Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли ақын Есенғали Раушанов соңғы күндері ауруханада жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли ақын Есенғали Раушанов соңғы күндері ауруханада жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Биылғы сәуір алашқа ауыр соқты-ау. Кеше ғана дарабоз Қабдеш ағаны дәрлібақиға аттандырып, боздап қалып едік. Бозтөбенің беті суымай жатып Есенғали аға Раушановтан айырылдық. 64-ақ жас. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана ағамды туған күнімен құттықтап пост жазып едім. Ризашылығын айтып қуанып қалып еді. Жыл айналмай қаралы аза сөз айтамын деп кім ойлаған?! Алланың ісі өзіне жөн. Пенде шіркіннің қолынан не келмек?! Мұқағалиден кейінгі буынның алдыңғы тобындағы үркердей аз шоғырдың бірі еді. Принципшілдігі мен бірбеткейлігі артқы буын біздерге үлгі еді. Соңынан шұбыртып көп өскін ертіп, өлеңде өзгеше мектеп қалдырған ақын болатын. Эпостан туған эпик еді ғой", - деп жазды Берік Уәли Instagram желісіндегі парақшасында.
Оның сөзінше, осыдан екі апта бұрын ақын, журналист Ұлықбек Есдәулет хабарласып, Есенғали Раушанов ауырып қалғанын, дұрыстап назарға алу керегін айтқан.
"Мен қала әкімі Бақытжан Әбдірұлымен сөйлестім. Ол кісі де құрметін білдіріп, жеке бақылауына алатынын айтқан. Өзімен де сөйлестім. Бірақ, демінде сәл ентігі болғанымен, жағдайы жақсы сияқты еді. Демеп, қанаттандыруға еңсемді салғам. Өзі де рухы көтеріліп, "Бұдан да өтерміз" деп еді, жарықтық.
Екі күн бұрын Светқали аға да алаңдап хабарласты. Министр Алексей Цойға айттым. Ол да назарына алған. Бірақ, келіп тұрған ажалға араша бола алмадық. Есенғали ағамыз өзінен кейінгі жастарды қолдап отыратын. Бізге де "Халің қалай, Берікжан?" деп жиі хабарласып, демеп отырушы еді. Енді мұның бәрі аяулы естелік болып қалды. Қандай өкінішті. Бақұл болыңыз, ЕсАға!", - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, бүгін Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов өмірден өткені белгілі болды.