе, келіп, сертификаттарды көрсетеміз, сұйықтықтың құрамын айтып береміз. Қуат Хамитовтің видеосы тарағаннан кейін, бізге соны көрсетіп, қалжыңдайтындар бар. Бірақ видеодан кейін халықтың бізге деген көзқарасы қатты өзгере қойған жоқ. Қуат та халық алдында жүрген адам болған соң, олай сөйлемеуі керек еді", - дейді ол.

Мәтін: Есет Төлеш
Сурет: Әлихан Сариев

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 498.59   521.12   4.87 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети