ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
03 января 2024 | 09:32

Қаңтар қасіреті, Үкімет жұмысына баға, АЭС құрылысы - Тоқаевтың сұхбатта айтқан маңызды мәлімдемелері

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
© Instagram/akordapress © Instagram/akordapress

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбаты жария болды. Сұхбатта айтылған маңызды мәлімдемелерге топтама жасадық.

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбаты жария болды. Сұхбатта айтылған маңызды мәлімдемелерге топтама жасадық.

Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қандай шаралар қабылданғанын айтты

- Кейінгі кезде қоғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездік белең алып барады. Әйелдер мен балалардың әлімжеттік көргені, соққыға жығылғаны туралы ақпарат күн сайын шығады. Осындай қылмыстардың тамырына балта шауып, біржола тосқауыл қою үшін мемлекет тарапынан не істеліп жатыр?

- Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді.

Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды.

Сондай-ақ Мәжілістің бір топ депутаты халыққа Жолдауымның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр.

Қаңтар қасіреті туралы - "Жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды"

- Қасіретті Қаңтар оқиғасынан бері тура екі жыл өтті. Қаңтар Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірге жол ашқан бетбұрыстың белесі болды. Сіз бұған дейінгі сөздеріңізде, сұхбаттарыңызда сол қайғылы оқиғаға нақты баға бердіңіз. Дегенмен, әлі де бірқатар сұрақ бар. Қаңтар оқиғасына әртүрлі түсініктеме беретіндер де кездеседі. Алмағайып күндерден бері біршама уақыт өтті. Қазір Сіз сол оқиғаны қалай сипаттар едіңіз? Оның басты себебі неде және оған не түрткі болды деп ойлайсыз?

- Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл - айтпаса да түсінікті жайт.

Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.

Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің "ерекше мәртебесіне" төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады.

Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты.

Сол кезде Үкімет менің тапсырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін бірден аймаққа барды. Бірақ наразылық шерулері экстремистік сипат алды. Оны қаскөйлер дереу өз мүддесіне пайдаланды.

Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқынмен өрбігенін көруге болады.

Шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шиеленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диалогке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмады.

Көптеген аймақта алғашқы қақтығыстар басталды. Мұның бәрі арнайы дайындалған жансыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін "іздегенге сұраған" болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл - екінші толқын.

Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкестермен, оның ішінде сырттан келген лаңкестермен байланысы бар қылмыстық топтар өршелене іске кіріскенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкестер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мемлекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Мұндай оқиға Алматыда ғана емес, бірқатар облыс орталығында да болды. Қаңтар оқиғасы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құралдары бар. Оған қоса, көлік инфрақұрылымы және телекоммуникация нысандары шабуылға ұшырады. Қарақшылар мен лаңкестер өзара ұйымдасып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді.

Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді.

Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді.

Фото: Tengrinews.kz

- Демек бұл жүзеге аспай қалған мемлекеттік төңкеріс қой. Ендеше Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті революция деп атап жүргендерге не айтар едіңіз?

- Бастапқыдағы бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға бүкіл әлем куә болды. Кім бейбіт шеруге автомат, тапанша және суық қару ұстап барады?! Ниеті дұрыс адам әскери қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард долларға жуық шығын келді.

Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер - ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл - өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін.

"Еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін"

- Сіз Жолдауыңызда АЭС салу-салмау мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдедіңіз. АЭС "жасыл" энергия саналғанымен, қоғамда бұған қатысты әртүрлі пікір айтылып жүр. Мұндай нысан салу туралы жоспардың геосаяси астары да жоқ емес. Сіздің ұстанымыңыз қандай?

- Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл - ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн.

Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл - түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды.

Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз - осы.

Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба - мұны халық шешеді.

Фото: pexels.com

"Кеттің бе - қайырылма!" Тоқаев қосарланған билік жүйесі туралы

- Келесі сұрақ сізге ұнамауы мүмкін. Бірақ бұл сауалды қоймасқа тағы болмайды. Сіз 2019 жылы Президент лауазымына сайланғаннан кейін елімізде қосарланған билік жүйесі қалыптасты-мыс деген сөз тарады. Кейбіреулер біздің саяси жүйемізді Иранның, Сингапурдың жүйесімен салыстырды. Шынымен де, сол кезде елімізде екі билік орталығы орнағандай көрінді. Расымен солай болды ма?

- Төтесінен қойған сұрағыңызға тура жауап берейін. Конституцияға сәйкес, Президент еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларын, Қарулы Күштеріміздің жоғары басшылығын тағайындайды және оларды қызметінен босатады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы саналады.

Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. "Билік транзиті" кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.

Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни "тандем" идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым.

Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. "Кеттің бе - қайырылма!" Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс.

Өкінішке қарай, ішкі саяси дағдарысқа байланысты туындаған сын сағатта негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі сыпырылып, олардың кәсіби біліксіздігі, қала берді сатқындығы әшкере болды.

Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құру ауадай қажет екені Қаңтар оқиғасынан айқын көрінді. Біз бір ел болып, бұл дағдарысты еңсердік, қиындыққа қасқая қарсы тұрып, одан тіпті шыңдалып шықтық. Азаматтарымыздың бекем бірлігінің және барлық деңгейдегі билік өкілдерінің батыл іс-әрекетінің арқасында алапат апаттың бетін қайтарып, елдегі ахуалды тұрақтандыра алдық. Кейін кейбір қаскөйлер тергеу кезінде халық жауапты сәтте жұдырықтай жұмыла біледі, билік қандай қатерге де қаймықпай төтеп бере алады деп еш күтпегенін мойындады.

Фото: Ақорда

Президент 2026 жылы сайлауға түсе ме?

- Әлеуметтік желіде Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатыр. Бұл рас па?

- Бұл - жалған ақпарат. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ.

Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген.

Ақыры осы тақырып қозғалған екен, бұған қатысты кейбір жайтқа кеңірек тоқталып, мән-жайын аша кетейін. Мен жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүрдім. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таба қоймады. Өзім Президент болып сайланғаннан кейін, осы бастамамның артықшылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде көп ойладым.

Суперпрезидентке тән өкілеттіктерді жою үшін 2022 жылы Конституцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Мен сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсындым. Бастамама бүкіл халық қолдау білдірді. Осымен бұл әңгіме тәмам.

Бишімбаев ісінен кейінгі петиция жабулы қазан күйінде қалды ма?

- Өткен жылдың қараша айында ер адамның әйелін өлтіруі қоғамда үлкен дүрбелең туғызды. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайту туралы бейресми петиция жарияланып, оған өте көп қол жиналды. Алайда "Петициялар туралы" заң биыл сәуір айында ғана күшіне енеді. Сондықтан бұл петиция заңсыз деген сөз шықты. Көпшілік "Жабулы қазан жабулы күйінде қалады" деп алаңдап отыр. Турасын айтыңызшы, Сіз тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды қолдайсыз ба?

- Мен елімізде "заң мен тәртіп" қағидатының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сіз айтқан петиция заң талабына сай келсе де, келмесе де, азаматтардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Оған күмән болмасын.

Сонымен қатар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды. Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиғаларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өзін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе?! Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек.

Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек.

Халықтың қарызға батуына қатысты мәселе қалай шешіліп жатыр?

- Несиесін өтей алмай жүрген адамдар біздің газетімізге жиі хат жазып, қоңырау шалады. Жалпы, халықтың қарызға батуы күрделі мәселе болып тұр. Осы мәселені шешу үшін не істеліп жатыр?

- Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым.

Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек.

Сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ қарызын уақтылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі.

Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленді. Бұл өзгерістер банктерге, микрокредит ұйымдарына және коллектор агенттіктеріне талапты одан да күшейте түседі. Несиелерді коллектор компанияларына сатуды шектеу ұсынылады. Коллектор компаниялары қарызды өзіне алған соң мәселені реттеп көруге міндетті болады. Банк омбудсменінің өкілеттігі де кеңейтіледі. Қазір бұл құжатты Мәжіліс депутаттары қарап жатыр. Мен бұл бастаманы қолдауға дайынмын.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Назарбаевтың мемуары туралы

- Тұңғыш Президенттің мемуары қоғамда қызу талқыланды. Сіз де ол кітапты оқыған шығарсыз. Көптеген шешім мен оқиғаға тікелей куә болған адам ретінде қандай әсер алдыңыз? Өзіңіздің мемуар жазатын ойыңыз бар ма?

- Бұл кітап тәуелсіз мемлекет құру ісінің жылнамасы ретінде оқырман қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Кезінде бір айтқыш "Мемуарда шындықтың жартысы айтылса да, ол тарихи оқиғалардың ауқымын бағамдауға жеткілікті" деген екен.

Нұрсұлтан Назарбаев - бірнеше дәуірге куә болған тарихи тұлға. Ол өз мансабын комсомол белсендісі ретінде Хрущев заманында бастап, арада алпыс жылдан астам уақыт өткеннен кейін қызметтен кетті. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына қосқан үлесін бәрі біледі. Ол - әділ тарихи бағасын алуға лайық адам.

Мен мемуарларды, публицистикалық шығармаларды, саяси очерктерді әрдайым ыждағатпен оқимын. Ал сұраққа келсек, мен үшін қазіргі кезең мемуар жазып отыратын уақыт емес.

Әкімдердің аста-төк дастархан жайып, шоу өткізіп қарсы алуына қатысты

- Жұрттың айтуынша, Сіз кезінде өңір басшыларына Өзіңізді ұшақтан гүлмен қарсы алуға, аста-төк дастарқан жаюға, думандатып концерт, шоу өткізуге тыйым салыпсыз. Сол рас па?

- Президент ретінде алғаш рет ел аралауға шыққанымда, әкімдер салтанатты шаралар ұйымдастыруға, көл-көсір дастарқан жаюға, билбордтар орнатуға тырысты. Қазір мұның бәрі тыйылды. Мен облыстарға жұмыс бабымен ғана барамын. Уақыт өте келе жергілікті жерлерде де осындай жұмыс дағдысы қалыптасатынына сенімдімін. Халықты жинап, қыруар қаржы шығындап, салтанатты шаралар ұйымдастыру біржола тоқтатылады.

Қызметкерлерімен қарым-қатынасы туралы

- Өзіңізбен бірге жұмыс істейтін азаматтар Сізді өте талапшыл басшы дейді. Кадр саясатында қандай қағидатқа сүйенесіз? Қол астыңыздағы қызметкерлермен қарым-қатынасыңыз қандай?

- Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы шарт. Қарамағымда қызмет істейтін азаматтардың маған емес, Әділетті Қазақстанды құру идеясына адалдығы әлдеқайда маңызды.

Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл - ең басты талап. Олар "адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін" деген қағидатты берік ұстануға тиіс.

"Сарапшысымақтар "ескі кадрлар орнында қалды" деген пікірін тықпалаудан танбай жүр"

- Кадр мәселесін одан әрі жалғастырсақ. Реформалардың нәтижесінде көптеген дарынды жас мемлекеттік қызметте өздерінің қарым-қабілетін көрсетуге мүмкіндік алды. Қазір олар Парламентте, мәслихаттарда, министрліктерде және басқа да мекемелерде жұмыс істеп жүр. Сіз жаңа буын өкілдерін ұдайы қолдап келесіз. Алайда жас басшыларға тәжірибе мен пайым-парасат жетіспейді деген пікір айтылады. Сіз қалай ойлайсыз?

- Мен қазақ елінің жастарына сенемін. Сондықтан олардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданды. Президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен кәсіби жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады.

Саяси реформалар аясында партиялардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді. Соның нәтижесінде көптеген отаншыл жас Мәжіліс және мәслихат депутаты атанды. Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастады. Осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жаңартуға тың серпін берді.

Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады. Сондықтан оларға парасат-пайым жетіспейді деген пікірмен келісе алмаймын. Бірақ билік құрылымдарына аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керек. Бұл жерде эксперимент жасаудың қажеті жоқ. Кейбір сарапшысымақтар "Президент Тоқаев жүйені тұралатып тастады, ешқандай өзгеріс болған жоқ, ескі кадрлар орнында қалды" деген сыңаржақ пікірін тықпалаудан танбай жүр. Мұның астарында қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттілігіміздің іргесін шайқайтын пасық ниет жатыр. Асығыстықтың салдары ауыр болуы мүмкін.

Жас басшыларға көбіне тәжірибе жетіспейді. Менмендігі және өзіне деген сыни көзқарастың әлсіздігі кейде олардың өз қарым-қабілетін жоғары деңгейде көрсетуіне кедергі келтіреді. Соған қарамастан, біз жаңа буыннан шыққан кәсіби мамандарға мүмкіндік беріп келеміз. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасын табады.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Президент Үкімет жұмысына баға берді

- Қазір көптеген отандасымыз қымбатшылық белең алғанына, тарифтердің өсіп жатқанына, жұмыссыздық мәселесінің шиеленіскеніне және аймақтардағы жалпы ахуалға алаңдап отыр. Күнделікті күйбеңнен және аяқ астынан туындайтын түйткілдерден бас көтере алмай жатқан қазіргі Үкіметтің стратегиялық міндеттерді іске асыруға қауқары бар ма? Сіз Үкімет жұмысының тиімділігіне қандай баға бересіз?

- Кез келген елдің Үкіметі стратегиялық міндеттері мен күнделікті жұмысын қоса атқарады. Бізде де солай. Ең бастысы, тиімді жоспарлау және ресурстарды орынды пайдалану керек.

Үкіметтің қазіргі құрамы былтыр көктемде ғана жасақталды. Конституциялық реформа жасалып, Парламент сайлауы өткен соң алдыңғы Парламенттің де, Үкіметтің де мандаты күшін жойды. Конституцияға сәйкес бұрынғы Үкімет жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарының алдында өз өкілеттігін тоқтатты. Сайлауда ең көп дауыс алған Amanat партиясы Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынды. Әрине, партия мұны Президентпен ақылдаса отырып жүзеге асырғанын жасырмаймын. Amanat партиясының сайлау алдындағы тұғырнамасының экономикаға қатысты бөлігі қазіргі Үкіметтің бағдарламасы негізінде жасалды.

Бүгінде Үкіметтің өкілеттігі айтарлықтай кеңейді. Қыркүйек айында құрылымы өзгерген Президент Әкімшілігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты стратегиялық бағыттарға баса назар аударатын болды. Енді Әкімшілік бұрынғыдай Үкіметті, кейбір министрліктер мен ведомстволарды жетелеп жүрмейді. Президент Әкімшілігі атқарушы биліктің қызметіне араласпай, басты саяси штаб ретінде ғана жұмыс істейді. Осыған дейін екі органның да құзырында болған бірқатар өкілеттік Үкіметке берілді. Түрлі салаға қатысты шешім қабылдау құқығы Үкіметке және басқа да жауапты органдарға өтті. Аймақтардың бюджетке қатысты дербестігі арта түсті.

Бір сөзбен айтсақ, қазір Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті. Атқарушы билікке жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және өз міндетін тиімді жүзеге асыруға деген ынта-жігер ғана қажет. Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ "алмақтың да салмағы бар", оларға қойылатын талап та күшейді. Үкімет мұны түсінуге тиіс.


Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

"Бүкіл әлем мойындап отыр" - Қытай мен Қазақстан арақатынасы туралы

- Еліміздің сыртқы саясатында Қытаймен қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары Қазақстан қоғамының шығыстағы көршіге деген көзқарасы жақсара бастағаны байқалады. Болашақта ҚХР-мен ынтымақтастық қалай өрбиді?

- Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа "алтын отыз жылдығына" қадам бастық. Мен былтыр Қытайға бір емес, екі мәрте сапармен бардым. Бұл - елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың айқын дәлелі.

Қытай көшбасшысымен Сианьда және Бейжіңде мазмұнды келіссөздер жүргізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Оны жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледік. Осындай жеке жүздесулер Астана мен Бейжіңнің байланыстары жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын.

Екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келеді. Оның көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бойынша 24,3 миллиард долларға жетті. Бұл - жаңа рекорд! Қазір экспортқа шығарылатын отандық тауар түрлерін көбейтіп, ҚХР-ға жүк тасымалын арттыру үшін белсене жұмыс істеп жатырмыз. Қытай бұрыннан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 миллиард доллар инвестиция салды.

Қытаймен ортақ шекарамыздың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғанымыз қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді. Өйткені Бейжіңде жоғары деңгейде өткен "Бір белдеу, бір жол" атты үшінші форум аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесе дамыту жөніндегі келісімді және "Аягөз - Тачэн" бағытындағы темір жол құрылысы туралы меморандумды атап өтуге болады. Бұл келісімдер еліміздің көлік-логистика саласына тың серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" мегажобасын толығымен қолдайды. Былтыр қазан айында Бейжіңде өткен форумда сөйлеген сөзім - осының тағы бір дәлелі.

Қазақстан мен Қытай арасында визасыз жүру режімі күшіне енді. Мұның мәні зор. Енді отандастарымыз көрші елге емін-еркін барып, келе алады. Азаматтарымыз осы мүмкіндікті оңтайлы пайдаланады деп үміттенемін.

Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай - өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды.

"Жылу желілері әрең жұмыс істеп тұр". Президент Үкімет пен әкімдіктерге маңызды міндет жүктеді

- Еліміздің отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету - Үкіметтің міндеті. Қазіргі Үкімет бұл міндетін әупірімдеп, әрең атқарып отыр деуге болады. Апаттардың салдарымен күресіп, қыстың көзі қырауда еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерді жылумен, жарықпен, сумен шұғыл қамтамасыз етуге тура келеді. Қалайша осындай жағдай қалыптасып отыр?

- Жылу электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал - көп жылғы салғырттықтың салдары. Осы саладағы түйткілдер бір күнде аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Оның бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелер екені баршаға мәлім. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды.

Электр энергетикасы нысандарында болып жататын кішігірім оқиғаларды дардай қылып көрсетіп, жылумен қамтамасыз ету ісіндегі болмашы олқылықты "қасіретке айналдыруға" ұмтылатын әлеуметтік желідегі белсенділер отқа май құйып, елді дүрбелеңге салып жүр.

Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту - өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айларында Үкімет пен әкімдіктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс жасады. Жағдайы сын көтермейтін бірқатар нысанды жөндеді.

Ең алдымен, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін ұмытпаған жөн.

Қазір жылу желілері әрең жұмыс істеп тұр. Үкімет пен әкімдіктер батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуы керек. Онсыз болмайды.

Әңгімелескен - Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 523.95  course up  543.16  course up  5.1  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer