Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
10 июня 2019 09:58

"Кампьютер" емес, "компүтер". Латын әліпбиімен бірге қазақтың сөйлеу мәнері қалай өзгереді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақ тілінде орыс тілінің емлесімен айтылып жүрген сөздер жеткілікті. Мысалы, "команда", "коммунизм" секілді сөздерді "о" әрпімен жазғанымызбен, орыс тілінің заңдылығы бойынша "каманда", "камунизм" деп айтып жүрміз. Ал жаңа латын әліпбиіне ауысқан соң, қазақ тіліндегі осындай кірме сөздердің айтылу нормасын қазақ тілінің дыбыстық нормасымен сәйкестендіріп айтуды санаға сіңіру жоспарланып отыр. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова Тengrinews.kz тілшісіне қазақ орфоэпиясындағы ендігі нормалар туралы айтып берді.


Қазақ тілінде орыс тілінің емлесімен айтылып жүрген сөздер жеткілікті. Мысалы, "команда", "коммунизм" секілді сөздерді "о" әрпімен жазғанымызбен, орыс тілінің заңдылығы бойынша "каманда", "камунизм" деп айтып жүрміз. Ал жаңа латын әліпбиіне ауысқан соң, қазақ тіліндегі осындай кірме сөздердің айтылу нормасын қазақ тілінің дыбыстық нормасымен сәйкестендіріп айтуды санаға сіңіру жоспарланып отыр. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова Тengrinews.kz тілшісіне қазақ орфоэпиясындағы ендігі нормалар туралы айтып берді.

Орфоэпиялық заңдылық бұзылып жүр

Маманның мәлімдеуінше, төл сөздерімізде де қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылықтары бұзылып жүр.

"Орфоэпиялық нормамызды өз қалпына келтіруіміз керек. Себебі бізде жазба тіл мен ауызша тіл бір деген түсінік қалыптасып кетті. Мысалы, "қазақ" сөзі қалай жазылса, солай айтылады. Ағылшын, орыс тілі сияқты емес, қазақ тілінде фонематикалық принцип сөзді жазылуына біршама жақын дыбыстатады. Қазір жастар арасында оқулықтардағы мәтінді сол қалпы әріптеп-дыбыстап оқу пайда болды. Жаңа латын әліпбиімен бірге енетін тілдік білімдердің бірі - қазақ орфоэпиясының маңызын арттыру, рөлін жоғары көтеру, орфоэпияны сақтап сөйлеуді мақтаныш ету. Ол үшін жаңа әліпбимен бірге мектеп бағдарламасына қазақтың орфоэпиясын бірінші үйрететін өзгерістер ендіру керек", - дейді филолог.

Құралай Күдеринова бұл мәселе бірінші кезекте қазақ тілінің төл сөздеріне байланысты екенін айтады. Мысалы, "өзен" деп жазғанымызбен, шындығында, "өзөн" деп айтамыз.

"Сол секілді шекара - [шегара], қол қойды - [қолғойдұ]" деп айтылуы керек. Осылайша, түбірдегі, түбір мен қосымшаның жігіндегі және сөз тіркестерінің арасындағы үндесім мен үйлесімді оқушы норма деп білгенге дейін қайталай оқыта беруіміз қажет. Яғни, тыңдалым мен айтылымды бірінші орынға қоюымыз керек", - дейді зерттеуші.

"Кампьютер" емес, "компүтер"

Орыс тілі арқылы енген сөздердің дыбысталу мәселесі де бар. Жоғарыда аталған "команда" немесе "коньки" сөздерін "а" арқылы айтуымызға орыс тілі бұйырды.

"Бүгінге дейін орыс тілінен енген сөздерді солардың орфографиясымен жазып, орфоэпиясымен айтып келдік. Яғни, көп сөзіміз орыс тілінің сөздеріне ұқсайды. Мысалы, "Компьютер алдында отырмын" десеңіз, оны "кампьиутер" деп "а" әрпі арқылы айту норма. Сонда, сөйлемдегі үш сөздің біреуін орыс тіліндей дыбыстап, орыс тіліндей жазады екенбіз. Бұл біздің санамызды біртіндеп орыстандырып келе жатыр еді. Ендігі жағдайда "компьютер" сөзін "о" әрпі арқылы, "компьютер" деп дыбыстаймыз. Ауызша тілмен айтқанша, "кампиутер" емес, "компүтер" дейміз. Қазақ тілінің заңы бойынша, қай дыбыстың әрпі жазылып тұр, соның негізгі реңкіне ұқсас дыбыстау керек", - дейді филолог.

Кірме сөздердің дыбысталуын орыс тілінің орфоэпиясы арқылы айтып жүргенімізге бұған дейін ешқандай мән берілмеген.

"Бұл солай болуы тиіс нәрсе сияқты қалыптасты. Өйткені, кириллицамен бірге осы құбылысты басымызға енгізіп тастаған. Салдарынан мәтініміздің жартысы орыс тілінің сөздеріне ұқсас болып кетті. Бұған дейін ешкім мұны мәселе қылып көтерген емес. Енді арнайы бағдарлама құрып, термин сөздерді қазақ тілінің орфоэпиясымен айтуға дағдылануымыз керек", - дейді Құралай Күдеринова.

Орыс тілінде қалыптасқан "электрогитара" секілді сөздер қазақша да қаз қалпында айтылып жүр. Бұл сөздің ортасындағы "о" жұрнағы - орыс тілінің сөзжасамындағы тәсіл. Маманның айтуынша, енді біз жаңа емле бойынша осындай "о" әрпін және сөз соңындағы а дауыстысын алып тастап, "электргитар" деп жазуымыз қажет.

Орфоэпиялық сөздік дайындалып жатыр

Өзге тілдің ықпалынан құтылу үшін қазақ тілінің өз орфоэпиялық нормасын қорған ету керек. Бүгінде Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты осы мәселемен айналысып жатыр.

"Қазір біз бұл мәселелерге өте қатты назар аударып жатырмыз. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында "Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі", "Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі", "Қазақ тілінің орфографиялық анықтағышы" және "Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы" жасалып жатыр. Ол жылдың соңына дейін жасалып, сараптамадан өтіп, алдағы жылдары жарыққа шығады", - дейді маман.

Құралай Күдеринова қазақ тіліндегі сөздердің айтылуын үйрету үшін ағылшын тәсілін қолдану керек деп санайды.

"Орфоэпиялық сөздікті де жасап жатқан себебіміз - мектеп бағдарламаларына сөздердің дұрыс жазылуымен бірге, дұрыс айтылу нормасын да енгізу. Мысалы, ағылшын тілін енді үйреніп жатқаныңызда pronunciation деп бастайды. Яғни, сөз қалай дыбысталады - бірден соған тоқталады. Қазақ тілінің де өз pronunciation-і, яғни айтылым заңы бар. Енді соған мән беріп, алдыңғы қатарға қоюымыз керек. Мұның бәрі жаңа әліпбидің келуімен толықтай бір ізге түсуі қажет. Біздің сөйлеуіміз жаңа әліпбиге байланысты өзгереді", - деп қорытындылады филолог.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети