ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
11 февраля 2020 | 15:06

Жамбыл облысының экс-әкімі берген 9 уәде

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Тұрар Қазанғапов © Тұрар Қазанғапов

Кеше Жамбыл облысының экс-әкімі Асқар Мырзахметов қызметінен кетіп, орнына вице-премьер қызметінен босатылған Бердібек Сапарбаев келді. Tengrinews.kz тілшісі Жамбыл облысына 2018 жылы басшы болып тағайындалған экс-әкімнің алдағы таңда орындалуы керек болған жоспарларына шолу жасады. 


Иконка комментария блок соц сети

Кеше Жамбыл облысының экс-әкімі Асқар Мырзахметов қызметінен кетіп, орнына вице-премьер қызметінен босатылған Бердібек Сапарбаев келді. Tengrinews.kz тілшісі Жамбыл облысына 2018 жылы басшы болып тағайындалған экс-әкімнің алдағы таңда орындалуы керек болған жоспарларына шолу жасады. 

Облыстағы білім беру мекемелеріндегі әжетхана мәселесі

Былтыр қарашада Таразда жантүршігерлік оқиға болған еді. 38 жастағы ер адам №6 мектептің оқушысы, 12 жастағы қызды зорлаған. Зорлық әрекеті кім көрінген келіп-кететін әжетханада жасалған. Себебі мектептің сол қапталында ішке енетін есік бар болған екен. Күдікті де сол жолмен келіп, қызға зорлық көрсеткен.

Бұл оқиға қоғам арасында наразылық туғызып, ауыл мектептеріндегі әжетхана мәселесі көтерілген еді. Тараздағы зорлық ісінен кейін нормативтік талаптарға сәйкес келетін бейнебақылау жүйелерімен барлық білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға тапсырма берілді.

Ал осы оқиғаға қатысты Асқар Мырзахметов Жамбыл облысында сырттағы дәретханаларды ішке көшіруге не кедергі екенін айтқан болатын. Экс-әкім облыстағы 442 мектептің 260-ының дәретханалары сыртта орналасқанын, оның жартысын ішке көшіруге шамамен 640 миллион теңге қажет екенін мәлімдеген. Сонымен қатар, кәріз құбыры мен судың тартылмағаны да жұмысты тежеткен көрінеді.  

"Әжетхана мәселесін қарастыра келе, 108 мектепке әжетхананы ішке орналастыруға болатыны анықталды. Әжетхананы мектеп ішіне кіргізуде кәріз, су жеткізу мәселесімен қатар коммуникация мәселесі бар. Жоспар бойынша, келесі жылдан бастап мектеп әжетханаларын ішке ораналастыру мүмкіндіктерін қарастырамыз", - деген еді Асқар Мырзахметов ОҚК брифингінде. 

Әр мектепке құбыр мен су өткізу мәселесі

Мырзахметов Тараздағы зорлық ісінен кейін әр мектепке құбыр мен су өткізу мәселесі талқыланғанын айтқан.

"Есеп пен жоспарымыз дайын. Келесі жылдан бастап су мен коммуникациясы бар мектептерде бұл мәселе шешіле бастайды", - деген еді Жамбыл облысының экс-әкімі.

Жамбылдықтардың жағдайын түзеу

Экс-әкім былтыр қыркүйекте Жамбыл өңірі тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бойынша жобаны іске асыруға 2020 жылдың соңына дейін игеруге шамамен 46,4 миллиард теңге керегін айтқан. 

"2019 жылы бастапқы кезеңде облыстың 10 ауданының 10 ауылдық округіне 7,2 миллиард теңге қажет болады. Сонымен қатар, 2459 шағын несие беруге, оның ішінде 492 стартап-жобаға жұмсау қаралды. Ал шағын несиелерді ауылдық елді мекендерде және шағын қалалардағы тұрғындарға жылдық 2,5 пайыз және 7 жылдан аспайтын мерзімге беру жоспарладық", - деген еді Жамбыл облысының экс-әкімі.

Тараз бен Мойынқұм арасында тікелей әуе рейсін ашу

Мойынқұм - облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандардың бірі. Асқар Мырзахметов былтыр қазанда Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданы арасында әуе тасымалы іске қосылатынын хабарлаған еді. 

