"Италиядағы университетті таңдадым". Әлемнің 8 оқу орнынан шақырту алған шымкенттік түлек

26 Сәуір, 19:33
5
Арайлым Әземхан. © Жеке мұрағатынан алынған сурет
Арайлым Әземхан. © Жеке мұрағатынан алынған сурет

Шетелдік сегіз жоғары оқу орнынан шақырту алған шымкенттік түлек Арайлым Әземхан Tengrinews.kz тілшісіне мұндай жетістікке қалай жеткені және емтихандарға дайындалудың қыр-сырын айта отырып, болашаққа жоспарлары жайлы әңгімеледі.

Арайлым Шымкенттегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқиды. Ол Англиядағы Queen Mary, Brsitol, Kingston, АҚШ-тағы New York Institute of Technology мен The New School, Италиядағы John Cabo, Аустралиядағы Monash және Франциядағы American University of Paris университеттерінен шақырту алып отыр.

Шымкенттік түлектің айтуынша, ол 15 шақты университетке өтініш түсірген. 

"Негізінен мен 15 университетке тапсырдым. Ал мына оқу орындарының нәтижелерін қаңтар, ақпан айларында естідім. Бірақ әлі тағы 5 оқу орнынан жауап күтіп отырмын. Қорытындылары енді шығады. Cегіз университеттің бесеуінде - менде толық грант, барлығы тегін, ал қалған үшеуінде оқу ғана тегін. Қалғанын өз қалтамнан төлеймін", - дейді Арайлым.

Айтуынша, ол университеттерге емтихан тапсыруды қараша айынан бастады. Университет өкілдері мектептерге өздері келген екен.

"(...) Бұл жайлы мұғалімдерімнен естідім. Ата-анам шетелдік оқу орындарына емтихан тапсырайын деп жатқанымды білді. Барлығы олардың рұқсатымен болды. Жалпы осы оқу орындарына өтініштерді түсіруге бағыттаған - ұстаздарым. Олардың әрбір сөзі, маған деген сенімі үлкен мотивация болды. Назарбаев мектебінде алып жатқан білімімді осылай көрсеткім келді. Мектептің халықаралық деңгейде танымал болғанын қаладым", - дейді Назарбаев мектебінің түлегі.

Сондай-ақ, Арайлым мұндай көрсеткіштерге ие болатынына сенбегенін айтады.

"Емтихандарға дайындықты жазда бастаған болатынмын. Шынымды айтсам, мұндай жетістіктерге жетемін деп ойламадым. Бәсекелестік өте жоғары болды. Университеттерге әлемнің әр нүктесінен тапсырған оқушылардың саны көп болды. Өте қуаныштымын. Біздің мектептен де көп оқушы тапсырды. Алайда ол жақта қабылдау кезінде емтиханның нәтижесіне ғана қарамайды екен. Өзінің басқа да өнерлерінді көрсету керек. Мысалы, мен онда өзімнің өнерде жеткен жетістіктерімді, жасаған жұмыстарымды - фото және видеоматериалдарымды жолдадым. Өнерге жақынмын десе де болады. Осы қосымша жолдаған материалдарым маған өте қатты көмектесті деп айта аламын", - дейді ол.

"Өзім негізі Италиядағы Рим қаласындағы John Cabo университетіне барғым келеді, сол оқу орнына аса назар аударып отырмын. Онда "Business Administration" факультетіне тапсырған болатынмын. Бірақ ата-анам мені жібере ме, жоқ па әлі белгісіз - соны күтіп отырмын. (...) Мектебім физика-математика бағытында болғанына қарамастан, болашақта өзімді маркетинг, бизнес саласында көремін", - дейді ол.

Сондай-ақ Арайлым олимпиададан қазақстандық бір ЖОО-ның грантын жеңіп отыр.


Жеке мұрағаттан алынған суреттер

Арайлымның айтуынша, бүгінде шетелдегі оқу орындарына түсү үшін ағылшын тілін жетік меңгеру жеткілікті емес. 

"Ең бастысы, әрине, ағылшын тілін жетік меңгеру және еш шаршамау. Бұдан бөлек, шыдамдылық таныта білу керек. Адам алдына мақсат қоя білсе, оған міндетті түрде жетуге болады. Сондай-ақ, басқа салаларды да алып жүру керек, жан-жақты даму керек", - дейді ол.

Айта кетейік, Арайлым - отбасында жалғыз қыз, үш ағасы және інісі бар.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (5)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц