Дәстүр - қазақтың өмір жолын реттейтін механизм. Қоғам мүшелерінің қауымдасып өмір сүруіне қажетті жолға қойылған әдет-ережелер. Бұл арқылы қоғамдық, қауымдық, отбасылық қатынастардың барлығы реттеледі. Алайда бүгінде кейбір дәстүрге қатысты қазаққа қажет пе деген сұрақ туындайды. Осы орайда этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатранұлы қазақтың кейбір даулы дәстүрі жайлы әңгімелейді.
Дәстүр - қазақтың өмір жолын реттейтін механизм. Қоғам мүшелерінің қауымдасып өмір сүруіне қажетті жолға қойылған әдет-ережелер. Бұл арқылы қоғамдық, қауымдық, отбасылық қатынастардың барлығы реттеледі. Алайда бүгінде кейбір дәстүрге қатысты қазаққа қажет пе деген сұрақ туындайды. Осы орайда этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатранұлы қазақтың кейбір даулы дәстүрі жайлы әңгімелейді.
Қалың мал құнығу ма?
Қалың мал - некенің берік болуы үшін, оны қамтамасыз ету үшін төленетін материалдық кепілдік. Бұрын қалың мал бөліп-бөліп берілетін. Айттырғаннан кейін немесе құдаласқаннан кейін бір бөлігін береді, одан кейінгі сатыда қалған бөлігін беріп отырады. Бұл құдалықта келісіліп, бекітілген тәртіп бойынша іске асырылады. Бұл ешуақытта қызды сату деп түсінілмеген. Сол қалың малдың жартысын бергеннен кейін келісім бойынша жігіт қыз жаққа ұрын барып, қарым-қатынас орнатуына болады. Алайда бұл жайлы бәрі біліп отырады ғой. Осы түскен қалың малдың жартысына қыз жағы жасауды дайындайды. Сонда қалың мал деген не деген сөз? "Қалыңдыққа төленетін мал" деген сөз. Ұзатып алғанға дейін қалыңдығы, ал ұзатып алып кеткеннен кейін еліне келген соң барып келін я келіншегі атанады. Сондықтан бұрынғы заманда қалың мал жасау болып қайтады. Жасауға сол қалың малдан түскен ақшамен киіз үй, ішіндегі жабдығы, бірнеше сауын малы, бәрі бірақ кіреді. Яғни бұл екі жасқа қажетті дүние-мүлік. Сонда бұл қалың мал дегенді қыздың ата-анасы байып кететін қаражат деп ұқпау керек, тіпті қыздың жасауы қалың малдан да қымбат болуы мүмкін. Бұл - некені растайтын, ара-қатынасты реттейтін, бекітетін материалдық кепілдік. Ал бұл кезінде "қызын сатады екен" деген сөзбен әдейі мәдениетті құрту үшін, дәстүрдің ас-тозын шығару үшін жасалып, жаманатты болған.
"Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар"
Бұл сөздің өзі беріде, кеңес үкіметі кезінде шыққан мақал. Жалпы дәстүрдің жаманы болмайды, дәстүр өз кезеңінде игі мақсат үшін қолданыста болады да, жаңа заманға сай өзі-ақ қолданыстан шығып отырады. Бірақ бұл оның жаман екенін білдірмейді.
Әдет дегеніміз бір кезеңде ғана өмір сүретін шара. Ал ғұрып - әдет-салттардың жүзеге асқан әрекеттегі көрінісі. Мысалы келін үйге түсіп, оң аяғымен аттауы, одан кейін ошаққа май тамызуы - ғұрып. Мұның сыртында жалпы кешен бар, үйленуге қатысты салт тұрады. Ал мұны жалпылай айтатын болсақ, бұл - салт.
50-жылдардан бастап дастарханға арақ қою әдетке айналды. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл 50-60 жыл әдет болғанымен, салтқа айнала алмады. Әдет өзгеріп, дүние астаң-кестең болды, ұстаным өзгерді. Арақ ішу әдеті қолданыстан өзі-ақ шығып кетті. Ал осындай қажетсіз әдеттердің ысырып тасталған, орныққан жиыны дәстүр делінеді.
Салт-дәстүрді ескілік деп ұғып, оны қолданыстан шығаруды көксеу сол ілім-білімнің жоқтығы. Қажет емес салт-дәстүр болса ол баяғы заманда өзі-ақ қолданыстан шығар еді.
© rferl.org
Қыз алып қашу - қылмыс па?
Алып қашу деген - алыс-беріс, барыс-келістерді қысқартатын дүние. Бұрынғы заманда мұның басқаша сипаты болған. Атастырып қойған қыз жігітті менсінбей, басқа біреумен қашып кететін. Кінәлі болып қалса немесе таза болмай қалса, соны білдіртпеу үшін жасалатын қам деп ұғу керек. Алып қашу - үйленуге қатысты барлық ереже-қағидаларды қысқартып, ықшамдау, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда, оптимизациялау. Бұл ұрлыққа жатпаған. Дәстүр бойынша алып қашу - бір-бірін татитын, келіскен адамдардың арасындағы дәстүр. Ал танымайтын біреуді алып кету - нағыз қылмыс, адам ұрлығы. Алайда мұнда да бір кілтипан бар - қыз қашып келген үйіне келген соң ойланып қалуы немесе ойынан қайтып қалуы, тіпті болмаса ата-анасынан қорқуы қазірде көбінде алып қашуды - адам ұрлығы қылмысына ұқсататын бір себеп болып отыр. Мұның ақырында ықтиярды қыздың өзі шешеді. Қыз алып қашу дәстүрі бойынша, қуғыншы барып, "Өз еркіңмен келдің бе?" деген сұрақ қойылуы тиіс. Оған "зорлықпен алып келді" десе, бұрын да, қазір де жазалайды.
Қыз алып қашу - қақиып отырып сөйлесіп, асын ішіп, қызды алып кету емес қой. Оның ішінде ойын-сауық элементтері бар. Бұл негізінен ойынға негізделген қойылым, спектакль элементтері бар дәстүр. Ал негізінде бұл алдын ала келісіліп қойған нәрсе. Ешкім қызын бермей қояйын деп отырған жоқ. Алғанның өзінде көңіл көтеріп, ән айтып, әзілдеседі. Бұл дәстүр театрландырылған көрініспен пара-пар.
Келінді терезеден кіргізетін дәстүр
Бұл ырымға байланысты жасалатын салт. Бір жылда екі қызын ұзатса немесе екі келін түсірсе осындай салт жасалады. Сондай-ақ, соған ұқсас дүние - бір жылда үйде екі өлім болса. Яғни екінші адам өлсе, оны табалдырықты көтеріп шығарады, яғни киіз үй жағдайында табалдырық пен оң жақтағы керегенің тұсын көтеріп шығарады. Қыздың жағдайында, жарықтан шығарады, яғни уық пен керегенің байланысқан жерінен. Сонда бұл жердегі негізгі ой - тылсым күшті жаңылдыру, көп көрмесін деп сақтандыру. Келін түссе де жарықтан түсіреді, шығарса да жарықтан.
Бұл тылсым күшке байланысты, тіл, көз, ұшық дегендер бар. Тіршілік бар, қалыптан тыс жағдай бар. Бұл тіршілікте бәрі де өз орнымен болуы керек, ал сол қалыптан тыс дейміз бе, жоспарланбаған дейміз бе - осындай жағдайда осы ырым пайда болған. Бұл ырым дегеніңіз адамның өзі үшін керек, психологиялық тұрғыдан бұрыннан келе жатқан салт бойынша жасадым деп көңіл-күйі орнығады. Егер осы ырымды біле тұра жасамай қойса, артынан әлдеқандай жаманшылық болып жатса, "қап" деп, сан соғатын жағдай да болуы мүмкін. Яғни осы ырымды жасамағаным үшін жамандыққа тап болдым деп түсінуі мүмкін. Ал мұндай ырымды білмей жасаса, арты қалай болса да еш түсінік болмайды. Мұндай ырымды көріп, осыны жасап келе жатқан ортада өскен адам біле тұра жасамаса, артынан жағдай болып қалса өкініп жүрген де жаман. Осы тұрғыдан қажетті салт, психологиялық тұрғыда адамның өзіне керек.
Жаңашыл ойлы жастарға дәстүр керек пе?
Біздің айтып жүрген дәстүрлі мәдениет ХХ ғасырдың басына дейін келеді. Бүгінде ол түбегейлі өзгеріп кетті деп айта алмаймыз. Қарым-қатынас, кішігірім той-томалақ, жиындар, осының бәрін жаңғыртқан дұрыс. Бастаңғы деген де бар. Бірімен бір қарым-қатынас жасап, қонақ күте білу - мұның бәрі үлкен тәрбиелік мәні бар дүниелер. Ұлттық ойындарымыздың барлығы да ойын сияқты болып көрінгенімен, қарым-қатынас жасайтын тетіктер. Бастаңғы қазіргінің дискотекасы сияқты дүние. Осыны жетілдіріп, керек болса атауын қойып, ұйымдастыру керек. Осыны қолға алса, рухани жаңғырғанымыз болар еді. Мұны Мәдениет министрлігі мен Білім минстрлігі айналысуы керек. Ол үшін мектептерде, гуманитарлық бағыттардағы оқу орындарында "Қазақ салт-дәстүрі" деген пән енгізу керек. Алайда оның атауын, техникасын оқытып керек емес, оның орнына салт-дәстүрді, оның тарихын, не үшін қажет екенін дұрыс түсіндіруге бағытталған пән керек.