ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
05 декабря 2019 | 17:17

Адамның тағдыры есіміне байланысты ма? Этнограф қазақтың ат қою ырымдарын айтты

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Халқымыз сәбиге ат қою дәстүріне атам заманнан аса жауапкершілікпен қараған. Балаға мағынасы дұрыс, құлаққа жағымды, көркем ат қоюға тырысқан. Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне қазақтың балаға ат қоюдағы ерекшеліктерін айтып берді.  


Иконка комментария блок соц сети

Халқымыз сәбиге ат қою дәстүріне атам заманнан аса жауапкершілікпен қараған. Балаға мағынасы дұрыс, құлаққа жағымды, көркем ат қоюға тырысқан. Этнограф Болат Бопайұлы Tengrinews.kz тілшісіне қазақтың балаға ат қоюдағы ерекшеліктерін айтып берді.  

Бала есімін кімге қойғызған?

 

Болат Бопайұлы балаға ат қою әкесінің жауапкершілігі екенін айтады. Ал ол жолдасына жол берсе, анасы қояды. Болмаса үйдегі ата-әжелері немесе нағашы жұрты, қайын жұрты, ет жақын туыстарынан сұраған.  

Балаға есім беру нәрестені бесікке салатын күні жасалатын кәделі ырым. Балаға қойылатын атты сондай-ақ, ауылдағы көпті көрген, көнекті тескен, ауыл ақсақалдары немесе ауыл аналарының біріне тапсырады. Есімді халық ішінде беделі бар, білікті, білімді, дара, дана, көсем, шебер, ел мойындайтын, сөзінде тұратын адамдарға арнайы шақырып қойғызады.

Болат Бопайұлының айтуынша, бала есімін қойдыратын адамға күні бұрын ескертіледі.

"Ол адам үй иесінің ата тегін ескеріп, балаға лайықты, жарасымды есім таңдап қояды. Мұнда бесікке жаңа салынған баланың оң құлағына үш рет азан шақырып, сол құлағына үш рет тақуа айтып барып, сенің атың мынадай деп атты азанмен қояды", - дейді ол.

Қазақ баланың атын қойған адамды риза қылып, ат мінгізіп, түйе жетектететін, тонын жауып, кәдесін өтеген. Бала сол адамға тартады деп ырымдаған екен. Ал ол кісі балаға бата беріп, кейін үлкейіп, азамат болғанша оған қамқоршы, сүйеніш болып, тәрбиесін көрсетіп, үнемі назар аударып, уақытын бөлген.  

Ойдан-қырдан тауып, аузына түскен атты қоя беруге болмайды

 

Этнографтың сөзінше, қазақта ат қоюдың өзіндік жолы, даралығы бар.

"Нәрестеге туыс адамдарының аты қайталанбай қойылуы тиіс. Ол ел-жұртқа күлкі болмауы керек. Естіген құлаққа жағымды, мәнді-мағыналы болуы шарт. Тау-тастан, ойдан-қырдан тауып, аузына не түссе, соны қоя беруге болмайды. Ондай жарасымсыз, нашар естілетін аттарға тыйым салынады. Себебі баланың аты мінезіне әсер етеді дейді", - дейді Болат Бопайұлы.

Қазақ ұл балаға Қуандық, Амал, Сүйіндік, Бақкелді сынды аттарды таңдайды. Ал қыз балаларға Жібек, Гауһар, Жұлдыз, Айсұлу сынды аттарды қойған.

"Кейін бұрын өткен бабаларының есімін де қайта жаңғыртып қояды. Үлкен палуан, көсем-шешендерге, білімді адамдарға еліктеп Абай, Мұхтар, Мұхамед, Қалиарыстан сияқты есімдер қойған. Оның себебі, бұл ғұламалардың жолын берсін, соларға тартып, білімді-білікті, атына заты сай болсын деген. Халқымызда аты қандай болса, мінезі де сондай болады деп ырым етеді", - дейді ол.   

Көз тимесін деп Тұяқ секілді есімдерді қойған

 

Қыз туған әйелдің баласына Ұлбосын, Ұлтуған, Жаңылсын деген сынды аттар қояды. Онысы артынан ұл туады деп ырымдағаны. 

"Кейде балаға көз сұғы қадалмауы үшін, қайта-қайта сәбиі шетінеп кеткен әйелдердің балаларына Тұяқ, Башпай, Итемген деген сияқты аттарды қойған. Десе де бала ер жеткенде есімін ауыстырған. Ал егіз туған қыздарға Айман - Шолпан, Айгүл - Бақытгүл, Жанаргүл - Мақпал сынды аттар қойса, ұл балаларға Асқар - Шалқар, Ақберген - Нақберген деген сияқты жарасымда ұйқас аттар қоя білген", - дейді этнограф.

Қазақта балаға берілген ұлы тұлғалардың есімі ауыр тиеді деп есептейді. Энограф бұл тұрғыда ойын білдірді.  

"Қиын болмайды. Мысалы Мұхамед есімін қазақ баласына иманы кәміл, жүзі жарқын, жолы ашық, ғұмыры ұзақ, беделі жоғары, абыройы асқақ, білімді, білікті, елге сөзі өтімді болады деп ырымдап қояды", - дейді Болат Бопайұлы.

Баланы бесікке салу тойымен бірге ата-аналар үлкен ауыл адамдарын жинап, ақ-сары бас малын, болмаса көк қасқа тайын, ақ түйенің қарнын жарып немесе өгіз сойып, шама шарқына қарай тамаша бір кәделі той жасап, туыс-туғандарын шақырған.

"Қазақта ат қою дәстүрі күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан ұлағатты, ұлы дәстүрлеріміздің бірі. Мұны да керемет тәртіпке санап, сапалы тойласақ рухани жаңғырудың тамаша жолы болмақ. Қазақ ғалымдары атты үнемі жақсылыққа қоятын, жамандыққа жорымаған. Аты жаман қойылса, кейін ол тағдырына, мінезі мен көңіл-күйіне, айналасындағы жақындарына әсер етеді деп ойлаған. Ал жаман есімді тек амалсыздан, қатты қиналған сәттерде ғана берген", - деп түйіндеді этнограф.

Балаға есімді бір жасқа толғанда қоятын қазақ дәстүрі қалай ұмытылды

 

Сондай-ақ, қазақ халқында ертеде жаңа туған сәбиге бірден ат қоймайтын дәстүр болыпты. Алғашқы ерлігін жасағанша бала есімсіз жүрген екен. Балаға кеш ат қою дуализм ұғымынан туындаған. Бұл түсінік бойынша адам өмірден өтсе, қайта туады - солай айналып жүре береді.

Қазақ бұрын баласына кемінде бір жасқа дейін ат қоймаған. Себебі бала бұрын дүниеден өткен адамның жалғасы деп сенген. Мысалы, қайтыс болған адамның қырық күндік садақасын береді, ал бала туған соң оны қырқынан шығарады. Сол секілді өлген адамның жылын берсе, бала жасқа толғанда тұсауын кесіп, бұл өмірге өтті деп, есім берген. Толығырақ мына сілтемеде

Биылғы ең танымал есімдер

Еімізде биыл ең көп қойылған ұл баланың есімдері - Әлихан, Айсұлтан, Нұрислам, Әмір, Әлинұр, Санжар, Алдияр болса, қыздардың арасында Медина, Раяна, Айлин, Асылым, Айзере, Кәусар және Томиристер көп. Бұл Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің сайтында көрсетілген ақпарат. 

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 498.59   521.12   4.87 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети