1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости Казахстана

Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырағанына бір ай болды: Мәселе шешімін тапты ма?

  • 3
© Әлихан Сариев © Әлихан Сариев

Осыдан бір ай бұрын Алматы маңында Bek Air әуекомпаниясының Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Әуе апатынан 12 адам қаза тауып, 52 адам зардап шеккен еді. Қаза тапқандардың отбасына мемлекет 4 миллион теңгеден берді. Алайда күні кеше үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуе апатынан зардап шеккендердің әлі де шағымданып жатқанын айтты. Tengrinews.kz тілшісі қайғылы оқиғаның мән-жайы қалай зерттеліп жатқанын және зардап шеккендердің қандай шағым айтқанын анықтап білді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Bek Air әуекомпаниясының қызметі тоқтатылды. Компанияның қызметін қашан бастайтыны әзірше белгісіз.

Әуе апатының себебі қандай?

Бастапқыда ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы түбіндегі әуе апатының үш нұсқасын атаған болатын. Оның айтуынша, әуе апатына экипаж, борттың техникалық ақауы немесе навигация қызметінің жұмысы себеп болған.

Алайда таяуда 10 қаңтарда премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Bek Air ұшағының апатқа ұшырауының негізгі нұсқасын атады.

Оның айтуынша, ұшақ апатына әуе кемесін мұз қатуы себеп болған. Ол Bek Air ұшағының қанаттары ажыратуға қарсы сұйықтықпен өңделмегенін айтқан еді. 

"Ұшақ ұшуға толық көлемде техникалық қызмет көрсетуге дайындалды. Комиссия кемені ажыратуға қарсы сұйықтықпен өңдеу жөніндегі жұмыстар ішінара орындалғанын атап өтеді. Кеме командирінің шешімі бойынша тек тұрақтандырғышты өңдеу туралы шешім қабылданды, ұшақтың 1 қанатын ажыратуға қарсы сұйықтықпен өңделмеген", - деген еді Роман Скляр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

"Зардап шеккендер өтемақы ала алмай жүр"

Үкімет пен әкімдіктер Bek Air әуекомпаниясы ұшағының апатқа ұшырауынан зардап шеккен жолаушыларға көмек көрсетуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында айтқан болатын. 

Алайда мұның алдында ұшақ апатында жақындарын жоғалтқандардың бәріне өтемақы төленбейтіні айтылған еді. Сақтандыру компаниясындағылар асыраушысынан айырылғандар ғана тізімге ілінетінін айтқан болатын.

"Маған зардап шеккендердің хаты келіп жатыр - олар өтемақы ала алмай жүр. Олар ауруханада жатыр, кейбірі еңбекке жарамсыз болып қалды. Бұған байланысты не істеліп жатыр? Жылдамдатуды сұраймын. Зардап шеккендерге үкімет пен әкімдіктер көмектесуі керек. Бұл мәселеге әкімдердің назарын аударамын. Жақын арада бұл проблеманы шешіңіздер", -  деген еді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

"Жақын арада береміз"

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Президенттің ескертуінен соң қаза тапқандардың отбасына 4 миллион теңгеден берілгенін айтқан еді. Бұл туралы ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, жақында барлық зардап шеккен адамға өтемақы беріледі.

"Жолаушылар сақтандырылған, жақын арада өтемақы береміз. Қажетті барлық құжат рәсімделді. Зардап шеккендердің ішінде түрлі аймақ өкілдері бар. Жалпы алғанда 52 адам зардап шекті. Оларға жергілікті атқарушы органдар мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көмектеседі", - деді Скляр. 

Шетел басылымдары Алматыдағы ұшақ апаты туралы қалай ақпарат таратты?

"Несие алса да, ақшаны қайтаруы керек"

Осыдан бір апта бұрын Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Bek Air жолаушыларына билеттің ақшасын қайтару мәселесіне қатысты пікір білдірген еді.

"Компания ақшаны қайтаруға міндетті, бұл азаматтық-құқықтық қарым-қатынас. Сондықтан таяуда компания ақшаны қайтаруы қажет. Олар бұл мәселені шешуі керек - қандай да бір мүлік сатса да немесе басқа әдістермен болсын... Несие алса да, билеттердің ақшасын қайтаруы керек", - деген болатын Скляр.

IATA Bek Air компаниясынан арнайы кодын қайтарып алды

Қайғылы оқиғадан кейін 18 қаңтарда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) Bek Air-ден кодын қайтарып алды.

Әуе компанияның IATA алдындағы кез келген өтелмеген қарыздары тексеріліп, талаптарға сәйкестігі, ақы төлеу немесе қайта есептеу алымдары қаралса, 60 күнде код берілуі мүмкін деген еді IATA өкілдері.

Айта кетейік, IATA коды - халықаралық әуе көлігі қауымдастығының авиакомпанияларға беретін екі немесе үш таңбалы жеке идентификаторы. Кодтарды авиакомпаниялар, билеттерді сату жөніндегі агенттік, билеттерді брондау жүйелері және жолаушылар авиациялық тасымалдау саласындағы коммерциялық қызметке байланысты ақпараттар беру үшін өзге де кәсіпорындар пайдаланады.

© Әлихан Сариев

 Енді Bek Air қызметін жалғастыра ала ма?

Осыдан 2-3 күн бұрын Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің басшысы Питер Гриффитс қандай жағдайда Bek Air әуекомпаниясы өз жұмысын жалғастыруы мүмкін екенін айтты.

Ведомство өкілінің айтуынша, Авиациялық әкімшілік олардың жұмысын жалғастыруға рұқсат ететін құжатқа қол қойғаннан кейін ғана компания өз қызметін бастай алады.

"Мысалы, инспекциялық тексеріс жүргізілуі керек. Ол үшін менің ұйымдағы әр инспектор құжатқа қол қойып шығуы керек болады. Ал құжатқа қол қою алдында біз ұшақтың қауіпсіз екеніне толықтай сенімді болуымыз қажет.

"Маған Bek Air қызметін қайта бастауы керек деп бірде-бір адам хабарласқан жоқ. Сондықтан Bek Air қызметін басқа бағытқа өзгертуі мүмкін. Компания қызметі қандай бағытқа өзгерсе де, ол халықаралық стандартқа сай болады", - деген еді Питер Гриффитс.

Қазақстанда соңғы онжылдықта болған ірі әуе апаттары