ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
08 мая 2020 | 19:25

Карантин енгізбесек 8 күнде 4,5 мың адам COVID-19 жұқтырар еді - Біртанов

Рахила Тлеуова
Рахила Тлеуова Корреспондент
viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
Көрнекі сурет: Тұрар Қазанағапов Көрнекі сурет: Тұрар Қазанағапов

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елдегі коронавирус жағдайы туралы "Хабар24" телеарнасына берген сұхбатында әңгімеледі, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елдегі коронавирус жағдайы туралы "Хабар24" телеарнасына берген сұхбатында әңгімеледі, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Министр Нұр-Сұлтан мен Алматыда неліктен коронавирус жұқтырғандар саны артқанын түсіндірді. Айтуынша, жаңадан тіркелген науқастар симптомсыз ауырған және оларды ПТР тест арқылы анықтаған.

"Бұл профилактикалық тестілеудің ұлғаюымен байланысты. Соңғы аптада Алматы қаласында анықталған жағдайдың 90 пайызы және Нұр-Сұлтанда анықталғандардың 80 пайызы симптомсыз ауырып жүргендерден анықталды. Осы қалаларда профилактикалық тестілеу жүріп жатқандықтан, осындай көрсеткіш болып тұр. Жалпы еліміз бойынша КВИ жұқтырған 4,5 мың адамның 65 пайызы профилактикалық шаралардың нәтижесінде анықталды. Яғни, ол ауырып келген жоқ. Тестілеу арқылы белгілі болды", - деді ДСМ басшысы.

Министрдің айтуынша, қазір мұндай науқастарды емдеудің әдісі өзгерген. Симптомсыз науқастар үйдегі карантинге немесе карантин стационарына жіберіледі.

"Біз бүгінге дейін ауру симптомы жоқ адамдарды ауруханаға жатқыздық және қадағалап отырдық. Кейін емдеу бойынша дүние жүзіндегі хаттамалар ауысты. Нақты, толық емі жоқ. Сондықтан халықаралық әріптестеріміз ұсынған ем бойынша емдеуге көштік. Қазір тактика тағы өзгерді. Жұқтырғандардың көп бөлігі, яғни 50 пайызы - әскери қызметкерлер және медициналық қызметкерлер болатын. Енді олар ауруханаға жатпайды, үйдегі карантинге жіберіледі немесе карантин стационарларына жатқызылады", - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, министр карантин шаралары енгізілмегенде елдегі КВИ жұқтырғандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтып, инфекция әлі тарап жатқанын ескертті.

"13 наурызда алғаш рет коронавирус тіркелген кезде бірден карантин шаралары қабылданды. Егер біз 16 наурызда карантин енгізбесек, онда екі айдан кейін емес, 8 күннен кейін 4,5 мың науқас болатын еді. Сондықтан төтенше жағдай режимі мен карантин шараларының енгізілгені маңызды рөл атқарды. Біз толқынды тоқтаттық және медициналық мекемелерге түсетін ауыртпалықтың алдын алдық. Олай болмағанда бір уақытта мыңдаған адам ауруханаға түсетін еді. Бүгінде 2 айдан кейін өсу қарқыны соңғы тәуліктерде 3-5 пайыз болып тұр.

Бастапқы күндері 50-60 пайыз болатын. Яғни 4,5 мың адамның үш мыңы емделіп жатыр, 1,5 мың адам - емделіп шыққандар. Сондықтан не айтқым келеді... Инфекция Қазақстанда және дүние жүзінде тарап жатыр, пандемия аяқталмады. Бірақ жұқтырғандар күрт өсетін қарқын жоқ. Жағдайды бақылауға алдық. Бұл карантин нәтиже көрсеткенін дәлелдеді. Енді санитарлық-профилактикалық шаралар мен ауруды тез анықтайтын дәрігерлер және шектеу шараларын жайлап жеңілдетуді ыңғайлау керек. Себебі эпидемия қаупі халқымызға зардабын тигізбеуі керек", - деді Біртанов.

ДСМ басшысы карантин шаралары қалай жеңілдейтінін де түсіндірді және аймақтардың қауіп деңгейі бойынша үш санатқа бөлінетінін атап өтті. 

"Алдымен, мемлекеттік деңгейдегі шаралар: шекараны жабу, бұқаралық шараларды тоқтату, ел ішінде жүруді тоқтату Мемлекет басшысының жарлығы және мемлекеттік комиссия арқылы шектелді. Мемлекеттік комиссияда Денсаулық сақтау министрлігінен бөлек, күш құрылымдары, әкімдер қатысып, жалпы шешім шығарылады. Бірақ әр өңірде коронавирус жағдайы әртүрлі. Оларды қауіп деңгейі бойынша 3 санатқа бөлеміз. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты әр аймақта штаб жеңілдету және қатаңдату бойынша тиісті шешім шығарады. Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин шаралары жеңілдеді. Бұл қалалар алғаш болып қатаң шараларды қабылдады, енді алғашқы болып шығып жатыр. Кейін кейбір аймақ та қосылды. Сондай-ақ, қалалар арасында әуе тасымалы жанданды. Бірақ кей аймақта әлі жабық. Яғни, карантин шараларына қатысты шешімді жергілікті жерде облыстық әкім мен ДСМ санитарлық қызмет бірлесе отырып қабылдайды", - деді ДСМ басшысы.

Содан соң министр неліктен белгілі бір салаларда карантин шаралары алынғанын түсіндірді. Оның айтуынша, қаупі төмен салалар кезең-кезеңімен жұмысқа кіріседі. Біртанов ұшақтардағы қауіптің төмендеуіне байланысты қазір әуе компанияларына жолаушылар санын арттыруға рұқсат етілгенін жеткізді.

"Кей шаралардың алып тасталғаны карантин шараларының түбегейлі тоқтағанын білдірмейтінін түсіну керек. Яғни, бұл - белгілі бір шаралардың жиынтығы. Оған қоғамдық көлік, күнделікті өмір сүру салты, тіпті кей адамның жеке өміріне де қатысты шаралар кіреді. Барлығы эпидемиялық қауіппен байланысты. Кей өңірде әуе рейсінің қосылғаны қауіп деңгейінің түскенін білдіреді. Яғни, осы бағыттағы қауіптің төмендегені. Бірақ қауіп толық жойылды деп айта алмаймыз. Біз таудан кезең-кезеңімен түсіп келеміз. Сондықтар ұшаққа отыратын кезде ПТР тест талап ету орынды.

Біз ауру жұқтырғандар саны азайғаннан кейін тұрғындардың барлық категориясын қамтитын тестілеуге көшуіміз мүмкін. Мұны эпидемиологиялық лабораториялық қадағалау деп аталады. Мұнда қоғам өкілдерінен бірдей тексереміз. Сонда біз қай санатта қауіп бар екенін біле аламыз. Бірақ әзірге бұл әдіске көшуге ерте. Бізде ауру өршіп тұрған аймақта бар. Сондықтан ПТР арқылы анықтаймыз және әуе компанияларына көп жолаушы отырғызуға рұқсат бердік. Себебі ПТР анықтамасы бар адамдардан қауіп жоқ. Сондай-ақ, ПТР арқылы коронавирус жұқтырған "болашақ" жолаушылар анықталды. Бұл жасырын тасымалдаушыларды анықтауға көмектесті деуге болады", - деді ол.

Сондай-ақ, министр әуе рейстерін қосқаннан кейін ПТР тестілеу арқылы елімізде 10-ға жуық адамнан коронавирус анықталғанын айтты.

"Кеше бір жағдай тіркелді. Ақылы тестілеу басталғаннан бері 10-ға жуық адамнан коронавирус анықталды. Біз еліміз бойынша тәулігіне 15 мың тест жасаймыз. Олардың 5 мыңға жуығы профилактикалық тестілеулер. Олардың арасында әскери қызметкерлер, дәрігерлер, азық-түлік дүкендерінің қызметкерлері бар. Бұлардың ішінде 1-2 пайыз анықталды. Яғни, инфекция әлі таралып жатыр деген сөз. Қуанышқа орай, статистика бойынша жұқтырғандардың 85 пайызға жуығы жеңіл және симптомсыз ауырады. Науқастардың жартысына жуығы симптомсыз. Бұлардың қаупі - өздері ауырғанын білмей жүріп, басқаларға таратуы. Сондықтан профилактикалық тестілеу жүргізудің маңызы зор. Бізге адамдардың өмірін сақтап қалу маңызды", - деді ол.

Министрдің айтуынша, осы уақытқа дейін 320 мыңға жуық ПТР тест тегін жасалған. Мамыр айының соңына дейін тәулігіне 25 мың адамды тестілеуден өтеді. Алайда бұл халықты жаппай күнде тестілеу дегенді білдірмейді. 

"Бүгінде 320 мыңға жуық тест жасадық. Бұл миллион адамға 20 мың тест деуге болады. Біз тестілеу жағынан Оңтүстік Кореядан астық деуге болады. Бұл тестілеу тегін болды. Ақылы тестілеу жақында енгізілді. Тексерілудің үш себебі бар. Біріншісі, медициналық жағдай. ЖРВИ, температура, пневмония және кез келген науқасқа тегін тест жасаймыз. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек аясында жүреді. Екіншісі, эпидемиологиялық жағдай. Науқаспен жақын байланыс жасаған, шетелден келген немесе эпидемиясы нашар аймақтан келгендер.

Сондай-ақ, карантин кезінде жұмыс істеген әскери қызметкерлер, медқызметкерлер, гипермаркет қызметкерлеріне тест тегін жасалады... Бізде тест жеткілікті. Президент бізге мамыр айының соңына дейін тәулігіне 25 мың адамды тестілеуді тапсырды... Бірақ халықты жаппай күнде тестілеу деген сөз емес. Карантин шараларын кезеңмен жеңілдеті, әлеуметтік қашықтықты сақтау, дезинфекциялық шаралар инфекцияны төмен деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді", - деді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Еске салайық, соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда КВИ жұқтырған 4794 адам анықталып, науқастардың 1582-сі аурудан жазылды. Алайда коронавирус жұқтырған 31 адам қайтыс болды.

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 523.36  course down  546.44  course up  5.14  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer