ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
01 октября 2021 | 09:30

900 сағат ұшқан. АҚШ-та 22 жастағы қазақ жігіті алып әуекомпанияның ұшқышы болды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дәурен Сәбитов. © жеке мұрағаттан Дәурен Сәбитов. © жеке мұрағаттан

Алматы облысынан шыққан Дәурен Сәбитов небәрі 22 жасында Американың ең алып әуекомпанияларының бірінде ұшқыш-инструктор болып жұмыс істейді. Оның ең алғаш штурвалға отырған сәті, АҚШ-тағы ұшқыштардың жалақысы және қазақ авиациясының жағдайы туралы толығырақ Tengrinews.kz тілшісінің материалында.


Иконка комментария блок соц сети

Алматы облысынан шыққан Дәурен Сәбитов небәрі 22 жасында Американың ең алып әуекомпанияларының бірінде ұшқыш-инструктор болып жұмыс істейді. Оның ең алғаш штурвалға отырған сәті, АҚШ-тағы ұшқыштардың жалақысы және қазақ авиациясының жағдайы туралы толығырақ Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

Алматыдан Америкаға...

Дәурен 1999 жылы қазақтың қарапайым отбасында туған. Бала кезінен ұшқыш болуды армандаған ол  Алматыдағы ҚТЛ-ды бітіріп, бірден Америкаға жол тартады. 

"2017 жылы мектепте бірге оқыған сыныптастарыммен бір уақытта АҚШ-тағы Калифорния штатының Сан-Матео қаласына келдік. Достарымның арасында мен ғана авиацияны таңдадым. Оның өз тарихы бар", - деп ол әңгімесін алыстан бастады.

Әке көрген...

Дәурен Сәбитовтің әкесі де ұшқыш болып шықты. Бала Дәуреннің мамандық таңдауына әкесі Ғалым зор ықпалы еткен.  

"Әкем көп жыл бойы авиация саласында жұмыс істеп жүр. 5 жасымда алғаш рет өзінің жұмыс орнына апарғаны есімнен кетпейді. Өз көзіммен алып ұшақтарды, олардың арнайы дайындықтан өту процесін сол кезде бірінші рет көрсем керек. Тіпті, әкеммен бірнеше рет ұшқан кездерім де болды. Ұшқыштардың кабинасынан ғана байқауға болатын әуедегі көрініс, күннің шығуы мен батуы мені бірден баурап алды. Қысқа қайырғанда, болашақта кім болатынымды 5 жасымда-ақ білдім ғой", - дейді ол.   

Қазір ол Standord Flying арнайы оқу орнында білімін жетілдіріп, жоғары санатты сертификат алуға дайындалып жүр.

"Басқа саланы білмедім, бірақ, ұшқыш боламын деген адам күнделікті өз білігін арттырып отыруы шарт. Бүгінде Standord Flying ұшқыштар мектебінде қосымша білім алып жүрмін. Аптасына бірнеше рет оқуға жаңа түскен студенттерге дәріс оқып, олардың практикалық жұмыстарын жүргіземін", - деді Дәурен.   

"АҚШ-та ұшқыш дайындайтын оқу орындарының ақысы Қазақстаннан арзан"

Оның айтуынша, Америкадағы ұшқыштарды даярлайтын оқу орындарының бағасы Қазақстанмен бірдей. 

"Біреу сенер, біреу нанбас, бірақ АҚШ-та ұшқыштарды дайындайтын орындар Қазақстандағы академиялардан арзанырақ. Авиациясы ең мықты дамыған ел болса да, ұшқыштарға бар жағдайды жасаған", - дейді ол. 

California Airways корпорациясындағы карьера

2021 жылы Дәурен бала кездегі арманын орындап, Американың ең атақты әуекомпанияларының біріне жұмысқа тұрады.

"Қазір California Airways корпорациясында ұшқыш-инструктор болып жұмыс істеймін. Бекітілген кестеге сай рейстерге шығамын, сондай-ақ алдын ала ұшақты тестілеу жұмысына қатысамын. Бастапқыда талап жоғары болып, үйренісе алмай жүр едім, бірақ қазір өзімді бұл компаниясыз елестете алмаймын", - дейді жас ұшқыш. 

Сонымен қатар, Дәурен жеке тапсырыс қабылдап, чартерлік рейстердің де тізгінін ұстап жүр.

"Set Jet деген чартерлік рейстермен айналысатын компания бар. Қолым бос болса, олардан түскен тапсырыс бойынша ұшамын. Әдетте бұл компанияны тек қалталы азаматтар жалдайды", - деді ол.

"Әріптесім жылына жарты миллион доллар табады"

Дәуреннің айтуынша, АҚШ-та ұшқыштардың жалақысы өте жоғары, қаржыдан қысылып жүрген адам табу қиын-ақ.

"Америка ұшқыштардың айлығын аямай төлейді. Менімен бірге жылына 550 мың доллар табатын кісі жұмыс істейді. Ең төмен дегендері 200-250 мың доллар төңірегінде айлық алады. Бұл енді мамандардың кәсіби білігіне және тәжірибесіне байланысты. 5 жылдан кейін менің де соншалықты қаражат табуға мүмкіндігім бар", - дейді Дәурен Сәбитов.

22 жасында экипаж пилоты боп 900 сағат ұшқан

АҚШ-та ұшқыштың дәрежесін миль не шақырым емес, сағат анықтайды екен.

"Пилот есебінде 900 сағат ұшыппын. Бұл жұмысқа шыққан уақытым емес, әуедегі есеп. Басқа елдерде 900 сағат ұшуға 10-15 жылыңды сарп етуің мүмкін, бірақ тек Америкада емес. Мұнда жасыңа, дініңе, нәсіліңе қарамайды, басты талап - білігің мен жауапкершілік", - дейді ол.

Ұшқыштар туралы ТОП-3 миф

Сонымен қатар, Дәурен ұшқыштар жайлы кең тараған мифтер мен жалған ақпараттарға тоқталды.  

"Біріншіден, ұзақ рейстерден ұшқыштардың денсаулығына ешқандай зақым келмейді. Ұшақ толық герметикадан өткендіктен 15 мың метр биіктің өзінде оттегін бірдей жұтамыз: басымыз ауырмайды, жүрек соғысымыз бірқалыпты. Екіншіден, ұшқыштар ешқашан жұмыс барысында ішімдікке жол бермейді. Әр рейстің алдында қан тапсырамыз. Үшіншіден, ұшақ қауіпсіз транспорт деген қорқыныш бар. Әлем бойынша күніне миллиондаған рейс шығады және олардың 99,9 пайызы А нүктесінен Б нүктесіне аман-есен жетеді. Аэрофобиядан арылу керек", - деді Дәурен Сәбитов.

"Қазақстанда әуебилеттері өте қымбат"

Кейіпкеріміз Қазақстандағы авиация және әуекомпаниялары турасында да ой бөлісті. Оның айтуынша, елде әуебилет бағасы тым қымбат.

"Жалпылай алғанда, Қазақстандағы әуекомпаниялардың деңгейі елдегі экономикаға тікелей байланысты ғой. Кеше қалааралық билеттердің бағасын қарап, таң боп отырмын. Өте қымбат дер едім. Тура сол бағаға Еуропада басқа елдерге ұшып жатады. Ал авиацияның өзіне келетін болсақ, Қазақстанда ұшқыштарды дайындайтын академияларды көбейту керек. Тек оқытып қоймай, университеттен кейін тәжірибеден тегін өткізсе деген тілек бар", - дейді ол.    

Сан-Францисконың әуеден түсірілген суреті

Алдағы жоспары және елге оралуы

Жас ұшқыш Қазақстанға қашан оралатынын да айтып берді. Ол елге келіп, жас студенттермен жұмыс істегісі келетінін алға тартты.

"5-6 жылдан кейін елге қайтып, Америкада жинаған тәжірибемді Қазақстан авиациясының дамуына арнасам деймін. Оқуды енді бітіріп, ұшақ экипажына аяқ баса алмай жүрген жастарға бағыт көрсетуді армандап жүрмін", - деп сөзін аяқтады ол. 

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Фото Дәурен Сәкеновтің жеке мұрағатынан

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 494.98   521.17   4.92 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети