Желіде халықты сумен улап жатыр, телефон мен теледидарға жақындауға болмайды деген секілді жалған ақпарат көп. Бүгінде оның басым бөлігі жоққа шығарылған. Tengrinews.kz тілшісі желіде қазақстандықтар таратып жатқан жалған ақпараттар туралы баяндайды.
Желіде халықты сумен улап жатыр, телефон мен теледидарға жақындауға болмайды деген секілді жалған ақпарат көп. Бүгінде оның басым бөлігі жоққа шығарылған. Tengrinews.kz тілшісі желіде қазақстандықтар таратып жатқан жалған ақпараттар туралы баяндайды.
"Дезинфекция деп ұйықтатып кетеді" - фейк
Нұр-Сұлтан тұрғындары арасында жаңа ұрылар пайда болғаны туралы аудиохабарлама тарады. Мұнда хабарлама авторы елордада тұрғындарды дезинфеция жасаймын деп алдап, пәтерді тонайтын ұрылар жүргенін айтқан.
"Астанада костюм киген адамдар коронавирустан дезинфекция жасаймыз деп, әр есікті қағып жүр. Аңқау қарттар мен балалар оларға есік ашады. Олардың қолдарында адамды ұйықтатын баллон бар. Олар дереу адамдарды ұйықтатып, пәтерін тонайды. Бұл - тонаудың жаңа түрі. Абай болыңыздар, таныстарыңызға ескертіңіздер", - делінген аудиохабарламада.
© Тұрар Қазанғапов
Бірақ бұл жалған ақпарат болып шықты. Полиция елордада дезинфекция жасаймын деген сылтаумен пәтерлерді тонап жүрген адамдар туралы ақпарат тіркелмегенін айтты.
"Нұр-Сұлтан полиция бөлімі бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бобы бойынша қылмыстық іс қозғады. Жалған ақпарат таратқан кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады", - деді полицейлер.
"Жарты жыл бойы су ішуге болмайды" - фейк
Соңғы уақытта мессенджерлерде белгісіз бір әйелдің уланған суды ішпеуді сұрағаны жазылған аудиохабарлама тарап жатыр. Аудиожазбада белгісіз әйел вирусологпен сөйлесіп, ол айтқан құпия мәліметті бөлісіп жатқанын айтады.
"Қымбатты туыстарым, сізге бір жаңалық айтқым келеді. Мен вирусологпен сөйлестім. Оның айтуынша, жарты жыл бойы су ішуге болмайды, диспансерлік су болсын, ішуге болмайды! Тек қайнаған су ішіңіздер. Су арқылы олар бәрін және барлығын улайды. Қазір балалар мен жастарды улап жатыр. Тіпті балалар үшін ауруханада бөлмелер дайындап жатыр. Балаларыңызды қорғаңыздар. Үйден шықпасын. Дүйсенбіден бастап бәрін улап жатыр. Маскасыз жүрмеңіздер", - деп келтіреді хабарламада вирусологтың сөздерін.
Денсаулық сақтау министрлігі болса бұл мәліметті жоққа шығарды.
"Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті WhatsApp мессенджеріндегі улайтын су туралы аудиохабарлама бойынша бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын хабарлайды", - деді министрліктегілер.
"Телефон мен теледидарға жақындамай, интернет қолданбаңыздар" - фейк
Сонымен қатар, қазақстандықтар арасында тарап жатқан фейктердің бірі 5G желісіне қатысты. Дәлірек айтқанда, мессенджерлерде "Қазақстандағы 5G сынақтары" туралы жалған хабарламалар тарап жатыр.
StopFake.kz мәліметінше, белгісіз әйел 5G желісінің сынақтарына байланысты елде теле және радиохабарлар өшірілетінін айтады. Сондай-ақ, аудиороликтің авторы қазақстандықтарды интернетті пайдаланбауға шақырады, өйткені, оның пікірінше, бұл "денсаулыққа қауіпті" болуы мүмкін.
"Кейбіреулердің мұрнынан, құлағынан қан ақты. Жалпы қыздар осы 5-6 күн бойы кешке жұмыстан келген соң кітап оқып, журналдар қарасақ ештеңе етпейді. Теледидар көрмеңіздер, телефонға жақындамаңыздар, ештеңе қоспаңыз, сонда ғана балаларыңыздың, немерелеріңіздің денсаулығын сақтай аласыз. Бұл сенімді ақпарат, нақты ақпарат, өйткені мемлекет не болатынын нақты айтпайды. Бірақ дәл осындай жағдай болады", - делінген жалған хабарламада.
©REUTERS
Бірақ бұл хабарлама шындыққа жанаспайтын болып шықты. "Қазтелерадио" өкілдері бұл мәліметті жоққа шығарды.
"Құрметті абоненттер, қазіргі уақытта WhatsApp мессенджері арқылы телерадио хабарларын таратудың спутниктік және эфирлік желілерінде жоспарлы-профилактикалық жұмыстарды жүргізуге қатысты жалған ақпарат тарап жатыр. Сізден дүрбелеңге бой алдырмауды және ресми деректерге сенуді сұраймыз", - деді компания өкілдері.
"Новосібір әуежайында бір қанаты жоқ қазақстандық ұшақ тұр" - фейк
Новосібірдің Толмачёво әуежайында қанаты жұлынған ұшақ байқалды. Куәгерлердің айтуынша, лайнер Қазақстан үкіметіне тиесілі болуы мүмкін. Желіде осындай ақпарат тарады.
"Толмачево әуежайында оқырман қанаты жұлынған Boeing 757-200 ұшағын байқаған, бұл Қазақстан үкіметіне тиесілі лайнер болуы мүмкін", - деп хабарлады "ВКонтакте" желісіндегі новосібірлік АСТ54 паблигі. Суреттен әке кемесінде Kazakhstan Air Force атауы жазылған. Ұшақ Қазақстанның әскери-әуе күштерінің ұшағы болуы мүмкін екені айтылады.
© vk.com/act54
Қазақстанның Қорғаныс министрлігі бұған қатысты пікір білдірді. Ведомство хабарлауынша, бұл ұшақ Қорғаныс министрлігінің балансында тұр екен.
Министрлік ұшақтың қанаты жұлынбағанын, оған жоспарлы техникалық қызмет көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
"Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің ұшағы (әуе басқару пункті) Ресей Федерациясының Новосибирск қаласында "S-7 ИНЖИНИРИНГ ҚБ" жоспарлы техникалық қызмет көрсетіліп жатқандықтан тұр. Жөндеу жұмыстары кезінде фюзеляждың жекелеген бөліктерін және басқа да тораптар мен агрегаттарды уақытша бөлшектеу талап етілуі мүмкін. Бұл жерде сенсациялық ештеңе жоқ, жұмыстар жоспарланған режимде жүзеге асырылады", - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, министрлік жалған ақпарат таратып, сенсацияға ұмтылмауға шақырды.
"СҚО-да маньяк пайда болды" - фейк
WhatsApp мессенджерінде Солтүстік Қазақстан облысында маньяк пайды болды деген қауесет те тарады. Желіде "маньяктың" суреті мен хабарлама тараған.
"Сақ болыңыздар! Мамлютка қаласында, жұмысшы кентінде маньяк пайда болыпты, кешкілікте өз құрбанын аңдиды. 2020 жылы 30 шілдеде бойжеткеннің соңынан қуған, абырой болғанда, қашып құтылған. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған", - делінген хабарламада.
Жалған ақпарат аудандық полиция қызметкерлерімен интернет-кеңістікті мониторингілеу барысында анықталған. Тәртіп сақшылары хабарламаның авторын анықтады, ол аудан орталығының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол Мамлютка қаласында тұратын 1982 жылы туған танысының суреті бар жалған ақпаратты оны ұнатпайтындықтан таратқан.
3 тамызда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің "Жала жабу" бабы бойынша әкімшілік сот отырысы өтті. Нәтижесінде жәбірленуші талап-арызынан бас тартып, өз жерлесімен татуласуға келісті.