Бұл жөнінде Мырзахметов бірқатар тиісті органға тапсырма да берген. 

"Жамбыл облысының әкімінің тапсырмасына сәйкес, шағын авиацияны дамыту қарастырылып отыр. Бүгінгі таңда, облысымыздың орталығынан Мойынқұм және Төле би ауылдарына әуе маршруттарын ашу мүмкіндіктерін зерделеу, соның ішінде қажеттілікті анықтау, әуеайлақ салуға кететін шығын көлемін анықтау бойынша жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деген еді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

600 орындық мектептің салынуы

Бұл туралы облыстың экс-басшысы былтыр сәуірде халық алдындағы есебінде, Шалғай Қарасу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында айтқан. Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселеге сала басшылары жеке-жеке жауап берген. Жиын барысында аймаққа алдағы уақытта 600 орындық мектеп салынатыны айтылған.

Тиіс құжаттар қарастырылып, екінші жартыжылдықта қаржы бөлінсе, келесі жылы (2020 жылы) құрылысы жүргізіледі деп жоспарланған. Облыстың экс-әкімі бұл істі олай ұзаққа созбай, былтыр жазда мектеп құрылысын бастауға пәрмен берген екен.

Электр станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі

Асқар Мырзахметов былтыр қазанда Шу ауданындағы жұмыс сапарында 2015-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру картасын жүзеге асыру аясында салынып жатқан "ШУ-100 МВт" күн электр станциясының құрылысымен танысып қайтқан. 

Бұл электр станциясы Алға ауылдық округінде, Шу қаласының маңында тұрғызылып жатыр. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 45 пайызға аяқталған, сондай-ақ нысанның құрылыс алаңына қажет жабдықтардың 70 пайызы жеткізілген.

Биыл электр станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған нысан елімізде бір өзекті жүйеде жұмыс істейтін күн фотоэлектрлік станциясының алғашқы жобасы.

Шоқай ауылын ауызсумен қамту мәселесі

Асқар Мырзахметов 2019 жылы қарашада тұрғындарды қабылдауында Шоқай ауылын ауызсумен қамту мәселесі келесі жылы шешімін табатынын айтқан. Өңір басшысы бұл мәселе бойынша жобалық-сметалық құжат жасалғанын, 2020 жылы қаржыландыруға бюджеттік өтінім берілгенін жеткізді. Сондай-ақ ауызсудың неден ластанғанын зерттеп, болашақта бұл мәселемен тағы бетпе-бет келмеу үшін оны анықтауды тапсырған. Судан сынама алып, зертханаға өткізу керегін ескерткен. 

Жылдық қуаты 148 мың тонна болатын қант зауытын салу

Бұл жобаға тартылған инвестицияның құны - 200 миллион еуро. 2019 жылдың 4 тоқсанында басталған құрылыс жұмыстары 2022 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Жоба іске асқан жағдайда зауыт 8 мың тонна қант қызылшасын өндірмек. Ал болашақ зауыттың жылдық өнімділік қуаты - 148 мың тонна. Зауыт іске қосылған жағдайда жергілікті жердің 300 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. 

"Тараз шеберлер орталығына айналуы керек" - Асқар Мырзахметов

Таразды ұста-шеберлердің шеберханасына, орталығына айналдыруға мол мүмкіндік бар. Бұл туралы Асқар Мырзахметов облыс әкімдігінде өткен "Шахристан" этно-мәдени орталығының құрылысының барысы қаралған жиында айтқан. 

"Жалпы, бұл жұмыстар рухани жаңыру құндылықтарын ескеруді керек етеді. Бой көтерген ғимараттың өзі, әр қабатта орын алатын тақырыптық бөлмелер безендірілуімен үндесуі де қажет. Сондай-ақ, осы дизайнерлік белсенділікте жаңа технологияларды игерген компаниялармен бірлесе жұмыс жасау шарт. Әрине, бір ғана Таразда ондай әлеуеті жоғары компаниялар жоқ болса, өзге қалалардан да шақыру керек", - деген еді Асқар Мырзахметов. 

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 494.98   521.17   4.92 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети