Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
26 июня 2019 15:48

"Арыста 350 тұрғын хабар-ошарсыз кетті ме?" - Жұртты дүрліктірген фейк-жаңалықтар

ПОДЕЛИТЬСЯ

24 маусымда Арыста болған жарылыстардан соң әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттар тарап жатыр, оның ішінде жалғаны да бар. Тengrinews.kz тілшісі ел арасында тарап жатқан жалған ақпараттарды тізіп шықты.


24 маусымда Арыста болған жарылыстардан соң әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттар тарап жатыр, оның ішінде жалғаны да бар. Тengrinews.kz тілшісі ел арасында тарап жатқан жалған ақпараттарды тізіп шықты.

"Бөген су қоймасы ашылады"

Жарылыс болған күні әлеуметтік желілер мен Арыс тұрғындары арасында өртті сөндіру үшін Бөген су қоймасы ашылады деген ақпарат тараған. Осы ақпараттан соң көп тұрғын үйін тастап, қырға қарай қашқан болатын. Бірақ Ордабасы аудандық әкімдігі Бөген су қоймасы ашылады деген мәліметті жоққа шығарды.


Бөген су қоймасы

"Арыс қаласындағы әскери қоймада болған төтенше жағдай бойынша Бөген су қоймасында ешқандай да штаттан тыс әрекеттер іске асырылмайды. Тұрғындарды әлеуметтік желілердегі қауесет сөздерге сенбеуге, сабырлылыққа шақырамыз", - деген еді әкімдіктің баспасөз қызметі.

"Радиация тарайды"

Әскери қоймадағы жарылыстан соң қала бойынша радиация тарайды деген де қауесеттер желдей ұшты. Кейбірі радиация салдарынан ауамен у тарап жатыр деп, бәрін йод ішуге шақырған болатын.

Бірақ жарылыс болған күні жедел брифинг өтіп, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бұл мәліметтің жалған екенін айтты.

"Ешқандай радиациялық снарядтар болмады. Ешқандай радиация жоқ", - деді қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

"Снаряд тиіп қаза тапқан жасөспірім"

Әлеуметтік желіде жарылыс салдарынан бір жасөспірім қаза тапқаны таралған. Желідегі ақпаратқа сүйенсек, қоймадан ұшқан снаряд баланың басына тиіп, өмірін қиған екен. Бұл да жалған ақпарат болып шықты.

Қазіргі таңда жарылыс салдарынан 3 адамның қаза тапқаны белгілі. Араларында кішкентай балалар мен жасөспірімдер жоқ.

"Жарылыстың видеосы"

Ғаламторда Арыстағы жарылыс деген атпен видео таралып жатыр. Видеодан үлкен көлемде жарылыс болып, снарядтар жанған күйі қаланың ішіне ұшып жатқанын байқауға болады.

Бірақ бұл видео Арыста түсірілмегені анықталды. Роликтегі төтенше жағдай 2017 жылы 23 мамырда Украинаның Харьков облысында болған.  

"Арыста атом бомбасы жарылады"

"2 сағат ішінде Шымкентте атом бомбасы жарылады". Тұрғындар Whatsapp мессенджері арқылы бір-біріне осындай ескерту жасап жатыр. 

"Көршілер, шұғыл хабар. 2 сағатта Шымкентті босату керек екен. Қазір атом бомбасы жарылады, тезірек үйлеріңнен шығыңдар. Шымкентті босатыңдар, халыққа айтпай жатыр", - делінген хабарламалардың бірінде.

"ТЖМ-ден Шымкентті босатсын деген хабарлама келді. Ержанның қайнысынан. Шымкенттен шығып кетіңіздер. Ерік туысқаным, қайт бері қарай. Қайын жұртқа барасыңдар ма, басқа жаққа барыңдар. "Луна" деген жарылады дейді, жердің қызуын тоқтата алмай жатыр. Қайтыңдар", - дейді ер адамдардың бірі.

Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпараттың жалған екенін хабарлады.

"Құрметті облыс тұрғындары! Қазіргі уақытта Түркістан облысында əлеуметтік желілер арқылы Арыс қаласында атом бомбасы жарылады деген жалған мәліметтер таратылуда. Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпараттың жалған екенін хабарлап, осындай жалған мәліметтерге сенбеулеріңізді сұрайды", - деп хабарлады ведомстводағылар.

"Көп адам жан тапсырды"

Ғаламторда Арыстағы жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны жайлы түрлі ақпараттар кезіп жүр. "Азаттық" сайтының эфирінде үш әйел жолда көп адамның жан тапсырып, екіге бөлініп жатқан денелерін өз көздерімен көргенін айтқан.

Бірақ бұл да расталмаған ақпарат. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сәйкес, жарылыс салдарынан 3 адам қаза тапқан. Оның 2-еуі әскери қызметкер және 1-еуі қала тұрғыны.

"Луна" жарылғыш заты 2 сағат ішінде жарылады"

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Шымкент қаласында әлеуметтік желілерде "Луна" жарылғыш заты 2 сағат ішінде жарылады деген мәліметтер таратылып жатыр.

Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпараттың жалған екенін хабарлады.

"10 баллдық жер сілкінісі"

Түркістан облысындағы Шәуілдір ауылында алдағы уақытта 10 баллдық күшпен жер сілкінісі болады деп, тұрғындар жан-жаққа қашып жатыр. Арыстан Темірланға дейін, Шәуілдірге дейін жерасты қойма салынған деген ақпарат таратылған. Бұл ақпарат та - жалған.

"Құрметті облыс тұрғындары! Қазіргі уақытта Түркістан облысында әлеуметтік желілер арқылы 10-баллдық жер сілкінісі қауіпі бар деген жалған мәліметтер таратылуда. Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпараттың жалған екенін хабарлайды", - делінген  Түркістан облысы ТЖД
Шұғыл штабының ресми ақпаратында.

"Арыстың 350 тұрғыны хабар-ошарсыз кеткен"

Арыс қаласының 350 тұрығыны жарылыстан соң хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат тараған. Ішкі істер министрлігі таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді деп ресми мәлімдеді. 

"Бұл ақпарат оқиғаның алғашқы күні өтті. Оған тиісті теріске шығару берілді. Жүргізілген жұмыстар қаланың барлық тұрғындары көшіріліп, орнатылды. Хабар-ошарсыз кеткендер жоқ. ІІМ қазақстандықтардың үрейленбеуін және тексерілмеген, әсіресе Whatsapp мессенджері мен әлеуметтік желілер арқылы таратылатын ақпаратты пайдаланбауын сұрайды", - делінген хабарламада. 

Айта кетейік, еліміздің заңнамасы бойынша, көрінеу жалған ақпарат тарату ҚР ҚК 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Ресми ақпаратты жедел штаб үнемі таратып отырады.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.77   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети