ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
02 июня 2020 | 16:24

"Жағдай әлі де тұрақты емес". Теңіз кен орнында не болып жатыр?

Даурен Ерболат Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: oilcapital.ru Фото: oilcapital.ru

Атырау облысы Теңіз кен орнындағы жұмысшылар созылып кеткен карантинге наразылық білдірді. Кеніште коронавирус жұқтырғандардың саны артып жатыр. Жергілікті билік ондағы жағдай әлі де тұрақты емес екенін айтады. Tengrinews.kz тілшісі Теңіз кен орнындағы жағдайға шолу жасап көрді.


Иконка комментария блок соц сети

Атырау облысы Теңіз кен орнындағы жұмысшылар созылып кеткен карантинге наразылық білдірді. Кеніште коронавирус жұқтырғандардың саны артып жатыр. Жергілікті билік ондағы жағдай әлі де тұрақты емес екенін айтады. Tengrinews.kz тілшісі Теңіз кен орнындағы жағдайға шолу жасап көрді.

Коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 

БАҚ-та тараған ақпаратқа сәйкес, 9 сәуірде Теңіз кен орнының жұмысшылар тұратын елді мекенде 50 жастағы әйелдің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Кейін науқаспен жақын қарым-қатынаста болған 9 адам анықталды. Олар індетті анықтау үшін тест тапсырды. Алайда жұмысшылардан вирус анықталған жоқ.

30 сәуірде кеніштегі 71 жұмысшының COVID-19 вирусын жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штаб хабарлады.

"Бүгін Теңіз кен орнында науқастардың саны 71-ге жетті, 12 қызметкер жазылып шықты. Науқастармен байланыста болған 1,5 мыңнан астам адам анықталды",  - делінген хабарламада. 

6 мамырда кеніште тағы 148 адамнан қауіпті індет анықталды. Кейін өңірлік жедел штаб індет жұқтырған жұмысшылар саны 160-қа жеткенін хабарлады. 

Індет жұқтыру деректері артқан соң, Теңіз кенішінде 14 күнге карантиндік режим енгізілді

13 мамырда өңірлік жедел штаб кен орнында коронавирустың 17 ошағы анықталғанын мәлім етті.

Сондай-ақ, кеніштен 16 200 жұмысшы шығарылып, тұрғылықты мекенжайларына жіберілді.

"Коронавирус жұқтырған жұмысшылардың саны өсіп жатыр"

14 мамырда Теңіз кенішіндегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкімет делегациясы өңірге арнайы сапармен барып, жиын өткізді. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.

Жиын барысында Теңізде коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп жатқаны айтылды. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов аймақтағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақты емес екенін атап өтті.

"Теңіз кенішінің 384 жұмысшысынан коронавирус анықталды. Бұл азаматтар 20 жатақханада тұратын 33 мекеменің қызметкерлері", - деді облыс әкімі.

"Карантиндік талаптар сақталмай отыр"

Ал денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Теңіз кенішінде карантиндік талаптар тиісті деңгейде сақталмай отырғанын айтып, "Теңізшевройл" компаниясының мердігер және субмердігер компаниялары басшыларының жауапкершілігін арттыруға шақырды.

Сондай-ақ, Теңіз кен орнынан 17 мың адам тұрғылықты мекенжайларына жеткізілді.

Теңіздегі жағдай неге ушықты?

18 мамырда Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Теңіз кен орнында эпидемиологиялық жағдайдың неге ушыққанын түсіндірді.

"Карантин шараларын босаңсыту - кейбір өңірде індет жұқтырғандар санының артуына себеп болды. Көп адам жұмыс істейтін жабық ұжымдарда, мәселен, "Теңізшевройл" және оның Атырау облысындағы мердігер және субмердігер ұйымдарында вирус жұқтырғандардың саны көп. Біз оларда ұжымның "жабық" болғанынан, вахталық кентте тұратындықтан, бастапқыда жария етілген және ұсынылған карантин шараларының сақталмауынан бірден өсім болғанын көріп отырмыз", - деді ол денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-те өткен онлайн брифингте. 

19 мамырда кен орнының тағы 142 жұмысшысы коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. 

"Кен орны жабылуы мүмкін"

20 мамырда Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағанбетова Теңіз кен орнында науқастар саны күрт өскенін атап өтті. 

Сондай-ақ, Есмағанбетова кеніш жабылуы мүмкін екенін айтып қалды.

"Комиссия Теңіз кен орнында тиісті жұмыстар атқару жоспарын қабылдайды. Негізгі мақсат – коронавирустың таралуын төмендету. Қазіргі таңда осы жоспардың орындалуын бақылауға алу керек. Олай болмаса, науқастардың саны көбейеді, оқшаулау шаралары күшейеді. Кәсіпорынды жабуға тура келеді", - деді ол денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-те өткен онлайн брифингте. 

Жұмысшылар неге жаппай ауырды?

21 мамырда кеніште 730-дан астам қызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырғаны белгілі болды. 

Атырау облысының жедел штабы Теңіз кен орнында кейбір медициналық пункт жұмысшыларды коронавирус инфекциясынан өз бетінше емдегенін, онда бірқатар заңбұзушылықтар болғанын анықтады.

Мысалы, кейбір медициналық пункт індет жұқтырған науқастарды өз бетінше емдеген. Салдарынан пневмониямен ауратын адамдардың саны артқан.

"Мобильдік бригадалар осындай іс-қимылдарды және санитарлық - эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалайды", - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Кен орнындағы олқылықтар

1 маусымда желіде жұмысшылар мен "Теңізшевройл" компаниясы өкілінің видеосы тарады. Онда Теңіз кен орнының жұмысшылары үйге жіберуді талап еткенін, жұмысшылардың карантинге наразылық білдіргенін көруге болады.

"Сараптама жасалғанына 20 күн өтті, қорытындысы әлі жоқ. Неге тек жұмысшылар ауырады, неге басшылық ауырмайды?"- деді қызметкерлердің бірі.

Ал жұмысшылардың бірі түрмеде отырған сияқты әсер алғанын ашық айтты

"Біз шаршадық, қашанға дейін шыдаймыз? Үш ай түрмеде отырғандаймыз, ал үйде отбасымыз, балаларымыз бар", - деді ол.

Өңірлік шұғыл штаб жанжал 30 мамыр күні болғанын растады.

"30-ға жуық адам созылып кеткен карантинге байланысты наразылық білдірді. Олардың бәрі коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғандар ретінде тест тапсырды. 14 күн карантинде болды. Сынама екінші рет алынды. Алайда оның нәтижесі біраз кешіктірілді. Бұл мәселе бүгін шешілуі тиіс", - деді шұғыл штабтағы мамандар.

29 мамырда БАҚ таратқан мәліметке сәйкес, Атырау облысында коронавирус жұқтырғандардың саны 959-ге жетті. Оның 850-і Теңіз кен орнының жұмысшылары.

Қазіргі таңда өңірде 1 119 адам індет жұқтырған. 333 науқас дертінен айықты, аурудан қайтыс болғандар жоқ.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 496.01   523.53   4.96 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети