Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
31 мая 2021 15:50

"Халқым деген Қапезді жау деп ұстап бердің бе?"

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін, 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Сонау зұлмат заманда қуғынға ұшыраған өнерпаздар да, әндер де аз болмаған. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі шығармашыл тұлғалардың тағдырындағы қуғын-сүргінді баяндайды.


Бүгін, 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Сонау зұлмат заманда қуғынға ұшыраған өнерпаздар да, әндер де аз болмаған. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі шығармашыл тұлғалардың тағдырындағы қуғын-сүргінді баяндайды.

Әділдік пен егемендікті, теңдік пен тектілікті жырлап, қуғынға ұшырап, атылған қазақ өнерпаздарының барлығын бірдей бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес, ол кездері айтуға тыйым салынған әндердің өзі қаншама. Сондықтан, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған сал-серілер, ақындар, күйшілер мен жыраулар, әнші-композиторлардың ішінен Үкілі Ыбырай, Тұрмағанбет Ізтілеуұлы, Қапез Байғабылұлы, Аманғали, күйші Әбікен Хасенов, Тайжан Қалмағамбетов сынды өнер тұлғаларын баса айтуға болады.

Сонымен қатар, қазақ дәстүрлі ән өнерінде алаш зиялыларының шығарған әндер шоғыры да - бір төбе. Олардың ерекшелігі – сол замандағы больщевиктік тоталитарлы жүйеге қарсы шығуға шақырғаны айқын көрініп тұрады.

Мәселен, ХХ ғасырдың басындағы алаш арыстары Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин сияқты ұлттық саяси-мәдени элитаның әндері де сол санатта. Ұлт қайраткерлерінің мемлекетшілдігі, болашақ жолында жанын құрбан етіп күресе жазған шығармалары халықтың санасын оятып, ағартушылық жолында ерекше мұра болды.

Үкілі Ыбырай

Қазақ дәстүрлі өнеріндегі ақын-жыраулар, сал-серілер мен күйші композиторлар барлығы да ел мүддесі үшін қызмет етті. Олар сол кездегі әкімшіл-әміршіл жүйеге, жаппай қуғын-сүргінге ашық қарсылықтарын білдіріп, Алаш арыстарымен бірге елі үшін туып, елі үшін жанын қиған ұлы тұлғалар. Солардың бірі - Үкілі Ыбырай.

Өнертанушы, киногер, әнші Ерлан Төлеутайдың айтуынша, Үкілі Ыбырай 70 жасына қараған шағында атылған.

"Қазақтың өнерлі ұлдарының көпшілігі совет режимі кезінде қаза болды. Себебі совет үкіметі ең үлкен қарсылық - музыка екенін сезді, совет үкіметінің қолынан қаза тапқан әншілер ретінде Мәди, Балуан Шолақ пен Иманжүсіптерді айтуға болады. Ал, Ақан Серіге шәкірт болып, Біржан Салдан бата алған, 70 жасқа қараған шағында "халық жауы" ретінде ату жазасына кесілген Арқаның әншілерінің бірі - Үкілі Ыбырай", - дейді зерттеуші.

Жазушы, драматург Жүсіпбек Аймауытов "Туған ауылын, жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола алмайды", деген екен. Ондай ыстық сезімді Үкілі Ыбырайдың "Елді сағынғанда" атты әнінен байқауға болады. Үкілі Ыбырай оны айдауда, қуғында жүргенде жазған.

Өзен-суың бал татыр,
Ақ шабағың май татыр,
Қайткен-сүйткен жерім-ай
Атығай мен Қарауыл,
Артта қалдың, елім-ай... (әннің қайырмасы)

Айта кетейік, Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы 1860 жылы Көкшетау облысы, Володарский ауданында дүниеге келіп, 1930 жылы қайтыс болған. Ол қазақтың халық сазгері, белгілі әнші әрі ақын-импровизатор, классикалық халық музыкасының ірі өкілдерінің бірі.

Үкілі Ыбырай арабша сауатты болған, әнге, өлеңге құмар, ол қазақтың атақты әнші-ақындарынан үлгі-өнеге алып, олардың творчестволық дәстүрін бойына сіңірген. Үкілі Ыбырайдың "Гәкку", "Шалқыма", "Көкше", "Желдірме" және тағы да басқа 40-қа жуық әні бар.

Оның әндері махаббат сезіміне, мелодиялық көркем сазға толы, терең ойлы болып келеді. Ел арасына кең тараған "Гәкку" әні Үкілі Ыбырай творчествосының шыңы болып табылады. Бұл әнді Брусиловский "Қыз Жібек" операсында, ал "Арарай" әнін "Ер Тарғында" пайдаланған. Ыбырай поэзиясы, тақырыбы жағынан сан-алуан болып, бір саласы жастық дәуренді жырға қосады. "Бір қызық ит жүгіртіп аң ауласа" өлеңі аңшылық, саятшылықты бейнелейді.

Қапез Байғабылұлы

Ұлты үшін өмірін қиған өнерпаздардың бірі - Қапез Байғабылұлы.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" орденінің иегері Рамазан Стамғазиевтің айтуынша, Қапез Байғабылұлы

"Ұлт жолында құрбан болған боздақтардың бірі – Қапез Байғабылұлы. Қазақ халқының басынан кешкен тарихты Қапез де өз басынан кешті. Қапез тумасынан елшіл, халықшыл болғандықтан оның басынан кешкеннің барлығы қазақтың тарихымен тығыз байланысты болған. Ел ісіне ертерек араласқан ол қара бастың қамымен ғұмыр кешпеген адам. Ол 1916 жылғы геноцидке, сталиндік-голощекиндік кезеңдерге қарсы тұрған. Осындай қарсылықты білдірген Қапез 1937 жылы "халық жауы" деген жалған жаламен итжеккенге айдалып, оралмаған. Ол сөйтіп, Ухта қаласында қаза табады. Ол өзінің артында өлместей мұра қалдырды. Қапез салдың "Қоштасу" әні тұтқындалып, айдауға кетіп бара жатқанда туған", - дейді Стамғазиев.

Алаш қонған ақ боз үй бос қалды ма,
Жетім-жесір қасында дос қалды ма? 
Өкінбейін десем де өзегім бар, 
Өтіп кетті-ау дүние қас қағымда.
Әзәзілге сендің бе, 
Айтқанына көндің бе? 
Халқым деген Қапезді, 
Жау деп ұстап бердің бе?
Итжеккенге айдаған, 
Кер заманның әлегі.
Бұлбұл құстай сайраған, 
Бұл Қапездің әні еді.
Қалып барады артымда балапаным, 
Аямасын ағайын алақанын. 
Кебін емес, кебенек киіп барам,
Қош-есен бол, Ақтоғай, Алатауым! 

Қапез Байғабылұлы - әнші-композитор, сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны. Ол 1896 жылы Райымбек ауданы, Ақтоғай ауылында өмірге келіп, 1939 жылы Ухта қаласында атылған. 

Жасынан өлеңге, әншілікке құмар болып өскен. Ауыл молдасынан сауат ашып, 15-17 жасында өзі құралыптас Сауытақын және Шәршікенмен бірге Ыстамбұл медресесінде оқып қайтады. Ағартушылық жолды тандап, Жетісу өңірінде бірнеше мектеп ашып, елді сауаттандыру ісімен айналысады. Әншілік өнерін де тастамайды. 1931-33 жылдары ашаршылық кезінде 60 үйлі "Облатком" ауылының басын қосып, адамдарды аштықтан аман алып қалу шараларын ұйымдастырған.

1937 жылы "халық жауы" деген жалған жаламен тұтқындалып, 1939 жылы Ухта қаласында атылған, 1958 жылы ақталды. Қапез шығыс халықтарының қисса, дастандарын көп білген. Оның бізге жеткен әндері пішіндік-мазмұндық сипатымен ерекшеленеді. "Ай-қай", "Дүние-ай", "Меркі" деген үш әні 1990 жылы шыққан, "Халық әндері мен халық композиторларының әндері" жинағының 1-томына енгізілген. Райымбек ауданындағы Тоғызбұлақ орта мектебіне Қапездің есімі берілген.

Тайжан Қалмағамбетов

"Заманың түлкі болса, қыран боп шал" дегендей, өз заманының қыраны бола білген азамат, қуғын-сүргінге ілігіп, қазақ ұлтының ақиқатшыл, алдыңғы қатарлы зиялысы болғаны үшін зиян шегіп, түрмеге қамалып, нақақтан-нақақ атылып кеткен ақын - Тайжан Қалмағамбетов. 

Әнші, Құрманғазы атындағы консерваторияның "Халық әні" кафедрасының меңгерушісі, Тайжан ақынды зерттеуші Амангелді Күзеубайдың айтуынша, Тайжан Қалмағамбетовтің әндері қазірге дейін зерттеліп, өз орындаушысын тауып жатыр.

"Тайжан Қалмағамбетов - Арқа аймағы ән өнерінің өкілі, халық композиторы. Оның көптеген әні қазір зерттеліп, қолданысқа ие болып жатыр. Кеңес кезінде Тайжанның әндері репрессияға ұшыраған. Тайжан Қалмағамбетов ату жазасына кесілгеннен кейін оның әндері де, аты да жоққа шығарылған. Бір ерекшелік, Александр Затаевичтің "Мың ән" жинағына Қалмағамбетовтің екі әні енген. Сонымен қатар, Ұлытау жақта оның әндерін керемет орындайтын адамдар болған, әндері ел арасында орындалып жүрген, соның арқасында Тайжан әндері қазіргі таңда бізге оралып, жаңарып, бізбен қауышып жатыр. Тайжан Қалмағамбетов әндерінің дүниеге келуіне бірден-бір себепші болған - сол өңірде жұмыс істейтін әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин ағамыз. Тайжан әндерінің құрылымы ауқымды, күрделі, кең диапазонды. Үкілі Ыбырай Тайжанның туған жиені болған, ол Тайжанның әндерін насихаттаған және сол үшін қуғындалған. Қазіргі таңда Тайжанның 25 әні қолданыста", - дейді Күзеубай.

Зерттеушінің айтуына қарағанда, Тайжан Қалмағамбетовтің қуғын-сүргін кездерінде шығарған әндерінің бірі – "Ұлытау".

Тайжан Қалмағамбетов - ақын. Ол 1878 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданында туып, 1938 жылы атылған. Жезқазған, Қарағанды, Қарсақбай сияқты өндіріс ошақтарына арнау өлең-жыр шығарған.

1916 жылы ұлт-азаттық козғалысқа үн қосып, Амангелді сарбаздарын жырлаған. 1926 жылы Шеген, 1930-36 жылдары Болман, Иманжан тәрізді Арқаның белгілі ақындарымен айтысқа түскен, Затаевичке бірнеше ән жаздырған. 1934-36 жылдары халық өнерпаздарының республикалық слеттеріне, 1936 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиетімен өнерінің алғашқы онкүндігіне қатысқан, "Тайжан әні", "Ыбырайға" сияқты ән-термелері күйтабаққа жазылған. Қалмағамбетовтің көптеген әні кезінде жазылып алынбаған. Кейбір шығармалары ақындардың жалпы жинақтарында, газет-журналдарда жарияланған. "Ой ағысы" өлеңдер мен айтыстарының жинағы 1984 жылы жарық көрген.

Затаевичке ән орындап берген қазақ әншілері

Қазақ кімге қарыздар. Ән өнерін алғаш нотаға түсірген аңыз адам

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.49   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети