ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
31 января 2019 | 18:04

Желіде Гауһар Әлімбекованың үндеуі таралып жатыр

ПОДЕЛИТЬСЯ

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әнші Гауһар Әлімбекованың үндеуі таралып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Иконка комментария блок соц сети

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әнші Гауһар Әлімбекованың үндеуі таралып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Хат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған. Мәтінде Гауһар Әлімбекова соңғы екі жылда шығармашылықтан көз жазып, алаяқтардың құрбаны болғанын баяндайды. Отандық әншінің айтуынша, ойында еш арам пиғыл болмаған. Екі жылдан соң далада қалып, өзі де есеңгіреп қалғанын айтады. Сол себепті де, композитордың айтуынша, арыз жазып, тиісті органдарға хабарласуға жағдайы болмаған.

Хат соңында Әлімбекова Елбасынан осы жағдайға араша түсіп, істі бақылауға алып, ақ-қарасын анықтауын сұрап, нағыз алаяқтың әділ жазасын алатынына сенім білдіреді.

"(...) Менің аты-жөнім Гауһар Әлімбекова, әнші-композитормын. Өнерде жүрген отыз жыл ішінде 60-қа жуық әнді өмірге әкеліппін. Соның ішінде "Ақ келін" әнін өзіңіз де естіген боларсыз. (...) Алайда соңғы екі жылда шығармашылықтан мүлде көз жазып қалдым. Әлдебір алаяқтардың арбауына түсіп, айыбым жоқ болса да, істі болып, сотталып кетудің аз-ақ алдында тұрмын. Мені сізге хат жазуға итермелеген де осы мәселе.

Ордабаева Феруза атты азаматшаны 2009 жылдан бері танитын едім. (...) Сол Ф.Ордабаева 2013 жылы Алматы қаласы әкімдігінде таныстары барын айтып, солардың көмегі арқылы "Қолжетімді баспана" мемлекеттік бағдарламасы бойынша сату-сатып алу келісімшартымен "Ақкент" тұрғын үй кешенінен пәтер алуға мүмкіндік барын айтты.


Суретке басып, үлкейтуге болады

Сөйтіп, мен, Гауһар Серікбайқызы Әлімбекова, ағам Әуезхан Серікбайұлы Әлімбеков өзі және ұлы Әлидің атынан қажетті құжаттар мен қаражатымызды (80 мың АҚШ доллары) Ордабаеваға табыстадық. Қамкөңіл қазақпыз ғой, өзімнің ұзақ жылдан бері әпкелі-сіңлідей араласып жүрген Бақыт Назарова есімді әпкеме де пәтер алудың осындай мүмкіндігі барын айттым. Мақсатым - бір қазақтың баспана мәселесі шешілсін деген адал ниет қана еді. Ол да өз кезегінде ұлының атынан "Ақкент" қалашығынан үй алып, әлгі пәтерін жалға беріп қойды. Бірақ қуанышымыз көпке созылмады. Арада екі жыл өткен соң пәтер әперген Ф.Ордабаеваның бәрімізді алдап соққаны, яғни пәтерлерді заңсыз жолмен бергені белгілі болды. Соңында "Ақкенттегі" пәтерімізден бәрімізді қуып шықты. Ашығын айтқанда, сөмкемізді арқалап, далада қалдық. 

(...) Мен де "отыз үшінші болып арыз жазғанда не өзгереді?" деп, тиісті органдарға шағымданбадым. Оның үстіне үй-күйсіз далада есеңгіреп жүрген соң біреудің соңына майшам алып түсетіндей жағдайда болмадым. Енді осы арыз жазбағаным өзіме пәле болып жабысып отыр. Шынтуайтында, мен және менің туыстарым - жәбірленушілерміз. (...)", - делінген хатта.

Гауһар Әлімбекова ісі: Сәкен Майғазиев, Бүркіт және Гүлзира Айдарбекова араша сұрады

Сондай-ақ, әнші хатында осы күнге дейін ешқандай заңсыздық жасамағанын айтады.

"Міне, мендегі жағдай осы. Өз басым біреуге қиянат жасаған былай тұрсын, сахнаның киесінен қорқатын адаммын. Ел аумағында қанша жеке концерттерімді беріп, тыңдарманның ықыласына бөлендім. Билет сату, ғимаратты жалға алуға т.б ұйымдастыру мәселелерінің ешқайсында заңсыздық болған емес. Өнер жолымда қаржы-қаражатқа байланысты менің тарапымнан ешқандай мәселе туындаған жоқ. Отыз жыл бойы үлкен сахнада жүрсем де, басыма баспана сұрап, ешкімнің алдына бармаппын. (...), - дейді Әлімбекова Президентке жолдаған үндеуінде.

"Аса қадірменді Елбасы, мені тығырыққа тіреген осы мәселе бойынша маған араша түсуіңізді сұраймын. Сіздің салиқалы саясатыңызды аяқасты етіп,  жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол бергендердің заң алдында жауап бергенін қалаймын.  Құқық қорғау органдары әділ заң аясында шешім шығарып, нағыз алаяқтың әділ жазасын алады деп үміттенемін! Менің ендігі үмітім - тек Сізде! Мен Сізден "мені қалай да ақтап алыңыз" демеймін. Тек істің ақ-қарасын айырып, әділдіктің салтанат құруын өз бақылауыңызға алсаңыз болғаны! Бүкіл елге танымал әншіні еш дәлелсіз күдікті деп тануға, заңсыз қудалауға жол бермесеңіз екен!", - делінген жарияланған хатта.

Еске салайық, елімізге танымал әндердің авторы, әнші Гауһар Әлімбекова 30 қаңтарда алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 

Кейінірек әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын айтып берген еді. Адвокат сот үкімімен келіспейтінін және таяу арада апелляциялық сотқа арыз түсіретінін мәлімдеді.

Айта кетейік, әншінің "Ақ келін", "Көктемге хат", "Жас келін", "Қыз сезімі", "Оралшы махаббат", "Ақмаралым" әндері жұртшылыққа кеңінен таралып, танымал болған. Оның әніне жазылған өлеңдерді танымал эстрада жұлдыздары орындаған.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 494.98   521.17   4.92 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети